- Advertisement -

Ауыл шаруашылығы дамыса, ел тоқ болады

284

- Advertisement -

Мойынқұм даласы қашаннан төрт түліктің мекені. Даңқты шопан Жазатаның, Жазылбек Қуанышбаевтың өнегелі өмір жолын жалғастырған кейінгі ұрпақ кешегі нарықтық қатынас кезінде де малдан көз жазған жоқ. Кеңестік шаруашылықтар тарағанмен, жеке құрылымдар ашылып, мал шаруашылығымен аты шыққан ауданның байлығын тасытып, берекесін арттырды. Аудан әкімдігінің ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Қызыр Елеусізовпен әңгімеміз шалғай аудандағы саладағы өндірілген өнімге, мал және егін шаруашылығының жайына, мал қыстату, су мәселесіне арналмақ.

 – Қызыр Төлешұлы, биыл өндірілген өнім көлемі қалай, өткен жылға қарағанда ілгерілеушілік бар ма, мал басының өсімі қалай?

– Биылғы он айда ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы ақшалай көлемі 7 182,3 миллион теңге болып, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда нақты көлем индексі 105,6 пайызды құрады. Оның ішінде 5 121,0 миллион теңгесі мал шаруашылығының, 2061,2 миллион теңгесі өсімдік шаруашылығы өнімдерінің үлесінде. Өзіңіз еске салғандай, біздің ауданның аты мал шаруашылығымен шықты. Бір қуанарлығы – жеке шаруашылық құрылымдары мал басын арттыруда қажырлылықпен еңбек етуде. Мынаған қараңыз, былтыр он айда ауданда 49796 бас мүйізді ірі қара болса, биылғы осы мезгілде 52813 басқа артып, 106,1 пайызды, қой-ешкі 162364 бастан 175618 басқа өсіп, 106,3 пайызды құрады. Жылқы былтыр 9109 бас еді, биыл 10031 басқа жетіп, 110,1 пайыз болды. Түйе мен үй құсының саны ғана шамалы кеміді.

Мына мәселені де еске сала кетейін, мал қыстату науқанына азық дайындау жұмыстары ұйымшылдықпен атқарылды. Ауданның 14 шаруа қожалығы 107 ауыл шаруашылығы техникасын жұмылдырды. Жоспарланған 135400 тонна мал азығының орнына тамыз айының соңына дейін-ақ 156320 тонна дайындалды.

– Егін шаруашылығының жай-күйі, бақша және көкөніс өнімдері туралы не айтасыз?

– Биылғы көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге арзандатылған 65 тонна дизель отыны әкелініп, 134 ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне толық таратылды. Жеке кәсіпкер М.Есенхожаев бірыңғай оператор болып белгіленді. Көктемгі дала жұмыстарына қажетті жанармайдың бағасы анықталып, 1 литр дизель отыны 201 теңге болып нақтыланды. Ал күзгі дала жұмыстарына 130 тонна дизель отыны жеткізіліп, 162 ауыл шаруашылығы тауар өндірушіге таратылды. Дизель отынының литрі 215 теңгеден белгіленді.

Аудан шаруалары биыл 5787 гектар алқапқа егін екті. Ал былтыр 4629 гектарға еккен еді. Биыл шаруалар жаздық арпаны – 250, дәндік жүгеріні – 1373 және тарыны 405 гектарға еккен болатын. Егілген егіс көлемі былтырғыға қарағанда едеуір ұлғайғанын атап көрсетсем деймін. Алынған өнім де едәуір артып отыр. Жаздық арпадан гектарына – 16, дәндік жүгеріден – 56 және тарыдан 14 центнерден өнім алынды. Бақша дақылдары 200 гектарға орналастырылып, гектарына осынша көлемде өнім жиналды. 55 гектар майлы дақылдардан да 55 центнерден, 130 гектар картоптан да 130 центнерден өнім жиналды. Көпжылдық шөп пен көкөніс өнімдері де былтырғыға қарағанда едәуір гектарға ұлғайып, көңілдегідей өнім берді.

Биыл 10 айда 83 226 800 теңгеге 9 трактор, 222 409 140 теңгеге 71 басқа да ауыл шаруашылығы техникалары алынғанын да еске сала кетейін.

– Мойынқұм құмды өңір ғой, су мәселесі қалай шешілуде?

– Біз суды канал арқылы Шу өзенінен аламыз. Биыл ауылдық округтердегі 6 каналды байлауға 22,0 миллион теңге қаралып, жұмыс толық атқарылды. Мәселен, Ержан Бексұлтанұлы басшылық жасайтын «Еr-story» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі «Биназар» тоғанын байлауға 3,1 және «Күшаман» тоғанына 1,2, Арман Жарылқасыновтың «Арсенал» жеке кәсіпкерлігі «Байбарақ» тоғанына 3,4, «Көкжелек» тоғанына 2,6, жеке кәсіпкер Ж.Қорабаева «Алайғыр» тоғанына 0,9 және «Ақиық» тоғанына 1,0 миллион теңге ұтып алған еді.

Биыл суармалы егіс алқаптарын ағын сумен қамтамасыз ету мақсатында жергілікті бюджеттен 8,9 миллион теңге қаралып, ұзындығы 9,3 шақырым болатын 4 тоғанға – «Сәтбай», «Сануи», «Арқалыс» және «Стандартқа» тазалау жұмыстары жүргізілді.

– Әңгімеңізге рақмет!

 

Амангелді ӘБІЛ

Мойынқұм ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support