- Advertisement -

Үшаралдың оқушылары үш жылдан бері суық мектепте оқып жүр

540

- Advertisement -

Талас ауданы, Үшарал ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Қыдырәлі Жүсіповтен редакцияға шағым хат келді. Кеңес заманында «Талас» асыл тұқымды мал зауыты болып, дүрілдеген шаруашылықтың орталығындағы ауыр жағдай бізді бірден аудандағы ең шалғай ауылға жолға шығарды. Желтоқсанның қақаған аязында Әбдір Сағынтаев атындағы орта мектепте оқушылар бүрсең қағып, сырт киіммен отырады дейді. Бұл мәселе жылдар бойы шешімін таппай келген. Ауыз судың да, ағын судың да зардабын шегіп жатқан шалғай мекен тұрғындарының жанкешті тіршілігін ойлап келе жатып, сағат тоғыздан аса ауылға келіп қалдық. Ана жылы Ақкөл ауылынан шыққан соң, Үшаралға дейінгі 60 километр жолға асфальт төселіп, күрделі жөнделген болатын. Шалғай мекеннің бар мәселесі осылайша шешілгендей көрінетін…

Мектеп ауласындағы көмір өзінен-өзі жанып жатыр

Жолға шыққанымыздан хабардар ардагерлер ауыл әкімінің кеңсесіне жиналып қалыпты. Бірінші Қыдырәлі Жүсіпов қарияның өзі сөз алды.

– Шырағым, біздің мұң-мұқтажымызға құлақ асып, облыс орталығынан арнайы келгеніңізге рақмет! Бірінші айтпағымыз, мына кеңсенің алдындағы Әбдір Сағынтаев атындағы үш қабатты мектептің жағдайы. Мектептің сырты да, іші де жақсы. Ал жылу жүйесінің дұрыс істемеуі мен электр қуатының жетіспеушілігінен оқушылардың мектепте білім алуы мүмкін болмай барады. Мектептің жылу қазандығы білім ошағын жылумен қамтамасыз ете алмауда. Басында жылу жүйесі дұрыс орнатылмаған. Жылу төменнен жоғары шығады, ал негізі жоғарыдан төмен берілуі тиіс. Қазандықта көмір жағылады, қатты отынның сапасы өте төмен, жетілмеген. Көмір жатқан жерінде жанып жатыр. Қазір мектепте оқушылар екі ауысымда оқуда. Бұл мәселені аудандық және облыстық қоғамдық кеңеске, облыстық мәслихатқа да жазбаша түрде бердік. Аудандық қоғамдық кеңестің адамдары келіп, көріп кеткен, бірақ ешқандай нәтиже шыққан жоқ. Үш жылдай бұрын мектепте жөндеу жұмыстары жүргізілген, алайда жылу және электр жүйелері сол қалпында қалып қойды. Қазір оқушылар суық кабинеттерде оқығандықтан ауырып жатыр. Өзімнің үш немерем бірдей ауырып, уақытша мектептен қол үзді, – дейді ардагер. Мектептегі жылу жүйесінің ахуалын Талас ауданының Құрметті азаматы, бұрынғы шаруашылық басшысы Садықбек Тілеубердиев, шаруашылықта техник-механик болған, еңбек ардагері Асхат Құлшынбаев та жырдай етіп, жеткізді.

Ауылдың бір топ ардагерлері, аудандық білім бөлімінің басшысы Мақсат Қазанғапов және мектеп директоры Ерғали Тілеубердиев бар, жылу қазандығына түспей жанып жатқан қатты отыннан түтін будақтап жатқанын көрдік. Білім беру мекемелерінің, басқа да әлеуметтік нысандардың қатты отын жылытатын талай қазандығын көріп едік. Кірген бетте қыж-қыж қайнап тұратын, ал мұнда көмір жанып жатқаны сезілмейді де. Қазандықтың бірінде жылу 45 градусты көрсетіп тұр. Мектептің бірінші қабатындағы кіреберісіне ілінген жылу мөлшеріне қойылған есептегіш құралдан бар-жоғы 10 градус жылылықпен ғана жылу келіп тұрғанын көрдік. Үшінші қабат нормаға сай жылытылмағандықтан оқу тоқтатылып, 1170 оқушыға арналған мектепте оқып жатқан 250 баланың өзі екі ауысымда оқитын болған. Сабақ негізінен мектептің күн жағындағы кабинеттерде оқытылатын көрінеді.

– 2013 жылы мектептің 41 миллион 265 мың теңгеге жылу жүйесі мен қазандығы жөнделді. 2014 жылы 84 миллион 311 мың теңгеге есік-терезе, едені күрделі жөндеуден өтті. 2017 жылы қаскелбеті, балабақша орналасқан бөлігінің ішкі сылағы жүргізіліп, ауласы қоршалып, плита тас төселді. Жылу жүйесі ағымдағы жөндеуден өтті. Білім ошағының басқа бөлімдеріне де жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жұмсалған қаржы 24 миллион 838 мың теңге. Ал енді көмірдің 80 тоннасы ашық аспан астында өзінен-өзі жанып кетіп, оның актісі жасалды. Қатты отынмен қамтамасыз еткен «Алатау Асыл Сервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі шыққан шығынды өтеп береміз деп отыр. Біз Үшарал ауылдық округіндегі төрт мектепке газдандыруға облыстық білім басқармасына тапсырыс бергенбіз. Ата-аналардың жанайқайы орынды. Көмір жеткізген серіктестік басшылығымен сөйлестік, Луговой стансасына жетіпті, ертең келіп қалар, – дейді аудандық білім бөлімінің басшысы Мақсат Қазанғапов.

Көмірге тапсырыс берген облыс әкімдігінің білім басқармасы қайда қараған? Шаруашылықта инженер болып қызмет атқарған еңбек ардагері Асанхан Мотаев та мектептің жылу жүйесінің о баста дұрыс орнатылмағанын алға тартып, оқушылардың айдың-күннің аманында жаурап отырғанына қынжылысын білдірді.

Су орнына «у» ішуде

– 1960 жылдары осы ауылдың аумағында бір жарым километрдің шамасында жеті жерден жерасты қазбаларына бұрғылау жұмыстарын жүргізіп, жер астындағы газ және мұнай кендерін зерттеген. Амангелді газы сол экспедиция жұмысының жемісі. Жердің астында басқа да қандай зат бар, қанша тереңдікте екенін анықтады. Оның ішінде қорғасын да, мырыш та, күкірт те, кислота да, қорғасын да, басқа да толып жатқан элементтер бар. Соның беті бетон плитасымен жабылмай, ашық қалып кетті. Әр үйдің құдығы бар, 7-17 метр қашықтықтан су шығады. Су жер астындағы түрлі заттармен араласып шығып жатыр. Қазір тұзды қоймалжың сары су жоғары шығуда, қолыңды жусаң күйдіріп түседі. Осындай құдық суын ауыл тұрғындары ішіп отыр, – дейді Қыдырәлі Жүсіпов.

Үшаралдықтар қолдан қазып алған құдықтарына мотор қойған. Үй іргесіндегі бақшасын осы құдық суымен суарады. Құдықтан мотор арқылы сорылатын сумен жер астындағы неше түрлі қоспа шығады. Ең сорақысы, жер асты жыныстарының суға араласып кетуінен жылына кемінде екі-үш адам «жаман аурумен» ауыратынына алаңдаған ардагерлердің жанайқайын осы күнге дейін елеусіз қалдырып келген билік басындағылар мен қоғамдық ұйымдардың алаңсыздығына не дерсің. Тіпті ауылдықтар кез келген құдықтың суын іше алмайтын көрінеді.

Ауылда ұзындығы 9, ені 6 километр жерасты таза, тұщы су бар екен. Ол зерттеліп, зерделенген су 40 метрден кейін шығады дейді. Оны Алматыдағы жерасты суын зерттейтін институт мамандары анықтапты. Ол жігіттер осы Үшарал ауылының азаматтары көрінеді. Олар осыдан үш жыл бұрын өз қаражаттарына бұрғылау қондырғысын орнатып беріпті. Осы жерасты суын пайдалану қажет дейді ауыл қариялары. Сапасыз судан 40 мың тонна түрлі жерасты жыныстарының қоспасы шығады екен. Оны институт мамандары анықтаған.

Еңбек ардагері Асхат Құлшынбаев кеңес заманында 21 километр ауыз су жүйесі болғанын еске салып, ана жылдары «Ауыз су» бағдарламасымен 12 километр су жүйесі тартылғанын жеткізді. «Су жүйесі әр үйді ауыз сумен қамтамасыз етпей, ауладан алыс, көшенің сыртымен тартылған. Тіпті, ауылдың шығысы мен батысына жүргізілмей қалған. Баяғыда «Талас» асыл тұқымды мал зауыты кезінде ауылды ауыз сумен қамтамасыз ететін арнайы бір бригада жұмыс істепті. Қазір бір адам ғана «кнопканы» басып, қосып-өшіріп отырады дейді. Ал енді, құдықтан алатын суды ішпек түгілі қыз-келіншектер кір жуа алмайтынын айтады, ардагер. Қалай болғанда да ауылға ауыз су жүйесін тарту кезек күттірмейтін мәселе дейді, ол.

Таластың іргесіндегі ауыл ағын суға да зәру

Табиғи судың мәселесі де өте қиын дейді үшаралдықтар. Сарысу ауданының Тоғызкент, Досбол, Таластың Көшек батыр ауылдарымен аралас-құралас жатқан мекен болғандықтан, оларда немесе өздерінде адам ауырса да, мал ауырса да бір-біріне бірден жұғатын көрінеді. Экологиялық ауыр аймаққа жатамыз дейді ауылдықтар. Талас өзенінің суын пайдалана алмай отырғандарын да жеткізді. «Біздің ауылға там-тұмдап жеткен судың өзін Сарысу ауданының аумағына өткізіп жібереді» дейді қариялар. Ал сарысулық ағайындар болса, Үшарал ауылының тұрғындары «суды байлап қояды» деп талай рет дабыл қаққан. Осы екі ауданның арасындағы Талас өзенінің суына байланысты шығатын су біздің бала кезімізден, бәлкім біз өмірге келмей тұрғаннан басталған шығар. Сарысу аудандық атқару комитетінің төрағасы болып ұзақ жыл жемісті еңбек еткен Қырекең, Қырықбай Асанов жарықтықтың көрші жатқан таластықтармен осы мәселе үшін талай рет «жаға ұстасуға» дейін барғаны есімізде. Сол кездегі дау әлі күнге жалғасып келе жатқаны өкінішті-ақ. Садықбек Тілеубердиев «Тым болмаса, бізге су мол келгенде осы мезгілде құрығанда 20 күн шабындыққа жайылып өтсе жетеді. Содан кейін қайтадан Таласқа түсіп, өзінің арнасымен кете берер еді», дейді.

Біз енді біріншіден, су шаруашылығының маманы емеспіз, екіншіден, Сарысу ауданының тұрғындары, оның ішінде Досбол ауылдық округінің шаруалары «Бізге су жетпей жатыр» деп осыдан екі жыл бұрын «Aq jol» газетіне шағымданып, мәселені басылым бетінде көтеруімізді сұранған. Су шаруашылығымен айналысатын мекемелер «өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмай» Талас өзенінің суын пайдаланатын қай ауданға болмасын әділ шешіп берер деген сенімдеміз.

Зейнеткер Қыдырбек Әбдімәліков осы ауылдың күнбатыс жағында Сарысудың Тоғызкент ауылына қарай шығатын тұста «Бозарық» аталған ұжымшар болғанын тілге тиек етіп, тағы бір мәселені қозғады. «Үшаралмен бірігіп кеткен ауыл шетінде бүгінде көшеде электр жарығы да, жол да, су жүйесі де жоқ. Қалың шеңгел, оның ішінде түлкі, қарсақ, тіпті қасқыр да кездеседі» дейді.

Ауылдық округ әкімі не дейді?

– 2012-2013 жылдары мектептің жылу жүйесі ауыстырылған. Бірінші жылу бірінші қабатты жылытады да, одан әрі жоғары қабаттарға көтеріледі. Үшінші қабатқа барған кезде жылу төмендеп кетеді. Көмірдің қажеттілігі 350 тонна. Қазіргі түскен көмір 292 тонна 600 килограмм. Рас көмір келгелі жанып жатыр. 80 тоннаға акт жасалды, одан кейін де көмірдің жануы тоқтаған жоқ. Бұған тендерді облыс әкімдігінің білім басқармасы жариялаған. Жанып кеткен, жетпейтін көмірді де тендерді ұтып алған мекеме орнын толтырып, әкеп береміз деп отыр. Ағын су мәселесіне келсек, бірінші су Сарысу ауданының баратын жеріне жету керек дейді. Облыс әкімінің тапсырмасы сондай. Соған сәйкес, қазір біз секундына бір текшеметр су алып жатырмыз. Қазақ су шаруашылығы мекемесінің мәліметінше, бүгінде Ойық ауылынан бері қарай секундына 8 текшеметр су шығып жатса, оның жартысын 4 текшеметрін Кеңес ауылдық округі алып жатыр. Оның үш текшеметрі Сарысу ауданына кетуде. Былтыр су кеш, 7 желтоқсанда 6 текшеметр су келсе, оның 3 текшеметрі Сарысу ауданына өтті, биыл қыркүйек айында келді. Алайда бізге 15 қарашаға дейін су берілген жоқ. Сол күннен бастап бір текшеметр суды ауылдың ішіне алдық. Бізге су келгенде желтоқсан айының соңы болады да, қатып қалып су жайылмай қалады. Мына кісілердің бақша дақылдарын еге алмай қаламыз деп алаңдауы орынды, қыста су жатпаса дақыл шықпай қалады. Былтыр біз қарашадан бастап сұранып жүріп алып едік, бәрібір жаптырып қойды. Алып жатқан суымыз шабындыққа әлі жайылған жоқ. Су біздің округке ақпан мен наурызда беріледі, оның қажеті жоқ. Көліміз жоқ, берілген суды алып қалатын. Су қазан мен қарашада қажет.

2009-2010 жылдары «Ауыз су» бағдарламасымен ауылға ауыз су желісі тартылған. Ал ауылдық округке қарасты Қайыр мен Арал ауылдарында ауыз су жоқ, тіпті бұрында болмаған. Үшаралда 9 көше болса, соның 5-еуі ауыз сумен қамтылған. Су жүйесі тартылған 5 көшенің бір жарымында құбыр жолдың бойынан 200-300 метр қашық болғандықтан тасып ішеді тұрғындар. 5 көшенің ішінде 60 үй суды тартып алғандықтан, үйлеріне барып тұр.

Дегенмен тәулігіне 2-3 сағат қана берілуде. Ауыз су мәселесі жылдар бойы көтеріліп келе жатқандықтан, биыл 485 миллион теңгеге ауыз су жүйесін қайта жаңғыртуға сметалық құжаты дайындалып, сараптамадан өтті. Келесі жылға республикаға сұраныс берілді. Сәтін салса, «Ақ бұлақ» бағдарламасы арқылы Үшарал ауылы ауыз сумен толық қамтамасыз етілетін болады. Округке қарасты Қайыр мен Арал ауылдары да осы «Ақбұлақ» бағдарламасы арқылы ауыз сумен қамтамасыз етілмек. Отыз миллион теңгеден жобалық-сметалық құжаты жасалды.

Жол мәселесін де көтеріп қалды ғой, бұл туралы айтарым 528 миллион теңгеге Бозарық, Шөмішбаев және басқа көшелерге Арал мен Қайыр ауылдарының көшелерін жөндеуге де ұсыныс берілді. Осы екі ауылға баратын 11,5 километр жолға 97 миллион теңге қаржысы сұралуда. Жоғарыдан қолдау тапса, ауылдық округ бойынша ауыз су да, жол мәселесі де шешіледі, – дейді Үшарал ауылдық округінің әкімі Рахымжан Айтуов.

Түйіндеп айтсақ…

Атағы бүкіл қазақ еліне белгілі болған Үшаралдан Социалистік Еңбек Ерлері, мемлекет және қоғам қайраткерлері, елге белгілі ақын-жазушылар, ғалымдар шықты. Кеңес одағы кезінде «Талас» асыл тұқымды мал зауытын ұзақ жыл жемісті басқарған Социалистік Еңбек Ері Әбдір Сағынтаев атындағы мектептің қыстың көзі қырауда анадай күйге түсуі еш ақылға сыймайды.

Облыстық білім басқармасы жариялаған тендердің жеңімпазы болып, білім ошағына ашық аспан астында, өзінен-өзі жанып жататын сапасы өте төмен көмірді жеткізгені үшін серіктестікті құқық қорғау органдарына бергені жөн. Басқарма, басқа да тиісті мекемелер тарапынан білім ошағының жылу жүйесіне шұғыл тексеру жүргізілуі керек. Мектептің суық болуынан ауырған балалар анықталып, оларды сауықтыруды білім басқармасы мен көмір жеткізген серіктестік мойындарына алуға міндетті деп ойлаймыз. Ауылға газ тартылғанда мектеп неге ұмыт қалған? Ел ертеңі деп жүрген жас желкен білім алып жатқан мектепке қаржы қимаған кім?

Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында сөйлеген сөзінде «Ауылдық жерлерді дамыту керек. Мен ауылдық аумақтарды дамыту тұжырымдамасын әзірлеуді тапсырдым. Бұл – менің жаңа Президенттік өкілеттігім басталғаннан кейінгі алғашқы Жарлығым. Келесі жыл ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға және тұрмыс сапасын жақсартуға арналады» деді. Президенттің өзі тікелей осындай пәрмен беріп отырғанда ауыл әкімі Рахымжан Айтуов айтқан ауылдық округке қарасты үш ауылдың ауыз суы мен жолына сұралған қаржы жоғарыдан толық бөлінуі керек. Көшелерді жарықтандыруда тағы да ұмыт қалмасын дейміз. Енді бұрынғыдай «көз қысты, бармақ бастыға» жол берілмейді. Тиісті қаржы толық бөлініп, бір тиынына дейін игерілуі шарт. Бұл – қатаң қадағаланады.

Ал енді баяғыдан келе жатқан Таластың суының жырын жоғарыда айтқанымыздай суға жауапты мекемелер әр ауданның ауылдық округтеріне тең бөліп беруді қазірден бастап ойластырып, шұғыл әрекетке көшпесе болмайды. Өйткені су мәселесі баяғы «жер дауы, жесір дауынан да» ушығып кеткен. Қыз беріп, қыз алысып, құда-құдандалы болып, іргелес араласып жатқан екі ауданның тұрғындарының арасына сызат түспесін! Президент Жарлығының жергілікті жерлерде іске асу барысы «Aq jol» газетінің назарында болады. Үшарал ауылдық аймағындағы шешімін күткен аса өзекті мәселелер де.

 

Амангелді ӘБІЛ

Талас ауданы.

РЕДАКЦИЯДАН: Мақала нөмірге беттеліп жатқанда мектеп директоры Ерғали Тілеубердиев 16 желтоқсан күні «Алатау Асыл Сервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 60 тонна жоғары сапалы, жануы, қызуы дұрыс көмір жеткізгенін хабарлады.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support