- Advertisement -

Бейқам болма, әділдікті талап ет!

74

- Advertisement -

«Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігі Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігімен бірлесіп 15 тамыздан республика бойынша «Әділдікті талап ет!» атты ауқымды акция бастаған болатын. Оған еліміздің кез-келген азаматы қатыса алады. Науқанның басты мақсаты – қоғам арасында жемқорлыққа төзімсіздік ортасын қалыптастырып, бұл үрдіске ел азаматтарын барынша жұмылдыру. Аталмыш іс-шара жемқорлықтың болуы немесе орын алуы мүмкін деген, қоғамды алаңдататын мәселелердің кең ауқымын кезең-кезеңімен қамтитын болады.

Бірінші кезеңде автожол саласындағы мәселелерге тоқталып, жолдарды салу, жөндеу және күтіп ұстау барысындағы жемқорлық тәуекелдерін анықтауға назар аударылды. Биыл 14 шілдеде өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жол салу саласында сыбайлас жемқорлыққа бейімділік көрсеткішінің жоғары екенін атап өтіп, елімізде жол салу барысында 10 жыл ішінде болған бұзушылықтарды мұқият тексеруді тапсырғаны белгілі.

«Еліміздің жолдары нашар екені және жол құрылысы саласын жемқорлық жайлағаны ешкімге жасырын емес. Жалпы, бұл салада қордаланған мәселе көп… Жолдың нашар сапасына қатысы бар барлық кінәлілерді заңға сәйкес жауапкершілікке тарту қажет», – деді Президент.

Қазақстанда бұл сала сыннан көз ашпай жатқаны анық. Сапасыз салынған жолдар жол-көлік апаттарында талай адамның қайтыс болып, жарақат алуының себебі болып табылады. 2021 жылы автожол саласына 500 миллиард теңге шамасында қаржы бөлінген. Соған қарамастан осы жылы 14 мың жол-көлік апаты тіркеліп, онда 2 мыңнан аса адам қаза болып, 18 мың адам жарақаттанған. Бұл дегеніміз – 20 мың бұзылған тағдырлар! Жол сапасының бұл жағдайға қатысы бар екені анық.

Расында да, сапасыз жолдар – адамның өміріне қауіп төндіретін жол апаттарының, тасымалмен айналысатын бизнес-қауымдастығының өзекті проблемасы болып отыр. Жалпы, транспорт жүйесі – ұлттық экономика үшін маңызды деп саналатын еліміздің инфрақұрылымы. Дүниежүзілік экономикалық форумның Ғаламдық бәсекеге қабілеттілік индексінің көрсеткішіне сәйкес жол сапасы жөнінен біздің ел 138 орынның 108-ші орнына жайғасқан.

Биыл елімізде 11 мыңнан астам шақырым жолға әртүрлі жөндеу жұмыстары жүргізілмек. Бұған 600 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді. Ал жол жөндеуге бөлінген осы қаражаттың 44 пайызына мемлекеттік сатып алу қорытындысы жасалмаған.

«Автожолдарды салу жобаларының барлық кезеңдері жемқорлық тәуекелдеріне бейім. Тек мемлекет пен азаматтардың бірлескен күшімен ғана, қоғамды барынша жемқорлыққа қарсы күресте жұмылдыра отыра, бұл бассыздыққа төтеп бере аламыз», дейді акцияны ұйымдастырушылар.

Олардың айтуынша, азаматтар науқанға Adildik.kz веб-сайты арқылы қосылып, 1463 Call-center бойынша еліміздің автожолдарын салу, жөндеу және күтіп ұстау саласындағы жемқорлық туралы ақпаратты 15 тамыздан бастап хабарлай алады. Келіп түскен барлық ақпарат қалың жұртшылықты жұмылдыра отыра, жергілікті және республикалық «Әділдік кеңесі» атты кеңестерде талқыланады. Сонымен қатар салалық нормативті-құқықтық актілерді жетілдіру мақсатында және уәкілетті органдарға сындарлы ұсыныстар ұсынылатын болады.

Науқанның қорытындысы, сонымен қатар бірлестік қызметінің нәтижесі биыл жыл аяғында өтетін Жемқорлыққа қарсы форумда жарияланып, науқанға белсенді қатысқан азаматтар «Әділдік жауынгері» мәртебесіне ие болмақ. «Әділдік жолы» РҚБ бей-жай қарамайтын барлық азаматтарды аталмыш науқанға қосылып, елімізді толыққанды дамытуға жол бермей жатқан, жемқорлардың «арқасында» жемқорлықты қабылдау индексіне сәйкес 180 елдің арасындағы 102-ші орынды ұстатып отырған жемқорларға қарсы күресте белсенділік танытуға шақырады.

Айта кетсек, жоғарыда көрсетілген шараның ұйымдастырушысы – ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасының «Әділдік» атты екінші бағытын қолдау мақсатында 2020 жылғы 18 қарашада құрылған «Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігі. Аз уақыт ішінде ұйым сыбайлас жемқорлыққа және оның барлық көріністеріне қарсы күресте жақсы нәтиже көрсете алды.

Осылайша бірлестік жыл басынан бері 22 мыңнан астам азаматқа заңгерлік кеңес беріп, мемлекеттік сатып алулар мониторингі аясында 1 мыңға жуық бағаны көтеру фактілері мен 20 миллиард теңге соманы құрайтын заң бұзушылықтарды анықтады.

Осы және өзге де фактілер бойынша 300-ден астам мемлекеттік орган басшылары мен басқа да тұлғаларға жалпы сомасы 67 миллион теңге айыппұл салынып, 21 қылмыстық іс қозғалған. Олардың тең жартысы мемлекеттік қызметкерлер немесе кәсіпкерлік қызметпен айналысқан оларға теңестірілген тұлғалар. Мысалы, Ақтөбе қаласындағы бір спорт мектебі директорының орынбасары өз қызметімен қатар жеке кәсіпкер ретінде мемлекеттік сатып алулармен айналысып, басқа спорт мектептері мен білім беру ұйымдарына да қызмет көрсетіп отырған. Оған 428820 теңге көлемінде айыппұл салынып, сондай-ақ мемлекет пайдасына оның заңсыз 15901780 теңге кірісі тәркіленген.

Бірлестік «ArtSport.kz» жобасы аясында да жемқорлық фактілерін бірінші болып анықтаған. Мәселен, жан басына белгіленген мемлекеттік шығармашылық тапсырыс 28 миллиард теңгені құраса, тек Шымкент қаласының өзінде 1704 ваучер иегерінің арасынан 547 бұзушылық анықталды, яғни әр үшінші бала үйірмеге қатыспаған.

 

Жүрсінкүл ЖАҚЫП

 

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support