- Advertisement -

Ардагерлер – қоғамның қозғаушы күші

68

- Advertisement -

Жақында Тараз қаласында «Ардагерлер ұйымы» РҚБ Орталық кеңесінің Жамбыл облысындағы семинар-кеңесі өтті. Оған Орталық кеңестің алқа мүшелері және барлық облыстардағы Ардагерлер ұйымдарының төрағалары қатысты. Кеңестің жұмысын оның төрағасы Бақтықожа Ізмұхамбетов жүргізіп отырды. Алқалы жиында облыстық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев, облыстық Билер кеңесінің төрағасы Оңласын Есіркепов және Талас аудандық Билер кеңесінің төрағасы Сәулембай Әбсадықұлы Республикалық «Дәнекер» пилоттық жобасын жүзеге асырудағы іс-тәжірибелерін баяндады.

Семинар-кеңестің Жамбыл облысында өткізілуінің мәнісі бар. Осыдан 11 жыл бұрын елімізде «Медиация туралы» заң қабылданған болатын. Осы заңның аясында жер-жерлерде медиаторлар жұмыс істей бастады. Алайда оның жұмысын жетілдіру қажеттілігі сезілді. Өйткені қазақ халқының тарихында Билердің рөлі өте зор болған.

Ел ішіндегі дау-дамайды аузы дуалы, сөзі уәлі ақсақалдар, билер реттеп, кесімді билік шығарып, бірлікті бекемдеп, халықты тәрбиелеп отырған. Халқымыздың қанында бар осы қасиетті қайта жаңғырту үшін Жоғарғы Сот «Дәнекер» пилоттық жобасын ұсынды. Ол жобаны жүзеге асыруда Жамбыл облысының Ардагерлер кеңесі өте іскерлік көрсетті. Сөйтіп облыста Ардагерлер ұйымының жанынан құрамы жеті адамнан тұратын, елді мекендерде құрамы үш адамнан тұратын Билер кеңесі құрылып, олар дау-дамайды сотқа жеткізбей шешудің жолдарын тауып қана қоймай, халықтың ынтымағы мен бірлігін бекемдеп, халықтық тәрбиені қайта жаңғыртуда, жастарды еңбекті, Отанды сүюге тәрбиелеуде орасан жұмыс жүргізді. Соның нәтижесінде өңірде Билер институты қалыптасып, беделі артты.

Осы мәселелерді баяндаған облыстық Билер кеңесінің төрағасы Оңласын Қарабайұлы Есіркепов билердің бастамасымен «Ішімдіксіз, бұзақысыз және отбасы берік үлгілі ауылға айналамыз», «Ел боламын десең, бесігіңді түзе», «Ауылына қарап азаматын таны» деген атаулармен Үндеулер қабылданып, олар облыс жұртшылығы тарапынан қызу қолдау тапты.

Өңірде ондаған елді мекендерде салауатты өмір салты қалыптасты. Ас та төк жиынға тыйым салынды. Көкпар ішімдіксіз өткізілетін болды. «Асарлатып үй салу» жобасы өмірге келді. Халықтың салт-дәстүрі жаңғыра бастады. Бір сөзбен айтқанда, қоғамға Билер кеңесінің пайдасының зор екендігін өмір көрсетіп отыр. Баяндамашы Билер институтының жұмысын қалыптастырудағы Талас, Жуалы, Байзақ, Қордай аудандарының оңды тәжірибелерін мысалға келтірді. Әсіресе Талас ауданы Билер кеңесінің (төрағасы С.Әбсадықұлы) оңды жұмысын атап көрсетіп, ол өңірде базалық орталықтың ашылғандығын мәлімдеді.

Алқалы жиында Талас аудандық Билер кеңесінің төрағасы Сәулембай Әбсадықұлы өздеріндегі атқарылып жатқан жұмыстар жайлы қысқаша айтып, жұмыстың тетігі кадрларды таңдай білуде жатыр деді. Өз ісіне адал, халықтың сеніміне ие болған адам ғана билік тізгінін берік ұстай алатындығына мысалдар келтірді.

Кеңес Жамбыл облысының іс-тәжірибесіне жоғары баға беріп, «Дәнекер» пилоттық жобасындағы оң тәжірибелерді Республика көлемінде тарату жөнінде шешім қабылдады.

Семинар-кеңесте «Ардагерлер ұйымы» РҚБ Орталық кеңесінің төрағасы Бақтықожа Ізмұхамбетов ардагерлердің беделін арттыру мен еліміздің қоғамдық-саяси өміріне белсене қатысқаны үшін бір топ ардагерлерді «Еңбек ардагері» медалімен, «Құрмет белгісі» төсбелгісімен және «Құрмет» грамотасымен марапаттады.

Жиыннан түйетін қорытынды ардагерлер қашанда қоғамның қозғаушы күші, ақылманы, тәрбиешісі, көшбасшысы болып қала бермек. Сондықтан атқарушы билік органдары Ардагерлер ұйымдары жұмыстарына оң көзбен қарап, біріге қызмет жасаса, одан тек қана қоғам да, мемлекет те ұтады деген ойлар айтылды.

 

 Талғат ЖҰМАБЕК,

облыстық Билер кеңесі төрағасының орынбасары.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support