- Advertisement -

Ауыл азаматтарының ақ пейілі

59

- Advertisement -

«Бірлік қайда болса, ерлік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда» деген қарға тамырлы қазақтың мағынасы терең мақалы бар. Расымен де бірлігіміз мығым болса, алынбас қамал жоқ. Елдіктің айшықты белгісі ол, сөзсіз – еркіндік.

Аға буын ұрпақ өкілдерінің аузынан сөз басында жазған мақалды жиі естиміз. Қазір мұны алдыңғы толқын ағалар ғана емес, орта буын өкілдері мен өзіміз құралпы жастар және жасөспірімдер жүрекке мықтап сақтаған. Өйткені олар да ауызбіршілік болса ғана, елдіктің түтіні түзу ұшарын жақсы түсінеді.

Жақында Құлан ауылының 1984 пен 2000 жылға дейінгі аралықта туған ер азаматтарының жасаған игі істерін көріп, дән риза болдық.

Олар орталық «Сұлтан» мешітінің әбден тозығы жеткен дәретханасын жаңартып, ескі шатырын жауып Алла үйін кірсе шыққысыз етіп әрлеп берді. Осы тірліктің қайнаған ортасында жүрген Жандос Үмбеталының айтуынша, құрылыс жұмыстарына жалпы 11 миллион 500 мың теңге қаражат жұмсалған екен. Қазір мешіт дәретханасы жаңарған. Сыртқы безендірілуі жаңа заманға сай әдіптелген. Мұздай салқын су дейсіз бе, ыстық су дейсіз бе, сарқырап ағып тұр. Жігіттердің «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып» тірлікті ұйыстыра білгені – нағыз іскерліктің нәтижесі.

Аталмыш мешіттің наиб имамы Қуаныш Досымжанұлы өте білімді азамат. Ол көптеген жастардың діни сауатын ашып, тәлім-тәрбие беруде. Биылғы жыл ұстаз Қуаныш үшін де айрықша есте қаларлықтай болды. Өйткені білікті ұстазға жоғарыда айтқан 1984 пен 2000 жылғы аралықта туған Құланның ер азаматтары «Toyota 30» маркалы автокөлігінің кілтін табыс етті. Шыны керек, ұстаз Қуаныш бұл жайттан бейхабар еді.

Кезекті жұма намазы оқылып болған соң, бұл қуанышты хабарды орталық «Сұлтан» мешітінің бас имамы Сұлтаншәріп қажы Жадраевтың өзі айтты. Ол өз сөзінде қайырымдылық жасаған жігіттердің риясыз ақ пейілдеріне шын ризашылығын білдірді.

Игі істің ұйымдастырушысы, белсенді азаматтар Жандос Үмбеталы мен Руслан Теміржанов та ынтымақ пен бірлік жайында кесімді сөздер айтып, ұстаз Қуаныштың қарапайымдылығын, білімдарлығын тілге тиек етті. «Ұстаз Қуаныш екі жылдан бері Меркі ауданынан қатынап келіп, жұмыс істеп жүр. Біз оның еңбегін жоққа шығара алмаймыз.

Ұстаз – нағыз азамат. Жасалған тірліктен қаражат қалған болатын. Біз жігіттермен ақылдаса келе, ұстазға темір тұлпар табыс етсек деп шештік. Оны барлық жігіттер қолдады», – деді Жандос Үмбеталы. Бүгінде наиб имам Қуаныш Досымжанұлы көлігіне дән риза. Енді ешқандай қиындықсыз жұмысқа келгенінде құландық ер азаматтардың ақ пейілдеріне алғыс айтудан танған емес.

 

 Марат ДИХАНБАЙ,

журналист.

Т.Рысқұлов ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support