- Advertisement -

Ұзақ жолдың қысқа демі…

125

- Advertisement -

Кеше ғана даусын естіп, мөлдіреген көз жанарына тура қарап, шын пейілді тілегін тыңдаған, ой сандығы ортаймаған, жайсаңдығы кең, қайсарлығы да жетерлік, ақылын алып, шынайы көңіл білдіруден бір жалықпаған тілеуқор да тілектес, қамқорлығы ұшан-теңіз, тік мінез Әлекең ағамыздай таудай тұлға туралы бүгін, араға жылға жуық уақыт салып өткен күннің биігінен еске алуға тура келіп отыр. Әрине, жаныңа жақын адам жайлы өткен шақта айтудың қаншама ауыр екенін кісі жақынын жоғалтқанда, барынан айырылғанда, қимас адамының енді қайтып келмейтінін білген кезде сезеді екен… Мына, қаңбақтай зулаған жел-уақыт мені бүгін осындай күйге әкеліп отырған жайы бар…

Беу, бейопа өмір-ай, опасыз жалған- ай… Шыңды бағындырамын, биікті аламын деп Таластың бойынан ата қонысы Көшектің топырағынан түлеп ұшқан, алысты армандаған, жақынды жақындатқан, күнделікті күйбелең істің бел ортасында жүрген, құшағы ыстық топ қараның ішіндегі ақбоз жүйрігі Әлекеңдей аяулы азамат ағамыз қазанның қызара барып батар күнімен таласып, қызығын көріп, қуанышына сүйсінген, дариға-дәурен өмірін сүрген мына жарық дүниемен осыдан тура бір жыл бұрын алты құрлықты ауызына қаратқан індет салдарынан ақтық демін тоқтатып, қоштасқан еді…

Жыл бұрын Әулиеата өңірінің ақ боранда адаспаған, күркіреген күннен жасқанбаған, дауылынан қашпаған, найзағайлы жаңбырынан тығылмаған, ортақ ойын жасырмаған, бар ғұмырында ешкімге кіріптар болмаған, түзу теректей тік өмір сүрген, өзінің ниеті түскен кейінгі іні-қарындастарына сәмбі талдай иілген, от кеудесі шоқ болған тағы да бір өркеші биік, өлкелі өңір мәдениеті мен өнерінің тұлпарындай болған перзентінің жүрегі соғуын тоқтатты…

Ол актер, драматург, білікті басшы, іскер ұйымдастырушы, ұлт жанашыры, ана тілін құрмет тұтқан, өңір өнерінің шырақшысындай шежіресі, әділдіктің ақ туына дақ салмай, адалдықтың жағасына кір жұқтырмай, көпке үлгі, кішіге өнеге көрсетіп кеткен, жүзін әжімге «жуғызбай» өткен, паң мінез Әлібек Әмзеұлы болатын!

Ұлттық әдебиетіміздің дара тұлғасы, көркем сөздің зергері, заманымыздың кемеңгер саясаткері, Қазақстанның Халық жазушысы және Еңбек Ері, «Маңғыстаудың маңғазы» атанған қазақтың бекзат ұлы Әбіш Кекілбаев өмірден өткенде алпауыт ақын, арқалы жан Светқали Нұржан «Қара жұрттың – әрі көшіп барады, жаңа жұрттың – сәні көшіп барады» деп қара жамылып отырған қалың елді жылата жырлағанындай, өткен жылы мезгілсіз жағдайда жанына жабысқан (қанша сақтанса да) COVID пандемиясы індетінен облыстың атын алысқа шығарған осы Әлібек Әмзеұлындай от тілді Нары көшті, үкілі өнерін өрге жетелеген Бары көшті, сұлулыққа іңкәр Сыры көшті, топ алдында беті ашық жүретін Ары көшті, ешкімге жығылмайтын Рухы мен шар болаттай шыңдалған Намысы көшті…

Өйткені шыңға біткен шынардай шындықты өткірдің жүзіндей етіп айтқан, тасқа салса тайғанақтамаған жылқы мінез Әлекең қаймана қазаққа бөтен болмаған, адалға серік болған, жалған сөзге ермеген, бәрінен де адалдықты биік қойып, қызғаныш деген «қызыл иттің ауылынан» аулақ жүріп, өтірікке еңкеймеген, бес күн жалғанында адамдық пен адамгершілік сынды қасиеттердің туын жықпаған, салмағы қорғасын құйған асықтай Ұлы Өнердің қастерлі сарқытындай болған асыл тұлға еді.

Ұлтын ұлықтауды, халқын қадірлеуді, азаматын сыйлауды, досын құрметтеуді, інілерін марқайтып алдыңғы қатарға шығара білген Әлекем дүниеден озғанда көптеген азаматтар шын күйзеліп, өзекті өртеген өкінішті «әттеген-айларын» айтып, ортадағы орнын жоқтап жатты… Өйткені ағайынға ақыл айтатын, кішіге жол көрсететін, досына бағыт беретін Әлекеңнің өмірі дана Төле бидің атақты Жетес биге берген «…Өзіңе кәміл, халқыңа әділ, жауыңа қатал, досыңа адал бол!» деген баталы тілегіне ұқсас өмір кешкен сияқты.

Тәңір мені ақылы сөзінде, нұры көзінде, жылысы жүрегінде, мейірімі бауырында тұратын патша көңіл Әлекең ағамен сонау 1986 жылдың жазында қызмет жолында жүрген шақта жолықтырды. Іргетасын өнерге жан-тәнімен берілген аса дарынды өнер иесі, тума талант, кереметтігі сол кетпен көтермей-ақ, өнер алқасына су жеткізетін әйгілі Әлжаппар Әбдіхалықов ағамыз іргетасын қалаған Сарысу аудандық мәдениет үйі жанындағы «халық театры» өз атағын қорғау сынағына облыстық қазылар алқасын облыстық драма театрының директоры, сұлу да көркем, артында зілі жоқ болғанымен, сөзі өктем, ауыл «әртістеріне» шын пейілді ақыл-кеңестері мен ұтымды ұсыныстарын шексіз айта білген Әлекең бастап келді.
Тәңірдің жазуымен таңның атысынан күннің батысына дейін бірге болған арадағы «алғашқы кездесуіміз» осылайша ұзақ жылдарға созылды…

Сөзі мірдің оғындай, зердесі терең, парасат-пайымы асып төгілетін, ойланбай сөйлемейтін, қаталдығы болса да, тәкаппарлығы жоқ, бойынан да ойы биік Әлекең бар өмірін, білімі мен біліктілігін, таланты мен тәжірибесін, шығармашылық ізденісін қасиетті Әулиеата өңірінің мәдениеті мен өнеріне арнаған жан еді. Қазақша айтқанда «сол бекзат өнердің отымен кіріп, күлімен шыққан», сол Ұлы Өнерді мәңгі сүйіп, құлардай «ғашық» болған өнерпаз азамат болатын!

Мен тура мінезді Әлекеңді көрген сайын, есіме алған сайын, ең бастысы өмірден өткен сәттерінен кейін маған ол іргесі мүжілмеген, төбесі аласармаған, оқшау тұрған жартас секілді көрінеді. Өйткені ортамызда жүргенде бағзыдан қалған киелі тұмардай көрінетін Әлекең ағаның биіктігі бөлек еді.

Көрнекті мәдениет қайраткері, белгілі сахна шебері, талантты режиссер, дарынды драматург, аса тәжірибелі басшы, асыл азамат деңгейіне дейінгі өмір сатысынан өткен Әлекең өз жолында, қызмет бабында Өзбекәлі Жәнібеков, Еркеғали Рахмадиев, Шерхан Мұртаза, Есмұхан Обаев, Әшірбек Сығай, Сәкен Жүнісов, Асанәлі Әшімов, Тұңғышбай Жаманқұлов, Балнұр Қыдырбек сынды көптеген айтулы тұлғалармен және ұлттық өнердің бел ортасында жүрген тұлғалы азаматтармен бірге болған сәттеріне ерекше құрметпен қарайтын еді. Осы аптал азаматтардың ішінде «тікелей министрі» болған өзгеден бөлек туған Өзбекәлі Жәнібековті рухани аға тұтып, оның таланты мен іскерлігін, білімдігі мен парасатын, сан қырлы қазақтың ұлттық құндылықтарының аса жоғары білгірі болғанын және облыс орталықтарында этнографиялық мұражайлар ашуға сүбелі үлес қосқанын әр кез үлкен ризашылықпен, тамсана, еске алып отыратын. Өзбекәлі Жәнібековтің Қазақ ССР Мәдениет министрі болған жылдары Жамбыл облысының мәдениетін өркендетумен қатар, ғасырлар төрінен жоғалмай келе жатқан тарихи жәдігерлерді жинақтау және оларды республикалық арнайы реестрге енгізу мәселелеріне айрықша ықпал еткенін де ауызынан тастамайтын.

Төріне шығарса да, ешкімді төбесіне шығармаған, көңілдің есігін ішінен жаппаған Әлекең жағымпаздықты, өтірікті, жалғандықты, жалтақтықты, опасыз сатқындықты жанына «серік» етпеген әділ еді. Оның өн бойынан кітаптан оқып, кинодан көрген ертедегі «патшалар» империясының ортасындағы аристократтық биік қасиеттерді көргендей болатынмын. Біз осылайша алабөтен сезімге тұншықпаған, қазақтың қазынасындай болған, өзін қоршаған ортамен етене қатар жүрген Әлекеңді сол ортада үлкен абыроймен, беделі биік қадірімен жүрген кездеріне куә болдық. Өйткені асыл аға жалған күлмеген, жүрісінен жаңылмаған, табиғи болмысынан таймаған, көңілі ауған жанға бар пейілімен берілетін жан еді.

Ал Әулиеата өңірінің айтулы азаматы, Әлекеңнің тілеуқор бауыры, артынан ерген тілектес інісі Масат Әшімұлы Берік ардақ тұтар ағасы жетпіс жасқа толған шақтағы өзінің құттықтауында мәдениет майталманы Әлекеңе ағынан жарылып ерке қалжыңы аралас «Мәдениет маршалы!» деген «атақты» да «кезексіз» беріп жіберген еді! Оқалы киімі болмаса да, осы бір дүлдүл «атақ» өңір өнерінің серкесіндей болған Әмзенің ұлына (өзін өзі кейде әзілдеп осылай да айтатыны бар еді) бек жарасып тұрушы еді! Өйткені түсінде үнемі сәйгүлік көретін Әлекең шын мәнінде қасиетті Жамбыл жерінде мәдениеттің сәйгүлігіндей өмір кешті, театрдай бекзат өнердің нағыз «мөрлі» шебері, майталман тұлғасы, іскер ұйымдастырушысы болып ел есінде қалды.
Ол талай талантты жас актерлерді киесі үлкен сахна төріне жетектеп, белдерін буып, қанаттарын қомдап, тұяқтарын тағалаған, томағасын сыпырып, топқа қосқан, жылы ұясы бұзылмаған Ұстаз бола білген және сол үкі таққан Ұлы Өнерді жастар арасында кеңінен ұлықтаған жан! Сонымен қатар Әлекең мемлекеттік қызметте де жүріп мәдениет саласында тер төгуге бел байлаған қаншама жас мамандарды тәрбиеледі десеңізші.

Қыз-қыз қайнаған еңбек жолы зейнет демалысына ұласқан шақтан бастап Әлекең қолына қалам алып, өзі жүріп өткен өмір жолы, оның ішінде өнер жолы әлемін ақ қағазға түсіре бастады. Оған себеп болған Әлекеңнің сырын ұғар досы, мінезін түсінер тілекшісі, бір-біріне аса үлкен құрметпен қараған айтулы журналист, бірнеше кітаптардың авторы, марқұм Мақұлбек Рысдәулет ағамыздың «бәрін жатқа айта бермей, қағазға түсірсеңші» деген әзілмен өрілген «достық талабы» аға ойын мәні зор, мәртебесі биік мемуарлық жазбаларға әкелді. Осылайша, Әулиеата театр өнерінің сүбелісі, жел маядай сомы, алдыңғы ағаға аяулы іні, артындағы ініге қамқор аға бола білген Әлекең жазған өнегелі естелік кітаптары жарық көріп, артында қалған ұрпаққа өнеге боларлық, тағылымы жоғары дүниелер қалды. Оның үстіне, теректей болып басы ғана теңселген биік Әлекең кейде өмір жолында қалған қоңыраулы күндерін аса ыждаһаттықпен қадірлегенін осы кітап беттерінен анық көруге болады.

Иә, өкінішке орай, белгілі журналист, һәм кісі жанын терең түсіне білетін, зердесі биік зиялы азамат Қуаныш Иембердиевтің редакторлауымен қалың оқырманға ұсынылған Әлібек Әмзеұлының өз тілімен айтқанда «өткен өміріне шегініс жасауымен» дүниеге келген «Менің заманым мен замандастарым» және «Менің сырым мен шыным» атты қатар жарық көрген екі томдық дүниесі асыл ағадан «соңғы естелік» болып қалғаны да рас…

Дүниені дүбірлеткен індет салдарынан сол Әлекеңнің қос қанатындай болған қос кітаптың қалың елдің алдындағы «тұсаукесері де» өз деңгейінде өтпей қалды. Дегенмен бүгінде ел ағасы биігінде жүрген, Әулиеата өңірінің аптал азаматы, қоғамға тілектес, жақынға тілеуқор тал бойынан ізгіліктің шуағы шашылып тұратын Батырбек Құлекеев ағамыздың тікелей бастамасымен облыстық Ш.Уәлиханов атындағы кітапханада Әлібек Әмзеұлының осы шежірелі еңбегі қалың оқырманға ұсынылды. Жатқан жері жәннат болғыр Әлекең аға маған телефон арқылы осы жайды қуана хабарлап, оның үстіне туған өлкесі Талас ауданының әкімі Қанатбек Мәдібектің ойламаған жерден (әрине, Әлекең үшін ойламаған жерден) келіп, иығына масаты шапан жауып, басына құндыз бөрік кигізіп жасаған сый-құрметін үлкен ризашылықпен айтқан жайы да бар еді.

Әрине, бұл кітаптың басым бағыты өнер мен мәдениетке арналуы да зандылық шығар?! Сондықтан да, Жамбыл облыстық драма театры сахнасының төрінде өшпестей іздері қалған, бар тірліктеріне тері сіңген бір шоғыр «қара шалдардың» арасынан шыққан Әлекең өз кітабында есімдерін ерекше атап көрсеткен Қазақ ССР-нің Халық әртістері Шәріпбай Сәкиев пен Алтын Ружева бастаған сахналас топтың ішінде аға буын Мұхамедқали Табанов, Тілек Ерғалиев, Гүлжамал Батырғалиева, Гүлбаршын Өскенбаева, Оразғали Әбділманов, Мақсұт Салықов, Тұрар Ізбасаров, Жорабек Шүленбаев сынды шашасына шаң жуытпаған дарабоз өнер тұлғаларын өзіне мәңгі өнеге тұтып, үлгі еткеніне көзің жетеді. Олар жайлы тоқтамай айтатын әңгімелері мен әзіл-оспақтары қандай еді, шіркін!

Сондай шақтарда Әлекең марқұм осы асыл ағаларының өнерін аспанға көтеріп «олардың әрқайсысы бір театр еді ғой!» деп сағынышпен тамсанатын… Сонымен қатар Әлекең өмірден ерте озған асқар таудай өз замандастары, біз көзін көрген асқан талант иелері, айтулы актерлар Қорабай Сатқанбаев, Спандияр Мұқышевтарды да үлкен жүрекпен еске алады. Иә, айта берсек әңгіме көп. Өйткені «театр» Әлекеңнің таусылмас «тақырыбы», түбі көрінбес «тұңғиығы» еді ғой… Өйткені алымды актер, дарынды драматург, шебер режиссер Әлекең өз өмірінде «талант» деген дүниенің көп қырлы екенін көпке дәлелдеп кеткен дара екенін енді байқағандай болып жүрміз. Ол шын мәнінде театр үшін жаралған тұлға екен! Оның саналы ғұмыр жолында – театр мен күнделікті өмірі арасында шекара болмай кеткені хақ! Өйткені ол театр өнерінің биігі мен төменін, жеңісі мен жемісін, қисығы мен түзуін, жаманы мен жақсысын, көлі мен шөлін, тауы мен ойпатын жүрегімен сезген шебер екен!

Зейнетке шыққан соң театрдың музейін қайта қолға алып, «шаң басқан архивінің» шаңын қайта қағып, көптеген тың деректермен, ескі фотосуреттер мен ағарып кеткен афишаларды күн демей, түн демей іздеп жүріп тапқан да осы Әлекеңмен бірге, сол тұстағы театр директоры, айтулы ақын, белгілі драматург, талантты азамат Болат Бекжанов еді. Кейін сол материалдардың барлығы театр тарихын айшықтаған шежірелі кітап болып та жарық көрді.
Сартап сағыныштан сарғайған, ақиқаттың тұмарындай болған, жанашыр жандай болып сырласқан, достай болып сөйлескен, ағадай болып ақыл айтқан, «кемеңгермін» деп кеуде кермей, тұлғадай болып жол көрсеткен Әлекең осындай асыл жан еді.

Сондай-ақ кісіні ісіне қарай бағалаған Әлекеңнің бойындағы ең бір жақсы қасиет, ол қызметтес болып, алдын көрген, өзінің белін буып, қанатын қатайтқан, батасын берген алдыңғы буын ағаларына деген ақберен пейілі ерекше болатын. Олардың алдыңғы қатарына, әрине, аузынан түспейтін Алатаудай биік театр тарланы Асқар Тоқпанов тұратын! Сонымен қатар мәдениет пен өнерге бар ынтасымен берілген, «Алатау» ән-би ансамблінің идеялық жетекшісі болған облыстық партия комитетінің сол кездегі хатшысы Ғайникен Бибатырованы, сондай-ақ зиялы қасиеттері мен терең сауаттылығына риза болып еске алғанда, «біздің Әлекең «сегіз қырлы» азамат еді ғой» деп аға тұтқан Әлмұхан Исақ пен көңілі кең жайлау, сырбаз мінезімен, дархан көңілімен Әлекеңнің жүрек төрінен ерекше орын алған 80-ші жылдары облыстық мәдениет басқармасын басқарған Алдаберген Сәрсенбаев ағаларын қоюшы еді.

Ал артынан ілескен ізбасар інілерді мақтауға келгенде әрқашан да «сараңдау» көрінетін Әлекең ағамыз, көңілі түссе «аман болсын» дейтін де қоятын. Маған екі рет ұзақ жылдар қасынан «арқан бойы» ұзамаған есімі Әулиеата өңіріне кеңінен аян Сейітқасым Түктібаев жайлы ғана «оның орны мен үшін мүлдем бөлек қой» дегені бар еді. Осы асыл ағасына және Ұстазына адал пейілдегі Сейітқасым бауырымыз мына өмірде иілмей, шорт сынған Әлекең ақтық демі таусылып, көз жұмғанда «бар тірлікті» өз қолымен атқарыпты дегенді естігенде, оның баталы азамат екеніне тағы да көзім жетті. Тесік таудың қараңғы төріндегі жарықтай болған Сейітқасымға Әлекең ағасының көзі тірісіндегі ризашылығы да бекер емес екен деген ой көңіл төрінде жатты…

Әлекең Жамбыл облысы мәдениет басқармасын басқарған жылдары жыр алыбы Кенен Әзірбаев атындағы «Шырқа, дауысым!», аса дарынды композитор, дәулескер күйші Нұрғиса Тілендиев атындағы «Кел, еркем, Алатауыма!», қобызшы Ықылас Дүкенов атындағы «Жез киік» атты қобызшылардың республикалық конкурстарымен қатар, көптеген облыстық дәстүрлі өнер сайыстарының жалауы көтерілді. Қаншама республикалық, облыстық ақындар айтысы өтті десеңізші! Екі мыңыншы жылдың алғашқы он жылдығы ішінде Тараз қаласында өткен халықаралық этно-мәдени фестивальдың үлкен табыспен өтуіне Әлекеңнің сіңірген еңбегі ерекше болғанын көзіміз көрді. Сондай-ақ өзі бастап облыс өнерпаздарын ежелгі Түркия мен Египетке дейін апарып, өнерлерін көпке көрсеткен де жайы бар. Жамбыл облысы өнерінің туын көтерген Әлекең осы жолда «шаршадым» дегенді білмей-ақ кеткен сияқты көрінеді маған!

Осыншама өңір өнерінің ыстығы мен суғына күйінген, аязды күні айналмай, бұлтты күні бұрылмай бар ғұмырын соған арнап, соның бар мехнатын жұдырықтай жүрегімен көтерген Әлекең шіркін жарық дүние есігін жабарда да «менің Ұлы Өнерім!» деп өткен шығар, сірә…
Ұлыларға тағзымды парызым деп санаған, есімдерін қадір тұтып, жусанның исімен өскен Әлекең алпыс жылдан астам келгеннің де, кеткеннің де көз қуанышы болған, Жамбыл облысының паспортындай «бекем тұрған» жыр алыбы Жамбыл бабаның ескерткішіне қолдан жасалған қиянат тұсында бозторғайдай шырылдап, құлындағы дауысы құраққа жеткен жан. Қазақ сәулет өнерінің іргетасын қалаған ерекше есімі мен төл туындылары ел аузында аңызға айналған Хакімжан Наурызбаевтың үш жыл бойы Ленинград қаласында жасаған шедевр ескерткішті тұғырлы орнынан алғанда Әлекең қолдан жасалған көзсіз қиянатқа төзе алмай көкті жарған қарағайдай теңселіп кетті. Қоғамның осы бір күреңсіз ісі мен ессіздеу тірлігіне ормандағы жалғыз ағаштай жалғыз өзі қарсы шықты. Ойға да барды, қырға да барды, қажет десеңіз соттың да терезесін қағып, есігін ашты…

Кейде асау толқыннан да тайсалмай қарсы жүзетін бірбеткей Әлекең бұл жолы өз дегеніне жетті. Жүз жасаған Жамбыл Жабаевтың «кукла ескерткішін» заң шеңберінде соттаса жүріп орнынан алдырып, өлкелі өңіріміздің, екі мың жылдан астам тарихы бар көне Тараз шаһарының символына айналған еңселі ескерткіштің тұрған орны ауысса да, «түп нұсқасын» өз тұғырына қойдырды. Бұл үлкен табандылықпен келген Жеңіс еді!!!

Жалпы, артында дара жолы қалған Әлекең ағамыз алар алғысы аз, берер бейнеті көп мәдениет саласын облыста үш ауысып басқарған қайталанбас тұлға еді. Бірақ асқан биік мансапты жанына серік етпеген Әлекең осы қызметтерде жүріп Әулиеата өңірі мәдениетін өрге сүйреді. Кеңес өкіметі тарап жатқан шақта мұхит асып Америкада оқып, алған білімі мен көрген дүниелерін облысқа таратуды, күнделікті мәдениет өміріне енгізуді мақсат тұтты. Мемлекеттік саясат пен қазақ идеологиясын ұлттық өнермен және салт-дәстүрлермен сабақтас етуді әркез берік ұстанатын Әлекең әрбір мемлекеттік мерекелерге концерттік бағдарламаларды дайындау барысында ұлттық құндылықтар мен дәстүрлі өнерге ерекше көңіл бөліп, содан күш алып, соған табан тіреуші еді.

Шерлі көңілдің шырақшысындай болған кең кеуделі, жомарт жүректі Әлекең түрлі шаруамен алдына келген, болмаса беймезгіл кездескен жандардың бетін қайтармай, қолын қақпай, сөзін жықпай, қайта шама-шарқынша көмек бергенін, қолдау көрсеткенін екеуара отырғандағы ұзақ әңгімелер барысында жиі есіне алып отырушы еді. Ең кереметі, актерлік шеберліктен де болар, ол кісінің есте сақтау қабілеті ерекше болатын. Сол бір оқиғаларға қатысты адамдар мен жыл мезгілдерін, жылын, айын «жан-жағына қарамай» дәл айтатын.

Дана халқымызда «Жақсылықтың қадамы ұзақ, барар жері алыс» деген аталы сөз барын ескерсек, осы Әлекең талай жанға жақсылық-шарапатын аямаған азамат. Оны біреу білер, мүмкін біреу білмес. Бірақ қасында жүрген, сапарлас болған шақтарда, өзара оңаша әңгімелер барысында «мен анаған мынаны жасап едім, болмаса мынаны әперіп едім» деген «міндет» ететін салмағы ауыр зіл батпан сөзін естімей кеттім. Әрине, осы пікірді айтқанда жалғыз емес те шығармын! Соның біріне назар аударыңыз, оқырман!

Өткен ғасырдың 90-шы жылдарының аяғында ма, әлде 2000-шы жылдардың басында ма Әлекең іссапармен бір ауданға барады. Ауылдардағы мәдениет нысандарын аралап жүріп, түскі асқа бір азаматтың үйіне тоқтайды. Бір кезде үй егесі «аға сізге бір кісі жолықсам деп, келіп тұр» деген өтінішті жеткізеді. Әлекең рұқсат бергені сол отырған жерге бір әйел кісі кіріп, «аға сізді көп болды іздеп жүргеніме, мен осы ауылдағы бұрынғы кітапхана меңгерушісі едім. Кітапхана жабылып, ғимаратын жекеге шығарып алған соң ондағы 12 мыңға жуық кітапты үйге жинап қойдым. Сол кітаптарыңызды алсаңыз»,– деп кітап қорын жоғалтпай сақтаған ибалы келіншек өтініш жасайды.

Мұны естіген Әлекең орнынан атып тұрып, «Үйің қайда, жол көрсет» деп келген кісінің алдына түседі. Келсе совхоздардағы қос пәтерлі қоржын үйлердің бір жағындағы төргі үлкен залы аузы-мұрнынан шығып кітаппен толғанын көреді. Кітапты керексіз еткен қоғамға басын шайқаған күйі Әлекең «Ертең кітапхана қайта ашылады, кітаптар сонда барады қам жеме, балам»,– деп үйден шыққан бойы аудан басшысына қайта барып, жағдайды айтып, басқа ғимарат тауып, кітапхана есігін қайта ашып бірақ қайтады. Осы оқиғаның ең кереметі сол, бертін келе облыстық әкімдік Әлекеңді мемлекеттік наградаға ұсыну ниетімен тиісті құжаттарын сұратады. Сондай шақта сүйегі асыл Әлекең өңір басшысына арнайы кіріп, әлгі оқиғаны бастан-аяқ айтып, сол баяғы кітапханада жұмыс жасап жүрген кітапханашы келіншектің кандидатурасын өз орнына ұсынады.

Ақырында мансаптың құлы болмаған Әлекең «Ерен еңбегі үшін» медалін «нағыз иесіне» тапсыру салтанатына қатысып, әлгі қызметкерін көп ішінде өзі бірінші болып құттықтаған екен. Міне, мен білген, мен таныған, мен соңынан қалмай жүрген Әлекеңнің осындайы да өзгеден бөлек дара «мінезі» бар еді.

Даланың сырын оқыған, жұмбағын шешкен, шежірелі «әлқиссасын» ділмар тілімен тереңнен толғайтын Әлекеңді тік мінездің «жемісінен» де болар керемет ашық жан еді дей алмасақ та, даралығы бөлек еді. Ол артық даңғазалық пен «аяқ алып» жүре алмайтын аярлықты жек көретін. Шын мәнінде кейде бірбеткей, айтқанынан қайтпайтын «қыңырлау» мінезін өзі де жасырмаушы еді.

Бізде не көп мереке көп. Әрине, Тәңір халқымызды мерекеден кенде етпесін деп тілеймін. Ал Әлекең осы «қаптаған» мереке- мейрамдардың ішінен өз жүрегіне Наурыз мейрамын, Жеңіс күні мен Тәуелсіздік мерекесін тойлауды ғана «таңдаған» ұлтжанды азамат болатын. Бізге «мені басқа мерекелермен құттықтап әуре болмай- ақ қойыңдар» дейтін әзілге айналдырып. Сондықтан да болар Әлекең осы үш қасиетті мерекеге ерекше дайындалатын! Өйткені ол осы айтулы күндердің киесі мен қадірін, мәртебесі мен маңызын, сәні мен салтанатын терең білетін еді!!!

Бабалардан тасқа басылған таңбадай болып қалған ұлттың ынтымағы мен татулығын, бірлігі мен тұтастығын тереңнен ойлай білген Әлекең әрқашан өзі де осы ізгі тілектерді көпке өнеге еткен жан…

Жанайқайымен шырылдап жүріп уақыт мәресінен мезгілсіз озған Әлекеңнің биік бейнесі мен жұмсақ даусын сағынғанда «мына қоғамға берері де, айтары да» әлі де көп еді ғой деп ойлаймын оңашада… Өйткені өнердің туын жықпаған, зау биікке қараған, жанынан самал есілген, жүрегінен мейірім төгілген Әлекең кешегі ірілердің інісі, бүгінгі кішілердің рухани ағасы еді.

Еңселі бойы еңкеймей, телегей бойы теңселмей кеткен, асқар таудай Әлекең өмірге Адам болып келіп, Адам болып кеткен жан деп ойлаймын! Ол жұдырықтай жүрегіне сыйған көп сырын сыртқа шығармай, ішкі жандүние «азабын» (әрине, оны жоқ дей алмаспыз) ешкімге ашпаған азамат еді ғой!!! Менің ойымша Әлекең де өз «сырын» айналасына артық-ауыз ашпай, данышпан Мәшһүр Жүсіп сынды ол кісі де өзінің «мәңгілік үйін» көзінің тірісінде өз қолымен салған жан болатын. Көшек бабасы атындағы ауыл шетіндегі кер биік сол Атақорымдағы «бекетіне» екі мәрте арнайы шақырғанында жол түспей, қызметтің қысылтаяң «кесірінен» бара алмай қалған жайым да бар еді… Жалпы, ақылы дария, ойы теңіз, санасы терең ағаның көкірегінде өмір салған «жаралардың да» ізі қалған шығар…

Бірақ соның бәрін «іштей сезген» жұртқа да сыр алдырмай, сезім жетегіне ілестірмей, бірде-бірін көрсетпей кетті ғой, жарықтық! Асылы Әлекең «күлкісіне» көз жасының тамшысын түсірмей кетті ғой деп топшылаймын. Ал оның «үй сыртына» шығармаған жүрегінің «жыры мен мұңын» көпшілік білмей де қалды-ау, сірә…

Кейде осы өмір деген ұлы көштің отын оттап, суын ішіп, қызметін «қызықтап», жан-жағыңмен арқа-жарқа араласып, азаматтарымен дос болып жүргенде қасыңда жүрген, жаныңда тұрған, жеті күндік аптада он көретін асыл жандарға көңіл де бөлмей, қадірін де сезбей өткеніміз де өкінішке орай жасырын емес қой. Ұлы Өнердің табалдырығына «мәңгілікке» табынған, рухани әлемі кең Әлекең осындай ала-құла көңілді ойлады ма, әлде өткен өмір жолын көз алдынан «қайта- қайта» өткізді ме екен қайдам, бірақ өз кітабында кешегі ұлы бабалардан қалған «Адам тауды қараймын деп, қасындағы төбені де көрмейді» деген терең ойлы сөзді орынды қолданған екен. Сондықтан да қасымызда жүрген «таулармен» де жанаса жүріп, ілесіп келе жатқан кіші «төбелерді» де айналып өтпесек екен… Өйткені ертең сол «биік тауларды» шарқ ұрып іздегенде кеш болмасыншы… Ал біздің халықта «Бетеге кетсе – бел қалар, бектер кетсе – нең қалар?» деген ескірмейтін есті аталы сөз бар. Сол айтқандай, бектей болған еліміздің белі мықты азаматтарының амандығын тілейік!

Әрине, өмірден жасымай, төрт түліктің төресі жылқы мінезбен желге қарап өткен кешегі дүр Әлекең еске түскенде алты Алашқа ақын болып танылып, сол Алаштың жүрегінен ойып орын алған Ринат Зайытовтың «Қыранменен торғайды менің де шатастырғым келмейді» дегені ойға оралады… Мен де Әлекеңді ешкіммен шатастырғым келмейді! Әділі де, осылай болар!
Жатқан жеріңіз пейіштің төрі болсын, өмірдегі қысқа демі осындай болған асыл аға!!!

 

Қырғызәлі ТІЛЕУОВ,

Астана қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support