- Advertisement -

Шетелдіктердің елге келуі қатаң бақылауда

85

- Advertisement -

Жыл басынан бері біздің елге 1,6 миллион ресейлік азамат келген. Ресейліктердің жаппай келуіне байланысты мәселеге ел Президенті де ерекше назар аударды. Мемлекет басшысы елге келгендердің бұл қадамын қазіргі ахуалға байланысты амалдың жоқтығынан орын алғанын ескере отырып, оларға қамқорлық танытып, қауіпсіздігіне мән беру керектігін тапсырды.

«Соңғы күндері көрші елден, яғни Ресейден көптеген адам келе бастады. Көпшілігі қазіргі ахуалға байланысты амалдың жоқтығынан келіп жатыр. Оларға қамқорлық көрсетіп, қауіпсіздігіне мән беруіміз қажет. Бұл – саяси және гуманитарлық мәселе. Осы мәселені мен Үкіметке тапсырамын. Сырттан келген адамдарға көмек көрсетіледі. Бірақ, жеңілдіктер берілмейді. Айналамызда ауқымды соғыс болып жатыр. Біз осыны ескере отырып, ең алдымен, еліміздің қауіпсіздігін ойлауымыз керек», – деді Президент.

Иә, жеті айдан бері Украинада «арнайы операция» өткізіп жатқан Ресейде «ішінара мобилизация» жүргізу жөнінде жарлық күшіне енгелі бері қарапайым халықтан маза кетті. Түрлі әлеуметтік желілердегі бейнежазбаларға, ақпараттық сайттардағы дерек көздеріне сүйенсек, шекара асып кеткендердің саны өсе түскен. Ресей Президентінің мұндай шешімі көрші елдердегі түрлі қызметтердің құнына әсер еткені жасырын емес. Мәселен, оңтүстік астанамыз Алматы қаласында жалға берілетін баспана бағасының шарықтауы, Атырауда таксист қызметінің күрт өсуі осыған дәлел.

Десе де, біздің өңірде әзірге мұндай оқиғалар орын алған жоқ. Жалпы, жыл басынан бері Жамбыл жеріне 1553 ресейлік азамат келіп, оның ішінде 853-і әкімшілік жауапкершілікке тартылған. 1 азамат сот үкімімен ел аумағынан шығарылса, 76 адамның азаматтығы жоқ екендігі анықталған. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында облыстық полиция департаменті көші-қон қызметі басқармасының бастығы Арман Тұрдалиев айтты. Оның сөзінше, есепті кезеңде 700 ресейлік азамат осында тұрақты тұруға ықтиярхат алу үшін құжат өткізген.

– Ресей еліндегі мобилизацияға байланысты шетел асқандар көбеюде. Бұл жағдай біздің елде қатаң бақылауға алынды. Құзырлы орган қызметкерлері заңға сәйкес, жүйелі жұмыстарды ұйымдастыруды қолға алды. Біздің облысқа соңғы 3 күн ішінде Ресейден 3226 адам келсе, 3 741 азамат өз еліне қайтты. Негізі, шетелдіктерді қабылдаушы тұлғалар тарапынан олардың келгендігі жөніндегі хабар үш жұмыс күні ішінде түсуі тиіс. Ал олар жұмыс бабымен немесе өзге де себептермен 30 тәуліктен артық болған жағдайда уақытша тұруға рұқсат ресімдеуі қажет. Көші-қон заңнамасын бұзуға жол бермеу мақсатында шетелдіктердің уақытша болуына арналған құжаттарды ресімдеу барысында арнайы алгоритмға сай жұмыс жасалады.

Алдымен, тұрғындар арасында шетелдіктердің келуі бойынша ішкі істер органдарын 3 жұмыс күнінен кешіктірмей хабардар ету бойынша тиісті түсіндірме жұмыстары жүргізіледі. Бұдан кейін, 30 тәуліктен астам мерзімге келген шетелдіктерге уақытша тұруға рұқсат ресімделеді. Сонымен қатар шетелдік азаматтарды қабылдаушы немесе шақырған тарапқа олардың жауапкершілігі жүктеледі, – деді Арман Асылханұлы.

Айта кетейік, екі жыл бұрын Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық, қылмыстық іс-жүргізу заңнамасын жетілдіру және жеке адамның құқықтарын қорғауды күшейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заңы күшіне енген болатын. Осылайша, әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекске және халықтың көші-қоны, шетелдіктердің құқықтық жағдайы және ішкі істер органдары туралы заңдарына өзгерістер енгізілді. Енді заңға сәйкес, елімізге 30 күнге дейін келетін шетелдіктердің барлық санаттары үшін тіркеудің толық күшін жою қарастырылады.

 

Есен ӨТЕУЛІ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support