- Advertisement -

Жазғы лагерь: тегін жолдама, көңілді каникул

130

- Advertisement -

Мемлекеттің де, ұлттың да ең басты қазынасы – өскелең ұрпақ. Қоғамдағы әрбір игі іс сол жас ұрпақтың мүддесі үшін атқарылып жатқаны айтпасақ та түсінікті. Сапалы білім, саналы тәрбие берумен қоса, жайдары жаз мезгілінде бүлдіршіндерді сауықтыру шаралары да ел билігінің басты назарында. Осы ретте биыл мыңдаған тараздық мектеп оқушысы жаз маусымын табиғат аясында өткізуде.

Жаз айы әрбір бүлдіршіннің асыға күткен сәруәр сәті, қызыққа толы мерекесі. Бұл маусым ауыл баласы үшін дала тіршілігінің қазаны қайнайтын кезең. Ал, қала баласы үшін төрт қабырғадан төңірекке көз тастап, интернет иіріміне еріксізден басыбүтін мойынсұнатын мезет. Күні бүгінге дейін қала баласының бос уақытын тиімді пайдалануы көпшілікті алаңдатып келген мәселе еді. Тараз қаласының әкімдігі биыл бұл мәселені ұтымды шешіп отыр.

Айталық, биыл қала мектептерінің оқушылары жаз маусымын әдеттегідей аулада емес, сауықтыру орындары мен шаһар сыртындағы демалыс лагерьлерінде өткізбек. Апта соңында балаларға есігін айқара ашқан қала сыртындағы лагерьлердің бірі – «Берікқарада» қала әкімдігінің арнайы ұйымдастырған «Жайдарлы жаздан естен кетпес естелік» атты мәдени-спорттық іс-шарасы өтті. Сән-салтанаты жарасқан думанды шараға қала әкімі Бақытжан Орынбеков арнайы барып, бүлдіршіндердің қуанышымен бөлісті.

– Биыл қала бойынша 23 мыңнан астам баланы жазғы демалыспен қамтамасыз ету жоспарымызда бар. Оның 3600-і қала сыртындағы табиғатта демалады. Бұл бірінші маусымы, ал жалпы барлығы алты маусым болады. Әр маусымда балаларға жақсы көңіл-күй сыйлау үшін қаланың мәдениет және спорт бөлімдері арнайы бағдарлама дайындаған. Мұнда тек бір ғана мақсатымыз бар, ол – балаларға қуаныш сыйлау. Лагерьдегі балалардың жататын, тамақтанатын жерлерін көріп шықтым. Балалар бес мезгіл тамақпен қамтамасыз етілген. Лагерьдің өз наубайханасы бар, барлығы сапалы әрі табиғи тамақпен қамтылуда. Бастысы, балалардың демалысы мағыналы болса дейміз. Кітапханашыларымыз да осында жүр, олар бүлдіршіндерімізге қазақ әдебиетінің көркем шығармаларын таныстыруда. Оған қоса, қалалық үйірмелер де осы жерде жұмыс істеуде. Түрлі спорттық жарыстар да ұйымдастырылып тұрады. Бұл шаралар жаз бойы жалғасады. Былтырлары қала ішіндегі лагерьлер мектептің қабырғасында өтетін болса, биыл спорт сарайлары, бассейндер, демалыс орындарында, саябақтарда ұйымдастырылатын болды. Әр балада жақсы әсер қалуы керек. Бұл іс-шараларды жеке кәсіпкерлер ұйымдастырып отыр, олардың да жұмысын, қауіпсіздікпен, медициналық қызметпен қамтамасыз етуін жеке бақылауымызға алып отырмыз,– дейді Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков.

Шара аясында балалардың жас ерекшеліктеріне қарай спорттық ойындар, ойын-сауық, концерттік бағдарламалар, кітап және сурет көрмелері ұйымдастырылды. Атап айтқанда, балақайлар асық ату, үстел теннисі, арқан тартыс, доп ойыны, ұзындыққа секіру, қол күрес, шахмат, дойбы, тоғызқұмалақ секілді спорт түрлерінен өзара мықтыны анықтады. Түрлі тақырыптарда интеллектуалдық ойындар, қызықты викториналар өткізіліп, қуыршақтардың кейпіндегі персонаждар демалушы балалардың көңілін көтеріп, ойындар ойнатты. Ал, демалыс орталығының келесі бір бөлігінде балалар берілген тақырыптарда сурет салып, арнайы көрмелерді тамашалады.

– Біз үшін жазғы лагерь өте керемет өтуде. Әсіресе, тауға серуендеп, бассейнге түсіп, сурет салып, кешкісін концертке қатысатынымыз қатты ұнап жатыр. Жетекшілеріміз де өте жақсы қарайды. Бұл менің қала сыртындағы лагерьге бірінші рет шығуым. Көптеген достар тауып, шығармашылығымызды да шыңдап жатырмыз. Осындағы өзім секілді балалар арасында түрлі байқаулар ұйымдастырылып, би билеп, сурет салудан топ жарып жүрмін. Осындай шаралар жыл сайын өтіп тұрса екен, – дейді қалалық №36 мектептің 4-сынып оқушысы Айша Серікқан.

Шара соңы тараздық өнерпаздардың концерттік бағдарламасына ұласты.

Айта кетсек, «Берікқара» лагеріндегі жазғы маусымның бірінші кезеңінде 451 бала демалуда. Сонымен қатар, 313 бала Жамбыл ауданындағы «Рауан» сауықтыру лагерінде жазғы демалыспен қамтылған.

 

Нұрсезім ЖАРҚЫНБЕК,

М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті конвергентті журналистика мамандығының 3-курс студенті.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support