- Advertisement -

Жолдау жүктеген міндеттер жүйелі орындалуы тиіс

99

- Advertisement -

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына Жолдауында еліміздің әлеуметтік- экономикалық әл-ауқатын арттыруға бағытталған межелі міндеттерді нақтылап, көптің көкейінде жүрген мәселелерді оңтайлы шешу жолдарын айқындап берген еді. Жолдауда көзделген тапсырмалар негізінде әр өңір өз жоспарын әзірлеп, іске кірісіп те кетті.

Ел Үкіметі Президент Жолдауын іске асырудың Жалпыұлттық іс-шаралар жоспарын бекіткен-ді. Яғни, жоспарды 5 негізгі бағыт бойынша іске асыру – экономиканы сапалы дамытуға және халықтың әл-ауқатын арттыруға мүмкіндік береді. Жолдауда көзделген міндеттер мен тапсырмаларды жүзеге асыру жайы облыс әкімі Нұржан Нұржігітовтің төрағалығымен өткен кеңесте қаралып, басқарма басшылары, қала, аудан әкімдеріне бірқатар нақты тапсырмалар жүктелді. Кеңес отырысында өңір басшысы биыл 1 қыркүйекке дейінгі елге кірген автокөліктерге қатысты ахуалды реттеу бойынша үкіметке нақты тапсырма берілгенін атап өтті. Соған сәйкес, енді облыстық полиция департаменті өңірдегі көліктерді ресми тіркеу жөнінде кешенді іс- шаралар жоспарын әзірлеуі қажет. Мемлекет басшысының жаңа экономикалық саясат және нақты секторларды дамыту мен бюджет саясатына қатысты тапсырмаларын облыста жүзеге асыру бойынша да бірқатар шаруаларды қазірден қолға алу маңызды.

– Шағын және орта бизнес субъектілерінің санын арттыруға жағдай жасалуы тиіс. Облыстың даму жоспарына сәйкес, биыл орта кәсіпкерліктің үлесі 8,3 пайызға орындалуы керек. «Бастау бизнес» жобасы шеңберінде оқудан кейін жеке ісін ашқан азаматтардың үлесін арттыруға жағдай жасалуы тиіс. Жолдауда атап көрсетілгендей, кәсіпкерлерге жер телімдерін ашық әрі жедел бөлудің тәсілдерін айқындап, оны жыл соңына дейін нақтылау қажет. Әрбір аймақ пен елді мекенде бос жатқан немесе мақсатқа сай игерілмеген жерлерді анықтау жайы тапсырылды. Осыған байланысты облыс әкімдігінің жер қатынастары басқармасы мен аудан әкімдері игерілмей жатқан жерлерді мемлекетке қайтару бойынша шара қабылдасын. Ал бос жер учаскелері туралы ашық ақпарат беруді «Атамекен» кәсіпкерлік палатасы мен жергілікті атқарушы органдар бірлесіп ұйымдастыруы тиіс,–деді Нұржан Молдиярұлы.

Өңірде арнайы экономикалық аймақ құру шараларын жандандыру өзекті. Өңір басшысы бұл бағыттағы жұмыстарды іске асыруда облыс әкімдігінің кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасы мен қала, аудан әкімдерін белсенді жұмыс істеуге шақырды. Сондай-ақ Нұржан Нұржігітов жол құрылысындағы заңсыздықтарды анықтау, битум тапшылығын түбегейлі шешу мәселесіне де барынша үлес қосу маңызды екенін алға тартты. Мысалы, биыл облыс бойынша 16,2 миллиард теңге бюджет қаражаты есебінен Тараз қаласын қайта жаңғырту үшін 9,4 шақырым жолды қайта жаңғырту және 605,2 шақырым жолды орта жөндеуден өткізу жоспарын орындау межесі белгіленіпті. Нұржан Нұржігітов осы ретте Жолдаудан кейін Үкімет отырысында Ресейден қосымша 200 мың тонна битумды арзан бағамен алу мәселесі қаузалғанын айтты. Соның есебінен өңір басшысы өңірге 3 мың тоннаға дейін битум алу бойынша тиісті министрліктермен кеңескенін айтып, осы жұмыстардың нәтижесінде биыл жол саласындағы индикаторлық көрсеткіш 97 пайызға елді мекен көшелерін жаңартуды 82 пайызға орындауға басымдық берілетінін атап өтті. Сондай-ақ облыс әкімдігінің кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасына өңірде битум зауытын салуға мүмкіндігінше инвестор тарту жайын қарастыруды жүктеді. Облыс әкімі Нұржан Нұржігітов жеке тұрғын үй құрылысы үшін берілетін жер телімдерінің тиімді игерілуіне де баса назар аударылатынын айтты.

– Біз жеке тұрғын үй құрылысы үшін берілетін жер телімдерін инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым желілерімен қамтуға айрықша назар аударып отырмыз. Кезекте тұрғандарға 3198 жер телімін тарату жоспарлануда. Дегенмен бұған дейін берілген жер телімдері бойынша әлі күнге ешқандай құрылыс жұмыстары басталмағандығы, бір қолдан екінші қолға сатылу секілді фактілер жиі кездеседі. Мұндай келеңсіздіктер бойынша тексеріс жүргізіліп, талап күшейеді. Тиісті мерзім ішінде құрылыс басталмайтын болса, біз жер телімдерін тарату жұмыстарын тоқтатуға тиіспіз, – деді өңір басшысы.

Аймақ басшысы Жолдаудағы «Нақты секторды дамыту», «Ел болашағына арналған стратегиялық инвестиция», «Мемлекеттік басқару ісін қайта жаңғырту», «Заң және тәртіп» секілді бағдарларға да жеке-жеке тоқталып, тиісті басқарманың басшыларына тапсырма берді. Сонымен қатар Жолдаудан туындайтын міндеттерді жүзеге асыру бойынша өңірлік іс-шаралар жоспарын әзірлеу жайы пысықталып, облыс әкімінің орынбасарларына өз салалары бойынша бақылау жүктелді. Кеңес отырысында күн тәртібіндегі кезек күттірмейтін шаруалардың бірі ретінде жылыту маусымына дайындық барысы қаралды. Басқосуда облыс әкімі қаладағы әлеуметтік нысандар мен үйлердің құбырларын жаңарту, жылыту қазандықтарын реттеу бойынша да бірқатар мәселелерді тізбектеп, жауаптыларға жылыту маусымына дайындықты 1 қазанға дейін пысықтауды тапсырды.

 

Сәндібек АСАНӘЛІҰЛЫ

 

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support