- Advertisement -

Ұстаз – ұлт болашағын тәрбиелейді

67

- Advertisement -

Кеше Тараз қаласындағы «Оқушылар сарайында» «Білімді ұлт: терең білім, еңбекқорлық және отаншылдық қасиет» тақырыбында білім қызметкерлерінің дәстүрлі тамыз кеңесі өтті. Алқалы жиынға облыс әкімі Нұржан Нұржігітов қатысып, нағыз ұстаздың бойында қандай қасиеттер болу керектігін, бүгінгі заман талабы оларға қандай міндеттер жүктеп отырғанын егжей- тегжейлі баяндап берді. Сондай-ақ кеңесте жамбылдық білім саласының былтырғы жұмыстары қорытындыланып, алдағы бағыт-бағдары айқындалды.

– «Бұл кеңес – салада туындаған мәселелерді талқылап, алдағы міндеттерді нақтылайтын маңызды жиын. Мемлекет басшысы өз Жолдауында «Білім беру жүйесіне жігерлі әрі білікті мамандар қажет» деп атап көрсеткен болатын. Бұл әрбір педагогке үлкен жауапкершілік жүктейтіні сөзсіз. Себебі, ұстаз – ұлт болашағын тәрбиелейді! Осынау ел игілігі жолында аянбай еңбек ету – баршамыздың ортақ борышымыз. Адам капиталын дамытудың негізі болып саналатын білім саласына облысымызда айрықша назар аударылып келеді», – деген Нұржан Молдиярұлы алдағы оқу жылында болатын жақсы жаңалықтарды жария етті. Және ол жұмыстардың сапалы әрі мерзімінде орындалуын білім және құрылыс басқармаларына, аудан және қала әкімдеріне тапсырды.

Келесі кезекте облыстық білім басқармасының басшысы Бейқұт Жамангозов баяндама жасады. Өңірдегі білімге бірінші жауапты маманның баяндамасы да мазмұнды болды. Онда әулиеаталық білім жүйесіне қатысты барлық мәселе қамтылды. Облыстың бас мұғалімі білім беру саласының жетістіктерінен бастап, түйткілді мәселелері, кем- кетіктері, алдағы мақсат-міндеттері туралы кеңінен сөз етті. Қолданыстағы жүйені өзгертетін орынды ұсыныстар да айтылды.

Болашақтың кілті, елдің ертеңі – білімді жастар. Мемлекеттің дамуы мен өсіп-өркендеуі білімді жастарға тікелей байланысты болғандықтан облыста білім беру жүйесін дамытуға да ерекше назар аударылуда. Биыл білім жүйесін қаржыландыруға 236 миллиард теңге бөлінді.

Мектепке дейінгі тәрбие – тәрбие жүйесінің негізі десек, аймағымыз бойынша 571 мектепке дейінгі білім беретін мекемелерде 57 333 бала тәрбиеленуде.

Былтыр мектептен түлеп ұшқан 11 мыңнан астам түлектің 428-і «Алтын белгі» аттестатын қорғады. 706 түлек үздік аттестат алды. 1218 бітіруші ҰБТ-дан 100-ден жоғары балл жинады. Дегенмен, назар аударатын мәселелер де жоқ емес. Түлектердің ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысу үлесі Қордай ауданында 43,9 пайызды құрап, ең төмен көрсеткішті көрсетіп отыр.

Шекті деңгейден өтпеген бітірушілердің басым бөлігі – Қордай мен Жуалы аудандарының түлектері екен. 11 мектеп 2 жыл қатарынан төмен нәтиже көрсетіп отыр.

– «Тестілеу – жас түлектерге тек жоғары оқу орнына түсу үшін қажет десек те, 11 жыл бойы алған білімнің көрсеткішін айқындайтын үлкен сынақ. Білім мекемелері көрсеткіш үшін емес, баланың болашағы үшін қызмет етуі керек. 2 жыл қатарынан төмен нәтиже көрсету – мектеп басшысының кәсіби біліктілігінің жеткіліксіздігінен деп ойлаймын. Басқару қабілетінің әлсіздігі білім сапасына кері әсер етеді. Осыған орай, білім басқармасына мектептердегі оқу-тәрбие үрдісін зерделеп, әдістемелік көмек көрсету арқылы нақты шаралар қабылдауды тапсырамын», – деді облыс басшысы Нұржан Нұржігітов.

Жамбылдық білім беру жүйесін өркендету барысында мүмкіндігі шектеулі балалардың ой- өрісін дамыту, дүниетанымын кеңейту, оларға сапалы білім беру мәселесі де қалыс қалған емес. Бүгінде қаланың 28 мектебінде 6403 оқушы қатарластарынан кем қалмай білім алып жүр. Мектепке дейінгі мекемелерде де түзету кабинеттері мен инклюзивті білім беретін бөлімдер бар.

Жаңа оқу жылында 6 мектеп оқушылар игілігіне берілмек. Ал 4 мектеп жыл соңына дейін пайдалануға беріліп, 2 үш ауысымды, 2 оқушы орын тапшылығы бар, 6 тозығы жеткен мектептің мәселесі шешіледі деп күтілуде. Сонымен қатар ағымдағы жылы 15 мектептің құрылысы жүргізілуде. 18 білім нысаны күрделі жөндеуден өткізілді. Оның ішінде «Ауыл – ел бесігі» жобасы есебінен 11, облыстық бюджет есебінен 7 білім нысанына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Тағы бір маңызды мәселе, ротацияланған басшылар өздерімен бірге әкімшілік қызметкерлерін, білікті педагогтерді бірге алып кетпеуі керек. Сондай-ақ әлеуметтік желілерде жиі талқыланатын мектеп директорларының қызметкерлерді жұмысқа қабылдауы кезінде сыбайлас жемқорлыққа жол беретін қателіктеріне қатысты сөз болды. Алдағы уақытта бұл бойынша құзырлы орындармен қадағалау жүргізіледі. Ондайға жол берген басшылар үшін қабылданатын шаралардың жеңіл болмайтыны қатаң ескертілді.

Қуанарлығы, облыстағы мектептердің барлығы интернет желісімен қамтамасыз етілген. Барлық мектеп «Күнделік» ақпараттық жүйесінде жұмыс жасайды. 2021-2022 оқу жылында облыстың 76 мектептен тыс мекемелерінде барлығы 169152 бала түрлі бағыттағы үйірмелермен қамтылды. Балалар жылы аясында жыл басынан бері 1 348 іс-шара өтті. Ата-аналарға арналған «Отбасым – мақтанышым, тірегім» тақырыбында және «Балалар – жарқын болашақтың кепілі!» атты облыстық форумдар өтті. Шу ауданында 600 орындық «Оқушылар сарайы» пайдалануға берілсе, ағымдағы жылдың мамыр айында Тараз қаласында «Бақытты болашақ» оқушылар сарайы ашылды. Сондай-ақ жаз мезгілінде облыстың мектептен тыс мекемелері жазғы танымдық бағдарлама бойынша 41 мыңнан астам балалардың бос уақытын тиімді өткізуін ұйымдастырды.

– Жамбылдық білім беру жүйесі – білім берудегі инновациялық дамудың озық үлгісін енгізе білуіміз қажет. Педагогтердің тәжірибесі мен кәсіптік шеберлігі – жас ұрпақты тәрбиелеуді табысты жүргізудің кепілі, – деп сөзін түйіндеді басқарма басшысы Бейқұт Тілепалдыұлы.

Жиын соңында облыстың білім беру жүйесін жетілдіруге қосқан елеулі үлесі үшін бір топ ұстаздар Құрмет грамотасымен, Алғыс хатпен марапатталды. Сондай-ақ 2022 жылғы «Орта білім беретін үздік ұйым-2022» грантының иегері Меркі ауданындағы №9 М.Әуезов атындағы мектеп-лицейіне 34 миллион теңгенің сертификаты тапсырылды.

 

Гүлжан РАХМАН

 

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support