Егемендік ұғымын айшықтайтын күн

Егемендік ұғымын айшықтайтын күн
ашық дереккөз
Егемендік ұғымын айшықтайтын күн
Республика күні Қазақстанда 1992 жылдан бері тойланып келе жатыр. Бұл айтулы күннің есімде қалған себебінің бірі, мен дәл сол жылдан бастап Мойынқұм аудандық әкімшілігінің басшысы, яғни, ауданның әкімі болып жұмыс істей бастаған едім. Еліміз тәуелсіздік алған тұста сол кездегі облыс басшысы Өмірбек Байгелді шақырып алып, маған осы жауапты қызметті тапсырды. Ол кез өте қиын кезеңдер болатын. Жалақы, жәрдемақы, зейнетақы дегендерді көрмейтін уақыт. Сондықтан ашығын айтқанда, бұл атаулы күн бастапқыда өз деңгейінде тойланды деп айта алмаймын. Мемлекеттік мерекелер тізіміне де тек 2001 жылы енгізілді. Республика күнін ел 17 рет тойлады. Тек 2009 жылдың сәуір айында «Мерекелер туралы» Қазақстанның жаңа Заңына Республика күні енген жоқ. Не керек, араға 13 жыл салып ел тарихындағы айшықты күн, Республика күні халықпен қайта қауышты. Төрт ауданның тізгінін ұстап, он облыс басшысымен жұмыс істескен, басқа да жауапты қызметтерді атқарған мемлекеттік қызметші ретінде айтарым, 25 қазан – жай ғана мейрам емес, бұл символдық түрде маңыздылығы болуы тиіс күн. Бұл күн біздің тұтастығымызды, территориялық мызғымастығымызды білдіруі керек. Егемендік деген ұғымның өзі осыдан басталады деп ойлаймын. Сондықтан осы күні Қазақстан елі, жері, рәміздері, Президенті жайлы ірі тұлғалар, қоғам қайраткерлері қалың бұқараға осы ұғымды, оның мәнісін тереңнен, тарихи тұрғыда талдап берулері қажет деп есептеймін. Патриоттық шаралар – әскеріміз, Қарулы күштер жайлы мәліметтермен де жастарымыз кеңінен таныс бола алуы керек. Жалпы мен Мойынқұмнан бөлек, Меркі, Шу, Жуалы аудандарының әкімі, облыс бойынша Тәртіптік кеңестің төрағасы, он жылдай бас хатшысы болдым. Қолымнан келгенше елдің ахуалынжақсартуға,облыстыңдамуынаүлес қостым деп ойлаймын. Меркі ауданында әкім болып жүргенде аудандағы қант зауытын қайта іске қостық. Мұндай елеулі оқиғалар, іс-шаралар әдетте осындай мерекелерге орайластырылып пайдалануға беріліп жатты. Міне, биыл да мереке қарсаңында қаншама игі істер атқарылып, түрлі нысандар ашылуда. Өзге елдерде орын алып жатқан соғыс, кикілжіңдерге қарай отырып, тәубе дейміз. Осы ынтымақ-бірлігімізден ажырамайық. Лайым Мемлекеттік Туымыз асқақтап, мәртебесі биіктеп, келешегі көркейе берсін. Еліміздің дәулеті, жеріміздің сәулеті жолындағы игілікті істеріміз табысты болсын!

Бағлан ҚАРАШОЛАҚОВ,

«Жамбыл облысы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы.

Ұқсас жаңалықтар