- Advertisement -

Таутұлға (Толғаудан үзінді)

244

- Advertisement -

Тарих тынысы

«Біссіміллә» деп сөз бастайын әуелі,
Әлдилесін шабытымның әуені.
Жазушылар одағына көз салсам,
Шер-аға ғой бәйтерегі мәуелі.

Жарқын жанның тегін айтсам деп едім,
Ірілігін Алатауға теңедім.
Жазғандарын жалпақ жұртқа мадақтап,
Қазыналы қара таудай көремін.

Ұлы тұлға Бәйдібектен тараған,
Дулат баба болса керек балажан.
Ұл-қыздары ұлағатты болған соң,
Қажетіне ел-жұртының жараған.

Шымыр ата сол Дулаттың баласы,
Көсегесі көгерген ол данасы.
Бірге туып Сиқым, Жаныс, Ботбаймен,
Өте жақын бауырмалдық арасы.

Шілменбет те немересі Шымырдың,
Биік біткен бірегейі шынардың.
Шер-ағамыз сол Шілменбет ұрпағы,
Ұлт атағын бар әлемге шығарды.

Туғанына биыл толар тоқсан жыл,
Тарту етем тоқсан шумақ, тоқсан жыр.
Тіршілікте шындықпенен күн көрді,
Қазағымның бағына ол туған ұл.

Ол – қаламгер ақиқаттан нәр алған,
Ол – қайраткер шындық үшін жаралған.
Ол – кемеңгер болашақты болжағыш,
Тіл туралы, жер туралы жар салған.

Тартса керек Бауыржандай батырға,
Мінезі бар қарсы тұрған дауылға.
Қаладағы жылы жайын қалдырып,
Көшіп келген ата жұрты ауылға.

Екеуі де ел мүддесін көздеді,
Жатыпішер жалқаулыққа төзбеді.
Жазғандары жаққан сайын халыққа,
Ой толғаудың ауыр жүгін сезбеді.

Аты шыққан жақсыларым мерейім,
Білгенімше атын атап берейін.
Мұхтар, Сәбит, Сәкен менен Бейімбет,
Жазғанынан сөз маржанын терейін.

Ел мақтаны Әбдіжәміл, Ілияс,
Әбіш, Камал жалқаулыққа жаны қас.
Тахауи мен Қарауылбек, Оралхан,
Бәйге алған, топты жарып бұл да рас.

Мүмкін емес бәрін бірдей атауға,
Қай-қайсысы да лайықты мақтауға.
Дегендей-ақ: «Бәрін айт та бірін айт»,
Шер-ағамыз өз алдына бір тұлға.

Елге сыйлы Мұртазаның баласы,
Болған екен Айша атты анасы.
Шыр етіп бір туған кезде Шер-аға,
Мыңбұлақтың бусаныпты даласы.

Туған жері, өскен жері Мыңбұлақ,
Аты айтып тұрғандай-ақ көп бұлақ.
Тал шыбықты ат қып мініп, асыр сап,
Қозы бақты жалаңаяқ шапқылап.

Қайнары да қызықтырды мөлдіреп,
Бала біткен көрген емес шөліркеп.
Жуалының таулары да тұрғандай,
Тіршілікке қорған болып көк тіреп.

Қандай таза тыныстасаң ауасы,
Талай дертке шипа болған дауасы.
Қоңыр күзде өз жемісін береді,
Қара жерге еге салған жуасы.

Тағылымы мол тұлғалар

Білесің бе, Рысқұл менен Тұрарды,
Кім таныпты бұрындары бұларды.
Екеуі де елі үшін туған ер,
Уақыт өзі сахнаға шығарды.

Рысқұл ата жалшы болып мал баққан,
Жанын жалдап, тісін қайрап жан баққан.
Сонда-дағы Саймасайдай болысы,
Жала жауып, сахараны сандалтқан.

Жігерлі жан бай адамнан ықпады,
Жолын тосып таудың ішін ықтады.
Жас тоқалын алып келе жатқанда,
Атын атап кірпік қақпай атқан-ды.

Бұдан кейін мазасыз бір таң атты,
Қанішер деп Рысқұл жайлы таратты.
Болыс біткен арызданып оязға,
Алматының түрмесіне қаматты.

Күндіз-түні сұрақ қойып тергеді,
Бой сергітер тыныштықты бермеді,
Алдырса да Тұрар ұлын жанына,
Жендеттерден еш жақсылық көрмеді.

Тұрар сонда тоғыз жаста болатын,
Күні бойы ұмытатын өз атын.
Қажытса да қара жұмыс түнде кеп,
Әкесінің жанына ол қонатын.

Тар қапаста әкесі мен баласы,
Бір жанардың ағы менен қарасы.
Жан азабын көрген сайын үлкеннің,
Жеткіншектің жетілгендей санасы.

Осылайша аянышты күн кешті,
Сақтанғаннан сыбырласып тілдесті.
Әке деген ұлы жан ғой ұлықтар,
Бере білді пайдасы көп кеңесті.

Сот та бітті, арқалады он жылды,
Шырқамайтын болды енді ән-жырды.
Қолын байлап шанаменен жөнелтті,
Алдарында қасіретті жол тұрды.

Естуінше итжеккенге айдапты,
Бала іші қазандай боп қайнапты.
Қайдан болсын қолдан келер көмегі,
Әйткенменен, берген серттен таймапты.

Қызылдардың қатарына қосылды,
Білімпаз боп алға қарай жосылды.
Партияның мүшесі боп жүрген соң,
Ойға шомып, дұшпандардан шошынды.

Жастайынан ақылымен асқанды,
Әулиеата, Түркістанды басқарды.
Шешен сөйлеп көпшіліктің алдында,
Қарсыластар бас көтеруден жасқанды.

Ұлықтап ол ұлт дәстүрін сақтады,
Қара бастың қамын ойлап жатпады.
Бағы жанып бұйрық берді Мәскеуден,
Тебіреніп туған елін жақтады.

Ташкентте де қызмет істеп танылды,
Тапсырмамен Баку барып шабылды.
Өз алдына Монғолия сапары,
Талай асу ақылменен алынды.

Әділ жолмен жүрсе дағы сақтанды,
Ойда-жоқта ер басынан бақ тайды.
Қамап қойып түрмесіне Мәскеудің,
Жаламенен «халық жауы» атанды.

Сот шығарды, өте қатал үкімді,
Тұрардың да тағдыр жолы бүлінді.
«Ату керек» деген жаза беріліп,
Үміт артқан жұрттың бәрі өкінді.

Қаралау да мұныменен бітпеді,
Бұл сұмдықты отбасы да күтпеді.
Тұрарұлы Ескендірді шақырып,
Әкесіне қарсы шық деп күйттеді.

Тұяғындай ер қанаты тұлпардың,
Жалғыз ұлы азап шекті Тұрардың.
Ұрып-соғып, тепкіледі түрмеде,
Шығармады шуын бірақ ұланның.

Балаң жігіт не көрсе де қайтпады,
«Әкем сатқын» деген сөзді айтпады.
Қолдарында қару-жарақ тұрса да,
Билік оны елден қорқып атпады.

Жазалаудың неше түрін келтірді,
Дем жеткізбей өкпесінде кептірді.
Аурухана төсегіне жатқызып,
Жас боздақты жазықсыз-ақ өлтірді.

Осындай бір қайғы жұтқан әулетті,
Шер-ағамыз сырын ашып түлетті.
Қаламгердің қарымына таңданам,
Әр оқиға шымырлатты жүректі.

Мұның бәрі жазылғандай байыпты,
Ұлы адам бар шындықты жайыпты.
Оқысаңыз «Қызыл жебе» кітабын,
Ең жоғарғы сыйлыққа ол лайықты.

«Қызыл жебе» Шер-ағаның сырындай,
Ақындардың айта алмаған жырындай.
Артық айттым, ағат кеттім демеймін,
Тұрартану ғылымының шыңындай.

«Қызыл жебе» Шер-ағаның тұмары,
Адамдықтың қасиетті шынары.
Аман болсын бар қазақтың баласы,
Сан ғасырлар оқылады бұл әлі.

Ашаршылық ақиқаты айтылды

Сталиннің кабинеті тып-тыныш,
Күңгірттеніп көрінеді төрт бұрыш.
Ұлт көсемі ары-бері жүріп жүр,
Қимылынан байқалады құлшыныс.

Әлсін-әлсін трубкасын тартады,
Үңіледі жақындатып картаны.
Мансабына мастанғаны соншалық,
Қойғандай ғой кеңге салып арқаны.

Ойлы жүзбен терезеге қарады,
Ел жағдайын бақытына балады.
Сонда-дағы маза бермей бір әуен,
Құшағына баурап алып барады.

Рысқұловтың жазған хатын оқыды,
Көңіліне әр нәрсені тоқыды.
«Қазақтарды қалай қырған аштық» деп,
Өзінше бір езу тартып толқыды.

Шақыртумен кіріп келді Тұрар да,
Сәлемдесіп, әдеп сақтап тұр алда.
Ұлт көсемі, тыңда мені, дегендей,
Зор мүмкіндік туа қалды бұларға.

«Соғыс болмай ұлтың қалай қырылды?
Дауыл болмай өрт шалғандай түріңді.
Билік біткен жақсы дейді жағдайды,
Қайталашы, қос хаттағы жырыңды».

– Жалған сөйлеп өтірікті айтпаймын,
Әділдіктің ақ жолынан қайтпаймын.
Бар айтарым екі хатта жазылған,
Бас кетсе де ақиқатты жақтаймын.

– Артық айтпа! Тұрар саған сенемін,
Партиялас серігім деп келемін.
Совнаркомда қызмет еттің талай жыл,
Мүмкіндікті тағы да бір беремін.

– Қазақтарды аштық жайлап барады,
Ел ішінде әртүрлі дерт тарады.
Кеше көрген жақындарың құрбан боп,
Көзі ашық, көмусіз-ақ қалады.

Қытай, Ресей, Пәкістан мен Ауғанға,
Көш түзеді жан сауғалап барғанға.
Өзбектер де, қырғыздар да қарсы алды,
Айтылмаған ақиқат бар, жалған ба?

Ата жұрттан олар неге безінді,
Зұлымдықтың мұң мен зарын сезінді.
Билік жағы қасіретті қайнатып,
Еңбекшінің еңселері езілді.

Уәкіл келіп аралады ауылды,
Аямады туған-туыс, бауырды.
Ел дегенің қолда барын берсе де,
Қаһарланып қамшылады жауырды.

«Мүйіз тап» деп, «Тұяқ тап» деп қинады,
Айуандық айлаларын жимады.
Қатыгездік қанын сорып жатқан соң,
Жай адамдар туған жерге сыймады.

Қыстың күні «жүн тапсыр» деп жұтынды,
Келген уәкіл қалай ғана құтырды.
Осындай бір оспадарсыз көп болып,
Қазақ деген тар заманға тұтылды.

Қазақ елі неге сонша бүлінді,
Қатыгездің қармағына ілінді.
Голощекин бар шындықты жасырып,
Айтқызбады кесіп тастап тілімді.

«Асыра сілтеу болмасын» деп баяғы,
«Аша тұяқ қалмасын» деп қояды.
Қазақ қайтіп күнін көрсін сол кезде,
Етке беріп, жалғыз атын сояды.

Ашық күнде найзағай! Кімнің күші?
Өрт шалғандай мал мен жай. Кімнің ісі?
Дауыл соқпай, жау шаппай жайрап жатыр,
Қазақтың даласында мың-мың кісі.

Сөзді доғар! Тілді қысқарт! Кімсің сен?!
Көсемсініп барасың ғой, түсінсем.
Аштық жайын тексереміз анықтап,
Тіріле ме өлген жұртың күрсінсең!

Қарап жатыр мәселені Молотов,
Тапсырманы алды менен жолығып.
Айтқаныңнан шыға қалса шикілік,
Жіберемін темір торға тоғытып!

– Ұлтшыл емес, ұлтжандымын туғаннан,
Не табамын, жоқ бәлені қуғаннан.
Алғыс айтам өзіңізге құрметпен,
Айтылды ғой көкейдегі басты арман.

Телефонның трубкасын көтеріп,
Алды-дағы даусын кенеп, жөтеліп.
«Голощекин қайтсын!» деді Мәскеуге,
Жасағандай дұрыс шешім төрелік.

Қан жылатқан қазақ атты әулетті,
Ашып жазды тарихтағы нәубетті.
«Сталинге хат» еңбегін жазғанда ол,
Шер-ағамыз нысананы дәлдепті.

Мұны түсін, жеткіншегім, мән беріп,
Жүре бермей киінгенді сән көріп.
Шер атаның кітаптарын оқысаң,
Жүректерге құйылады сыр келіп.

Бұл мәселе әлі талай айтылар,
Айту оңай тасқа қашап жазылар.
Қосарланған қасірет пен қайғыда,
Үлкендердің айта алмаған назы бар.

Тылдағылар тіршіліктің тамыры

Оқып шықтым «Мылтықсыз майдан» еңбегін,
Көзім жетті, мақтамапты ел тегін.
Кітаптары киелі ғой Шерханның,
Баяндаған елдің ғажап ертеңін.

Суреттеген ауылының тынысын,
Мақұл көрдім жазушының мұнысын.
Дастарқанда тұрмаса да түйір нан,
Шүкір көрген амандық пен тұрмысын.

Үлкен-кіші көлеңкелеп жатпады,
Қызылшаны тәулік бойы баптады.
Ауыр жұмыс атқарса да қолменен,
Басшылықтың бар сенімін ақтады.

Ерте тұрды, таңмен бірге таласып,
Адамдарға осы тірлік жарасып.
Еңбекпенен ел қазанын қайнатты,
Малды бағып, дәнді сеуіп, тау асып.

Астыққа бір толмаған соң қамбасы,
Ашқұрсақ боп ғұмыр кешті жан басы.
Қайран қалам сол кездегі ерлікке,
Мұның бәрі ынтымақтың арқасы.

Соғыс деген жүріп жатты Батыста,
Екі жақ та аянбайды атыста.
Елін, жерін қорғау үшін дұшпаннан,
Боздақтарым сапар шекті алысқа.

Бала-шаға, әйелдер мен қарттарда,
Еңбек етті қиын-қыстау шақтарда.
«Жеңіс үшін», «Майдан үшін» тер төккен,
Көз жіберсең сол кездегі ақпарға.

Жолға шықты Мамайұлы Орақ та,
Білген еді той болмасын ол жақта.
Жақындарын қимай-қимай қоштасты,
Қолын бұлғап, қарғып мінді «торы атқа».

Ол кеткен соң Тотия келін ұл тапты,
Арай шешей нәрестені құндапты.
Әскербек деп ат қойыпты атасы,
Басқалары оның сөзін тыңдапты.

Сирегені жазған хаттың байқалды,
Бұған бола бастамады айқайды.
Ойда-жоқта сарбаз Орақ мерт болып,
Шаттық кірген шаңырағы шайқалды.

Суық хабар талдырыпты талайды,
Бір-ақ күнде ағартыпты самайды.
Беті-аузы бір жағына қисайып,
Қатерлі дерт айналдырды Арайды.

Қалжырады мұндай шақта Мамай да,
Боркемік боп көрінбеді алайда.
Іштен тынып жүре берді тас түйін,
Кім біледі, не айтқанын Құдайға?!

Жас келін де жаны күйіп, күйзелді,
Бұрынғыдай бидайды да түймеді.
Жалғыз ұлы Әскербекті құшақтап,
Түні бойы көз шырымын ілмеді.

Нұрперзент бірге туған інісі,
Бола білген ағасының тынысы.
Ойға шомды он бестегі бозбала,
Аға өліп, ортайған соң ырысы.

Жұмбақ болды жесір әйел таңдауы,
Осы үйде қалуы мен қалмауы.
«Орақ тірі оралады» дегендер,
Айды-айға, жылды-жылға жалғады.

Көп ойланып, көп толғанды кемпір-шал,
Деп шешкендей не қылса да алдын ал.
Жас отаудың сынға түсті тағдыры,
Болғаннан соң арты ор да, алды – жар.

Қалпе имам айтты сөздің төтесін,
Ерің өлсе, елден қайда кетесің?
«Қалқам, сенің бар бақытың осы үй» – деп,
Қиып кетті қайнысымен некесін.

«Шер-ағаның шекпенінен шыққанбыз»

Ломоносов оқу орнын тауысты,
Сонда жүріп жақсылармен танысты.
Орыс тілін озық оймен меңгеріп,
Мәскеуде де аудармамен «алысты».

Газет-журнал тізгіндерін ұстады,
Телерадио қызметтерін ұштады.
Бас редактор бола жүріп бақ тауып,
Жас ұрпаққа жарқын жолды нұсқады.

Саналады журналистер атасы,
Қабыл болды жұртқа берген батасы.
Нелер ғажап істерді де атқарды,
Жүріп өткен жолына бір қарашы.

Атанды ол шырақшысы шындықтың,
Тума дарын екенін де шын ұқтым.
Кішіпейіл, кішік еді жан-аға,
Болса-дағы дәл өзі бір ұлықтың.

Сатылмасын жер-ананы дегені,
Қан шығарып, қарпып өтті денені.
Жатыпішер жемқорларға жаны қас,
Желкесінен шықсын дейді жегені.

Қай кезде де биіктерден көрінген,
Айтар ойы ақылменен өрілген.
Шындық үшін қызыл отқа қақталып,
Орын алды Мәжілістің төрінен.

Артық емес арқау болса ән-жырға,
Даңқы жетсін даналармен сан жылға.
Мұртазаның Шерханы да нағыз ер,
Шынайы болмысымен тау тұлға.

 

Ахметжан ҚОСАҚОВ,

ақын,
ҚР Еңбек сіңірген қайраткері.

Шу ауданы.

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support