- Advertisement -

«Өмірге сегіз перзент әкелдім, бұйырғаны алтау болды»

30

- Advertisement -

Қорағаты ауылдық округіне қарасты Мойынқұм ауылы – берекесі мен тіршілігі сақталған үлкен елді мекен. Бұл ауыл Кеңес Одағының Батыры Сәду Шәкіровтің тұрғын болуымен де, батырдың осында қызмет істеуімен де ерекше. Ауылдық округтің жетекші маманы көпбалалы үй деп бастап барған шаңырақтан сүттей ұйып отырған берекені байқадық.

Отағасы Қадірхан Қайназаров ұзақ жыл «Дружба» кеңшарында көлік жүргізушісі болыпты. Үнемі кеңшардың бастықтарын тасыған көрінеді. Оның ішінде екінші дүниежүзілік соғыстың батыры, аталған кеңшарда партия комитетінің хатшысы болған Сәду Шәкіровті де 6-7 ай тасығаны бар. Сәдуді әзілкеш, көңілді кісі болған деп естиміз ғой. Қадекеңнің есіне сондай қызықты сәттер түсті ме, өзінен-өзі рахаттана бір күліп алды. Содан соң: «Ой, Сәду ағай, әзілдің шебері еді ғой. Жұмыстың ара-арасында «Аға, қанша немісті өлтірдіңіз сонда?» деп сұрамаймыз ба? Бізге де керегі қалжың екенін түсіне қойған батыр: «Немісті ол жақта кім көріпті. Немістерді осы «Дружбаға» келіп көрдім ғой» деп күлдіретін. Бірде шаруаға мініп жүрген жалғыз атым бар еді. Сол кеңшардың шабындығына түсе берген соң, күзетшілер қамап тастай берді. Ол кезде жаспыз. Бір күні жұмыстан кейін шабындыққа барып, екі күзетшіні күтіп жасырынып жатып, бытыра оқпен (қорқыту үшін) атына қарай мылтық аттым. Бытыра оқ бір қарауылдың атының құлағын жаралап, қызыл қанға бояпты. Олар бірақ жасырынып жатсам да, мылтықты менің атқанымды біліп қойыпты. Кеңшар директоры мен партия комитетінің хатшысына арыз түсіреді. Партия комитетінің хатшысы Сәду Шәкіров мені шақырып алды да: «Шабындық қарауылының атын неге атасың?», – деді. «Жоқ, мен атпадым», – деп ақталдым. Майдан көрген кісі емес пе, қолдарымды ұстап көріп: «Атыпсың ғой, бытыра сенің де қолыңды жаралапты. Майданда мен бұлай оқ атпаған едім. Мынау атқаның сұмдық қой» деп түсініктеме жазғызып, кешірім жасады. Есесіне шабындықтың қарауылдары жоламайтын болды. Мен сол кезде шабындықтың шетіне атымды жайып, тойдырып қайтушы едім», – деді Қадекең.

Отанасы, кеңшарда ұзақ жыл есепші болған Зәурехан Өскенбаева да ашық жарқылдаған кісі екен. «Біз ата-енеміздің қолында тұрдық. Ол кісілер бірі 88, екіншісі 76 жасқа келіп бақилық болды. Балаларыма енем қарады да, мен кеңшарда алаңсыз жұмыс істедім. Сол үшін ол кісілерге өте риза едім. Баласына ғана емес, маған да жылы мейірімін төкті. Өзім сегіз перзентті өмірге әкелдім, бұйырғаны алты бала. Бәрі де жоғары білімді. Барлығы заман талабына сай кәсіпкерлікке бет бұрды. Алматыда кәсіптерін дөңгелетіп жатыр. Ауылдың қажеттілігіне, өздері оқыған мектепке көмектерін беріп тұрады. Сол ұл-қыздардан 24 немере, 4 шөбере сүйіп отырмыз» – деді «Күміс алқа» иесі Зәуре Мырзахметқызы. Немерелері де жоғары білімді. Мұндай ізгі тәрбиенің қайнары атасы – Темірқұлмен, апасы Дариғаның асыл өнегесінде жатқаны анық.

 

Есет ДОСАЛЫ

Мойынқұм ауылы,

Шу ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support