Діни ахуал тұрақты

37

Басқарма басшысы айтып өткендей, биыл Қазақстан Республикасында діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2018-2022 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру мерзімі аяқталып, осыған орай, Үкімет деңгейінде «Қауіпсіз ел» ұлттық жобасының «Діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимылдың мемлекеттік жүйесін 2022-2025 жылдары дамыту» блогы әзірленуде.

Жалпы елімізде, оның ішінде облысымызда діни ахуалдың жай-күйін тұрақты деуге толық негіз бар. Дегенмен мәселелер де жоқ емес. Жалпы, облыста 11 конфессиядан тұратын мемлекеттік тіркеуден өткен 378 діни бірлестіктер мен филиалдармен мемлекеттік-конфессияаралық келісімді нығайту бағытында тығыз қарым-қатынастар орнатылған. «Тараз-Арена» спорт кешенінде облыстағы діни бірлестіктердің өкілдері мен келушілері арасында спартакиада ұйымдастырылған. Жыл басынан мемлекеттік тіркеуден 9 діни бірлестік (мешіт) өткен.

Рухани (діни) білім беру ұйымы болып саналатын облыстық «Һибатулла Тарази» медресе-колледжі жұмыс атқарады. Өткен оқу жылы аталған оқу орнын 18 шәкірт бітіріп шығыпты. Діни іс-шараларды ғибадат үйлерінен тыс жерлерде өткізуге арналған 44 үй-жай, оның ішінде 42 исламдық намазхана мен 2 христиандық құлшылық үйі қызмет етеді. Жыл басынан 2 намазхана өз қызметін бастаған.

Өңірде христиандық бағыттағы шіркеулерге келушілердің саны шамамен 3500 адам болады екен. Ал мешіттерге келушілер мен мешіттер санының өсімі бар. Мешіттердің өсімі тұрғындардың қажеттілігіне қарай, әсіресе мешіті жоқ ауылдық елді мекендер есебінен жалғасуда. Мысалы, облыс аумағында 2018 жылы 301, 2019 жылы 308, 2020 жылы 313, 2021 жылы 323 мешіт болса, биылғы жылы мешіттердің саны 332-ге жетіп отыр.

Қазіргі уақытқа облыста 13 мешіттің құрылысы жүргізілуде. Сәкен Сәрсенбайұлы діни ахуалға қатысты өзге де мәселелерге тоқталып өтті. Сондай-ақ басқарма басшысы бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері тарапынан қойылған сұрақтарға жан жақты жауап берді.

 

Есет ДОСАЛЫ

Comments are closed.