- Advertisement -

Алынбас қамал – Аспара

180

- Advertisement -

Меркі мен Құрағаты өзендерінің алқабында жатқан Аспара көне заманнан-ақ құтты мекеннің бірі. Егіншілік пен мал шаруашылығы, сауда мен түрлі кәсіпті жүргізуге мүмкіндігі мол, әрі табиғаты жанға қолайлы болғандықтан бұл өлке ерте кезден бері базары тарқамаған. Дәл осы жерде заманында тіршілігі қайнаған Аспара деген қала болған. Аспара қалашығы Қазақстан мен Қырғызстанның шекарасы түйіскен жердегі, табиғаты әсем Андас батыр ауылының шетінде орын тепкен.

Қалашықтың қираған орны – төртбұрышты төбе қалпында сақталған. Бұрыштары әлемнің төрт тарабына бағытталған құрылыстың аумағы 250х360 м. Қалашық облыстық жергілікті дәрежедегі мемлекеттік тарих және мәдениет ескерткіштерінің тізіміне, 2017 жылы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы бойынша Қазақстанның өңірлік қасиетті нысандар тізіміне енген. Қаланың салыну тарихына қатысты деректерде Аспара қамалды бекіністің болғандығы айтылады.

Өңірдегі орта ғасырлық өркениетті қалалар Баласағұн мен Таразға шабуыл жасауды көздеген жаулар көп болған. Олардан қорғану мақсатында Меркіден 15-20 шақырым жерде әскери бекініс ретінде Аспара қамалы тұрғызылған. ХV ғасырдың екінші жартысында, қалың елдің қамын жеп, жердің болашағын ойлаған Асан қайғы суы мол алабында шағын көлдер мен бірнеше бұлақтан тұратын Аспара өлкесін көргенде, «Ей, Аспара, көршіңмен тату бол, шөбіңе суың жетер» – деп тамсанған екен.

Аты орта ғасырлық Тараз, Меркі, Испиджаб (Сайрам) қалаларымен қатар аталатын Аспара туралы аңыз, жырлар да көп. Солардың бірінде қазіргі күні Түркияны мекен еткен хан Аспарухтың арғы тегі осы өлкеден шыққандығы айтылады. Жазба деректерде Аспара қалашығы VІІ ғасырдың бірінші жартысынан белгілі.

Қытай деректерінде ол Осуболай атауымен таныс. Ал Ибн Хордадбек пен Құдамай жасаған сапарнамаларында: VІІІ ғасырда өмір сүрген Аспара қаласы Меркі елді мекенінен 4 фарсах жерде, Жібек жолының бойында орналасқандығы баяндалады. ІХ ғасырда арабтар Жібек жолының бойындағы елді мекендер мен жер, су аттарының картасын жасаған кезде, Аспараның аты аталып, орналасқан жері мен Тараздан қанша қашықтықта орналасқаны көрсетілген.

Ақсақ Темірдің шежірешісі болған Ибн Арабшахтың жазбасына қарағанда, 1397-1398 жылдары Мауренахрдың шығысынан Жетісу жеріне Ақсақ Темірдің бұйрығы бойынша жазық далаға орнығып, бірнеше қамал салған. Қамалдың ең шеткісі әрі шалғай орналасып, жеке тұрғаны Аспара еді. Олар Аспараны алынбас қамал, шабуылға шығуға әрқашанда ыңғайлы берік бекініс жасап, 1405 жылы Аспарада 10 мыңға дейін атты әскер тұрғаны жайлы жазып қалдырған.

Мырза Фазыл Чорас өз шығармасында 1513-1514 жылдың қыс мезгілінде Қасым ханның Аспара қаласына кеткендігі жайлы баяндайды. Бұл деректі Мұхаммед Хайдар Дулатидің «Тарих-и Рашиди» еңбегі толықтыра түседі. Онда 1513 жылы қыста Шаһ Исмаил Сұлтан Салімге қарсы соғысуға атбасын Иракка бұрып, ал Қасым хан өз иеліктерін басқару үшін Аспараға қарай жол жүргендігін жазады.

 

Нұржан ҚАДІРӘЛІ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support