- Advertisement -

Электронды білезік бақылауды күшейтеді

187

- Advertisement -

Бүгінгі таңда облыс бойынша пробация қызметінде 1 634 жазасын өтеуші азамат есепте тұр. Маусым айынан бастап 115 сотталғанға тағылған білезіктер, бірінші кезекте жыныстық қолсұғылмаушылыққа қарсы қылмыстар үшін сотталғандарға және жазаны өтеу шарттарын қасақана бұзатындарға қолданылуда. Электронды білезіктің көмегімен пробация қызметінің инспекторлары сотталғандардың белгіленген талаптарды қатаң сақтауын қадағалауға мүмкіндік алып отыр. Бұдан бөлек, бұл құрылғы арқылы аса қажетті деректерге аз ғана уақыт ішінде қол жеткізуге болады.

Қалалық №3 пробация бөлімінің бастығы, әділет майоры Қуаныш Калыктың айтуынша, бақылау құралдары түрлі құқықбұзушылықтың алдын алуда және әрбір сотталғанды үнемі бақылауда ұстауға көп көмегін тигізіп отыр.

– Өңірдің пробация қызметіне 115 электронды білезік бөлінді. Олар жаза өтеу шарттарын жүйелі түрде бұзатын және бірнеше ескертуі бар сотталғандарға тағылады. Осылайша, істі болғандардың әр жүріс-тұрысы арнайы жүйе арқылы күндіз-түні қадағаланады. Яғни, инспектор жұмыс орнында отырып-ақ олардың іс-әрекетін планшет, ноутбук немесе ұялы телефон арқылы бақылай алады. Егер де жазасын өтеуші шектеу шараларын орындамаса немесе электронды білезікті бүлдірсе құрылғы бірден дабыл береді. Жалпы, есепте тұрған азаматтар электронды білезікті бір жыл бойы тағуға міндеттеледі. Осы уақыт аралығында заңға қайшы әрекетке бармаса, құрылғы алынып тасталады. Ал олай болмаған күнде материал сотқа жіберіледі. Мәселен, білезіктерді қолданысқа енгізген күннен бастап 16 заңбұзушылық анықталды. Оның ішінде, 11 материал сотқа жолданып, 6 адам темір торға қайта тоғытылды. Ал 5 адамға қатысты материал қаралу үстінде. Тәртіпке бағынбай, сот залынан тікелей түзеу мекемесіне жөнелтілген азаматтардың осынау әрекетінен өзгелері сабақ алғаны жөн. Себебі, заң бәріне ортақ. Жалпы алғанда, бақылау құралдары түрлі құқықбұзушылықтың алдын алуда және әрбір сотталғанды үнемі бақылауда тиімділігін көрсетуде, – дейді Қуаныш Ерболатұлы.

Сондай-ақ пробация қызметкерлері есепте тұрғандарды бақылау мен оларды жұмыспен қамтуды да жүзеге асырады. Жыл басынан осы мақсатта 18 бос орындар жәрмеңкесі ұйымдастырылып, онда бас-аяғы 55 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Ал өңір бойынша пробация қызметінің есебінде тұрған 281 азаматқа «екі қолға – бір күрек» табылған. Бұдан бөлек, облыс аумағында биометриялық жүйелер толық көлемде Тараз қаласында және 4 ауданда іске қосылған. Осы жүйелердің нәтижесінде Мойынқұм, Сарысу, Меркі және Қордай аудандарындағы сотталғандардың арасында қылмыс жасау деректері төмендеген, ал жұмыспен қамтылуы жоғарылаған.

 

 Шолпан АҚЗЫМАЛИЕВА,

қалалық №3 пробация бөлімінің

аға инспекторы.мм

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support