- Advertisement -

Ортақ мақсатқа ұйыстырып…

76

- Advertisement -

Биыл Республика күні мерекесі қайта жаңғырды. Мемлекеттік мәртебесінен айырылып, тіпті атаулы күндердің бірі ретінде де аталмай, ұмытылуға шақ қалған еді. Ұлттық құрылтай отырысында сөйлеген сөзінде ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев: «Республика күні – елдің мемлекет құру жолындағы тарихи қадамының символы болуы керек», – деп бұл күннің тарихи бағасын беріп, күнтізбедегі ұлттық мерекелер тізіміне қосуды ұсынды.

Біз ең алдымен, 25 қазан – Республика күні болып кездейсоқ таңдалмағанын айтуымыз керек. 1990 жылдың дәл осы күні республикамыздың мемлекеттік егемендігі туралы Декларация қабылданған болатын. Декларацияда Қазақ КСР-ның егемендігі жарияланып, Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретіндегі саяси-құқықтық негіздері бекітілді.

Мұның қаншалықты маңызды, әрі құнды құжат екені айтпаса да түсінікті. Себебі, бұл күні өз алдымызға ел болғанымызды айқындап, жеке жер аумағын, азаматтығымызды, мемлекеттік бюджетімізді, халықаралық қатынастардағы дербестігімізді, мемлекеттік рәміздерімізді бекіттік. Сондықтан бұл – Қазақстанның болашақ тәуелсіздігінің іргетасы қаланған күн еді.
Бұл күн бейбіт, әрі берекелі өміріміздің бастауы болатын.

Халқымыз аумалы-төкпелі заманның барлық нәубеттерін еңсеріп, қаншама ғасыр күткен арманға қол жеткізіп, әлемдік сахнада өзіндік орны бар мемлекетке айналды. Қаншама ұлт пен ұлысқа ортақ болған Қазақстанымыздың көркейіп өсуіне, қырандай биіктерде қалқып, белестерді бағындыруына елім деген әр азамат өз үлестерін қосып жүр.

Қазақстандағы этносаралық қатынастардың әлемдік қауымдастық тарапынан бағалануы, ең алдымен қазақ ұлтының еншісінде екендігі айқын. Осы тұрғыда ұлтымыздың тілін, ұлттық мәдениетін, құндылығын, ерекшелігін сақтау, өзге ұлт өкілдеріне дәріптеу мақсатын ұстанған «Әулие Ата» қазақ мәдени орталығының рөлі зор.

Мәдени орталық көне Тараз жеріндегі қазақ халқын ортақ мақсатқа ұйыстыра отырып, облысымыздағы тұрақтылықты сақтау мен дамуына айтулы үлес қосып отыр.

Егемен еліміздің өшкені жанып, өткені қайта оралған бұл тұста барша халықты мемлекеттік мерекемен құттықтай отырып, кеңпейіл елдің бауырына басқан ұлттар мен ұлыстар тонның ішкі бауындай ымыралы, бірлікшіл болсын демекпін. Ұрпақтарымыздың ырысы ортаймасын, намысы тапталмасын деп тілеген халықтың арманы орындалған бұл тұста, баршаңызға бақыт, байлық, береке тілеймін.

Тірлігінен бірлігін алға қойған халқымыздың бейбіт әрі ынтымағы жарасым тапқан алтын уақыты ғасырларға ұлассын!

Айгүл ҚАБИЕВА,

облыстық «Әулие Ата» қазақ мәдени орталығы төрағасының орынбасары.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support