- Advertisement -

Кітап оқу – кемелдіктің белгісі

264

- Advertisement -

Шығыс ойшылы Науаи «Кітап – ақылына ақы сұрамайтын алтын қазына» десе, хакім Абай «Танымның бар тамашасы – кітапта, оған қол жеткізу үшін кітап оқудан жалықпа», «Артық ғылым кітапта, ерінбей оқып көруге» деген сөздері арқылы білімнің қайнар көзі кітапта екенін еске салады. Олай болса, кітап оқу – кез келген баланың ой-өрісін дамытып, өмірлік мақсаттарына қол жеткізіп, тұлға болып қалыптасуына қол жеткізері сөзсіз.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің төртінші отырысында берген тапсырмасын орындау мақсатында «Оқуға құштар мектеп жазғы демалыста» жобасын іске асыру бағытында, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Республикалық ғылыми педагогикалық кітапханасының ұйытқы болуымен Шу ауданы, Бауыржан Момышұлы атындағы орта мектеп оқушыларының жазғы демалыс кезінде демалыстарын тиімді өткізу барысында мектепішілік іс-шаралары жоспары әзірленіп, балалар мен жасөспірімдердің зияткерлік және шығармашылық демалыстары ұйымдастырылды.

Жазғы демалыс кезінде мектеп кітапханасының атсалысуымен «Оқуға құштар мектеп жазғы демалыста» жобасы жалғасын тауып келеді. Биылғы жыл «Балалар жылы» деп жарияланды. Мектебімізде Балалар жылына арналған «Балауса» сауықтыру жазғы мектеп лагерін ұйымдастыру мақсатында «Оқуға құштар мектеп жазғы демалыста» тұжырымдамасы аясында жобасының ашылу салтанатымен басталды.

Осыған орай, балалардың зияткерлік шығармашылық демалыстары және «Кітап ғажайыптар елінде – жазғы оқиғалар» кітап көрмесі ұйымдастырылды. «Жазда оқы», «Жазғы оқу», «Жаздың кітаппен арбауы», «Кітап демалыстары», «Кітаппен бірге өткен жаз», «Пайдалы демалыс – сүйікті кітаптарды оқимыз» тақырыбында 1-11-сынып оқушыларына жазғы кітап оқу аясында әдебиеттерді насихаттап тізімі ұсынылды.

«Пайдалы демалыс – сүйікті кітаптарды оқимыз» айдары бойынша сынып жетекшілері мен оқушылар және ата-аналарымен тұрақты қарым қатынасты қалыптастыру үшін отбасылық оқудың дәстүрін іске асырдық.

1-4-сынып оқырмандарымызға кітап оқуға тізімдер әзірленіп, Ыбырай Алтынсариннің «Кел балалар,оқылық!», Бердібек Соқпақбаевтың «Балалық шаққа саяхат», Баянғали Әлімжановтың «Мейірімді Асқар», Андерсен ертегілері, Памела Линдон Трэверстің «Мэри Поппинс», Редьярд Киплингтің «Джунгли кітабы» оқуға берілді. Кітаптардың әр оқырманға жетуі үшін «Әдеби сандық» саяхаты ұсынылды.3-4- сыныпта оқитын оқушылар Бекберген Азиз, Ыбырай Алтынсариннің «Кел балалар, оқылық!» кітабын оқи отырып, білім мен тәрбиенің қатар жүретінін көруге болатыны туралы ой бөліссе, Гараханов Мухаммад Памела Линдон Трэверстің «Мэри Поппинс» повесі шытырман оқиғаға толы әңгімелерін ата-аналарымен бірге талдап, жолсапарға шыққанда өздерімен бірге қызықты кітапты алуды да ұмытпаған. Оқулықтан алған әсерлерін сыныптастарымен бөліскен.

Ал 5-9-сынып оқырмандарымызға Бауыржан Момышұлының «Біздің семья», Шерхан Мұртазаның «Ай мен Айша», Джоан Роулингтің «Гарри Поттердің хикаялары», Марк Твен «Том Сойердің басынан кешкен оқиғалары», Антуан де Сент-Экзюперидің «Кішкентай шахзада», Ақберен Елгезектің «Болмаған балалық шақ» шығарма жинақтары насихатталды.

10-11-сыныптың оқушыларына Болат Жандарбековтің «Сақтар», Тұрсын Жұртбайдың «Келешектің ағашы», Сәуле Досжанның «Қасірет пен тағдыр», Шыңғыс Айтматовтың «Жыл құсының көз жасы», Гомердің «Иллиада және Одиссея», Василий Янның «Чингиз-хан. Батый. К последнему морю» роман-повестері ұсынылды. Кітапхана мен отбасы арасындағы тұрақты-қарым қатынасты қалыптастыру мақсатында «Менің үйімдегі кітапханам» отбасылық дәстүрлері бойынша 10-сынып оқушысы Бексұлтан Мейірім үйіндегі кітап сөрелерімен таныстырып, өзі білетін шығармаларынан үзінді оқып, фотосурет және бейнероликтерімен бөлісті.

Ал 7-8-сынып оқушылары жазғы демалыстарын тиімді өткізу барысында кітап оқып және жазғы демалыс орындарында, саябақтарда фотосуретке түсіп, оны әлеуметтік желілердегі парақшаларына жүктеп отырды. Сондай-ақ 8-сыныпта оқитын оқырманымыз Несібелі Бекберген Шерхан Мұртазаның «Ай мен Айша» шығармасын пойызда оқып, ата- анасымен шығарма кейіпкерлері туралы, әсіресе шығарманың басты кейіпкері Айша, яғни жазушының анасына деген үлкен махаббатына, құрметіне тәнті болып, алған әсерімен ой бөлісті. 7-сынып оқушысы Әуезхан Дарын Ақберен Елгезектің «Болмаған балалық шақ» повесінен алған әсерін сыныптың тобымен, отбасымен бөлісіп отырған фотосуреттерін әлеуметтік желілер сторисіне салды.

«Балауса» жазғы мектеп жанындағы лагерінде бастауыш буын Ыбырай Алтынсариннің «Кел балалар, оқылық!» шығармасынан сахналық қойылым қойды. Оқушылар ертегі кейіпкерлерін бар ынта-жігерімен сомдап шықты.

«Кітаппен өткен жазғы демалыс күнім қызықты» бағытында озық көркем шығармаларды насихаттай отырып, жазғы демалыс кезінде бос уақыттарын тиімді өткізу мақсатында 2-сынып оқушысы Камилла Гаджиева Редьярд Киплингтің «Джунгли кітабы» ертегісін, ал 3- сыныптың оқушылары Бердібек Соқпақбаевтың «Балалық шаққа саяхат» повесін оқыды. Сонымен қатар «Өзің оқы және өзгеге кітап сыйла» қайырымдылық акциялары ұйымдастырылып, «Сыйлыққа кітап – В подарок книга» кітапханаға ерікті түрде кітап өткізу және «Буккроссинг – бірге оқимыз: кітаптың айналыста жүруі» тақырыбы бойынша, мектебімізде іс-шаралар жалғасын табуда. Акция барысында кітапхана қорына 150-ге жуық көркем әдеби кітап пен ертегілер түсті. Отбасылық оқуларды қолдау және жаңғырту бағытында өскелең ұрпақты оқу мәдениетіне тәрбиелей отырып, «Жаздың ең белсенді оқырманы» аталымымен белсенді оқырмандар марапатталды.

«Оқуға құштар мектеп жазғы демалыста» жобасын іске асыру мақсаты мен мүддесін қалың бұқараға жеткізіп, кең көлемде насихаттау жұмыстарына ерекше көңіл бөлу керектігі әлі де маңызды. Бұл жобада «Біртұтас ұлт болуымыз үшін ең алдымен ұлтымыздың рухы мықты болуы керек. Абайдың даналығы, Әуезовтың ғұламалығы, Жамбылдың жырлары мен Құрманғазының күйлері, ғасырлар қойнауынан жеткен бабалар үні – бұлар біздің рухани мәдениетіміздің бір парасы ғана. Біз жаңғыру жолында бабалардан мирас болып, қанымызға сіңген, бүгінде тамырымызда бүлкілдеп жатқан ізгі қасиеттерді қайта түлетуіміз керек» екені айтылды.

 

 Нұрсұлу СЕКЕЕВА,

Б.Момышұлы атындағы орта мектептің кітапхана меңгерушісі.

Жаңа жол ауылы,

Шу ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support