Қаңғыбас иттер мен мысықтар өздігінен көбеймейді

Қаңғыбас иттер мен мысықтар өздігінен көбеймейді
ашық дереккөз
Қаңғыбас иттер мен мысықтар өздігінен көбеймейді
Биылдан бастап үй жануарларына байланысты «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» ҚР Заңы күшейтілді. Жаңа заң аясында азаматтарды адамгершілікке тәрбиелеу идеологиясына басымдық беріледі. Мәселен, бұл заң жануарларға ауырсынуды сезінетін қабілетті тіршілік иелері ретінде қарауға, жануарлардың өмірі, денсаулығы мен әл-ауқаты үшін иелерінің жеке жауапкершілігін арттырып, оларды қатыгездіктен қорғауға, халықтың моральдық және адамгершілік көзқарасын тәрбиелеуге негізделген. Атап айту керек, бұл заң жануарларға қатысты иттерді төбелестіру, ветеринарлық операцияларды наркозсыз жүргізу, жануарларды жазасыз өлтіру, жануарларды тоздырып, дер кезінде көмек көрсетпеу, мейірімсіздікпен аулау сияқты жағымсыз көріністерге тосқауыл қояды. «Үй жануарларын асырау және серуендету», «Жануарларды аулау, уақытша ұстау және жансыздандыру» Қағидаларының жобасы дайындалып, ашық нормативтік-құқықтық (НҚА) интернет порталына 2022 жылдың 26 шілдесіне дейін көпшілік талқылауға қойылып, қазіргі уақытта Жамбыл облыстық мәслихаты депутаттарының қарауында. Сонымен қатар Қағиданың жобасы облыстық «Аq jol» және «Знамя труда» газеттеріне жарияланды. Үй жануарларын аулау, уақытша ұстау, жануарлардың эвтаназиясы, стерилизациясы, жансыздандыру іс-шаралары аудандық ветеринариялық стансаның бекітілген кестесіне сәйкес жыл бойы және шабуыл жасаған немесе адам өміріне қауіп төнген жағдайда орындалады. «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Заңның басты мақсаты – адамдардың жануарларға деген қарым-қатынасын реттеу. Ендігі уақытта жануар асырап, оны күтіп-ұстау заңмен реттеледі. 2023 жылдың 1 қыркүйегінен бастап еліміздегі үй жануарларын міндетті есепке алу енгізіледі. Үй жануарларын есепке алу – заңдағы басты өзгеріс пен жаңашылдықтың белгісі. Оларды есепке алу мәселені реттеу мен шешуге мүмкіндік береді. Мысалы, қаңғыбас иттер мен мысықтарды өзінен-өзі көбейіп жатқан жоқ, демек кейбіреулер ит-күшіктерді далаға тастай салады. Соның салдарынан қаңғыбас иттердің саны артып жатыр. Үй жануарларын міндетті есепке алудың нормативтік-құқықтық актілері әзірленді. Қаңғыбас иттерге вакцина салу және оларды стерильдеу қарастырылған. Қаңғыбас үй жануарларының санын азайту мақсатында оларды өлтіруге тыйым салынады. Қаңғыбас итті аулайды, оны тексереді, егер ит сау болса, оған вакцина салып, стерильдеп қайта босатып жібереді. Үй жануарларының иесі және жауапты адам қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында облыстың жергілікті өкілді органдары белгілеген тәртіппен үй жануарларын серуендету ережелерін сақтау қажет. Жануарларға қатыгездік танытқан жағдайда «Қылмыстық Кодекстің» 316-бабы 3-тармағы бойынша жауапқа тартылады. Бұдан бөлек, әкімшілік жауапкершілікке тарту да қаралған. Ол бойынша 5 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл төлеу міндеттеледі, егер қайталанса – айыппұлдың көлемі 20 АӘК дейін өседі. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, Тараз қаласы және аудан тұрғындарына өтініш жасағым келеді. Егер иесіз иттер мен мысықтарға қамқорлық жасағыңыз келсе, көпқабатты үйлердің айналасында оларға азық бермеңіз. Оның орнына қаңғыбас иттер мен мысықтарды уақытша ұстау орнына хабарлап немесе ұстап, одан әрі орналастыру үшін ветеринария мамандарына хабарласып, тапсырған дұрыс. Онда жануарларға қажет болған жағдайда ветеринариялық көмек көрсетіп, кейін жаңа иелеріне беріледі. Ол үшін төмендегі Тараз қалалық ветеринария стансасы мен сервистік қызмет орталығы 109 және 8 7262 54-15-83, 8 700 245 12 27, 8 776 211 37 22 нөмірлерге хабарлассаңыздар болады.  

 Асқар ТОХАБАЕВ,

облыс әкімдігі ветеринария басқармасының

ветеринариялық қауіпсіздікті

қамтамасыз ету бөлімінің бас маманы.

         

Ұқсас жаңалықтар