- Advertisement -

Табиғи ресурстар ел игілігіне айналуда

377

- Advertisement -

Жыл санап облысымызда «жасыл» экономика белдеуі қалыптасып, отандық табиғи өнім өндірушілердің қатары артуда дейді өңір экологтары. Жамбыл облысы «Жасыл» экономика бағдарламасын жүзеге асыруға қолайлы аймақ қатарына жатқызылып отыр. Оған облысымызда күн, су және желден қуат алатын баламалы энергия көздерінің қанатқақты жобаларының іске асырылуы дәлел.

Мәселен, Қордай ауданында ең алғаш пайдалануға берілген «Отар» күн электр стансасының да облысымызда алар орны ерекше. Бұл станса 2014 жылы Отар елді мекені жанынан салынған еді. Оның инвесторы – «ҚазЭкоВатт» ЖШС. Жобаның қуаттылығы – 0,5 мегаватт.

Құрылысының құны 200 миллион теңгені құраған күн электр стансасының жылдық қуаттылығы 504 киловатт болды. Жалпы бүгінде «Отар» күн электр стансасының белгіленген қуаттылығы 7 мегаватқа жеткен. Бұл жоба «ҚазЭкоВатт» ЖШС жекеменшік инвестиция қаржысы есебінен бой көтергенін атап өткен жөн.

Сонымен қатар ол ортақ электр желілеріне қосылған және Қазақстанның біртұтас энергетикалық жүйесіне электр қуатын бере алады. Ал Жуалы ауданындағы «Burnoe Solar-1» және «Burnoe Solar-2» ЖШС-ның күн электр стансасы Орталық Азиядағы ең ірі нысан болып табылады.

Облыстың электр энергиясын тұтыну қажеттілігі 450 мегаватт болса, оның едәуір бөлігі жел, күн, су тәрізді экологиялық жағынан таза баламалы қуат көздерінен өндіріліп отырғаны үлкен жетістік.

Оның ішінде жылына 50 миллион киловатқа дейін электр қуатын өндіруге қауқарлы Қордай жел электр стансаларының үлесі артып келеді.

Жамбыл облысы бойынша экология департаменті мемлекеттік экологиялық бақылау бөлімінің бас маманы Серік Нұрбаевтың айтуынша, аймақта табиғи ресурстарды тиімді пайдаланатын жобалар артыпты. Олардың ешбірінен табиғатқа зиян келмеген.

– Әлемдік сарапшылардың зерттеулері дархан даламыздың басым бөлігінде желдің жылдамдығы секундына 6 метрден асатынын дәлелдеді. Ал күн энергиясын өндіру мүмкіндігі жылына 2,5 миллиард киловатт сағат деп белгіленген. Әсіресе елдің оңтүстігі күннің қызуынан қуат өндіруге таптырмас өңір болып табылады. Бүгінде облысымызда баламалы қуат көздерін жаңарту нысанының құрылысы осыдан 7 жыл бұрын қолға алынды. Күннен және желден қуат алатын еліміздегі тұңғыш электр стансасы да біздің өңірде іске қосылған. Ал «Тасөткел» су электр стансасының ашылуы аймақтағы «жасыл» экономиканы дамытуға бағытталған тың қадам болды. Бұл жобаны жүзеге асырған инвестициялық компания өкілдерінің айтуынша, бұл жобаның артықшылығы қыс мезгілінде судың екпіні артады да, осы уақытта қуат көзіне деген сұраныс та жоғарылай түседі. Ал бұл жер облысымыздағы су қоры мол жалғыз нысан болып табылады, – деді ол.

Серік Нұрбаевтың айтуынша, Т.Рысқұлов ауданының Қарақыстақ ауылындағы «Қарақыстақ» су электр стансасының да облысымыз үшін маңызы зор. Қуаты 2,3 мегаватты құрайтын су электр стансасы жобасының инвесторы – «ЭнергоСтройПроект» ЖШС. Бұл су электр стансасында 12 адам жұмыс атқарады. Станса толық қуатына көшкенде ауданның 25 пайызын электр қуатымен қамтуға қауқарлы екен.

Ал Меркі ауданындағы «Меркі-3» шағын су электр стансасы тау өзенінің жоғарғы жағында орналасқан. Жергілікті жұрт «Меркенка» деп атап кеткен тау өзенінің суын қорек қылатын Меркі СЭС-нің қуаттылығы 1,5 мегаватты құрайды. «Осылайша жыл санап облысымызда «жасыл» экономика белдеуі қалыптасып, отандық табиғи өнім өндірушілердің қатары артуда», дейді мемлекеттік экологиялық бақылау бөлімінің бас маманы.

 

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support