- Advertisement -

Балық шаруашылығына талап жоғары

34

- Advertisement -

Қордайда ақсерке тұқымдас бақтақ (форель) балығын өсіретін шаруашылықтар қатары жыл санап көбейіп келеді. Бұл кәсіппен «Korday Fish» ЖШС басшысы Рамазан Харсанов 2019 жылдан бері айналысып келеді. Ол қызығы мен қиындығы қатар жүретін кәсіптің «бәрінен бұрын жауапкершілігі жоғары» дейді.

– Балық шаруашылығы бірінші жылы дән сеуіп, күзде астық бастыра салатын егін шаруашылығы емес. Бұл іске үлкен жауапкершілікпен қарап, жақсы дайындықпен кірісу керек. Ал табыс білімнен басталады, – дейді ол.

Сортөбе ауылдық округіндегі бақтақ шаруашылығы шамамен төрт гектар аумақты алып жатқан тоған жағасында орналасқан. Форель құбылмалы және карп тұқымдас бақтақтарымен бірге өсіріліп жатқан тоғанға су қайнардан келеді. Судың температурасы мен тазалығы, балықты бір бассейннен екіншісіне ауыстыру, азық беру тәртібі, бәрі-бәрі талапқа сай жүргізілуде. Бұл талаптар сақталмаса балықтың қырылып қалуына алып келуі мүмкін.
Рамазан Харсанов бар қиындықты еңсере отырып, осы іске білек сыбана кіріскен кәсіпкер. Ол бұл шаруашылықты бастамас бұрын көрші Қырғыз еліндегі балық шаруашылығымен жан-жақты танысып, тәжірибе жинап барып, шаруаны осыдан үш жыл бұрын бастаған. Округ тарапынан жалға берілген тоған жағасына 10 бассейн орналастырып, бастапқыда 10000 шабақ жібереді. Сөйтіп, ісі ойдағыдай жүріп кетті.

Бұл жобаны іске асыруға 300 миллион теңге инвестордың қаражаты тартылған. Қазіргі таңда «Korday Fish» ЖШС өңірлік индустрияландыру картасына енгізілген, оған сай 2020-2025 жылдарға арналған индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы аясында әрі қарай даму үшін кәсіпорынға мемлекеттік қолдау көрсетілмек.
Бүгінгі таңда қожалық инкубация цехының құрылысын бастап кетті. Ол цехта шабақтар өсірілетін болады. Сонымен қатар балықты өңдеу, оны ыстау жоспарда бар. Осылайша кәсіпкер балықты консервілеу, ыстау, қарқынды тоңазыту цехтарын іске қосып, ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтымақ ниетте. Жаңа нысанның жылдық қуаттылығы 50 тоннаны құрайды. Жоспарға алынған құрылыс нысаны толық аяқталғаннан кейін онда балық өнімінің жылдық қуатын кезең-кезеңімен 150 тоннаға дейін ұлғайту көзделген. Қазір онда балық өсірумен 14 адам айналысуда.
Кәсібін алғаш бастағанда Рамазан балықты су айдынынан ұстап, тікелей базарға өткеріп келді. Сөйтіп, оның орнын шабақтармен толтырып отырды. Ол шабақтардың өсіп, келесі бассейнге көшіруге дейін 2-3 ай уақыт кетеді екен. Екі жылдың ішінде балық екі килограмға дейін салмақ жинайды, бірақ сұраныс оның салмағы 300-500 грамм тартқанда артатын көрінеді.

– Ең қиыны, балықты тауарлық түрге дейін өсіру. Ол үшін оттекке қаныққан суық су қажет. Сондықтан біз арнайы құрал-жабдық қойдық. Сонымен бірге жемнің түрі балықтың салмағына қарай оның құрамы ғана емес, өлшемі бойынша әртүрлі болады. Польшада өндірілетін жем Алматыдан жеткізіледі. Біздің бақтақтың дәмдік сапасы керемет деп айтады жұрт. Өйткені ол таза суда өсіріледі. Осындай оң пікірлер бізді әрі қарай жұмыс істеуге және дамуға ынталандыруда, – дейді Рамазан Харсанов.
Енді кәсіпкер бекірені өсіруді қолға алуды жоспарлап отыр. Әзірше бұл балық түрін күтіп-бағу жағдайы зерделену үстінде. Кәсіпкер 2025 жылға дейін жоспарланған жобаларды толық іске қосу арқылы балық өнімін аудан, облыс, тіпті республика көлемінде шығаруды мақсат етіп отыр. Ойға алған өндіріс жұмысы жанданар болса экспортқа да тауар шығару жоспарында бар.

Әмина МҰСА,
М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің
3-курс студенті.

Қордай ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support