- Advertisement -

Өнертапқыштың ісі қашан өрге басады?

83

- Advertisement -

Өрт сөндіру көлігін ойлап тапқан Марат Аюбаевтың есімі өңір жұртшылығына етене таныс. Жиырма жыл бұрын ашқан жаңалығын әлі күнге іске асыра алмай жүрген оның баспаған тауы, ашпаған есігі қалмаған. Жамбылдықтарды ғана емес, елді, тіпті жаһан жұртын да тілсіз жаудан қорғауға қабілетті әмбебап өрт сөндіру көлігін құрастырып, қолданысқа енгізе алмай жүрген өнертапқыштың үміті де сөне бастаған. Есігін қағып, алдына барған атқамінерлері арқадан қағып шығарып салатын өнертапқыш енді тек Мемлекет басшысы мен облыс әкімінен ғана үмітін үзбей отыр.

Зейнет жасындағы өнертапқыш отты жеті түрлі жолмен өшіретін әмбебап машинаны теория жүзінде дәлелдеп шығып, жаңалығын патенттеп қойған. Алайда оның туындысына 20 жылдан бері ешкім мән бермей келеді. Автордың айтуынша, жоба жүзеге асса, коронавирусқа қарсы күрес жүргізу үшін де пайдалануға болатын көрінеді.

Марат Аюбаев 30-ға тарта түрлі жаңалық ашып, барлығын патенттеп алған. Соның ең негізгісі әрі бірегейі – өрт сөндіру көлігі. Ерекшелігі – жалынды бірнеше компонентпен өшіре алады. Өнертапқыштың айтуынша жоба жүзеге асса, нағыз техникалық төңкеріс болмақ. Өндіріске енгізілген жағдайда сусыз аймақта екі тәулікке дейін тоқтаусыз жұмыс істей алатын өрт сөндіру көлігін жасап шығаруға болады. Оның бұдан өзге де жобалары жетерлік.

Оның бірі – өрт түнде бола қалған жағдайда ұйқыда жатқан адамдарды оятатын құрылғы. Сонымен қатар биік ғимарат, таулы аймақтар мен жанармай қоймаларындағы өртті сөндіретін тәсілдерді де ойлап тапқан. Машинаны пандемия кезінде шекаралық бекеттерге қойып, коронавирусқа қарсы пайдалануға болады деп отыр. Бірақ бұл әзірге қағаз жүзінде ғана тұр.

Құрылғыны жасап, іске асыру үшін қомақты қаржы қажет. Өнертапқыш жобасын ұсынып, біраз табалдырықты тоздырған. Алайда оның жаңалықтарына тиісті деңгейде көңіл бөлінбей келеді. Жасыратыны жоқ, елімізде ғылыми жаңалықтарды өндіріске енгізу өте қиын. Осы жолда жиырма жылын сарп етіп, өнертабысын тәжірибеде қолданудың тиімділігіне жауаптылардың көзін жеткізе алмай жүрген өнертапқыш Марат Аюбаев Мемлекет басшысына хат та жолдаған. Өз хатында ғалым өртпен күресуге бағытталған 3 жаңалығымен бөліскен. Атап айтқанда, бірінші жаңалығы – Көпсалалы Аюбаевтардың өрт машинасы. (Патент No288»01). Бұл өрт машинасы өртті 7 тәсілмен (бумен, сумен, булы-сумен, инертті газбен, газды-сулы-булы көбікпен) 24 сағат бойы сөндіре алады. Себебі физиканың заңында: бір көлем судан – бес мың көлем бу алуға болатыны дәлелденген. Сол себепті өрт машинасы бу қазандығымен және басқа құралдармен жабдықталған.

Ал дүниежүзінің өрт машиналарының цистернасындағы су 30 минутқа ғана жетеді. Осыдан кейін оларға қайта су керек болады. Мәселен, Ресейде жасалған «ПиРо» маркалы өрт сөндіру машинасы өртті температурасы 165 градус ыстық сумен өшіреді. Жұмыс істеу уақыты – 30 минут. Осы машинаның үш данасын біздің мемлекетіміз сатып алған. Әр машинаның бағасы – 180 миллион теңге.

Екінші жаңалығы – өртке қарсы тікұшақ. (Патент No1208). Бұл өрт техникасын өте шалғай (алыс), өрт машинасы бара алмайтын жерлерде өртті сөндіруге пайдалануға болады. Өртке қарсы тікұшақтың көмегімен де өртпен тоқтаусыз күресуге мүмкіндік бар. Техниканың бұл түрі өрт сөндіру машинасы сияқты бу қазандығымен және басқа жабдықтармен жабдықталған.
Үшінші жаңалығы – жанармай қоймаларындағы болған өртті автоматты түрде өшіру тәсілі. (Патент No2272). Бұл жаңалық жанармай қоймаларында өрттің алдын алуда таптырмайды. Өрт бола қалған күннің өзінде оны өрт сөндірушілерді қатыстырмай-ақ, яғни автоматты түрде 2-3 минутта өшіреді. Бастысы болған өрттен ешкім зардап шекпейді. Шығын да болмайды. «Қазіргі уақытта жер жүзінде жанармай қоймаларында болған өрттерден көптеген адам өлімі тіркеліп, одан келген материалдық шығын миллиардтаған теңгеге бағаланып жатады», дейді ғалым.

Ғалымның айтуынша, өрт сөндіруге бағытталған мұндай технологиялардың қоғам өмірінің басқа да салаларында пайдалануға болады. Мәселен медицинада бөлмелерді, заттарды температурасы 130-150 градус ыстық бумен залалсыздандыруда бұл тәсілдердің көмегі көп. Сол секілді мал, құс фермаларында бүрге, кене сияқты паразиттерді бумен өлтіру және микробты инфекцияларды бумен залалсыздандыруда пайдаланылады. Ал коммуналдық шаруашылықта бу қазандығымен жабдықталған өрт сөндіру машинасы аяздан қатып қалған су құбырларын жылытып, іске қоса алады. Тіпті уақытша жылу мен электр энергиясын беру қабілетіне ие.

Көпқырлы өрт сөндіру технологиялары 2015 жылы өнертабыс саласындағы республикалық «Шапағат» байқауында үздік шығып, үш салалық министрдің қолы мен мөрі басылған дипломмен және жеңіс кубогымен марапатталады. Әділет министрінің Алғыс хатына да ие болды.

Ғалым өрт сөндірудегі осынау технологияларды ғылыми айналымға енгізудің мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси өміріне үлкен септігін тигізетінін алға тартуда.

– Осы машинаны жасап шығару, қолданысқа енгізу үшін талай жылдан бері бармаған жерім, қақпаған есігім қалмады. Оңтүстіктегі «Ленгір машина жасау зауытының» адамдары: «Қаржылық жақтан қолдаушылар болса, бұл машинаны жасап шығаруға қызығушылық танытып отырмыз», – деп хат жазды. Алайда қалалық, облыстық әкімдік тарапынан ешқандай қызығушылық болған жоқ. «Республикалық конструкциялық бюро» деген бар. Соның адамдары да менің бұл жобамды жан-жақты зерттеп, жалпы конструкциялық жобасын жасап, сызып беруге келісім берді. Алайда оған да ешқандай қаражат табылмады. Бұл машинаның жағдайы осылай болды. Біз бұдан кейін осы тәсілдерді қолдана отырып, өрт сөндіруші тікұшақтың жобасын жасап шықтық. Бұл тікұшақтың бір реткі құйылған сумен 20 сағат бойы тоқтаусыз жұмыс істей алатын қуаты бар, – дейді өнертапқыш.

Ғалым 2019 жылы өрт сөндіру машинасын тәжірибе сынағынан да өткізіп көріпті. Оған Алматы қаласынан тиісті мамандармен қатар, Жамбыл облысының әкімдігінен және жергілікті төтенше жағдайлар департаментінен де мамандар қатысқан. Енді бұл жобасына еліміздің Төтенше жағдайлар министрлігі, Жамбыл облысының әкімдігі қолдау көрсетсе дейді.

 

Нұржан ҚАДІРӘЛІ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support