- Advertisement -

Игі істердің игілігін ел көруде

140

- Advertisement -

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына арналған Жолдауы ауылға ерекше серпін берді. Бүгінде Жолдау жеке кәсібін ашып, ауыл азаматтарын жұмыспен қамтып отырған кәсіпкерлерді жігерлендіріп отыр. Жалпы алғанда ауыл тұрғындарының негізгі күн көрісі егіншілік пен мал шаруашылығы.

Біз бүгінгі таңда, яғни ауылдық округ әкімдері Президентіміздің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын басшылыққа алып жұмыс істеудеміз. Округте Жолдау жүктеген міндеттер сәтімен жүзеге асырылып келеді. Ең алдымен осы тұжырымдаманы ілгерілету мақсатында қараша халықпен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істей отырып, олардың өтініштерін назардан тыс қалдырмаймыз. Президент Жарлығына сәйкес, өзіме қарасты елді мекендерде әр тоқсанның қорытындысы бойынша кездесулер ұйымдастырып, онда сол аралықта атқарылған жұмыстарды кеңінен баяндаудамын.

Ағымдағы жылдың 10 ай қорытындысымен округте біраз жұмыс өз шешімін тауып отыр. Атап айтсақ, Бәйтерек ауылындағы Т.Тастандиев атындағы орта мектебі күрделі жөндеуден өткізілді. Оның құрылыс жұмысына республика бюджетінен 141 миллион теңге бөлінген. Бұдан бөлек, бұл елдімекенде жүзеге асқан үлкен жоба ол 25 келушіге арналған Ақтөбе дәрігерлік амбулаториясы. Ол ғимараттың құрылысын тараздық «Таразқұрылысинвест» ЖШС жүргізді. Оның құрылыс жұмысына 181 миллион теңге бөлінген.

Бұған дейін округте дәрігерлік амбулаторияның өз ғимараты болған жоқ. Олар әкімшілік ғимаратында бізбен қысыла-қымтырыла жұмыс істеп келген еді. Оның үстіне дәрігерлік амбулаторияға Қызыларық ауылдық округіндегі медициналық пункттер қарайды. Қарамағында 40 адам жұмыс істейтін мекеменің тар жерде жұмыс істеуін көз алдыңызға елестетіп көріңіз. Енді өз алдына мекеме болып, сырқаттарды емін-еркін қарап, жұмыстарын ширата түскен. Жаңа ғимараттың жалпы ауданы 500 шаршыметрді құрайды. Нысанның жылу жүйесі табиғи газға қосылған.

Бір атап өтерлігі, бүгінгі таңда округтегі елді мекендерге «Ақбұлақ» бағдарламасы аясында таза ауыз су жүйесі тартылуда. Қазір құрылыс жұмыстары Бәйтерек, Жаңаталап және Ақтоған ауылдарында жүргізілуде. Жаңаталап пен Ақтоған ауылдарының ауыз су жүйесіне 377 миллион теңге қаралған. Ал Бәйтерек ауылындағы таза ауыз су жүйесі өтпелі, оған қаралған қаржы 472 миллион теңге.

Жол жөндеу мен көшелерді жарықтандыру бағытында атқарылған жұмыстар да аз емес. Атап айтсақ, Жаңаталап ауылындағы Өсерхан көшесі жол қиылыстарымен бірге орта жөндеуден өткізілді. Көшенің жалпы ұзындығы 1,7 шақырым. Ал Бәйтерек, Жаңаталап пен Ақтоған ауылдарында бір-бірден, ал Күркіреусу ауылында екі көшеге көше жарықтары орнатылды. Бүгінгі таңда округте 8 көше жарықпен қамтылып отыр.

Округте ағын су мәселесі көптен бері шешімін таппай келе жатқан еді. Биыл суландыру жүйесін қалпына келтіру мақсатында Қырғыз мемлекетімен шекаралас қоныстанған біздің округке су жеткізу мақсатында бастауын көрші елден алатын «Қаратақы» каналы жөнделіп, канал бойынан 12 гидрокөпір салынды. Жоба құны 13 миллион теңгені құрайды. Алдағы жылы «Қанақа» мен «Ақтоған» каналдарына механикалық тазалау жұмыстарын жүргізу көзделіп отыр. Бұл каналдар пайдалануға берілген тұста округтегі суармалы егіс көлемі екі есеге артатын болады.

Ағын су көп мәселені шешетіні белгілі. Биыл көріктендіру, көгеріштендіру айлығы барысында Бәйтерек ауылында екі гектар алқап қоршалып, онда сәндік ағаштар отырғызылды.

Округте кәсіпкерлік сала да ауыл шаруашылығы құрылымдарымен бірге дамып келеді. Мәселен, Бәйтерек ауылында бір кәсіпкер жылыжай салуды бастап кетті. Алдағы уақытта қияр мен қызанақ өсіруге жылыжайды дайындауда. Бұдан бөлек, округтегі тоғандар мен бұлақ суларының алдына тоспа құрып, балық шаруашылығын дамыту қолға алынуда. Бұл кәсіппен айналысуға «Бағдат» шаруа қожалығы ынталы. Қожалық жетекшісі Бағдат Амантаев бұл жобаға 67 миллион теңге салмақ, қазір оның жобалық-сметалық құжаттары әзір. Кәсіпкер «Бағдат» каскад су айдынына баратын жолды ағымдағы жөндеуден өткізіп, су тоспаларындағы су өткізетін шлюздарды жаңалап, сонымен бірге балық аулау туризмін дамытуға ниетті. Ол арадан монша мен асхана салмақ. Тоғанға төрт миллион шабақтар жібермек.

«Бағдат» каскад су айдынының жер көлемі 45 гектар аумақты алып жатқанын ескерсек, бұл кәсіпкерге балық шаруашылығымен балық туризмін дамытуына зор мүмкіндік берері анық. Кәсіпкер жасанды су айдынынан жылына 100 тонна балық өндіруді жобалауда. Тұрақты бес жұмыс орнын ашпақ.

Округте ет өндірісі де жанданып келеді. Атап айтсақ, «Zhualy et» жеке кәсіпкерлігі округті, аудан және облыс тұрғындарын сапалы етпен қамтамасыз ету мақсатында мал бордақылау алаңын ашты. Бүгінде жеке кәсіпкер Нұржан Асанов отбасынан бөлек үш адамды тұрақты жұмыспен қамтыған. Кәсіпкердің мал сою цехында тәулігіне 300 килограмм ет дайындалады. Бұл жобаның құны 70 миллион теңге. Бұдан бөлек, келесі жеке кәсіпкер Баходир Аристанов жылыжай ашты. Алда ол көкөніс өсірумен тұрақты айналыспақ. «Жаңаталап» шаруа қожалығы 150 тонналық көкөніс қоймасын іске қосып отыр. Оның жобалық құны 12 миллион теңгені құрайды.

Сондай-ақ жеке кәсіпкер Айжамал Айдаралиева округ тұрғындарын азық-түлік пен қамтамасыз ету мақсатында Бәйтерек ауылынан наубайхана және азық-түлік дүкенін ашуды көздеп отыр.

«Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын жақсарту» қанатқақты жобасына округтегі 444 отбасы қатысуда. Олар жалпы 68 гектар алқапты құрайтын үй іргесіндегі жер телімін тиімді пайдалануда. Ол жерге қызанақ, қияр, картоп, жүгері, қырыққабат, бұрыш, асқабақ, көпжылдық шөп және тағы басқа дақылдарды орналастырып, өнім жинауда.

Сонымен бірге жобаның екінші бағыты аясында мал басы да артқан. Бүгінгі таңда мал басы 2 347-ге жетіп, 120 тонна ет, 320 тонна сүт өндірілген. Тұрғындардың ауыл сыртындағы жерін тиімді пайдалану бағыты аясында арпа – 15, бидай – 15, жүгері – 10, көпжылдық шөп – 55, картоп – 5 гектар алқапқа орналастырылған. Бүгінгі таңда жиналған өнім 50 тоннаны құрады. Кооперативтің 19 ауылшаруашылық техникасы тұрғындарға тиімді қызмет көрсетуде. Соңғы бағыт тұрғындардың өз кәсібін ашуға жол ашу болса, округте бүгінгі таңда бір кондитерлік цех жұмыс істеуде. Ол үш адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Өндірілетін өнім 2 600 килограмды құрайды.

Жыл санап округте техника паркі де жаңартылуда. Өткен жылы 161,8 миллион теңгеге 14 техника алынып, трактор саны 106-ға, комбайн 9-ға жетті. Техника паркінің жаңаруы 72 пайызды құраған. Ал биыл 6 техника алуға өтінім берілді.

Мал басы да жыл санап артуда. Атап айтсақ, округте 3 231 бас мүйізді ірі қара, 11 118 қой-ешкі, 1 463 жылқы бар. Өткен жылмен салыстырғанда мүйізді ірі қара 11, қой-ешкі 27, жылқы 4,7 пайызға өскен. Осының есебінен 643 тонна ет, 2 068 тонна сүт өндірілген. Ал өндірілген жұмыртқа 376 тоннаны құрады. Өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда ет – 9, сүт – 5, жұмыртқа 1,8 пайызға артқан.

Кәсіпкерлерді ынталандыру мақсатында екінші деңгейлі банктер мен қаржы ұйымдарынан үш кәсіпкерге 11 миллион теңге несие берілді. Былтыр қайтарымсыз грант 5 азамат алған болатын. Биыл жыл соңына дейін 12,2 миллион теңгені 10 адамның алуы тиіс.

«Асар» жобасы аясында өткен жылы Ақтоған ауылында аз қамтылған бір отбасына баспана берілген еді. Биыл бұл үрдіс округте қайта жалғасын тауып, Жаңаталап ауылында мүмкіндігі шектеулі отбасы жаңа баспанаға қоныстанды.

«Жомарт түлек» жобасы аясында демеушілік танытқан ауыл азаматтары аз емес. Мәселен, Жаңаталап ауылында округ тұрғындарының демеушілігімен еркін күрес залының құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Оны ағымдағы жылдың 31 желтоқсанында пайдалануға беру жоспарланған.

Жаңаталап ауылының тумасы айтулы кәсіпкер Мажит Сабденалиев өз қаражатына Бәйтерек ауылының кіреберісіне ауыл атауы жазылған барельеф орнатты. Сондай-ақ қоғам белсендісі Ұлан Айқожаның ұйтқы болуымен әрі демеушілер күшімен Жаңаталап ауылындағы орталық мешіт күрделі жөндеуден өткізілді. Ал Жаңаталап орта мектебі ғимаратындағы бокс залы да демеушілер есебінен күрделі жөндеуден өтті. Бокс залына талай шәкірт тәрбиелеп, қазақ боксына өз үлесін қосып кеткен Көпбосын Сыдығалиевтың есімі берілді.

Қорыта айтқанда, жемісті жобалар мен атқарылған істердің игілігін ауыл тұрғындары көруде.

 

 Көбейсін ХАЙРАЛАПОВ,

Ақтөбе ауылдық округінің әкімі.

Жуалы ауданы. 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support