- Advertisement -

Жойқын жел жамбылдықтарды әбігерге салды

78

- Advertisement -

3 қаңтар күні облыстың бірқатар өңірінде ауа райының күрделі жағдайы туындап, боранды дауыл тұрды. Жолдардағы жағдай сәт сайын өзгерді. Облыс аумағында бірнеше бағыттар бойынша жолдардың көрінуі шектелді. Күйік асуы аумағы мен Қошқарата ауылдарында жол көрінбеді. Бауыржан Момышұлы ауылынан Түркістан облысының шекарасына дейінгі «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» республикалық маңызы бар тасжолының және «Күйік-Қарабастау- Қаратау-Жаңатас-Саудакент» облыстық маңызы бар жолдарының учаскесінде жол қозғалысы жабылды. Сарысу, Талас аудандарында дауылды боранның өршуі салдарынан бағдаршамдар істен шығып, газ, жылу, жарықтың сөнуі орын алды. Осыған байланысты тұрғындардың қауіпсіздігі үшін, төтенше жағдайлардың болуының алдын алу мақсатында аталған аудандарға Тараз қаласынан полицияның жеке құрамы жұмылдырылды.

3 қаңтар күні Талас ауданында қатты дауыл орын алып, оның салдарынан алдын ала есептеулер бойынша Қаратау қаласындағы 7-8 көпқабатты тұрғын үйдің шатыры зақымданған. Аудан орталығындағы тұрғын үйлерге жылу, электр энергиясы қалыпты режимде берілді.

Ал Сарысу ауданында қолайсыз ауа райының сақталуына байланысты табиғи сипаттағы төтенше жағдай режимі енгізілді.

Белгілі болғандай, ауданның кей жерлерінде желдің жылдамдығы секундына 30 метрге дейін жеткен. Сондай-ақ дауыл салдарынан Жаңатаста шамамен 20 электр бағанасының құлағаны анықталды. Желдің жоғары жылдамдығы оларды қалыпқа келтіруге мүмкіндік бермегендіктен, жергілікті әкімдік бағаналарды жөндеу жұмыстарын күшті желдің беті қайтқаннан кейін бастауды жоспарлады. Сонымен қатар «Шахан» қосалқы стансасында тиісті қондырғының салқындауы орын алғандықтан, Жаңатас қаласындағы жылу желісі жүйесіндегі суды ағызып тастау туралы шешім қабылданған. Жергілікті биліктің ұйымдастыруымен үш мектепте жылыту пункттері дайындалып, ыстық тамақпен қамтылуда. Жылу беру электр желілерін қалпына келтірілгеннен кейін жүзеге асырылады. Ауыз су кесте бойынша берілуде.

4 қаңтардағы мәлімет бойынша, аудандық орталық ауруханада 45 адам ем алып жатыр. Сонымен бірге аурухананың 4 генераторға қосылғаны әрі жылыту құрылғыларының қосылғаны белгілі болды. Ведомствода хабарлағандай, электр желілерін қалпына келтіру жұмыстары 4 қаңтар күні таңнан басталды. Оған 10 бригада жұмылдырылды.

Қатты желдің салдарынан облыс орталығы – Тараз қаласында да қауіпсіздік шаралары жүргізілді. Апаттық жағдайлар орын алған жерлерде авариялық бригадалар жұмыс жасады.

Бұдан бөлек, облыс әкімдігі 3 қаңтарда «Батыс Еуропа–Батыс Қытай» республикалық тасжолында қозғалыс шектелгендігін хабарлады. Бұл күні Сарысу ауданында 60 автокөлік жолда қалып қойған. Оның ішінде 300 адам (65 бала) №29 орта мектебіндегі жылыту пунктіне жеткізілген. Сол сияқты, 21 тұрғын Шымкент бағытына полиция қызметкерлерінің қадағалауымен жөнелтілген. Ал 203 адам пойызбен межелі жерге бару үшін теміржол вокзалына жеткізілген.

Облыс әкімі Нұржан Нұржігітовтің тапсырмасымен ауа райының қолайсыздығына байланысты жедел штаб құрылып, жұмыс істеуде. Жұмыс тобына жергілікті билік, төтенше жағдай қызметі, энергетика және өзге де сала мамандары енді.

Облыста ауа райының нашарлауына байланысты (қарлы боран) 2023 жылдың 4 қаңтары, сағат 00:10-нан бастап Қордай ауданындағы «Алматы-Ташкент-Термез» (жаңа Қордай асуы) республикалық маңызы бар көлік жолының 160-238 шақырымы бөлігінде автокөлік түріне қозғалыс тоқтатылды. Автокөліктердің қозғалысы ескі Қордай асуы арқылы жүргізілді. Дауылды ескертуге сәйкес республикалық және облыстық маңызы бар жолдардың жабылуы туралы ақпарат SMS арқылы жіберілді және «Дармен» мобильдік қосымшасында орналастырылды.

Жыл сайын облыс құтқарушылары қар басқан жолдарда қалып қойған азаматтарды құтқарады. Көптеген автокөлік иелері ауа райы туралы ескерту хабарламаларын елемейді, нәтижесінде құтқарушылардың көмегіне жүгінеді.

3 қаңтар күні сағат 10:15-тен 4 қаңтар таңғы 5:00-ге дейін Жуалы, Сарысу және Қордай аудандарының өрт сөндіруші-құтқарушылары республикалық және облыстық маңызы бар автожолдардың 3 учаскесінде 326 адамды құтқарып, жақын маңдағы елді мекендерге жеткізді, олардың 72-сі бала. Облыстың төтенше жағдайлар департаменті бөлімшелері құтқарушыларының жедел және кәсіби іс-қимылдарының арқасында құтқарылғандардың ешқайсысы медициналық көмекті қажет етпеді.

Тиісті жұмыстар жүргізілуде

Кеше облыс әкімі Нұржан Нұржігітов Сарысу ауданына барып, Жаңатас қаласының қарлы дауылдан кейінгі жағдайымен танысты.

Аймақ басшысы әуелі «ЖаңатасСуЖылу» МКК-ның қалыпқа келтіру жұмыстарын тексерді. Сондай-ақ қатты желден құлаған электр бағаналарын көріп, оларды жөндеу бойынша жауаптыларға тапсырмалар жүктеді.

Д.Қонаев атындағы орта мектебінде болған өңір басшысы қаладағы екі-үш білім нысанын жылытуға барынша көңіл бөлу керектігін баса айтты. Ол үшін арнайы генераторлар пайдаланылады. Бұл мектептер жылыту пункттері ретінде дайын тұруы маңызды.

«Шахан» қосалқы стансасына барған Нұржан Нұржігітов қаланы ең алдымен электр энергиясына қосу керектігін жеткізді. Қазіргі кезде электр желілерін реттеу жұмыстарына 10 бригада жұмылдырылған. Аймақ басшысы бұл жұмыстарды 2-3 сағатта аяқтауды тапсырды.

Облыс әкімі Нұржан Нұржігітовтің Сарысу ауданындағы жұмыс сапары төтенше жағдай салдарын жою бойынша жедел штаб отырысымен түйінделді.

Басқосуда аймақ басшысы ауданның елді мекендерін электр энергиясымен қамту, Жаңатас қаласына жылу беру бойынша жұмыстарды жеделдетуді тапсырды.

Қазіргі кезде Жаңатас қаласына электр энергиясы беріліп үлгерді. Ендігі кезекте орталық қазандықтың жұмысын жандандыру бойынша шаралар қолға алынуда.

Барлық саладағы қызметтің үйлесімді әрекетінің маңыздылығын баса айтқан облыс әкімі жауаптыларға нақты тапсырмалар жүктеді.

Тапсырма жедел әрі сапалы орындау міндеттелді

Облыс әкімі Нұржан Нұржігітов Талас ауданына жұмыс сапарымен барып, төтенше жағдайдан кейін қалпына келтіру жұмыстарының барысын тексерді.

Аймақ басшысы алдымен жылу көзі болып табылатын «Игілік» орталықтандырылған қазандығында болып, қызметімен танысты. Қазіргі таңда қазандық штаттық режимде жұмыс істеп, қаланы жылумен қамтамасыз етуде. Отын көлемі жеткілікті.

Бұдан соң облыс әкімі қатты желден шатыры ұшқан көпқабатты тұрғын үйлерді аралап көрді. Мұндай үйлердің саны 11-ге жеткен.

Келесі кезекте аймақ басшысы «Корзинка» ірі дүкеніне бас сұғып, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасы мен қорының жеткілікті екендігін тексерді. Дүкенде тиісті азық-түлік қоры қалыптасқан. Нұржан Нұржігітов нан мен су тапшылығын болдырмауға айрықша басымдық беру керектігін ескертті.

Облыс әкімі аудандағы жұмыс сапары барысында жедел штаб отырысын өткізді.

Басқосуда аудан әкімі Нұрбол Жүнісбеков қалыптасып отырған ахуал бойынша баяндап, атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Қазіргі кезде ауыз су беру мәселесін жедел шешу бойынша шаралар қабылдануда.

Нұржан Нұржігітов зардап шеккен нысандарды, құлаған электр бағаналарын қалыпқа келтіру шараларын жүрдім-бардымға салмай, жедел әрі сапалы орындауды тапсырды.

– Ең бастысы, халыққа көрсетілетін коммуналдық қызметтердің жұмысы тұрақты әрі үздіксіз жүзеге асуы тиіс. Азық-түлік тапшылығының орын алмауы маңызды. Ал қалпына келтіру жұмыстары 7-10 күннің ішінде аяқталуы керек. Барлық нысанда жұмыстар бір мезгілде басталып, құжаттама жұмыстары қатар атқарылуы қажет. Қаланың тазалығы да басты назарда болуы тиіс, – деді аймақ басшысы.

 

Жүрсінгүл ЖАҚЫП

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support