- Advertisement -

Қолың таза болмаса, жолың таза болмайды

73

- Advertisement -

Біздің қоғамның басты дерті – сыбайлас жемқорлық, ал жұмысы сол жемқорлықпен күресу болды. Жемқорлық деген сөздің түп- төркіні оңай жерден заңсыз пайда табу, өзгенікін жымқыру, жеңіл жолмен жүріп, қанағатсыздыққа бару деген мағынаны білдіреді. Міне, осындай өзінің айналасын ғана көріп, тек байлық жинаудың соңына түскендермен күрес толастамай келеді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы ақпан айында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі кеңестің отырысында осынау ел аумағын жаулаған жегіқұртқа алаңдаушылық білдірді. Ел Президенті: «Қазір сыбайлас жемқорлықты нақты жоюдың орнына, процесті бюрократияландыру жүріп жатқанын көріп отырмыз. Тапсырысты орындаушыны таңдауға бірнеше ай кетеді, бірақ бәрібір сапа мен адалдық жетіспейді. Қолданыста бар нормативтік сүзгілерге қарамастан, қандай тендер болсын, оны кім жеңетіні көбіне белгілі болып тұрады. Мәселен, екі жылда «Қазавтожол» техникалық қадағалау қызметі 99 сатып алу конкурсын өткізген. Олардың тең жартысын үлестікке қатысы бары айқын төрт компания жеңіп алған. Ал елімізде аккредитациядан өткен екі мыңнан астам ұйым мен сертификатталған алты мыңнан астам сарапшы бар. Сондықтан халықаралық деңгейдегі компаниялардың мемлекеттік сатып алуларға сирек қатысатынына таңғалуға болмайды.

Қытаймен өзара сауда-саттық туралы екі елдің статистикалық мәліметтері екі түрлі. Олардың арасында миллиардтаған доллар айырмашылық бар. Былтыр бұл көрсеткіш 5,7 миллиард долларға жетті. Мұндай үлкен айырмашылық қалай пайда болғанын ешкім түсіндіріп бере алмайды. Ашығын айтқанда, бұл – контрабанда. Келеңсіздіктің бар екенін кәсіпкерлер де растап отыр. Сауалнамаға қарасақ, шетелмен сауда жасайтын адамдардың 90 пайызы жемқорлықпен бетпе-бет келген. Оның ішінде 45 пайызы кеденшілерге пара беруге мәжбүр болған. Кеден және көліктік бақылау саласындағы парақорлық транзиттік әлеуетімізді толық пайдалануға мүмкіндік бермей отыр, – деп атап өтті.

Міне, қаржы жүрген жердегі жемқорлық пен жауапсыздық Мемлекет басшысына дейін жетіп отыр. Тапсырыспен ала ма, қолдау ретінде ала ма, ол қаражат – мемлекеттікі. Мемлекеттің қаражатын айтылған жеріне, қажетті тармағына жұмсау – ұтып алған компаниялардың міндеті. Бұл шындап келгенде – аманат. Ал қазақта «Аманатқа қиянат жүрмейді» деген сөз бар. Басқа-басқа аманаттың жауапкершілігі ауыр. Осындай құрылысты бітіремін деп миллиондап алған қаражатыңның артында есебі бар. Бәрі тегіннен тегін емес. Бюджет қаражаты да түбі жоқ теңіз емес. Оның да сұрауы, көлемі, шамасы бар. Қолға алған құрылыстардың сәтті аяқталуын қаншама мыңдаған тұрғындар күтіп отырады. Кейбір құрылыстар жемқорлықтың кесірінен бірнеше жылға созылып та кетеді. Ертеректе Талас ауданы, Ақкөл ауылына таза ауыз су апару үшін бөлінген қаржының да уақтылы игерілмей, созылып кеткенін білеміз. Ал Ақкөл ауылының 3 мыңға жуық тұрғыны қанша жылдан бері зарығып ауыз суды тосып отыр. Оны ескеріп жатқандар бар ма? Сол ауыл таза ауыз су келеді дегенге қалай қуанды, десеңізші! Мұны мен тек мысалға ғана алып отырмын. Ал мұндай фактілер әр ауданда, қалада да кездеседі.

Кеденнен өту кезіндегі кедергілер ше? Екі елдің шекарасынан шыртылдатып ақша жасау деген не сұмдық? Міне, осындай қанағатсыздық пен жауапсыздықтың соңы жемқорлыққа, жемқорлықтың соңы абыройсыздыққа апарады.

Сыбайлас жемқорлыққа жол беру неден шығады? Мұның түп тамыры қайда? Ойланып жатқан кісі бар ма? Мүмкін, бар да шығар. Көпшілікке ешқашан теріс пікір айтуға болмайды. Меніңше, жемқорлықтың бір шығу себебі – немкеттілік, жауапсыздық, міндет пен аманатты сезінбеу. Оған мына бір жағдайды мысал ретінде айтқым келіп тұр.

Ерте, ерте, ертеде бір патшалықтың патшасы: «Орталық алаңға үлкен бөшке қойылсын. Сол бөшкеге әр тұрғын бір-бір кеседен сүт құйсын. Қаладағы жағдайы жоқ отбасыларға сол жиналған өнімді бөліп береміз» деп жарлық шығарады. Содан айтылған жерге кешкілік үлкен бөшке қойылады, патшаның бұйрығы екі айтылмай, орындалады. Содан, бір тұрғын : «Әй, осы біздің шаһарда мыңдаған тұрғын бар. Олардың бәрі бір кеседен сүт береді. Ал мен сол бір кесе сүттің орнына бір кесе су құя салайын. Оны кім көріп жатыр. Одан да бір кесе сүт болса да өзімнің балаларым ішсін», деп ойлап, түнделетіп әлгі бөшкеге бір кесе су құйып кетеді. Ертеңіне патша нөкерлерімен барып әлгі бөшкені ашып көрсе, бір бөшке су тұр екен. Бұл жерде нені байқаймыз. Тұрғындардың барлығы немкетті, жауапсыз қараған. Бәрі де: «Менің бір кесе сүтімнен көбейіп кете ме, су құя салайын» деп ойлаған. Оның салдарының неге апарып соққанын көріп отырсыздар. Бұл – жауапкершіліктің болмауы. Ал жауапкершіліктің үлкен-кішісі болмайды.

Осы тұста жемқорлықтан сақтандыру, адалдыққа баулуда ұстаздардың да атқаратын қызметі орасан. Мектепте білім алып жүрген бала кезіміз. Шамамен 5 немесе 6-сыныпта оқып жүрген едік. Ол кезде кеңшар мың гектарға жуық жүгері егеді. Оны сарғайған сары күзде шашпай-төкпей жинап алу да оңай шаруа емес. Егіс жинау кезіндегі науқандық жұмысқа кеңшардағы адамдардың тайлы-тұяғымен түгел жұмылдырады. Тіпті мектеп оқушыларын да бір апта сабақтан босатып, жүгері жинауға апарады. Дүмбілдің иісі мұрын жаратыны бар. Ауылда өскен қай баланың буы бұрқыраған, ыстық дүмбіл жегісі келмейді дейсің. Біздің де мақсат – сол. Жүгері жинауға бөлінген аптаның үшінші күні болуы керек, сыныптас 4-5 баламен бірге бір дорба дүмбіл теріп, егіс даласынан қашпақшы болдық. Бірақ егістіктің шетінде мектеп директоры Артелбек Қуанышбеков ағайға ұсталып қалдық. Сонда мектеп директоры бәрімізді қаз-қатар тұрғызып қойды. Басымыз салбырап, үнсіз тұрмыз. Мынау біз үшін өте ауыр жағдай. Менің ата-анам малды ауылда. Қасымдағы балалардың ата-анасы естісе, жазаларын береді. «Сенің балаң жүгері немесе дүмбіл ұрлап жүр» деген қай ата-анаға жеңіл тиеді дейсіз! Сонымен үнсіз жазамызды күтіп тұрмыз. Ұяттан өртеніп барамыз. Бойымызда қорқыныш та бар. Директор ағай не істеді деңіз? Қатар тұрған бес баланың ішіндегі бірден менің қасыма келді. «Ал Есет, бір қадам алға шығып тұр», деді. Бір қадам алға шығып тұрдым. Төрт баланың да назары маған ауған. Мұндай қысылып, терлемеспін. Директор жай ғана, сабырлы даусымен:

– Сен биыл «Мақтау қағазын» алдың ғой, – деді.

Менде үн жоқ.

– «Мақтау қағазын» алдың ба, алған жоқсың ба, айт, Досалы, – деді директор.

– Алдым, ағай! – дедім. Даусым болар-болмас шықты. Директор әрең естіген шығар.

– Алсаң, сол «Мақтау қағазда» не деп жазылады? Оқушыға «Мақтау қағазы» не үшін беріледі? – деді.

– Өте жақсы оқығаны және үлгілі тәртібі үшін.

– Дұрыс. Өте жақсы оқығаны және үлгілі тәртібі үшін. Ал сенің бүгінгі тәртібің қандай болды?

– Кешіріңіз, ағай. Қайталанбайды, – деп, ұяттан өртенген едім сонда.

Директор ағай: «Жарайды. Бір жолға балалықтарыңды кешірдім. Алған жүгерілеріңді трактордың қорабына аударып, өздерің жүгері жинағандардың қатарына қосылыңдар» деді де, өзінің жөніменен жүріп кетті. Директордың сол жазалау тәсілі есімнен ешқашан шыққан емес. Одан кейін ойнап болса да, біреудің бір затын рұқсатсыз алған емеспін. Артелбек ағай сол бір оқиға арқылы мені теріс жолмен жүруден мүлдем аулақтатып жіберген секілді.

Жемқорлықтың бір тамыры адалдан табылмаған ақша және адалдан табылмаған дүние. Ал оның көлемі кішкентай еді деп ақталудың өзі әбестік. Ауылда жүрген жылдарымызда қауын-қарбыз егетін кейбір еңбеккеш кісілер болушы еді. Олар үш-төрт отбасы ғана. Үлкен шарбақтарының жартысына қарбыз-қауын, әңгелек егіп тастайтын. Шілденің аяғы немесе тамылжыған тамызда әлгі қауын-қарбыз піседі. Піскенде иісі мұрын жарады. Үйдің иелері пісіп тұрған жеміс-жидегінен өзі де жейді, көрші-қолаңға да үлестіреді. Бір күн, екі күн берген соң, олар да жомарттықтан тыйылып, етек-жеңін қымтайды. Тоғыз тартып, қозы-лаққа айырбастайды немесе ақшаға сата бастайды. Мұндайда ауыл балалары түнделетіп, әлгі қауын иісі мүңкіген, қарбызы мол шарбаққа ұрлыққа түседі. Ұрлық – адал жол емес. Ұрлықтың аты бәрі бір ұрлық. Оны аз ғана жасадым деп ақтала алмайсың. Біреудің еңбектеніп өсірген өнімін ұрлау – жемқорлық болмаса да, осы сипаттағы қылмыс. Әрине ауылдағылар мұндай ісіңді терең тергемей кешіре салады. Бір ауыз өкпесін айтып, ұялтып, одан әріге бармайды. Бірақ бұл – жақсы әдет емес. Бүгін қауын ұрлаған ертең тауық ұрлайды. Ертең тауық ұрлаған арғы жолы жылқы ұрлайтын баукеспеге айналады. Сол жас күнімізде ауылда он тауық ұрлағаны үшін 2 жыл қатаң режимде жазасын өтеп қайтқан жігіттер де кездесті. Іс құқық қорғау органдарына өтіп, насырға шауып кетіп еді.

Ауыл балаларының қауын-қарбыз ұрлап жүретінін анам жақсы білетін. Олардың қасында менің жүретінім рас. Бір ауылда тұрған соң, ауыл балаларының жанында жүрмегенде қайда жүресің. Анам зейнетке шыға сала малды ауылды келіндеріне тастап, ауылға қайтты. «Биыл есіктің алдын жыртқызып, өзіміз қауын-қарбыз, жеміс өсіреміз. Жоңышқа себеміз. Енді ешкімге жәутеңдемейсіңдер. Ешкімге көздеріңді сатпайсыңдар. Біреудің қауынын ұрлап, әдепсіздікке, дөрекі айтсам қылмысқа бармайсыңдар», деді. Содан өзіміз бақша өсірдік. Жеміс талдар ектік. Анамның бастамасы мен бейнеті жеміс берді. Қауын-қарбыз, қызанақ, қияр бәрі де жайқалып өсті.

Анам айтса айтқандай, ешкімге көз сатпадық. Қайта кейде түнделетіп ауыл балалары біздің шарбақты да бір «тексеріп» кететін болды. Бақшаның іші жылқы аунағандай жапырылып қалатын. Жегенінше жейді, үзеді, жарады. Түн жарымында ұрлық жасаған адам қайбір аяйды дейсің. Анам: «Бұған да шүкір деңдер. Бұл бақшадан да бірдеңе табамын деп келген олар. Жарықтық, диқаншылық. Диқан деген осы. Біздерге де, оларға да жетеді. Ешкімді іздемеңдер. Бір жегеннен біздің бақша азайып қалмас. Өздерің ешкімнің өнімін ұрламаңдар. Оны ұрлау – ұрлық. Бірігіп ұрласаңдар –жемқорлық. Ертең ұсталып қалсаң –ең қорлық», деп ескертетін.

Жемқорлық жайлы кім не айтпады десеңізші! Белгілі ақын Абдрахман Асылбек:

Бір орманның қақпасында,

Жарнамалық тақтасында:

«Жемқорлыққа жол жоқ» деген,

Жазу тұрды өрнектеген» деп жазыпты. Ал қызылордалық белгілі айтыскер Әбілқайыр Сыздықов болса: «Жемқорлар жемқорлықпен күресіп жүр» деп жырлады.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы біздің өңірде кейінгі жылдары қаншама іс-шара, қаншама ақындар айтысы өтті. Сондай жемқорлыққа қарсы күрес аясында Ерболат Саурықов басқаратын Шерхан Мұртаза атындағы халықаралық Тараз инновациялық институты «Адалдық алаңы» кеңсесімен бірлесіп өткізді. Ол өте маңызды іс-шара болды. Оқытушылар мен жүздеген студенттер жемқорлықтың кеселі, кері әсері жөніндегі жыр шумақтарын тыңдап, рухтанды. Әр шумақтан әсер алды. Мен ондай студенттер келешекте ешқашан сыбайлас жемқорлыққа, теріс қылыққа бармайды деп ойлаймын. Осы ойыма сенемін. Дәл осындай ақындар айтысы Жуалы ауданының әкімдігі және «Адалдық алаңы» кеңсесінің ұйымдастыруымен аудандық Мәдениет үйінде өтті. Жас ақындар жемқорлықтың жаман қасиет екенін, қылмыстық жолға апаратын қасірет екенін тамылжытып жырлады. Өлең сөздің майын тамызды. Елдің жүрегіне жеткізе білді. Елді толқытты. Көңілін тербеді. Көңілдерге жақсы шуақ, жақсы көңіл-күй сыйлады. Жемқорлықтан сақтану туралы жеріне жеткізіп айтты. Жемқорлықтың зиянын әшкереледі, әр жүрекке жеткізді. Аянып қалған жоқ. Ел ондай өлең шумақтарын жаттап алды. Жұрт жемқорлық жолының теріс екенін, қасірет екенін түсінді.

Жемқорлық – халқымызға жат қасиет. Халқымызда «Адалдың аты арып, тоны тозбайды» деген нақыл бар. Бұл нақыл қандай мағына береді? Адал адамның жолы болады, ісі алға басады деген мағынаны білдіреді. Адал, ізгі қасиет – асыл қасиет. Адалдықты бойына сіңірген адамдар жемқорлыққа ешқашан бармайды. Ондай кісі қандай жұмыс істесе де адал атқарады. Басшылық қызметке барса да тура жолдан таймай, сыбайлас жемқорлыққа бармайды.

Бұрынғы бабаларымыз даналық жолмен жүрді. Ешкімнің ала жібін аттаған жоқ. Тазалықты таңдады. Тектіліктің тұлпарымен жүрді. Ұрпағының да текті болуын қалады. Сондықтан ол кезеңде біреудің затын, мүлкін рұқсатсыз алу аз болды. Жемқорлық дегенді олар мүлдем естіген жоқ. Олардың балалары да мұндай сөзді қаперлеріне алған жоқ.

Жемқорлықтың жолы – жіңішке. Бір байқатпайды, екі байқатпайды, үшіншісінде айықпас жағдайға душар болады. Бір рет құтылады, екі рет құтылады, үшіншісінде қармаққа түскен балықтай тұтылады. Жемқорлыққа жоламау әр адамның өзіне керек. Өзіне ғана емес, ұрпақтарына да керек. Жемқорлықпен айыпталған адамның маңдайына қара таңба жазылады. Ол өзін ғана емес, әулеті мен ұрпақтарын да қорлайды. «Жемқордың баласы» деген атақ та ауыр. Жемқорлықтың кесірі жеті ұрпағына тиеді. Адал болмаған кісінің ұрпақтары да толық адал бола алмайды. Атасы жасаған жаман істің салқыны баласына, тіпті немересіне әсер етеді. Осыны естен шығармаған жақсы. Итің ұры дегенге намыстанған қазақ жемқордың ауылы дегенге де қатты намыстанады. Тұла бойы тітіркенеді. Сондықтан әр адам, әр басшы жемқорлық атаулыдан аулақ болғаны жөн. Сыбайлас жемқорлықтан аулақ болғаны дұрыс.

Әр адам жетістігімен, тазалығымен мақтанады. Ұрпағының да таза болғанын қалайды. Тазалық деген адалдықтан туындайды. Қанша қиналсаң да, адал жолмен отбасыңды асырасаң, ұрпағың ұлағатты және өзіңе қамқор болады.

Жемқорлықтың жолы бұралаң. Жолың таза болмаса, қолың таза болмайды.

Егер әр адам өз баласын адалдыққа тәрбиелесе, ізгілік жолына бағыттаса, онда ол жемқорлықтан аулақ болады. Аталарымыздың сәлем беріп келген ауыл балаларына: «Атаңды білемін. Сондай текті әулеттің перзенті еді. Өзі де бекзат, сабырлы, мінезге бай кісі еді», деп отыратыны көзіміздің алдында. Өзі текті адам ұрпағына да асыл қасиеттер дарыта алады. Текті адамның ұрпағы да жақсы тәрбиемен қалыптасады. Жақсы тәрбие иесінен жаман қасиет шықпайды. Адалдық пен ізгі қасиеттің қайнар бұлағы ауылда жатыр.

Ендеше, жемқорлық деген – үлкен кесел. Ол кеселден қоғамды бір-ақ күнде емдеу мүмкін емес. Жемқорлық – бойға сіңген ауру. Сол аурумен қоғам болып күресіп келе жатқанымызға талай жыл.

Жемқорлық тақырыбы – түпсіз тақырып. Мемлекет басшысы салдарымен күресе бастағалы жемқорлық фактілері азайып келеді. Сыбайластықпен күрес жолында нақты жұмыстар атқарылуда.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support