- Advertisement -

Көкөніс сақтайтын қоймаға сұраныс көп

134

- Advertisement -

Қыс мезгілінде көкөніс бағасының нарық бағамына бой бермей шарықтап кететіні бар. Өйткені көкөніс пен жеміс-жидекке деген халықтың сұранысы жыл санап артып келеді. Ол сұранысты қанағаттандыру үшін көкөніс қоймаларын көптеп салу қажеттілігі біздің облыста да туындап отырғаны белгілі.

Облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы Дулат Оспановтың айтуынша, қазіргі таңда облыста жалпы сыйымдылығы 255,4 мың тоннаны құрайтын 241 қойма бар. Оның 85-і ғана арнайы мұздатқышпен жабдықталған, оның жалпы сыйымдылығы 58978 тоннаны құрайды. Ал аймақта екі миллион тоннаға жуық көкөніс пен жеміс- жидек өндіріледі. Өнімдердің өндіріс көлемі облыстың ішкі тұтынымын толық қамтамасыз ете алады. Бүгінгі таңда қаңтар мен сәуір айларына қажетті 51,8 мың тонна көкөніс қоймаларда тұр.

Осыдан екі жыл бұрын облыс әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасы берген мәліметке қарайтын болсақ, облыста жеміс-жидек пен көкөніс, басқа да азық-түлік түрлерін сақтайтын 176 қойма болса, осы аралықта оның саны 65-ке өскен. Ал жалпы сыйымдылығы 188,3 мың тоннаны құрайтын қойма сыйымдылығы бүгінде 67119 тоннаға артып отыр.

– Қазіргі таңда облыста орналасқан 220 қоймада 130 мың тоннадан астам көкөніс пен жеміс-жидек, басқа да дақылдар сақталуда. Оның 6,8 мың тоннасын картоп, 5,1 мың тоннасын сәбіз, 100 мың тоннасын пияз, 17 мың тоннасын жеміс-жидек құрайды. Қазіргі таңда қойма мәселесі оңынан шешімін тауып отыр. Нарықтағы бағаны тұрақтандыруға бір жағы облыстағы жылыжайларда өсіріліп, бірден сауда орталықтарына шығарылып отырған көкөністер де өз септігін тигізуде, – дейді Дулат Оспанов.

Ауыл шаруашылығы басқармасының ақпаратына сүйенсек, қоймалардың басым бөлігі, яғни 241 қойманың 113-і Жамбыл ауданында орналасқан. Ал Шу ауданында 40, Қордай ауданынында 37 қойма бар екен. Байзақ ауданында 15, Тараз қаласында 14, Жуалы ауданында 10 қойма жұмыс істеп тұрса, Мойынқұм мен Талас аудандарында бірде-бір қойма салынбаған.

Қоймаларға деген сұранысты қанағаттандыру үшін биыл Меркі ауданында «Гүлдер» шаруа қожалығы 1200 тонналық, Шу ауданындағы «Матышев» жеке кәсіпкерлігі 20 мың тонналық қойма салып, өнімдерді сақтауда. Сонымен қатар Қордай ауданында сыйымдылығы 7500 тоннаны құрайтын қойма салынуда. Оның бүгінгі таңда 5 мың тонналық қоймасының құрылыс жұмыстарын «Шам-Шарақ» шаруа қожалығы аяқтап, пиязын сақтауға қойған. Қалған 2500 тоннаны құрайтын қойманың құрылыс жұмыстары жалғасын тауып келеді. Оны алдағы жылы пайдалануға беру жоспарлануда. Ал Т.Рысқұлов ауданында сыйымдылығы 6450 тонналық 3 қойма бар. Ондағы қойма қожайындары мен шаруа қожалықтардың баға мәселесінде өзара келісе алмауы салдарынан құландықтар өнімін Байзақ пен Жамбыл аудандарындағы қоймаларда сақтауға мәжбүр.

Ал Тараз қаласында «Тараз» көтерме-тауар орталығында сыйымдылығы 50 мың тонналық қойма салынуда. Бүгінгі таңда оның ішіндегі сыйымдылығы 10 мың тоннаны құрайтын қойманың бір бөлігінің құрылыс жұмыстары аяқталып, іске қосылған. Аталған қойма мұздатқыш қондырғыларымен жабдықталған. Байзақ ауданындағы 15 қойманың жалпы сыйымдылығы 29540 тоннаны құрайды. Оның үшеуінде ғана салқындатқыш қондырғылары орнатылған. Бүгінгі таңда 19550 тонна пияз, 800 тонна картоп пен 500 тонна сәбіз сақтауда.

Қордай ауданындағы Бетқайнар ауылдық округінде орналасқан «Алмаз» шаруа қожалығы жылда бір қоймадан салып, көкөніс сақтау көлемін арттыруда. Қожалық жетекшісі Жұмабек Әшенұлының айтуынша, шаруа қожалық бүгінгі таңда ауданның, облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына сүбелі үлес қосып келеді. «Қазіргі таңда шаруашылықта төрт қойма бар. Оның әрбірінің сыйымдылығы 2-2,5 мың тоннаны құрайды. Бүгінгі таңда ол қоймаларда пияз сақталуда. Алдағы уақытта жыл сайын бір қоймадан салып, оның санын 10-ға жеткізуді жоспарлап отырмыз», – дейді ол.

Бүгінгі таңда Қордай ауданында жалпы сыйымдылығы 45100 тоннаны құрайтын 37 қойма жұмыс істеп тұр. Облыс әкімі тарапынан Қордай ауданына қоймалар сыйымдылығын 100 мың тоннаға жеткізу талабы қойылып, тапсырма берілген. Ал Меркі ауданында бұдан екі жыл бұрын 8 қойма бар еді. Олардың жалпы сыйымдылығы 18650 тоннаны құраған. Соңғы екі жылда бұл ауданда ешқандай қойма салынбаған сияқты. Әйтпесе, Меркі өңірі көкөніс қана емес, жеміс-жидекке де бай өңір. Ауданның қай ауылына барсаңыз да гектарлап отырғызылған жеміс ағаштарын көруге болады. Онда 39 шаруа қожалығы 572 гектар алқапқа орналасқан алма бақтарын күтіп баптауда. Ал Ақарал ауылындағы «Жасыл белес» шаруа қожалығы жиырма жылдан бері жеміс ағаштарын баптап, алма, алқор өсірумен айналысып келеді. Шаруашылық жетекшісі Үсен Қабылбектің айтуынша, қазір қожалықтың 40 гектар алқапқа орналастырылған жеміс ағаштары бар.

Бүгінде қожалықтың сыйымдылығы 100 тонналық қоймасында 90 тонна алма жинаулы тұр. Қойманың бірі үйдің, екіншісі қожалық бағының іргесінде орналасқан. «Бір мұздатқыштың өзін ғана 10 миллион теңгеге сатып алып орнаттық. Ал оның ішіндегі жәшігі 50 миллион теңге тұрады. Біздің оны алуға шамамыз болмаған соң мұздатқышын ғана орнатып отырмыз», дейді Үсен Нәметқазыұлы.

Кәсіпкердің айтуынша, елімізде мұздатқыш тұрмақ жеміс-жидек сақтайтын жәшік те өндірілмейді екен. Амалы құрыған кәсіпкер шетелден келген бананның қағаз қорабын Алматы қаласындағы «Алтын орда» базарынан бір данасын 250 теңгеден сатып алуда. Оған 15 килограмм жеміс сыяды. Ал жеміс-жидекке арналған арнайы жәшіктің сыйымдылығы – 10 килограмм. Бірақ оның бағасы аталған базарда 500 бен 1000 теңгенің аралығында. «Алматыда құр қораптың өзінен саудагерлер ақша жасап отыр. Бағасын түсірмейді. Алсаң ал, алмасаң қой дейді. Амалсыз сатып аламыз. Қоймаға төгіп тастап сақтай алмаймыз ғой. Бізді қинап тұрған жәшік мәселесі. Оны өзімізде жасауға да болар еді. Үкімет тарапынан осы мәселе қолға алынса, қоймалар жәшікпен қамтылып, соған жұмсайтын миллиондаған ақша өз елімізде қалар еді», дейді ол.

Көкөністер мен жеміс-жидектерді сақтау бір қарағанда еш қиындығы жоқ жұмыс сияқты көрінеді. Бірақ оның балғындығын сақтай отырып, ұзақ мерзімге сақтау екінің бірінің қолынан келе бермейтін шаруа. «Қыстың қамын жаз ойла» деген қағиданы берік ұстанған диқандар қауымы қазір қамбасын дәнге, қоймасын бақша өнімдеріне толтырып, нарық бағамының көтерілуін күтіп отырғаны белгілі.

 

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support