- Advertisement -

Менің «архив» атам

47

- Advertisement -

Университет табалдырығын жаңа аттаған кезім. Балзия Баешова апай кезекті дәрісінде: «Жаңа шыққан газеттің исін жақсы көремін. Газеттің әр беті тасқа басылған тарих болғандықтан, мен үшін құнды» деп айтқаны әлі күнге жадымда. Ол кезде газеттің исі қандай болатыны, оның қалай қатталатыны маған бейтаныс. Бір анығы –журналистиканың қызығы телеарнада деп топшылап, болашақта сонда жұмыс істеймін деп іштей шешім қабылдап үлгергенмін.

Кейін облыс баспасөзінің қара шаңырағы саналатын «Аq jol» газетіне жиі келіп, мақала жариялай бастаған соң, газетке жақындай түстім. Оның исін де сол шақта шын сезіне бастадым.

Еңбек кітапшама тілші деген алғашқы бұйрық шығып, осы баспасөздің қым-қуыт тірлігіне араласқаныма міне биыл 18 жыл. Зымырап жатқан уақыттың біздің көңілімізге шуақты сәттері мен жүрекке сызат түсірген кездері де жоқ емес. Ыстық дейтінім, біз жас маман болып, бүгінде ғасыр жасына келген абыз газетімізбен бірге есейдік, суық дейтінім, бізге редакцияда қамқор болып, ақылын үйретіп, мол тәжірибесімен бөліскен алдыңғы толқын қаламгер, журналист ағаларымыздың кейбірін келместің сапарына шығарып салдық. Шүкірлік ететініміз – ортамызда жүрген зейнеттегі ағаларымыз және әпкелерімізбен әлі күнге амандық- саулық сұрасып, хабар алып тұратынымыз.

Студент кезімде телеарнаны таңдаймын деп, қалай топшылағанымды білмеймін… Себебі, біздің әулеттің баспасөзге деген көзқарасы алабөтен еді. Әбдікерім әулетінің үлкен шаңырағында отырған 85 жастағы Төребек атам әлі күнге «Аq jol»-дың» әр нөмірін қаттап, біреуін қалт жібермей оқып отырады. Демек, біздің көзмайымызды тауысып, уақытпен санаспай шығаратын әр номерімізді асыға күтіп оқитын, осындай адал, абыз оқырмандарымыз әр үйде бар деген сөз. Атама еркелеп, амандасқан соң, ол кісі міндетті түрде газеттің өзіне ұнаған санына шолу жасайды. Қойын дәптеріне түртіп алған мақалаларға егжей-тегжейлі тоқталады. Өзінің соңғы уақытта жазған өлеңдерін көрсетеді. Одан кейін кезекті оқып біткен басылым санын арнайы тігіндісіне қыстырып қояды.

Газет тігіндісі демекші, оны алғаш рет бала күнімде осы атамның үйінен көргенмін. «Еңбек туы» газетінің сарғайған парақтары қатталып, тігіліп теледидар қойылған шкафтың астында тұратын. Жастайынан газет- журналға құмар атам облыстың бас газетінің бір санын жібермей оқитын. Бір жылдары Ақыртөбе ауылдық кітапханасында кітапханашы болып еңбек еткені де бар-ды. Газет-журнал, кітапты осылай күтіп ұстауды сонда үйреніпті. Кейде ол кісі жұмыста болып, газет қолына тимей, бірдеңеге жарап кетсе, марқұм кемпірінен бастап, үйдегі бала-шағасына кейіп тұрып ұрсатын. Сондықтан әлі күнге бұл үйде бірде-бір газеттің бір парағы жыртылмайды. Оқырман ретінде баспасөзге адалдық деген осы болса керек, сірә.

Атам Төребек Әбдікерімұлының баспасөзге құмарлығы да кездейсоқтық емес, әрине. Өзі бала кезінен өлең жазды. Бірнеше күйлері бар. Ол туындылары жақында жеке жинақ болып жарық көргелі жатыр. Өлеңдер жинағы да баспаға дайындалуда. Көп жылдар Алғабас қой совхозында мал дәрігері болып, кейін шаруашылықта жұмыс істесе де атам әрдайым өнер мен руханият десе, ішкен асын жерге қояды. Әлі күнге бас қосқан жерде қолынан қасиетті қара домбырасын тастамай, күмбірелете күй төгеді. Одан қала берсе ағаштан түрлі бұйымдар жасайтын ұсталығы тағы бар. Іздей қалсаңыз, күнұзақ өзінің шағын ауласындағы шеберханасынан табылады. Сондағы аппараттардың шаң-шұң еткен дауысынан соңғы уақытта құлағы ауыр тартса да, ұсталық өнерінен бас тартқан емес.

Бірде әулеттің кезекті бір думанды басқосуының бірінде бауырларымызбен емен-жарқын әңгімелесіп отырғанбыз. Атам мені өзінің бөлмесіне шақырып, сырты сарғайып көмескілене бастаған бір қалың дәптерді көрсетті. Ішін ашып қарағанда, ол кісінің осынша ұқыптылығына тағы бір тәнті болдым.

Әлгі қалың дәптерге атамыз «Еңбек туы» газетінің (қазіргі «Аq jol») байырғы сандарында жарық көрген өлеңдерін, кесіп, арнайы нөмірін белгілеп жапсырып қойыпты.

«Жалпы шығармашылық адамдарының көпшілігі жазған-сызғандарын жиыстырмай, керек кезінде таппай, жүреді ғой, мынауыңыз тамаша, әсіресе маған үйренерлік іс екен» деп дәптерін ол кісінің қолына ұсына бердім.

Атам әңгімені әріден қозғады – Шыны керек, біздің заманымыз солай болды ма, ауылдан көп ұзап сыртқы шыға бермейтінбіз. Бірақ көңілімнің бұлқынысындағы, жүрегімді қозғаған жайларды ақ қағаз бетіне өлеңмен өрнектеп жазып келемін. Әлі есімде 1958-1959 оқу жылында Құландағы мал дәрігерлік техникумына оқуға түстім. Бұл маған бір еркіндік сыйлағандай болып, сол жылдары Жамбыл қаласындағы (қазіргі Тараз) «Еңбек туы» газетінің редакциясына тартып тұрдым. Қолтығыма бірнеше өлеңім жазылған қойын дәптерімді қыстырып алғанмын.

Әрине, бұл газетті одан да біраз жыл бұрын жаздырып оқитынмын. Дегенмен редакцияның есігін имене аштым. Мені «Әдебиет» бөлімінің меңгерушісі Өкім Жайлауовқа жіберді. Ол кісі Таластың тумасы, ақын жігіт екен. Жылы шыраймен қарсы алды. Бірнеше өлеңімді қабылдап алды. Арада біршама уақыт өткен соң, «Анама» деген алғашқы өлеңім «Еңбек туына» басылып шықты. Оның артынан іле-шала «Домбыра» деген өлеңім жарық көрді. Кейін оқуымды бітіріп, Алғабас қой совхозына мал дәрігері болып жұмысқа тұрдым. Ол кезде жүзіміз таныс болып қалған Өкім Жайлауов қызмет бабымен Алматыға ауысып кеткен еді.

Бірақ мен редакциядан қол үзбедім, «Еңбек туына» келіп тұруымды тоқтатпадым. Әшірбай Есмұрзаев деген жаңа бөлім меңгерушісі де жақсы қарсы алып, басылымның кезекті санындағы «Әдебиет» бетінде менің бір топ өлеңдерім суретіммен бірге басылған еді. Мұның барлығы маған қанат бітіріп, шабытыма шабыт қосып, өлеңді жиі жазып тұрдым. Кейінгі кездері ғана редакцияға бармай кеткенім болмаса, «Аq jol»-дан ешқашан қол үзген емеспін. Барлық номерін асыға күтіп оқимын. Өзімнің зейнетақыма арнайы поштаға барып, бір жылға бір-ақ жазылып келемін. Бұл менің жыл сайынғы бұлжымас дағдым. Себебі газеттің тірегі де, байлығы да оқырман. Оқырманы көп басылым жүз емес, мың жасайды. «Бүгінгі жастар газет оқымайды» деген сынды да естіп қаламын.

Бұл заманның уақытша бір кезеңі шығар деп ойлаймын. Уақытпен үндес басылым өзінің өмір сүруін ешқашан тоқтатпаса керек. Бала күнімде журналист болуды армандағаным бар еді. Қазір мені есейткен қара шаңырақ, тарихи газет «Аq jol»-да сенің еңбек еткеніңді мақтан етемін, – деді Төребек атам.

Осылай Төребек атамыз әулетіміздің ғана қазыналы қариясы емес, облысымыздың бас басылымының «Еңбек туынан» қанаттанып, «Аq jol»-да ардақтаған ең адал, «архив» оқырманы болып отырғаны мен үшін де марқайып айтарлық жай.

 

Фариза Жорабекқызы

Т.Рысқұлов ауданы.

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support