- Advertisement -

Жұртшылықты жайылым мәселесі толғандырады

28

- Advertisement -

«AMANAT» партиясының хатшысы Эльдар Жұмағазиев пен ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Мейрамбек Төлепберген Байзақ ауданының тұрғындарымен кездесті.

Аталған ауданның Үлгілі және Түймекент ауылдық округтерінің тұрғындары жайылым тапшылығына шағымданды.

Аймаққа атбасын бұрған Эльдар Тынышбайұлы әуелі аталған ауданның Үлгілі ауылдық округі тұрғындарымен жүздесті. Келелі кездесуде ауыл халқы жайылым жер мәселесін көтерді. Округте бүгінде 1400 бас ірі қара, 12896 бас ұсақ мал, 700 бас жылқы бар. Халықтың мал жаю үшін қажетті алаңы 7,8 мың гектарды құрағанымен ондағы тұрғындар бүгінде қолдағы түлігін 4038 гектар жерге бағуда. Ауыл тұрғыны Фазыл Шалқаров Үлгілі ауылдық округі былтыр «Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын жақсарту» жобасына енгенін және соның нәтижесінде ауылда мал саны едәуір өскенін жеткізді.

– Қазіргі таңда ауыл тұрғындары пилоттық жоба аясында несие алып, қорасын малға толтырып алды. Бұл үшін әрине ел Үкіметіне алғыс білдіреміз. Ауыл халқының негізгі күнкөрісі төрт түлік болған соң жайылымды жердің тарылып бара жатқаны жанға батады, – деді Ф.Шалқаров.
Ал өз кезегінде Байзақ ауданы әкімінің орынбасары Болат Сағымбеков аталған ауылда өткен жылдың 9 ақпанында Үлгілі ауылы әкімдігі мен «Бансет» шаруа қожалығы арасында 680 гектар жайылымды бірлесіп пайдалануға меморандум жасалғанын атап өтті. Айта кетерлігі, бұл шаруа қожалықтың ауыл сыртында 1000 гектар егістік жері бар екен. Қожалық басшысы ол жерге де үлгіліліктердің мал жаюына рұқсатын беріп отыр. Осылайша, жергілікті әкімдік жайылым жер мәселесін уақытша болса да кәсіпкердің көмегі арқылы өз беттерінше шешкен.
«AMANAT» партиясының хатшысы Эльдар Жұмағазиев тұрғындармен кездесуде ауыл әкімінің құзыретіне тоқталды.

– Жасыратыны жоқ, тұрғындар ауылда мәселе шыға қалса, аудан әкімінің мазасын алады. Дегенмен, біз мұндай құзыреттілікті ауыл әкіміне беруіміз керек. Ол үшін оның өз бюджеті болуы тиіс. Әрине, ауылда мал санын көбейту де қажет. Бұл тұрғындардың тұрмыстық табысын арттырары сөзсіз. Бірақ сол малды бағатын жайылым жердің мәселесін жоғарыға жеткізбей-ақ ауыл әкімі шеше алатындай дәрежеге жетуі керек. Партия алдағы уақытта осы бағытта жұмыс істейтін болады, – деді Эльдар Тынышбайұлы.

Сонымен қатар ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Мейрамбек Төлепберген жайылым жайы елімізде көп кездесіп жатқан мәселелердің бірі екенін алға тартып, игерілмей жатқан жерлерді мемлекетке қайтару туралы мәселе көтерді.
Мұнан соң «AMANAT» партиясының хатшысы Эльдар Жұмағазиев Түймекент ауылдық округінің тұрғындарымен кездесті. Бұл ауылдық округтің жалпы аумағы 32346,8 гектарды құрайтын болса, оның 17000 гектары жайылымдық жер екен. Айта кетерлігі, бұл ауылдық округте «Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын жақсарту» жобасына енген. Осылайша, округ тұрғындары 314 миллион теңге несиеге 5300 бас мал сатып алған.

– Жылдан жылға ауылда түлік саны артып келеді. Расын айту керек, оны жайылымға сыйдыру мүмкін болмай бара жатыр. Сондықтан қолдағы малдың бірқатарын бақташы жалдап құмға алып барып жайдырамыз. Қолда тек сауын сиыр, биелер ғана қалады. Тағы бір мәселе, жайылым тарылып барады. Оның негізгі себебі – жиде ағашының көбейіп шығуы. Оны өз бетімізше шаба да алмаймыз. Шапсақ, өңірдегі орман шаруашылығының өкілдері айыппұл салады. Талай тұрғын айыппұл да төлеген, – дейді Түймекент ауылының тұрғыны Мұхтар Сәлімбаев.
Айта кететін жайт, мұндағы тұрғындар малды орман шаруашылығына қарасты жерге жаяды екен. Оның өзінде мал басына тиісті қаржысын да төлейтін көрінеді. Дегенмен мұнда да өткен жылы «Олжа Тұрсын» шаруа қожалығы мен Түймекент ауылдық округі әкімі аппаратының арасында күздік жиын-теріннен кейін егістік жерлерге мал жайылымға рұқсат алу туралы меморандум жасалыпты. Мұның өзі тұрғындар үшін үлкен қолдау.

– Қолдағы мал санын көбейттік. Ендігі мәселе – жайылым жердің мәселесін шешу қажет. Сіздердің сауалдарыңыз бойынша партия атынан ҚР Экология министрлігіне шығатын боламыз, – деді «AMANAT» партиясының хатшысы Эльдар Жұмағазиев.

«AMANAT» партиясы облыстық
филиалының баспасөз қызметі.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support