- Advertisement -

Ауыр жарақат алған жұмысшы неге алаңдаулы?

58

- Advertisement -

Кейде еңбек ұжымдарында түрлі мәселелерге қатысты кикілжіңнің соңы үлкен дау-жанжалға ұласып жатады. Қос тарап ымыраға келе алмаған жағдайда сот төрелігіне жүгініп, әділ шешім күтеді. Мұндай оқиғалардың көбінде жұмысшылар еңбек шартының бұзылғанын немесе адал еңбегінің ақысын өндіре алмай жүргенін айтып, араша сұрайды. Жуырда Тараз қаласындағы зауыттың бірінде оқыстан ауыр жарақат алып, төсек тартып жатқан Бауыржан Телемісовтің анасы редакцияға қайырылған еді.

Оқиға биылғы 26 шілдеде орын алған. Қаладағы «Запчасть» зауытына темір балқытушы болып жұмысқа орналасқанына көп те болмаған Бауыржан әдеттегідей темір балқытатын пеште тірлігін істеп жүрген. Кенет, 10 тонналық пештің өртенуі үгітілгенін аңғарған ол, дереу реттеуді ойлаған. Содан қасындағы жұмысшыны пешті жөндеуге қажетті құралдарды әкелуге жұмсап, өзі сол маңда тыпыршып пештің ернеуін жамауға кіріскен. Сол сәтте кран тізгіндеген жұмысшының тағы темір әкеле жатқанын байқаған Бауыржан пештің толғанын айтып, басқа пешке салуын сұраған. Алайда, қас пен көздің арасында пешті жөндеп алысып жатқан Бауыржанның үстіне ауыр темір түскен. Сондағысы кран тізгіндеген жұмысшының қалың шынжырынан темір шығып кеткен.

Бауыржан Садырханұлының айтуынша, талап бойынша әр пеште кем дегенде 3 немесе 4 адам жұмыс істеуі керек екен. Дәл сол күні жұмыс күші жетпегеніне қарамай, төртінші пешті де қосқан. Оқыс оқиғадан кейін Бауыржан не болғанын түсінбестен есінен танып қалыпты. Маңына жиналған жұмысшылар су бүріккенде ғана еміс-еміс тілге келген. Содан бірден аяғының сынғанын көріп, қозғалуға бекінгенде онысынан түк шықпаған. Темір тиген сәтте басына киген қорғаныш каскасы ұшып, Бауыржанның басы, иығы мен қабырғасын жараласа, екінші соққы белге, үшіншісі аяққа түскен.

– Негізі ол пешке ұзындығы 4 метрден артық темір салуға болмайды. Алайда ондағы темірлердің ұзындығы шамамен 12 метр. Ол аздай сол күні менің қасымда жағдайды бағамдап отыратын қосымша жұмысшы табылмады. Ал кран тізгіндеген жұмысшыға басшы темірді сала бер деп бұйрық берген. Темірдің пешке жетпей менің үстіме құлағаны содан. Өткен өтті ғой, бірақ естуімше, оқиғадан кейін компанияның директоры жұмысшыларға «неге жедел жәрдем шақырасыңдар, өзімізде медициналық пункт бар емес пе» деп кейіпті. Қалай дегенде де мен енді жұмысқа жарамсызбын. Ертең жолым болып, аяққа тұрғанның өзінде ұзақ уақыт белге, аяққа салмақ салуға болмайды. Негізі ауыр жұмысқа барғандағы мақсатым, несиеге жаңа пәтер алсам немесе жер алып үй тұрғызсам деген ой болған. Себебі жұмыста ай сайын жобамен 380 000 теңге алатынмын. Пәтерақыны да сол жалақыдан төлейтінмін. Осы жағдайдан кейін полицияға арыз жаздық. Кінәлілер әлі жоқ. Басшылық кейде қоңырау шалып, шығындардың түбіртегін сақтау қажет екенін ескертіп отырады. Алматы қаласында жасалып жатқан отаның шығынын завод көтереміз деп отыр, – деді науқас.

Осыған дейін Бауыржан №1 қалалық ауруханада үш операция жасатқанымен, жергілікті дәрігерлердің науқасты толық емдеуге шамасы жетпеген. Ауруханада айға жуық уақыт жатып ем алған соң, үйіне қайтқан. Содан көп ұзамай Алматыдағы №7 ауруханаға ауысқан. Өзінің ахуалын дәрігерлерден сұрап білген Бауыржан сынған 4 омыртқа мен сегізкөзге жасалатын ота сәтті шығып, тезірек аяққа тұрып кетуді көксеп отыр. Айтуынша, компания сол оқиғадан кейін 80 мың теңге аударып, айлығын үзбей төлеп келген.

Оқыс оқиғаның мән-жайын анықтау мақсатында біз «Запчасть» АҚ хат жолдап, көп ұзамай ресми жауабын алдық. Онда Бауыржан Телемісовтің арызы негізінде істі ішкі істер органдары тексеріп жатқаны көрсетілген. Өз кезегінде компания басшылығы науқасқа материалдық көмек ұсынылғанын, соның ішінде Бауыржан толық ем алып, сауыққанша ем-шарасын өтеуге дайын екенін жазған. Бұдан бөлек, компания жұмысшының 16 қыркүйектен Алматы қалалық №7 аурухананың ақылы бөлімінде емделіп жатқанын және Бауыржан Телемісовтің тездетіп сауығып кетуі үшін материалдық көмек көрсетуге дайын екенін жазады.

Мәселенің мән-жайына үңіліп қарасақ, компания басшылығы өзінің міндетін толық орындап отырған сыңайлы. Бұл ретте Бауыржан Телемісов «Запчасть» АҚ басшылығы уәдесінен тайқып, қала берді кінәлілер жазадан құтылып кетпесе екен деп күдіктеніп отыр…

 

Сәндібек ПІРЕНОВ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support