- Advertisement -

Оңалту орталығының жұмысы оңға басуда

119

- Advertisement -

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға кедергісіз орта қалыптастырып, оларға қамқорлық пен қолдау көрсету бағытында жыл сайын ауқымды жұмыстар атқарылып келеді. Өкінішке қарай, жылдан жылға өңірімізде де, ел аумағында да мүмкіндігі шектеулі жандардың қатары артуда. Десек те өңірдегі оңалту орталығының білікті мамандары уақытпен санаспай мүмкіндігі шектеулі жандарды ортаға бейімдеп, олардың денсаулығын қалпына келтіру жолында аянбай еңбек етуде.

Жасыратыны жоқ, мүмкіндігі шектеулі азаматтар әлі де болса қамқорлыққа мұқтаж. Тараз қаласындағы 70 орындық оңалту орталығы мамандарының айтуынша, облыс халқы үшін бұл аздық етіп отырған көрінеді. Қазір мамандар жаңадан бой көтеріп келе жатқан 14-ықшамаудан аумағынан 150 орындық мүгедектігі бар адамдарды оңалту және бейімдеу орталығының салынып біткенін асыға күтіп жүр.

– Орталығымыз 2008 жылы ашылған болатын. Оған дейін тоғыз адамдық кішкене ғана орын еді. 2011 жылы жаңа ғимарат салынып, алпыс орынға көбейді. Былтырдан бастап жетпіс адамға орындар саны артты. Біз келетін мүмкіндігі шектеулі жандар өте көп. Яғни орын санын ұлғайту қажеттіліктен туындап отыр. Мүмкіндігі шектеулі жандар біздің орталықта бір жарым айдан алты айға дейін жатып, ем қабылдайды. Барлық қызмет тегін көрсетіледі. Төрт мезгіл ыстық тамақ беріледі. Оларға сегіз бағытта қызмет көрсетіледі. Мұнда алпыстан аса маман жұмыс істейді. Әлі күнге облысқа жетпіс орын аздық етуде. Бізге алдағы 2023 жылы беріледі деп жоспарланған 14-ықшамауданындағы онкологиялық орталықтың артында 150 орындық ғимарат салынуда. Бұйырса ол да заманауи зәулім орталық болады.

Науқастарға әлеуметтік, медициналық, психологиялық, құқықтық, экономикалық, мәдени және тұрмыстық бағыттарда қалтқысыз қызмет етеміз. Көбісі үйде отырып қалған, қоғамнан шеттетіліп қалған жандар. Кез келген санаторий, аурухана он күннен артық ешкімді жатқызбайды. Ондай мүмкіндік тек бізде ғана бар. Арбаға таңылып, отырып қалған кісілерге өздері тамақ істеп, киімдерін тігіп кетуге дейін үйретеміз. Былтыр тоқсан екідегі қария жатып, емделіп кетті. Өзім медицина саласында 35 бойы еңбек етіп келемін. Әзірге маман тапшылығы жоқ. Себебі біз Жамбыл жоғары медициналық колледжімен тығыз жұмыс істейміз. Мүмкіндігі шектеулі жандарды емдеуді студенттерге үйретеміз. Дипломын алған жастарды өзімізге алып қаламыз. Біздегі мамандардың басым көпшілігі аталмыш оқу орнының түлектері, – дейді оңалту орталығының аға медбикесі Роза Сабыркулова.
Расында қазіргі таңда орталықтағы мамандардың дені Жамбыл жоғары медициналық колледжінің түлектері. Колледж директоры Жәмила Сарыбекова мен орталықтың басшысы Қарлығаш Бибазарова арнайы келісім жасап, маман даярлау ісіне де айрықша басымдық беріпті.

– Біз орталықпен көптен бері тығыз жұмыс жасаймыз. Ондағы басты мақсатымыз – мүмкіндігі шектеулі жандардың жағдайын қайта қалпына келтіру. Колледж студенттері науқастарға ең алғашқы күтім шараларын осы жерден үйренеді. Дене жарақаттарын болдырмауды қамтамасыз етеді. Студенттер ең алғаш осы жерде тәлім-тәжірибе алып, өздерінің жинаған білімдерін іс жүзінде игілікке асырады. Колледж қазіргі таңда дәл осындай өңірдегі барлық медициналық мекемелермен әріптестік байланыста жұмыс жасайды. Қазір бізде паллиативтік көмек дейтін арнайы пән енгізілді. Сондай-ақ екі жылдан бері реабилитациялық күтім шаралары оқытылуда. Сол пәндер бойынша білім алып жатқан студенттеріміз үшін бұл орталық үлкен тәжірибе мектебі болып отыр, – дейді Жамбыл жоғары медициналық колледжінің жоғары санатты оқытушысы Оразкүл Маханбетова.

Орталықта емделіп, оң нәтижеге олжалы болған мүмкіндігі шектеулі азаматтар да аз емес. Бұрындары төсек тартып жатып қалған жандардың бірқатары бүгінде өз бетінше жүріп-тұратын хәлге жеткен.
– Орталыққа арнайы келіп, ем алып жүргеніме алты жылдан асты. Бірінші топ мүгедектігім бар. Мұндағылардың көбісі өзім секілді ауыр жарақат алған немесе инсульт алған кісілер. Орталыққа келмей тұрғандағы жағдайым мен қазіргі кезімді салыстырсам, айырмашылығы жер мен көктей. Сол жарақат алған 2015 жылы белімнен төмен жан жоқ болатын. Мүлде қимылдай алмайтынмын. Қазір аяқтарымды сеземін, қимылдай аламын, оған да шүкір. Жағдайымды қалпына келтіру үшін тынымсыз еңбек етіп, әрдайым жанымыздан табылатын осы орталықтың мамандарына алғасым шексіз, – дейді емделуші Нұрлан Бектұрсынов.
Тағдыр сынына түскен талай жан қазір осы орталықтың шипасын көріп отыр. Өңіріміздің барлық аудандарынан келетін мүмкіндігі шектеулі азаматтардың жағдайын жақсартуға барын салып еңбек етіп жүрген мамандардың ісі қандай құрметке де лайық. Ақ халатты абзал жандардың адал ісіне біз де сәттілік пен табыс тілейміз!

Нұржан ҚАДІРӘЛІ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support