Ауданды алға сүйрейтін жобалар жетерлік

5

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа арнаған «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауының басты бағытының бір саласы ауыл тұрғындарының жағдайын, өмір сүру сапасын жақсартып, ауыл шаруашылығын өндіріспен қатар дамыту екені белгілі.

Бүгінде ауданда қолайлы инвестициялық ахуал қалыптасып отыр. Биыл жалпы құны 4,2 миллиард теңгені құрайтын 17 бюджеттік инвестициялық жоба іске асырылуда. Атап айтсақ, Айша бибі, Шоқай ауылдарында мектеп құрылысы, Бесағаш, Түрксіб, Қаракемер елді мекендерінде ауыз су құбыры, Аса ауылында кәріз жүйесін қалпына келтіру, 13 елді мекенге магистральды газ құбырын тарту, 3 ауылда учаскелік полиция пункті ғимаратын салу, 5 елді мекенде спорт кешені құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Бұдан бөлек, биыл және алдағы жылы іске асырылатын жалпы құны 5,6 миллиард теңгені құрайтын 11 жобаның құжаттары қаржыландыруға дайын. Ал 2023-2025 жылдары іске асыруға 15 жобаның жобалық-сметалық құжаттары әзірленуде.

Ауданда тұрғын үй кезегінде 1812 адам тұр. Өткен жылы «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы шеңберінде 76 пәтерлі бір көпқабатты тұрғын үй пайдалануға берілді. «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында көпбалалы аналарға 5, «Бақытты отбасы» бағдарламасымен 4 пәтердің сертификаты беріліп отыр.

Бұдан бөлек, 2022-2023 жылдары 80 пәтерлі 4 үйдің (320 пәтер) құжаттамалары қаржыландыруға ұсынылды. Қосымша 2023-2024 жылдарға 2 тұрғын үй құрылысын жүргізу үшін жобалық-сметалық құжаттары әзірленуде (160 пәтер). Осы 6 тұрғын үй пайдалануға берілген жағдайда кезектілік 33,5 пайызға төмендеп, 480 адам баспанамен қамтылатын болады. Сондай-ақ «Асар» жобасымен 9 тұрғын үйдің құрылысы басталып, бүгінгі таңда 3 баспана иелерін тапты. «Дипломмен – ауылға» жобасы шеңберінде 5 маманға тұрғын үй алулары үшін қаржы берілді.

Ауданда жер телімін алуға 13876 адам кезекте тұр. Өткен жылы 7 елді мекеннің жаңа тұрғын үй алқабына электр желісі, су, газ тартылып, кезектілікке сәйкес барлығы 1053 жер телімі берілген болатын. Биыл Аса ауылында кезекте тұрған 811 адамға жер телімін беру үшін жаңа тұрғын үй алқабына электр желісін жүргізу мен тас жолын төсеуге қаржы қарастырылуда. Үш елді мекендегі кезекте тұрған азаматтарға тұрғын үй құрылысына жер телімін беруге инженерлік-инфрақұрылым жүргізу үшін жобалық-сметалық құжаттары әзірленуде. Сонымен қатар жерді аудан әкімдігінің теңгеріміне алу мақсатында тиісті жұмыстар ұйымдастырылуда.

Аудандағы 42 елді мекеннің 30-ы орталықтандырылған ауыз су жүйесімен қамтылған. Ауыз сумен қамтылмаған 12 елді мекен қалып отыр. Биыл екі елді мекенде ауыз су құбырының құрылыс жұмыстары аяқталады (Бесағаш, Түрксіб). Қаракемер ауылында ауыз су құбырының құрылыс жұмыстары басталып кетті. Төрт шағын ауыл суды тазартудың жеке блок модульдік қондырғыларын орнату арқылы таза ауыз сумен қамтылатын болады (Құмсуат, Сеңгірбай, Әулиекөл, Көлқайнар). Нәтижесінде жыл қорытындысымен ауыз сумен қамтылған елді мекендер саны 37-ге, қамтылу деңгейі 88 пайызға жетпек.

Алдағы жылы төрт елді мекенді ауыз сумен қамту көзделген. Бүгінгі таңда бұл мақсатта нысандардың жобалық-сметалық құжаттары әзірленуде. Жобалық құжаттары толығымен аяқталысымен, қаржыландыруға бюджеттік өтінім ұсынылады. 2024-2025 жылдары «Ақбұлақ» бағдарламасымен 2004 жылы қайта жаңғыртудан өткен Өрнек, Ерназар ауылдарының ауыз су мұнараларын жаңғырту жоспарланған.

Аудан бойынша 42 елді мекеннің 29-ы табиғи газ жүйесімен қамтылған. Магистральды газ құбырының құрылысы аяқталып, елді мекенге қосу жұмыстары ұйымдастырылуда. Нәтижесінде 9 елді мекен газбен қамтылып, көрсеткіш 90,5 пайызға жетпек. Қалған үш елді мекенді газбен қамту үшін аудан тарапынан жобалық-сметалық құжаттары әзірленуде.

Аудан бойынша автомобиль жолдарының ұзындығы 321,6 шақырымды құрайды. Оның 72 шақырымы республикалық, 85,7 шақырымы облыстық, 163,9 шақырымы аудандық маңызы бар жол. Биыл 5,2 шақырым жол жөнделді. 2019-2021 жылдары аудандағы елді мекендерде жалпы ұзындығы 147,8 шақырымды құрайтын 178 ауылішілік көше жолдары жөнделген болатын. Биыл 24 елді мекенде жалпы ұзындығы 46,8 шақырымды құрайтын 46 ауылішілік көше жолдары жөндеу көрді. Оның ішінде «Ауыл – ел бесігі» жобасымен екі елді мекеннің жеті ауылішілік көшесі бар.

Электр желілері мен трансформаторлардың 50 пайыздан астамының тозығы жеткен. Өткен жылы аудандық бюджет есебінен 6 елді мекеннің 6 көшесі жарықтандырылды. Сондай-ақ 6 елді мекеннің 11 көшесінің бағаналары мен электр желілері ауыстырылды. Биыл 6 елді мекеннің 10 көшесі жарықтандырылып, 5 ауылдың ауылішілік бағаналары мен желілері ауыстырылды. Аса, Шайқорық, Жұма стансаларында электр энергиясының төлемі жоғары болуына байланысты Теміржол тұйығынан ажыратып, аудандық электр торабына қосу мақсатында жобалық құжаттары әзірленуде. 2023 жылға қаржыландыруға ұсынылады.

Өткен жылы өнеркәсіп саласында 21,2 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, нақты индекс

көлемі 103,5 пайызды құрады. Ал өңдеу өнеркәсібінде 19,2 миллиард теңгенің өнімі өндірілген. Ағымдағы жылдың 9 айында өнеркәсіп өндірісінің көлемі 18,1 миллиард теңгені құрап отыр.

Ауданның даму жоспарында өндіріс көлемін 2025 жылға 28 миллиард теңгеге жеткізу межеленген. Жоспарға сәйкес «Амангелді ГӨЗ» ЖШС өндірісін мемлекет тарапынан шикізат мәселесі шешілген жағдайда қуатын жылына 180 мың тоннадан 260 мың тоннаға арттыру арқылы және алдағы уақытта қосымша іске қосылатын «АЕК АСА» ЖШС қуаты жылына 50 мегаватт күн электр стансасы, «Ерсад-2021» ЖШС тігінді емес материалдардан медициналық бұйымдар шығаратын зауытын іске қосты. «ОргСтрой» ЖШС гипстен тамақ қоспаларын дайындау цехын, «Қазфосфат» ЖШС-нің натрид гексаметофосфатын өндіретін желісін кеңейту арқылы жету көзделуде. «Амангелді ГӨЗ» ЖШС басшылығы тарапынан зауыттың қуатын 300 мың тоннаға дейін ұлғайтуға мүмкіншілігі бар екендігі анықталды. Қазір бұл кәсіпорындар жүктемелігі 65-80 пайыз шамасында жұмыс істеп тұр.

Қазіргі таңда ауданда 2022-2025 жылдарға жалпы құны 5,7 миллиард теңгені құрайтын 13 ірі жобаның тізбесі қалыптасқан. Жобалар іске асқан жағдайда 441 жаңа жұмыс орны ашылып, салық базасы 365 миллион теңгеге артады деп күтілуде.

Бүгінгі таңда ауданда 6 346 шағын және орта кәсіпкер бар. Оның ішінде тұрақты жұмыс істеп тұрғаны – 5 430 субъект. Бұл салада 7 795 адам жұмыс атқаруда. 16,5 миллиард теңгенің өнімі өндірілген. Мемлекет тарапынан ұсынылатын қаржы институттарының қолдаулары арқылы 68 жоба 2,4 миллиард теңге несие алған. Жаңадан 591 жұмыс орны ашылған. Сонымен қатар

112,5 миллион теңгеге 5 техника алынған.

Ауданда 2025 жылға дейін жалпы құны 69,2 миллиард теңгені құрайтын 299 инвестициялық жоба жүзеге асыру жоспарланған, осының есебінен 1615 жаңа жұмыс орны құрылмақ. Ауыл шаруашылығы бағытында 58 жоба іске асырылып, 323 жұмыс орны ашылатын болады. Өнеркәсіп саласында 57 жоба іске асырылып, 701 жұмыс орны құрылады. Осы жобалардың ішінде 9 ірі инвест жоба іске асырылады. 2025 жылға дейін шартты құны 38,4 миллиард теңгені құрайтын 184 бюджеттік инвестициялық жобаны іске асыру арқылы 591 жұмыс орнын ашу көзделген.

Өткен жылы ауыл шаруашылығы саласында 53,5 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, нақты индекс көлемі 100,4 пайызды құрады. Ағымдағы жылдың 9 айында ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы шығарылымы 52 миллиард 217,9 миллион теңгеге немесе нақты көлем индексі 102,9 пайызға жетті.

Аса ауылдық округіндегі «Аса Агро» ЖШС тауық еті бағытындағы фабрикасының 4, 5, 6-корпусын, Көлқайнар округіндегі «Аса Даму» ЖШС құс фабрикасының 4-ші корпусын, Қаратөбе округіндегі «Алел-Агро» ЖШС құс сою зауытын, Гродеково округіндегі «АТБ» шаруа қожалығы мал бордақылау алаңы мен тауарлы-сүт фермасын, Өрнек округіндегі «Genezis» ЖШС-нің көкөніс өңдеу цехы мен жылыжай кешенін, Полатқосшы округіндегі «Жамбыл ЕТ-МС» мал бордақылау алаңын іске асыру арқылы және игерілмей жатқан жерді қайта айналымға қосу арқылы ауыл шаруашылығы өнімі көлемін 53,5 миллиардтан 2025 жылы 72,4 миллиард теңгеге жеткізу көзделуде.

Ауданда жалпы жер көлемі 9,12 гектарды құрайтын 87 жылыжай бар, бірақ бүгінде оның 11-і ғана толық қуатында жұмыс істеп тұр. Жұмыс жасайтын бір фермерлік, 10 өнеркәсіптік (1,9 гектар) жылыжайларда қияр дақылы отырғызылып, 165,7 тонна өнім жиналып, нарықтық бағамен өткерілуде. Бұдан бөлек, ауданда 113 қойма бар. Алдағы жылдары төрт жеміс және көкөніс сақтайтын қойма салу жоспарлануда.

«Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын жақсарту» қанатқақты жобасын одан әрі іске асыру Өрнек ауылдық округінде жалғасын тауып отыр. Бүгінгі таңда 71 аула 281,2 миллион теңге несие алып, әрбір бағыт бойынша жұмыс істеуде.

Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба бойынша ағымдағы жылдың 9 айына жұмыспен қамтудың белсенді шараларына 5165 адам қатысты. Оның ішінде, тұрақты жұмыспен – 1842, уақытша жұмыспен 1 256 адам қамтылды. Қысқа мерзімді кәсіптік оқытуға – 82, электрондық еңбек биржасы бойынша оқытуға 80 адам жолданса, грант 166 адамға беріліп, ал «Бастау-бизнес» курсымен 1739 адам қамтылды.

Биыл Айша бибі ауылынан 300 орындық мектептің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Шоқай ауылында 150 орындық мектеп құрылысы басталды. 2024-2025 жылдары қолданыстағы тозығы жеткен 6 бастауыш мектептің орнынан жаңа типтік жобадағы орта білім беретін мектеп ғимаратын соғу көзделген.

«Жомарт түлек» жобасы шеңберінде 49 жоба іске асырылады деп жоспарлануда. Бүгінгі таңда 31 жоба іске асырылды. «Мейірім» жобасы шеңберінде 134 жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаға 2,4 миллион теңге көлемінде көмек көрсетілді.

Биыл Қаракемер ауылынан 25 келушіге арналған дәрігерлік амбулатория құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. «Ауыл – ел бесігі» жобасы шеңберінде Қызылқайнар, Айша бибі ауылдарындағы дәрігерлік амбулатория күрделі жөндеуден өткізілді. Мәдениет саласында Айша бибі ауылдық мәдениет үйі жөндеуден өткізілсе, Шайқорық ауылдық клубының ағымды жөндеу жұмыстары аяқталды. Сондай-ақ бір елді мекенде коворкинг орталығы ашылды. Биыл 6 елді мекеннің шағын футбол алаңшаларына жасанды төсем төселді. Ал екі елді мекенде жаңадан шағын футбол алаңшасы орнатылуда.

Сонымен қатар Аса ауылындағы көпқабатты тұрғын үй мен Бесағаш ауылында балаларға арналған ойын алаңшасы орнатылды. «Ауыл – ел бесігі» жобасы шеңберінде 2022-2023 жылдары 5 елді мекенде спорт кешенінің құрылысы жүргізіледі. Осы спорт кешендері ашылған жағдайда 100-ден аса жаңа жұмыс орны құрылмақ.

Аудан халқының 22,8 пайызын жастар құрайды. 1462 жас NEET жастар санатында. Бүгінде 76 жас жұмыссыз ретінде тіркелген. 107 жас «Бастау-бизнес» жобасымен білімін жетілдірсе, 53 жас шағын несие, 258 жас қайтарымсыз грант алды. 100 жас «Жасыл ел» жасақтары қатарында еңбек етті. Волонтерлармен бүгінге дейін 103 жұмыс атқарылды. Қамтылған еріктілер саны – 1 595 жас. Бүгінгі таңда «Жамбыл жастары» және «Ақжүрек» жастар клубы жұмыс істеуде, 2025 жылға дейін тағы 2 волонтерлық клуб ашып, волонтерлардың санын 10 152-ге жеткізу жоспарланған.

Аудандағы жас кәсіпкерлер саны – 304-ті құрады. Оның ішінде 297 жас жеке кәсіпкер болса, 7 жас өзінің шаруа қожалығын ашып, жұмысын жүргізуде.«Дипломмен — ауылға» жобасы аясында биыл 22 маманға жалпы сомасы 6,7 миллион теңге көлемінде көтерме жәрдемақы, 5 маманға жалпы сомасы 22,9 миллион теңге көлемінде бюджеттік кредит берілді.

Қорыта айтқанда, Мемлекет басшысының Жолдауында тапсырылған бағыттар мен бағдарды басшылыққа ала отырып, жұмыс жалғасын таба беретін болады. Мемлекеттік жобалардың тиянақты әрі сапалы орындалуына күш салатын боламыз.

 

Ерлан ҚЫДЫРАЛЫҰЛЫ,

Жамбыл ауданының әкімі.

Comments are closed.