- Advertisement -

Жаңа тұрғын алқаптар бой көтеруде

98

- Advertisement -

Жыл басынан бері облыстың негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерінде оң динамика қалыптасып отыр. Атап айтсақ, ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығында жалпы өңірлік өнімі 1057,4 миллиард теңгені құраған. Жалпы аймақтың экономикалық өсімі 105,7 пайыз болып отыр.

Бұдан бөлек, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, құрылыс, өзге де салаларда өсім динамикасы қалыптасқан. Жеке тоқталсақ, өнеркәсіп өндірісінің өсімі 110,6, ауыл шаруашылығы 106,1, инвестиция 103,5, құрылыс 101,6, тұрғын үй көлемі 100, сауда 104,1, көлік 101, байланыс 101,9 пайыз деңгейінде қалыптасты. Инфляция деңгейі жыл басынан 117,5 пайызды құрады.

Өзіндік кірістердің жоспары 95,8 миллиард теңге болса, ол 108,2 миллиард теңгеге орындалып, 12,9 пайызға артты, ал бюджеттің игерілуі 97,5 пайыз болып отыр.

Елді мекендерді дамыту мақсатында 2019 жылдан бастап елімізде «Ауыл – ел бесігі» жобасы іске қосылған еді. Жоба аясында соңғы үш жылда 93 елді мекенде 332 жоба қаржыландырылған. Соның нәтижесінде, атап айтсақ, 30 білім (6 құрылыс), 23 спорт (16 құрылыс), 23 мәдениет (6 құрылыс), 10 денсаулық сақтау нысаны (3 құрылыс), 37 тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық ғимаратына күрделі және жаңа құрылыс жұмыстары жүргізілді. Бұдан бөлек, 332,4 шақырымды құрайтын 209 ауылішілік көше жолдары күрделі және орта жөндеуден өтіп, үш мыңға жуық жұмыс орны құрылған болатын. Аталған жоба аясында атқарылған жұмыстардың нәтижесінде ауылдық елді мекендердің әлеуметтік-экономикалық жағдайы жоғарылай түсті.

Бүгінгі таңда аталған жоба аясында іске асырылып жатқан 149 жобаның 98-інде құрылыс жұмыстары толық аяқталып, пайдалануға берілген. Қалған 33 нысанды жыл соңына дейін тапсыру жоспарлануда. Ал 18 жобаның құрылысы алдағы жылға өтпелі. Енді алдағы жылы осы жоба аясында 79 ауылда 250 жобаны іске асыру жоспарлануда. Оған бөлінетін қаржы 9,6 миллиард теңгені құрайды.

Мемлекет басшысының «10 мың тұрғынға 100 жаңа жұмыс орнын құру» туралы тапсырмасына сәйкес биылғы жоспар – 6,2 мың орын болып белгіленсе, тек 11 айдың қорытындысымен жоспар 2 есеге асыра орындалып, 12,5 мың жаңа жұмыс орны ашылған. 68,8 мың адам жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылса, оның 27,2 мыңы – жастар. Сондай-ақ ағымдағы жылы 99 мың тұрғынға 4,4 миллиард теңгенің әлеуметтік, 46,5 мың тұрғынға 3,1 миллиард теңгенің атаулы көмегі көрсетілді. Кепілдік берілген әлеуметтік пакетпен 1-6 жас аралығындағы 12,2 мың бала қамтылып отыр. Бүгінгі таңда Тараз қаласында мүгедектерді оңалту орталығының құрылыс жұмыстары жүргізілуде.

Биыл жалпы құны 8,6 миллиард теңгені құрайтын 26 денсаулық нысанының құрылысы жүргізілсе, бұдан бөлек, жалпы құны 474,7 миллион теңгені құрайтын 8 денсаулық сақтау нысаны күрделі жөндеуден өткізілген. Нәтижесінде, денсаулық сақтау ұйымдарының тозуы 52,4-тен 38,8 пайызға төмендеген. Ал медициналық техникамен жабдықтау деңгейі 87,5 пайызды құрады. Оған жергілікті бюджеттен 2,7 миллиард теңге бөлініп, қажетті медициналық құралдармен қатар 12 санитарлық автокөлік алынып, саланың жабдықтау деңгейі 90,9 пайызға жетті. Бүгінгі таңда коронавирус індеті шет мемлекеттерде қайта қылаң беруде. Оның алдын алудың бір жолы – екпе егу. Осы мақсатта өңірде 640,8 мың адам I-II компонентпен вакцина алды, 435,3 мың адам ревакцинациядан өтті, 135,5 мың адам «PFIZER» вакцинасын салдырып отыр.

Алдағы жылға арналған облыстық бюджеттің кірістері 507,8 миллиард теңге сомасында жоспарланды. Бұл ағымдағы жылғы нақтыланған сомадан 49,1 миллиард теңгеге немесе 10,7 пайызға артық. Өзіндік кірістер бойынша жоспар 53,2 миллиард теңге сомасында жоспарланып, 2022 жылғы нақтыланған сомадан 1 миллиард теңгеге немесе 2 пайызға артық қарастырылып отыр. Атап айтсақ, оның ішінде, салықтық түсімдер 49,2, салықтық емес түсімдер 3,9 миллиард теңгені, негізгі капиталды сатудан түсетін түсімдер 20 миллион теңге сомасында күтілуде.

Ағымдағы жылы жергілікті атқарушы органдар атқарған жұмыстар нәтижесінде 2023 жылы Жамбыл облысына республикалық бюджеттен 454,7 миллиард теңге сомасында қаржы бөлу қарастырылған, бұл 2022 жылғы нақтыланған сомадан 48,1 миллиард теңгеге немесе 11,8 пайызға артық. Оның ішінде, нысаналы даму трансферттері 49,1 миллиард теңге, бұл 2022 жылға бекітілген бюджеттегі сомадан 10 миллиард теңгеге немесе 25,7 пайызға артық. Субвенция – 405,3 миллиард теңге, оның ішінде базаға берілген ағымдағы нысаналы трансферттер көлемі – 191,3 миллиард теңге. Яғни, базаға берілген ағымдағы нысаналы трансферттерді ескермегенде таза субвенция көлемі 214,3 миллиард теңге құрап, ағымдағы жылғы сомадан 19,8 миллиард теңгеге немесе 10,2 пайызға өскен.

Республикалық бюджеттен бөлінген нысаналы трансферттерді ескермегенде облыстық бюджеттен 267,5 миллиард теңге сомасында шығындар жоспарланды, бұл 2022 жылмен салыстырғанда 20,8 миллиард теңгеге немесе 8,4 пайызға артық. Сала кесіндісінде нысаналы трансферттерді ескергенде бюджет шығындарының 70 пайызы немесе 349,1 миллиард теңгесі әлеуметтік салаға бағытталуда. Бұл ағымдағы жылғы нақтыланған бюджеттен (303,2 млрд.тг.) 46 миллиард теңгеге немесе 15,1 пайызға артық.

«Дипломмен ауылға» жобасы аясында 290 маман үшін 1332,5 миллион теңге бюджеттік несие қарастырылып, ағымдағы жылдың 1 желтоқсанына дейін 283 маманға тұрғын үй сатып алуы үшін 1293,2 миллион теңге несие берілген. Жергілікті бюджет есебінен 500 маманға біржолғы көтерме жәрдемақысын төлеуге 153,1 миллион теңге қарастырылып, есепті кезеңде 473 маманға 145,2 миллион теңге көтерме жәрдемақы босатылған. Алдағы жылы мамандарды әлеуметтік қолдау шараларын іске асыру үшін, «Дипломмен ауылға» жобасы аясында 204 маман үшін 1 055,7 миллион теңге бюджеттік несие қарастырылуда.

Жыл соңына дейін мемлекеттің қолдауы арқасында барлық жоспарларымызды орындап, белгіленген көрсеткіштерге жетеміз. Жалпы 2022 жыл қорытындысымен өнеркәсіп өнімі өндірісінің көлемі 10, ауыл шаруашылығы 8, құрылыс 0,4, пайдалануға берілген тұрғын үй 0,9, негізгі капиталға салынған инвестиция 0,1, сауда 4,3, көлік 1,5, байланыс 2 пайызға артады деп күтілуде. Бұл халықтың тұрмыс-жағдайын одан әрі жақсартып, өңірдің экономикалық жағдайын арттыруға мүмкіндік береді.

 

Нұржан КАЛЕНДЕРОВ,
облыс әкімінің бірінші орынбасары.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support