- Advertisement -

Шераға шығармашылығы жайлы фильм түсірілсе…

20

- Advertisement -

Қазақтың маңдайына біткен көрнекті қаламгер һәм қайраткер Шерхан Мұртазаның туғанына 90 жыл толуына орай ел аумағында да, жазушының өзінің кіндік қаны тамған киелі Әулиеата өңірінде де ауқымды шаралар жоспарланып, олардың кейбірі жүзеге асып та жатыр. Десек те, әлі де жүзеге асса деген жоспарлар аз емес.

Осы ретте Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Әбдәлі Нұралиев Үкімет басшысы Әлихан Смайыловқа депутаттық сауал жолдап, Шерағаның 90 жылдық мерейтойы аясында басымдық берілуі тиіс ұсыныстарын жеткізді.

Ең әуелі депутаттық сауалда Әбдәлі Тоқбергенұлы заңғар жазушы Шерхан Мұртазаның ұлт болашағы үшін адал іспен өрнектелген өнегелі жолын, баспасөздегі баһадүрлігін, қастерлі қазақ әдебиетіндегі мәңгілік мұраларын салмақтап, ұлт тарихындағы ұлағатына кеңінен тоқталып өткен.

«Қазақ халқында қаламының қуатымен, жүрегінің қайратымен артына өшпес із қалдырған ардақты арыстарымыз аз болмаған. Біздің депутаттық сауал солардың бірі – қазақ әдебиетінің қара нары, қазақ журналистикасының жампозы, шындықтың жебесі, қайсар да қайратты тұлға, көрнекті Халық жазушысы Шерхан Мұртаза туралы. Ұлт жанашыры, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, журналист-аудармашы, халқы Шераға деп сүйіспеншілікпен әспеттеген абыз Ақсақалымыз – Шерхан Мұртазаның 90 жылдық мерейтойын атап өту жөнінде болып отыр. Еліміздің рухани міндеттерінің ең маңыздысы – өскелең ұрпақтың ұлттық рухани дамуын қалыптастыратын шараларды іске асыру, жастарды өз Отанының тарихын, Ұлы даладан шыққан ұлы тұлғаларын білуге, құрметтеуге баулу, ұлтымыздың рухани бірегейлігін сақтау, нығайту, ұлт қайраткерлерін үнемі есте сақтау болып табылады деп ойлаймыз», – делінген депутаттық сауалнамада.

Сонымен қатар Әбдәлі Тоқбергенұлы атаулы жыл аясында атқарылуы тиіс іс-шаралар жоспарына да өскелең ұрпақтың игілігі үшін қажетті ұсыныстарды атап өтті.
«Бүкіл ғұмырын ұлттық мәдениет пен әдебиеттің дамуына арнап, кейінгі ұрпаққа рухани бай мұра қалдырған қаламгер Шерхан Мұртаза Парламенттің төрінде, елдің сөзін сұңқардай даусы саңқылдап сөйледі. Ел, жер, тіл мәселелерін шырылдап тұрып көтерді. Көптеген өткір мақала-эсселер жазды.
Шерхан Мұртаза «Қызыл жебе» романы арқылы 37-ші жылдың ащы шындығын, қазақ әдебиетінде бұрын жазылмаған тұтас бір дәуірді ашып берді. Оның «Сталинге хат», «Бесеудің хаты», «Ноқтаға басы сыймаған», «Домалақ ана» пьесалары тарихи ақтаңдақтарға арналды.

Шерхан Мұртаза қазақ журналистикасының дамуына айрықша үлес қосты. «Жұлдыз» журналы, «Лениншіл жас», «Қазақ әдебиеті», «Егемен Қазақстан» газеттерін түлетті. Қазақ телевидениесін үлкен белеске көтерді. Бүгінгі қарымды қаламгерлердің біразы – қазақ журналистикасы тарихында соны із салып, әдебиетімізде өзінің қайталанбас талантымен олжа салған сөз зергері Шерхан Мұртазаның шекпенінен шықты десек артық айтқандық емес. Ұлттық баспасөздің биік бәйтерегі Шерағаң, республикалық газеттерді басқарып отырған жылдары Қазақстанның түкпір-түкпірінен талантты маман кадрларды жинап, қазақ әдебиеті үшін тұтас буынды тәрбиелеп шығарды. Фариза Оңғарсынова, Жүсіп Қыдыров, Мұхтар Шаханов, Рымғали Нұрғали, Ақселеу Сейдімбек, Оралхан Бөкей, Сағат Әшімбаев, Тұтқабай Иманбеков, Кәрібай Ахметбеков, Жарасқан Әбдіраш, Шөмішбай Сариев, Қуанышбай Құрманғали, Кәдірбек Сегізбаев – бәрі-бәрі Шерағаңның ағалық ақыл-кеңесімен қанаттанып, үлкен сапарға аттанған айтулы қаламгерлер. Алаштың ірі тұлғаларының бірі, сөз сардары, заңғар жазушы Әбіш Кекілбаев та қызметін Шераға басқарған газетте әдебиет және өнер бөлімінің меңгерушісі болып бастаған. Осы орайда, Шерхан Мұртазаның 90 жылдық мерейтойын лайықты атап өту үшін Үкіметтің қаулысы қабылданып, жоспарланса: Халық жазушысының өмірі мен шығармашылығына арналған деректі фильм түсіру, халықаралық ғылыми-практикалық конференция, таным-тағылымдық шаралар өткізу, оның есімін Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларының көшелеріне және Нұр-Сұлтан қаласындағы жаңадан салынған мектептердің біріне беру, туған жерінде оның еңселі ескерткішін орнату мәселесін қарастыруды сұраймыз.

Бұл шаралар қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, мемлекет және қоғам қайраткері, өз Отанының адал перзенті Шерхан Мұртазаның есімін ұлықтау арқылы бүгінгі ұрпаққа көрсеткен өнегеміз болар еді.
Құрметті Әлихан Асханұлы, Сізден аталған ұсыныстарды қарастыруды және тиісті мемлекеттік органдарға сәйкесінше тапсырма беруіңізді сұраймыз.
Осы мәселе бойынша «Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық Заңының 27-бабына сәйкес депутаттық сауалды қарау нәтижесі туралы заңмен белгіленген мерзімде жазбаша жауап беруіңізді сұраймыз», –деп түйінделген халық қалаулысының сауалнамасы. Һәм бұл сауалнамаға Әбдәлі Тоқбергенұлының бірқатар әріптестері де қолдау білдіріп, үн қосып отыр.
Шерағаның тоқсан жылдық мерейтойы – күллі қазақ әдебиеті мен баспасөзінің мерекесі, халықтың тойы. Сондықтан Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Әлихан Смайылов осы сауалнамаға жауап беріп, тұғырлы тұлға, шындықтың шыңы – Шераға есімін ұрпақ жадында мәңгі жаңғыртып, ұлағатын ұлықтауға зор үлесін қосады деген сенімдеміз.

Нұржан КӘДІРӘЛІ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support