- Advertisement -

Шер-Ағаның тәмсілдері

36

- Advertisement -

Шер-ағаңның жазу стиліне қарапайымдылық пен қысқа да нақтылық тән болса, «Бір кем дүние» кітабында бұл ерекшелік тіпті айшықтала түскен. Алайда жазушының қарапайымдылығы қарадүрсіндік емес. Қаламгердің жазу стилінің қарапайымдылығы мазмұн байлығымен, дүниетаным кеңдігімен ұласады. Сондықтан өмірдің ащы да тұщы шындығына құрылған мазмұн «Бір кем дүниеде» бірінші кезекке шығады. Ал сол сәулелі мазмұнды жазушы әлдебір сұлу сөзбен көмескілегісі келмейді.

 ЖАНРЛЫҚ СИПАТЫ МЕН АВТОРЛЫҚ ТҰЛҒА

Жазушының шығармасынан авторлық тұлға танылады. Мәселен, Тұрарды жазған шығармасынан Шер-ағаңның қайсар мінезі, өмірлік ұстанымы көрінеді. «Ай мен Айшасында» жүрек мейірімі алға шығады. Ананы ұлықтайды, қасиетті Жуалысы мен, Мыңбұлағын, оның адамдарын жырлайды. Ал «Бір кем дүниеде» Шер-ағаң – ойшыл, қазіргі заманның Асанқайғысы.

Прозалық, драмалық, публицистикалық шығармаларына сыймаған қалың ойларын, өмір өксігін, тіршілік пәлсапасын, ұрпағына аманатын қалдырған тәрізді. Және туындысының түрін (формасын) тапқан. Шер-ағаңның ұтатын тұсы – шығарманың құрылымын қазақы ойлау жүйесінен өрбіткен. Абайдың «қара сөзі» тәрізді Шер-ағаңның «Бір кем дүниесі» де таза ұлттық оралым.

Қалай дегенде де, «Қызыл жебе» романдар циклінен, «Ай мен Айша» және басқа да шығармаларынан танылатын авторлық бейнеден «Бір кем дүниедегі» авторлық тұлға бір мысқал да кем еме с, қайта бұрынғы кітаптарындағы авторлық тұлғаны толықтырып, жаңа бір қырынан тереңдетіп жіберген. Шындығында, прозалық шығармада автор өзін ашық көрсете алмайды, оның образы әрбір кейіпкердің іс-әрекетінен, сөзінен танылып жатса, соңғы туындысында автор оқырманымен бетпе-бет келеді, тереңде жатқан жүрек сырын, шерін бүкпесіз ашады.

 «АЙ МЕН АЙША» РОМАН-ДИЛОГИЯСЫ ЖӘНЕ «БІР КЕМ ДҮНИЕ»

Роман-дилогияда автор өмірінің тар кезеңдері кеңірек суреттеледі. Дүниеге келмей жатып аранын ашқан 30-жылдардың басындағы аштық, одан соңғы сталиндік қан-қасап, соғыс жылдарымен тұспа-тұс келген балалық шақ… Жазушы мұнда бала Барсхан мен Айшаның басынан кешкен ауыртпалықтарын, өмір үшін күрес сәттерін суреттеу арқылы халық тұрмысын, қажыр- қайраты мен оптимизмін көркем ашып береді.

Дегенмен романға енбей қалып кеткен өмір эпизодтары да бар екен. Соның бірі – 1937 жылдың, жазушы сөзімен айтсақ, сірә, желтоқсан айындағы «Жайнамаз» хикаясы. Романда қараңғыны жамылып келген қарулы адамдардың әкесі Мұртазаны «халық жауы» деп ұстап әкеткені айтылады. Дәл осы тұстан бастап өмірінің қиын сәттері басталғанын жазушы табиғат бейнесімен – Айдың бұлтқа еніп тұмшалануымен байланыстырып суреттейді. Әйтсе де, 5 жастың шамасындағы баланың зердесінде қатыгез уақыттың тағы бір сәті сақталынып қалыпты.

 ЖАЙНАМАЗ

Әкем Мұртаза марқұмның қызғылтым шырайлы, әдемі гүлдері жайнаған жап-жаңа жайнамазы бар еді. Алдымен мешіт бұзылды. Оның үйінді болып қалған кірпіштерінің үстінде байғыз дейтін құс сұңқылдап, зарлап отыратынды шығарды.

Көп ұзамай Мұртаза рахметілік «халық жауы» ретінде ұсталды. Бұл 1937 жылдың, сірә, желтоқсан айы еді.

НКВД үйге тінту жасады. Бәрі есімде. Тінткенде бәлендей байлық табылған жоқ. Тек бір милиционер төрде ілулі тұрған жайнамазды жазып көрді де: «Е, мынау шұлғау болуға жақсы екен. Аяғым тоңып жүр еді», – деп Алланың аты жазылған жайнамазды бүктеп-бүктеп, қойнына тыға салды.

Арада алпыс жыл өткенде жолым түсіп, Кереку қаласына барып, мешітіне кіріп, дұға оқығанда, Тәңірі жарылқағыр бас имам маған Қағбадағы мешіттің суреті салынған сұлу жайнамазды сыйлады. Сонда баяғы милиционерге шұлғау болып, қорланған жайнамаз ғайыптан құс болып келіп, қолыма қайта қонғандай ғажайып хал кештім. Мұны марқұм Мұртазаның аруағы сезді ме… білмеймін».

 БІР КЕМ ДҮНИЕ

Шағын естелікте сол уақыттың шындығын ашатын терең сыр бар. Біріншіден, жазушының әкесі Мұртазаның иманды, діндар адам болғаны байқалады. Қызғылтым шырайлы, әдемі гүлдері жайнаған жап-жаңа жайнамаздың төрде ілулі тұрғаны соны аңғартады. Ол Мұртаза үшін қастерлі дүние болатын. Бұл негізінен әдебиетте кейіпкерді мінездеудің өзгеше бір тәсілі болып саналады. Екінші сөзбен айтқанда, деталь арқылы кейіпкердің сырын, кім екендігін оқырманына білдіру. Автор әкесі Мұртазаның бейнесін ашуда көпсөзділікке бармай, төрде ілулі тұрған жайнамазды тілге тиек еткен. Сол арқылы бала көңілінде сақталып қалған әке бейнесін тірілтеді.

Екіншіден, осы жайнамаз деталі – екінші бір кейіпкерді бейнелеудің тетігіне айналып, қозғалысқа түсірген. Оның сөзінен, іс- әрекетінен тасмаңдайлығы көрінеді. Алдымен, ол сол 30-жылдардағы қоғамның тумасы, құдайсыз. Иман туралы түсінігі жоқ. Бәлкім, бұрын ата-баба қанымен әлдебір түсінік болса, болған шығар. Бірақ сол уақыттағы қоғамның ықпалымен көмескі тартқан. Басқа бір жат сана орныққан. Имансыз, ойсыз. Мұндай адамда аяушылық та болмайды, тек бұйрықты орындайды. Ат десе, ешкімді талғамай ата салады, тұтқында десе, әкесі болса да қамаққа алады. Сталиндік қан-қасап заманында осындай «бассыздар» алға шығып, «наны» жүрген. Шағын эпизодта қоғам дүниеге әкелген, елді аласапыранға түсіріп, «дәурені» жүрген осындай шолақ белсендінің образы айқын жасалған.

Автор ұзақ суреттеуге бармай, көркем деталь – оның бір сөзі арқылы сол шолақ белсенді — әпербақанның бейнесін Ғ. Мүсіреповше айтқандай, «соқыр көргендей, саңырау естігендей» етіп ашып береді. Сонан соң, солай іс-әрекет жасаған оның оңып жүргені де шамалы. «Аяғым тоңып жүр еді» деп мүсәпірленуі – соның айғағы. Шағын эпизодта осы кейіпкер бүтін бір қоғамның аяусыз шындығын ашқан образға айналған. Мұның «Ай мен Айшадағы» Тасбеттен бір кемдігі жоқ.

Енді осы оқиға романда неге орын алмады, дамытылып неге суреттелмеді деген ой келеді. Бұл Шер-ағаңның жұмбағы. Әлі де «коммунистік санадан» арыла алмай жүрген кезімізде, бәлкім, бұл эпизодты романға енгізуді артық санаған шығар. Бәлкім, онсыз да қоғамның запыран шындығы ашылып жатқан шымыр шығарманы қосалқы көріністермен толықтыра беруді артық көрген болар.

 30-ЖЫЛДАР ЗАРЫ

Қазақ тарихындағы қаралы кезеңнің бірі – ХХ ғасырдың 30-жылдары. «Қолдан жасалған қан қасаптан қазақ халқының үштен бірі шыбынша қырылды» деп жатады айтушылар. Қалғандары бір жағы Алтай, Гималай асып, екінші бір жағы Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркменстан асып, онда да тұрақтай алмай Ауғанстан, Пәкістан, Индияға дейін жетіп, Түркияда орнығып, босқыншылыққа ұшыраған. Олардың басынан кешкен тағдырларын енді қазақтың басына бермесін.

Дүние есігін ашпай жатып, 30-жылдардың аласапыранымен бетпе-бет келген, шет жағасын бала көңілімен сезінген Шер-ағаңның жан дүниесінде бұл уақыттың запыран зары шер болып тұтасып қатып қалғандай.

Сол себепті де жазушы ретінде сол уақыттың шындығын өзге тұстастары секілді кейінгі ұрпаққа жеткізуді Шер-ағаң өзіне аманат еткендей. Оның «Қызыл жебе» романдар циклінен де, «Ай мен Айшасы» мен әңгімелерінен де 30-жылдардың ауыртпалығы көрінеді. Өмірінің ақырына дейін бітпеген жан жарасы «Бір кем дүниеде» де кең орын алады.

Мақсат – халыққа, билікке тарихты ұмытпау керектігін еске салу секілді. Мұның ар жағында осы тарихтың ащы сабағынан тағылым алу қажеттігін, енді мұндай қасіреттің болуына еш уақытта жол бермеу керектігін алға тарту тәрізді. Ылайым, солай болсын.

ӨЛТІРУ – ОҢАЙ, ТІРІЛТУ – ҚИЫН

Соттар қателесіп, кінәсіздерді өлімге бұйырады. Кінәсіз екені анықталғанда, қайтадан тірілте алмайды. Не істеу керек?

Бір кем дүние…

«Халық жаулары» дегендердің көбі солай өлтірілді.

Ал ойланып көріңіз. Ащы шындық қой. Кеңестік кезеңдегі «халық жауларын» жазалаудың ең сұмпайы, азғындық түрі – адам құқықтарының мүлде сақталмауы. «Халық жауларының», арыстардың сүйектері қайда жатқанын білмейміз. Бұл сұмдық емес пе?! Мұны кейінгі ұрпақ жақсы білуі керек. Шер- ағаң неге әділетсіздікке күйінбесін!

 СТАЛИНГЕ НЕ ЖЕТПЕДІ?

«Басқа-басқа, Сталинге не жетпеді десеңші, Жоғары Кеңеске сайлау кезінде ылғи да 99,09 % дауыс алушы еді. 100% -ға жетпей-ақ қойды.

Бір кем дүние…»

Шер-ағаңның юморы-ай! Тасты да тіліп түсіп тұрған жоқ па? Астарлы юмор, бұл бүгінгі билікке де қатысты болар-ау. Кейде бүкіл қоғамның сипатын ашатын осындай бір ауыз өткір сөздер болады.

«Ауылдың иттері» деген шағын ой- толғауында Шер-ағаң Алаштың ардақтысы А.Байтұрсыновтың: «Қинамайды абақтыға жапқаны, Қиын емес дарға асқаны, атқаны. Маған ауыр о сылардың бәрінен, Өз ауылымның иттері үріп, қапқаны» деген өлең жолдарын келтіреді. Ахаңның өлеңіндегі бұл ащы шындық, расында, 30-жылдардағы қазақ қоғамының ауыр дерті болды. Оның көрінісін автор алыстан іздемей-ақ, өз әкесінің тағдырын еске алады.

«Әттең, дүние-ай, 1937 жылы біздің әкейді де өз ауылымыздың шолақ белсенділері нақақтан жала жауып, ұстатып жіберді де, жоқ қылды ғой. Обалы кімге? Қорлықты көп көрдік қой» деп жазады.

Сол кездегі біреудің сыртынан сөз айтып, жала жауып, ұстатып жіберу деген секілді мерез мінез бүгінде жойылды ма екен деп кейде ойлайсың?! Толық сеніммен «жоқ» деп айта алмайсың. 1986 жылдың желтоқсанында бұл жаман мінез тағы да бұрқ етіп көрінгендей болды. Бірін-бірі аңду, бірін-бірі қаралау… Сөйтіп, билікке жақсы болып көрінгісі келу… Бұл сипат енді халықтың арасында ғана емес, биліктегілердің ортасында көрініс алды.

Шер-ағаң отызыншы жылдар жөніндегі ой-толғанысында Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Смағұл Садуақасов, Тұрар Рысқұлов туралы оқтын-оқтын сөз қозғайды. Сірә, бұлардың тағдыры, Алаш жұртына бағытталған жұмыстары жазушыны жиі толғандырса керек. Әлиханның мақалаларынан үзіндіні келтіре отырып, бүгінгі күні оның толық шындыққа айналғанына, көрегендігіне, ұлтының келешек тағдырына шын алаңдағанына көз жеткізеді. Қиын уақыттың кейбір ақиқаттарын бүгінгі ұрпақ білсін, жадында ұстасын дегендей қысқа да нақты баяндайды.

«Смағұл Садуақасов ерен ақыл-ойдың және батыл әрекеттердің иесі болған екен. Туған халқы үшін, өз ұлты үшін шын күрескер. Мұндай адам сол кездегі Мәскеуге ұнамайды- ақ. Ақыры Сталин өкіметі оны Дондағы Ростов деген жаққа жұмысқа жіберіп, сол жақта белгісіз, жұмбақ өлімге тап болады. Мәйітін Мәскеуге жеткізіп, крематорий дегенге салған ғой, күлі ғана қалады.

Смағұл әйгілі Әлихан Бөкейханның күйеу баласы еді. Әлекеңді сол жолы крематорийден Тұрар Рысқұлов, тағы бір қазақ, сірә, Нұрмақов, сүйеп алып шығады».

Мұндай қасіретті де Алаштың алыптары басынан кешкен екен. Бұл ақиқатты тарихшылар, кейбір көбірек оқитын зиялылар бұрыннан да білеміз ғой деуі мүмкін. Бірақ Шер-ағаңның ой-толғанысы, ақиқаты көпшілікке арналып отыр. «Бір кем дүние» жалпы қарапайым жұртшылыққа арналған кітап. Ал олардың барлығы бірдей бұл деректі біледі деп айта алмаймыз. Сондықтан да автор қалың қауымға, бүгінгі ұрпаққа кешегі 30-жылдар зобалаңын, оның халық басына түсірген ауыртпалығының қаншалықты ауыр болғанын, Алаш алыптарының қандай қасіретті күндерді басынан кешкенін нақты дерекпен жеткізіп отыр.

Б.Момышұлы соғыс жылдарындағы әдебиеттің бір сипаты – ағартушылық деп атайтыны бар. Өйткені ол әдебиет оқырманына тың дерек, мәлімет, өмір шындығының көрінісін береді. Шер-ағаңның мына қысқа деректі толғанысы да қарапайым оқырман үшін ағартушылық сипатта деп білеміз.

Жалпы, «Бір кем дүниедегі» жазушының көптеген ой-толғаныстары қарапайым оқырманға тың мәліметтер, деректер ұсынуымен, дүниетанымын кеңейтуімен мәнді. Халық басына нәубет болып төнген сол бір қиын уақыт енді ел басына келмесін. Тәуелсіздігіміздің қадіріне жетейік, ағайын!

 

Сәмен ҚҰЛБАРАҚ,

филология ғылымдарының докторы, профессор.

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support