- Advertisement -

Шымкенттен көшкенде бір “КамАЗ” кітап артты

48

- Advertisement -

Асанбай Асқаров – 100

Асима БЕКСЕЙІТОВА, (Асанбай Асқаровтың бөле келіні): «Шымкенттен көшкенде бір «КамАЗ» кітап артты»

–Естуімше, сіздің жарыңыз Асқаровтың жақын бөлесі. Солай ма?

– Дұрыс айтасыз. Менің өмірлік жолдасым Ермұрат Лұқпанов асқар тұлға, барша қазаққа ортақ азамат Асанбай Асқаровтың жақын бөлесі еді. Екі жыл бұрын жүрек ауруынан бақилық болды. 72 жасында. Негізі, Асқаровтың тойын ұйымдастырушылардың бірі сол болатын. Осы сұхбатты да мен емес, асыл жарым беруі керек еді. Алла ісіне амал не?

– Асқаровпен қалай таныс болдыңыздар? Ол кісіні сіздің алғаш көрген кезіңіз есіңізде ме? Үлкен кісі қолдаған шығар?

–1972 жылы осы әулетке келін болып түстім. 1975 жылдары туған қайын атам (Лұқпан деген кісіні айтып отыр. Е.Д. ) Ермұрат екеумізді арнайы ертіп барып, Асқаров ағамен таныстырды. Ол кезде Асанбай Асқаров Алматы облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы. Сол уақыттан бастап Ермұраттың сырттай жоғары білім алуына да ол кісі көмектесті. Үлкен кісінің үйіне тікелей барып тұрдық. Ол кісі де, Фатима жеңгеміз де бізді бөтенсінбей, жақын тартты. Спорт саласы жағынан Ермұратқа жұмыс та табылды. Ол жұмысты екі жыл істеген соң, жұбайымның туған топыраққа қайтқысы келді. Сонда Асанбай аға: «Оның дұрыс. Өз еліңе, өз жеріңе бар» деп бірден қолдау көрсетті. Сонымен ауылға қайттық. Жамбылда да Ермұрат спорт саласында істеді. «Қайрат» ерікті спорт қоғамын басқарды. Ол кісі Алматы облысын басқарғанда өте беделді болды ғой. Астықты өте жоғары бергені үшін СОКП бас хатшысы Брежневтың өзі арнайы телефон шалып, құттықтағаны есімізде. Қазақстанның сол кездегі басшысы Дінмұхамед Қонаевпен де өте жақсы сыйластықта, халық мүддесі жолында түсінісіп, бірге еңбек етті.
Кейіннен Асанбай Асқаров Оңтүстік Қазақстан (қазіргі Түркістан облысы) облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болып ауысты. Үйіне барып,
Ойласу араласып тұрдық. Сол баяғы пейілі, баяғы жанашырлығы өзгермеген. Шымкентте жүргенде 60 жас тойын жасады. Бардық, ортақтастық, тойға іні-келіні ретінде қызмет еттік. Ол күндер әрине, біз үшін өте қызықты, қымбат, тарихи, жақсы жылдар екен. Сол ғажайып жылдардың куәсі болдық.
– Көп ұзамай басқаша уақыт келді. Желтоқсан оқиғасы болды. Атпал азаматтың басына бұлт үйірілді. Сіздер сонда қандай жағдайда болдыңыздар?

– Оныңыз рас. Ештеңені түсінбей де қалдық. Асанбай ағамыз тергеуге алынып, қамалды. Сондай ауыр, сынақ күндер туды. Жолдасым Ермұрат ол күндерде тыным тапқан жоқ. Асқаровтың ісі бойынша әділдік іздеп Мәскеуге дейін барды. Бішкекте болған барлық сот отырысына бірге қатыстық. Сонда Асанбай Асқаров сөйлейді ғой, сөйлегенде – өте шешен. Таза адамның тазалығы, қолының ақтығы білініп тұрады екен.
Абақтыда жатып, азап шексе де рухын төмендетпеді, сынбады. Қиын шақта да төзімділік таныта білетін нағыз тұлға екенін көрсетті. Асқаровтың сотына Жамбылдан көп тілеулес кісілер барды. Ақын Жақсылық Сәтібеков барды. Шырылдап бізбен бірге сотқа қатысып жүрді. Сонша тазалығына, сонша тергеуге қарамастан, ол кісіні босатпады ғой. Кейін ақталып шыққанын өздеріңіз де жақсы білесіздер. Бірақ, төрт жарым жыл жазықсыз абақтыға қамалып, жасы келген уақытта қиналғаны өкінішті.

– Асқаровтың Шымкенттегі үй-жайы қалай болды?

–Асқаровтың отбасын Шымкент қаласынан Алматы қаласына біз көшірістік. Жүгін екі «КамАЗға» артты. Соның бір «КамАЗ»-ы тек қана кітап болды. Кітапты өте көп жинаған екен. Ол кісінің Шымкенттегі үйінен кітаптар, 20 домбыра, сосын Қонаевтың портрет суреттерін алдық. Ал қалған заттың барлығы мемлекеттің уақытша берген мүлкі екен. Бәрі қалды. Асқаров ағаның үйін көшіріскенде есте қалғаны өте көп кітаптар болды. Ішінде әлемдік әдебиеттің небір інжу-маржандары бар.

– Атпал азамат ақталып шыққаннан кейінгі қарым- қатынастарыңыз қалай болды?

– Ол кісінің бізге деген қамқорлық жанашырлығы бұрынғыдан да арта түсті. Шымкентке Бердібек Сапарбаев шақырып, құрмет көрсетіп, батасын алғаны есімде. Тараз қаласында 70 жасын жанашыр, жақындары, халық жасап берді. Ол кезде облыс әкімі Өмірбек Байгелдиев, бірінші орынбасары Әлмұхан Исақов болатын. Алматыдан Халық жазушысы Шерхан Мұртаза келді, кейіннен Мәжіліс депутаты болған Оразкүл Асанғазы келді. Міне, осындай тарихи кісілерді ертіп Асанбай Асқаров өзінің 70 жас тойынан бір күн бұрын біздің үйге келді. Ермұрат екеуміздің шаңырағымызға атбасын бұрды. Қайраткер кісілер біздің үйде түн жарымына дейін әңгімелесіп отырды. Көңілді отырыс болды. Асқаровтың бізге деген құрметі осындай деңгейде болды. Осынау тарихи, ғажайып күнді кейіннен сағынышпен еске алып жүрдік. Айтпақшы, сол отырыстың түсірілімі біздің үйде сақталған. Асқаровтың өзі бір сағат сөйледі. Жиналған жұрт тып-тыныш отырып, барлық ынтасымен тыңдады. Тіпті, шыбынның ызыңы естілген жоқ десем артық айтқандық емес. Ол кісінің үйіндегі Фатима апай 98 жаста қазір. Алматыда тұрады. Шолпан, Айман, Жанна атты қыздарымен де, ұлдарымен де араласып, хабарласып тұрамыз.

– Асқаровтың 100 жылдығына ерекше назар аударған, көп жүгірген кісінің бірі – сіздің жарыңыз Ермұрат лұқпанов. Осы жөнінде тарқатып айтсаңыз.

– Ол уақыт басқашалау болды. Дәл қазіргідей бәріне рұқсат жоқ еді. Соған қарамастан Ермұрат тұғырлы тұлғаның 100 жылдығын өткізу жоспарын ойластырып, төрт қалада тойлануы тиіс деп жоба жасады. Асанбай Асқаровтың ескерткіш (бюст) толық бітіруге күш салып, Тараздағы Асанбай Асқаров көшесінің аяғына сол жылдары жаңадан салынған No54 орта мектептің алдына қоймақшы болды. Ол мектепке Асанбай Асқаровтың аты берілсе деп те жүгірді. Бірақ, ол кездегі жағдай бойынша құзырлы жерде отырғандар қорқып, ескерткіштің сол білім ошағының алдына қойылуына рұқсат етпеді. Содан жақын інісі Талғат Сейдалиев және Меркі ауданының сол кездегі әкімі Мейірхан Өмірбеков үшеуі бюстті толық бітіріп, Меркідегі Асанбай Асқаров атындағы стадионның алдына қойды. Ермұрат өзінің естелігінде: «Асанбай Асқаров ағаның ескерткішін басында Тараздағы Асқаров көшесінің соңындағы жаңа ашылған No54 орта мектептің алдына қоймақшы едік. Оған рұқсат болмай, көп уақыт бойы шешілмеді», – деп жазып кеткен. Ермұрат аға алдында қандай парыз іс атқарылуы тиіс болса, шамасы келгенше барлығын да істеді. Және бұдан қиындау, қысымшылығы бар уақытта тәуекел етіп, қызметінен де қорықпай, батыл қадамға барды. Оны мақтанышпен ашық айта аламын. Ермұраттың үлкен атасы болыс (Бошқай болыстың атын атамады. Е.Д.) болған екен. Ермұрат та басшылық қызметтер атқарды. Ілияс Тортаев Тараз қаласының әкімі болып тұрған кезде Тараз қалалық тұрғын үй департаментін басқарды. Бір сөзбен айтқанда жолдасым Асқаровқа да, жұмысына да, отбасына да адал болды. Асанбай Асқаровтай биік тұлғаның даңқы өрлеп, үлкен тойы тойланып жатқанына өте қуаныштымын. 11-12 қыркүйекте Меркі ауданы, Қарасу ауылында Асанбай Асқаровқа арналып үлкен аламан атбәйге, көкпар өткізілгелі жатыр екен. Осы істің басы-қасында менің қайнымның жүргенін де айту ләзім. Асқаровтың елге сіңірген еңбегі ұзақ уақыт айтыла береріне мен сенімдімін.

– Сұхбатыңызға рақмет!

 

Әңгімелескен Есет ДОСАЛЫ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support