- Advertisement -

Экотуризмді дамытуға көңіл бөлінуде

23

- Advertisement -

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Жуалы ауданының әкімі Жалғас Мұртаза ауданда он айда атқарылған жұмыс барысын баяндап, алдағы ауқымды жоспарларымен таныстырды.

Оның айтуынша, ауданның жалпы бюджеті 16,5 миллиард теңгені құрайды. Оның ішіндегі өзіндік кірісі – 1,9, субвенциясы – 9,7, трансферті – 7 миллиард теңге.

Ауданда қолайлы инвестициялық ахуал қалыптасқан. Биыл жалпы құны 5,5 миллиард теңгені құрайтын 41 инвестициялық жоба іске асырылған. Осының аясында Алатау мен Диқан ауылдарында 180 орындық жаңа мектептер пайдалануға берілсе, үш орта мектеп күрделі жөндеуден өткізілген. Сегіз елді мекенге ауыз су құбыры, бес ауылға кварталішілік газ құбыры жүргізілген. Екі елді мекенде медициналық пункт құрылысы, біреуінде мәдениет үйінің (өтпелі) және 18 пәтерлі көпқабатты тұрғын үй құрылысы жалғасуда. Сондай-ақ 6 елді мекенде инженерлік-коммуналдық инфрақұрылым жүргізілу үстінде. 13 елді мекенде 22 ауылішілік көше және екі аудандық маңызы бар автомобиль жолы орташа жөндеуден өткізілуде.

Бұдан бөлек, 2022-2023 жылдары жалпы құны 8,9 миллиард теңгені құрайтын 20 жобаның құжаттары қаржыландыруға дайын. Сондай-ақ 2023-2025 жылдары іске асырылатын 14 жобаның жобалық-сметалық құжаттары әзірленуде.

– Бүгінгі таңда аудандағы 31 елді мекен таза ауыз сумен қамтылған, ол 63 пайызды құрайды. Биылғы жылдың қорытындысымен ол 35-ке жетіп, 73,4 пайызды құрайтын болады. Ал аудандағы 49 елді мекеннің бүгінде 44-і табиғи газбен қамтылған (89,7 пайыз). Бір ауылды табиғи газға қосу алдағы жылға жоспарланған. Бұдан кейін, ауданда газбен қамтылмаған Билікөл ауылдық округі ғана қалмақ. Ол округтегі төрт елді мекенге кварталішілік газ тарту үшін жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленді. Қазіргі уақытта магистральды газ тарту желілері мемлекеттік сараптамадан өткізілуде, – деді Жалғас Мұртаза.

Аудандағы жолдардың сын көтермейтіндігіне тоқталған аудан әкімі биыл 22 ауылішілік көше жолы жөнделгенін айтты. Өнеркәсіп саласында биыл 13,2 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, нақты индекс көлемі 100,3, ал өңдеу өнеркәсібінде 6 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, нақты көлем индексі 100,7 пайызды құраған. Әрине, мұндағы үлес негізінен аудандағы он екі сүт өңдеу шағын зауыттарына тиесілі. Ағымдағы жылдың 10 айында өнеркәсіп өндірісінің көлемі 12,1 миллиард теңгені құраған. Оны жыл соңына 13,5 миллиард теңгеге дейін орындау жоспарланған.

– Қазіргі таңда ауданда 2022-2025 жылдар аралығында іске асыруды көздейтін, жалпы құны 18,7 миллиард теңгені құрайтын 12 ірі жоба тізбесі жасалған. Бұл жобалар іске асқан жағдайда ауданда 169 адамға тұрақты жаңа жұмыс орны ашылмақ. Ал бүгінгі таңда ауданда 5 226 шағын және орта бизнес субъектілері жұмыс істеп тұр. Онда 9 552 адам еңбек етуде, деген аудан басшысы 2025 жылға дейін іске асырылатын инвестициялық жобалар туралы да тарата айтып өтті.

– Біздің аудан – аграрлы аудан. Өткен жылы ауыл шаруашылығы саласында 36,7 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, нақты индекс көлемі 103,1 пайызды құраса, биыл 10 айда ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы шығарылымы 50 миллиард 671,8 миллион теңгені құрап, нақты көлем индексі 106,1 пайызға жетті. Оның 29 800,7 миллион теңгесі егін, 20 871,1 миллион теңгесі мал шаруашылығына тиесілі. Ал ауыл шаруашылығы саласына тартылған инвестиция 611,538 миллион теңгені құрап, 131 пайызға орындалды. Мал шаруашылығын дамыту бойынша ауданның шаруа қожалықтарына бүгінгі таңда 759,1 миллион теңге субсидия төленді. 15 сүт тауарлы фермасынан өндірілген сүт көлемі 43 669 тоннаны құрап отыр, – деді Жалғас Әлижанұлы.

Спикерге облыстың бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері тарапынан да біраз сұрақ қойылды. Қойылған сұрақтардың басым бөлігі туризм, жол, құрылыс және ауыл шаруашылығы салаларына қатысты болды. Соның ішінде БАҚ өкілдері «Қаралма» тау-шаңғы кешенінің қашан пайдалануға берілетіндігін сұраған еді.

– «Қаралма» тау-шаңғы кешенінің құрылыс жұмыстары 2018 жылы басталып, одан кейінгі екі жылда құрылыс жұмыстары жақсы жүргізілді. Бірақ оның инвесторы кейінгі жылдары қаржылық қиындықтарға байланысты құрылыс жұмыстарын жалғастыра алмады. Бұл аралықта инвестор бірнеше ғимарат пен негізгі кешеннің құрылыс жұмысын аяқтап та қалған. Ал билік тарапынан инвесторға қажетті қолдаудың барлығы көрсетілді. Жол салынды, жарық пен газ құбыры тартылды. Қалған жұмыс инвестордың жеке қаржысы есебінен жүргізілуі тиіс болатын. Арада инвесторлар ауысты. Шынын айтқанда, бұл жоба 100 пайыз жеке инвестордың күшімен атқарылатын шаруа. Оның нысанды қашан пайдалануға беретінін біз де дөп басып айта алмаймыз, – деді аудан әкімі.

Дегенмен Жалғас Мұртаза өз сөзінде бүгінгі инвестор алдағы уақытта жазғы демалыс орнын ашып, одан кейін тау-шаңғы кешені жобасын іске қосуға ниетті екенін жеткізді.

Сонымен қатар спикер ауданда экотуризмді дамыту мүмкіндігінің жоғары екенін айтты. Яғни, Көксай шатқалында салынып жатқан жаңа демалыс орнының маңыздылығына тоқталды. Мұнда ел спортшыларының халықаралық жарыстарға дайындалуына мүмкіндік жасалмақ. Сонымен бірге, демалушыларға тау ішіндегі жаяу жүргінші маршруттарын ашу ниеттерінің бар екенін жеткізді. «Теріс-Ащыбұлақ» су қоймасы маңындағы демалыс орындары мен Берікқара қорығындағы туристік нысандардың да экотуризмді дамытуға мүмкіндігі мол екенін сөз етті.

Бұдан бөлек, Жалғас Мұртаза аудан орталығының сәулеттік келбетін арттыру, аяқсыз қалған құрылыс нысандарын соңына дейін жеткізу, автомобиль жолдарын ретке келтіру және басқа да жоспарларымен бөлісіп, еркін форматта журналистермен ой бөлісті. Олардың қойған барлық сұрағына жауап берді.

 

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support