- Advertisement -

Тұқым мәселесін шешпей жақсы өнім ала алмаймыз

41

- Advertisement -

Тоғыз жолдың торабында орналасқан Шу ауданының экономикалық əлеуеті өзге аудандарға қарағанда жоғары. Қай саласын алып қарасаңыз да өсім байқалады. Оған облыс əкімі Нұржан Нұржігітовтің ауданға жұмыс сапары барысында көзіміз жете түсті.

Аймақ басшысы алдымен талай тарихты ішіне бүгіп жатқан көне Ақтөбе-Баласағұн қала жұртының орнында болып, ондағы өлке мұрағатымен танысты. Əл- Фараби атындағы университеттің профессоры Мадияр Елеуовтың айтуынша, бұл қалашық 14 жыл бұрын халықаралық дәрежеде ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне еніпті. Ол қала туралы деректерді ортағасырлық ғұламалар – әл-Хорезми, әл-Бируни, әл-Мағдиси, Махмұд Қашқари және басқа да ғалымдардың еңбектерінен кездестіруге болады.

Ал «Ежелгі Тараз ескерткіштері» тарихи-мәдени қорық-музейі» мемлекеттік мекемесі директорының міндетін атқарушы А.Крокошеваның айтуынша, Ақтөбе қалашығындағы ғылыми-зерттеу жұмыстары ХІХ ғасырдың аяқ жағынан басталып, əлі күнге дейін жалғасын тауып келеді. Зерттеу жұмыстарының нәтижесінде қалашықтың VІ-ХІІІ ғасырлар аралығында өмір сүргені анықталып, ол жерден қамалдар, мұнаралар, салтанатты сарайлар кешені, қақпа, монша, шеберхана тағы басқа бөлмелер ашылған. Бұл жазба деректер мен ғылыми-зерттеулерді саралай келе Ақтөбе қалашығы белгілі түрік ғұламасы Жүсіп Баласағұнның кіндік қаны тамған жер болуы мүмкін деген болжам жасалған.

Дегенмен мұнда атқарылып жатқан жұмыстарға профессор Мадияр Елеуовтың көңілі толмай отыр. Өйткені ғалым бұл қала жұртының атына сай тарихи орталыққа айнала алмауда деп есептейді.

– Мұндағы қазба жұмыстарымен 1974 жылдан бері айналысып келемін. Соңғы 10 жылда археологиялық қазба жұмыстары тоқтап қалды десе де болады. Бұған әрине, қаражат керек. Бұл орынды тамаша туристік базаға айналдыруға болады. Осыған қаржы бөлдіріп, қолдау көрсетсеңіз, – деп өтініш айтты. Сонымен археолог- этнограф ғалым туристік база жасау үшін оған келетін 4,5 километр жол салып, автотұрақ жасауға жəне қазба жұмыстарын жалғастыруға қаржы бөлуді сұраған болатын.

Облыс əкімі осы салаға жауапты орынбасары мен мамандарға жəне аудан əкімі Сəкен Арубаевқа ғалымдармен бірлесе жұмыс істеп, бір ай ішінде нақты жоспар жасап ұсынуды тапсырды.

Облыс əкімі Нұржан Нұржігітов аудандағы жұмыс сапары барысында осында ұйымдастырылған «Егінжай күні – 2022» дала семинарына қатысып, аймақ диқандарының ырысты, берекелі жиынының куəсі болды. Оған барлық ауданның əкімдері мен осы салаға жауапты орынбасарлары, шаруа қожалықтар мен ірі агроқұрылымдардың өкілдері қатысты. Дала семинарында аймақ басшысы «QYZYLSHA» ЖШС жүгері, пияз жəне қант қызылшасы алқаптарымен танысты. Серіктестіктің бас директоры Мұхаш Үсенбаев жүгері алқабындағы жаңа тұқымды Венгрия мемлекетінен алдырып, шетелдік əріптестерімен тұқым шаруашылығын құру бағытында жұмыс істеп жатқанын айтты. Ол бағыттағы жоспарымен де бөлісті. Оның айтуынша, биыл жүгері алқабының əрбір гектарынан 3 тоннадан тұқым жинамақ ниетте. Оның биологиялық өнімділігі 8 тоннадан 14 тоннаға дейін өнім жинауға мүмкіндік бермек. Аймақ басшысы «Біздің мақсат облыста жүгері тұқымы өндірісін дамытып, шаруаларды өз тұқымымызбен қамту» деп түсіндірді. Келесі кезекте 25 гектар алқапқа орналастырылған пияз алқабын көрді. Кəсіпкер Лугмар Самдуровтың айтуынша, пияздың бір гектарынан 800 центнерден өнім жинамақ. Қазу жұмысын жаңа бастаған кəсіпкер пияздың бір килограмын алқап басынан алушыларға 45-50 теңгеден өткеріп жатыр екен. Маусымдық жұмысқа тартылған бір жұмысшыға күндігіне 7-10 мың теңге төлеп отыр.

Облыс əкімі Нұржан Нұржігітов кəсіпкерге біртіндеп пияздан тиімді дақыл қант қызылшасына көшу керектігін айта келіп, «Жерді игеруде, ағын суды пайдалануда тəртіп болу керек. Өнімді алқаптан жинап алған соң онда тамшылатып суарудан қалған пластик қалдықтарды жинап, тиісті орында жойып отырған абзал. Оның жерге, экологияға тигізетін залалы болмауға тиіс» деп тапсырды.

Сондай-ақ облыс әкімі Аванкамерамен ж əн е «Келет» компаниясының насос қондырғыларымен, техника,тыңайтқыш, пестицид пен тұқым көрмесімен, «QYZYLSHA» ЖШС қант қызылшасы алқабымен жəне «Volmant» компаниясының «Valley» қондырғыларымен танысты.

Дала семинарында ғалымдар мен ауыл шаруашылығы құрылымдарының өкілдері баяндама жасап, өз жобаларымен, ғылыми ұсыныстарымен бөлісті. Атап айтсақ, Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің профессоры Марат Қожахметов, Қазақ егіншілік жəне өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының білімді тарату жəне əзірлемелерді өндіріске енгізу орталығының басшысы Сейіткəрім Қалтаев жəне басқа да ғылыми-зерттеу институттарының, қаржылық ұйымдар мен агроқұрылым директорлары мен басшылары баяндама жасап, өз тəжірибелерін ортаға салды. Ең бастысы, олар шаруалармен бірлесе өнімділікті арттыру бағытында жұмыс істеуге əзір екендіктерін жеткізді. Ғалымдар бір ауыздан тұқым шаруашылығын дамытпай өндіріс алға дамымайды деген ұстанымда. Оған облыс басшылығы тарапынан қолдау қажеттігін сөз етті.

– Бүгінгі таңда шаруалар өз күшімен өнімділікті мүмкіндігінше жоғарлатты. Енді олар ғалымдармен бірлесе жұмыс істеуі керек. Өйткені аймақта тұқым мəселесін шешпей, жақсы өнім жинай алмаймыз. Қарап отырсақ, қант қызылшасы болсын, көкөніс, бақша дақылдары болсын барлық дақылдың тұқымын шетелден аламыз. Сол үшін оны өндіруді кешіктірмей қолға алуымыз керек. Бұл бағытта жұмыстар басталды, қазір облыста астық бойынша 8 шаруа қожалық тұқым дайындаумен айналысуда. Енді мұндай қожалық Шу ауданында да құрылуда. Жуалы ауданында картоп тұқымын қолға алмақ ниеттеміз. Осылайша бұл тұқым шаруашылықтарын аймақта дамыту күн тəртібінде тұрған басты мəселенің бірі. Осыған ғалымдардың көмегі керек, – деді Нұржан Нұржігітов.

Сондай-ақ ауыл шаруашылығы саласында атқарылып жатқан жұмыстар туралы облыс əкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Ербол Жиенқұлов та есеп беріп өтті.

Семинар соңында Нұржан Нұржігітов агроқұрылым басшылары мен семинарға қатысқан шаруа қожалық жетекшілері тарапынан қойылған сұрақтарға жауап беріп, семинарды қорытындылады.

Аймақ басшысы бұдан кейін өңірдің стратегиялық нысаны болып табылатын Тасөткел су қоймасын сейсмикалық күшейту құрылыс жұмыстарының барысын көрді. Оның құрылысын «ТаразҚұрылысИнвест» ЖШС жүргізуде. Жобаның құны 2,1 миллиард теңгені құрайды. Серіктестік директоры Нұрғазы Бекпердиевтің айтуынша, құрылыс жұмыстары 90 пайызға орындалған. Мұндағы мəселе құрылыс жұмыстарының кестеден кешігуі. Жоба бойынша оның құрылыс жұмыстары өткен жылы аяқталып, пайдалануға берілуі керек болған. Құрылыс жұмыстарын аяқта у үшін серіктестік қосымша уақыт пен қаржы сұрап отыр.

Келесі кезекте облыс əкімі Шу қаласындағы «Жетісу» тұрғын үй алқабында тұрғызылып, кейіннен қараусыз қалған 75 пəтерден тұратын 4 көпқабатты тұрғын үйдің қазіргі жағдайымен танысқан болатын. 1982 жылы салынған, кейіннен адам тұрмай үйлер əбден тоналып, жарамсыз болып қалған. Бірақ оны күрделі жөндеуге сұраған қаржыға жаңасын салуға болатындықтан жобалаушылар үйді жөндеген экономикалық жағынан тиімсіз, себебі жөндеу жұмыстарына қажетті қаржыға жаңа үй құрылысын жүргізген дұрыс деп санайды. Аймақ басшысы да оның күрделі жөндеуіне кететін қаржыны қайта есептеп, қайтадан зерделеп барып шешім қабылдауды тапсырды.

Келесі кезекте облыс əкімі құрылысы жоспарланған АГРС салынатын аумақты көрді. Жоба құны 4132,1 миллион теңгені құрайды. Құрылыс жұмысын 2021 бастап 2025 жылы аяқтау көзделген. Мердігері «StroyGazCompany» ЖШС болып табылады. АГТС қуаттылығы сағатына – 160 мың текшеметрді құрайды. Бұл жоба іске асқан кезде, Шу және Мойынқұм аудандарының 59 елді мекені газбен қамтамасыз етілмек.

Сондай-ақ аймақ басшысы Төле би ауылындағы 300 орындық əл-Фараби атындағы орта мектепте болды. Білім нысанының жобалық құны 905,5 миллион теңге. Оның құрылысын «Сұңқар 2002» ЖШС жүргізуде. Мектеп құрылысы кестеден қатты кешіккен.

– Бұдан екі ай бұрын келгенімде де дəл осындай жағдай болатын. Одан бері ештеңе өзгермеген, – деп облыс əкімі Нұржан Нұржігітов мердігерді сын тезіне алды.

Бұл нысанның мердігеріне құрылыс жұмысын мерзімінен кешіктіргені үшін бұған дейін төрт рет айыппұл салыныпты. Одан ешқандай нəтиже бермеген мердігер тағы айыппұл арқалауы мүмкін.

Бұдан кейін «M-KAT GREEN» ЖШС күн электр стансасының жұмысымен танысты. Серіктестік өкілінің айтуынша, нысан 2019 жылы пайдалануға берілген. Жобаның құны 36,2 миллиард теңге, сағатына 100 мегаватт электр қуаты өндірілуде. Бүгінгі таңда стансада 87,9 миллион Квт/сағ немесе 3 042,8 миллион теңгенің өнімі өндірілген. Сапар соңында облыс əкімі Нұржан Нұржігітов Сауытбек ауылындағы Алға орта мектебінде болды. Мектептің қазандығы газға ауыстырылуда. Ауданда жалпы 6 мектептің жылыту жүйесі газға ауыстырылып жатыр екен. Мердігер жылыту маусымына дейін қазандық газға қосылатынын айтты. Өңір басшысы жауаптыларға жұмыстың сапалы орындалуы тиіс екенін ескертті.

 

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Шу ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support