- Advertisement -

Ауыл әкімдері субсидияның шарттарын білмейді

49

- Advertisement -

Облыс әкімі Нұржан Нұржігітов Мойынқұм ауданындағы әлеуметтік маңызы бар нысандарды аралап, жетекші кәсіпорындардың жұмысымен танысты.

Іссапарда өңір басшысы әуелі Ұланбел ауылына барып, М.Әуезов атындағы ескі мектептің ахуалын көрді. Екі қабатты ғимараттың іргетасы сонау 1966 жылы қаланған. 400 оқушыға шақталған мектепте 10 кабинет бар. Ауыл тұрғындары бұған дейін де мектептің жайын айтып, жергілікті биліктен күрделі жөндеуге көмек сұраған. Бір қызығы, мектептің жобалық-сметалық құжаттары сонау 2017 жылы әзірленгенімен, жоба тек биыл 25 сәуірде сараптамадан оң қорытынды алған. Енді құны 289, 340 миллион теңгеге жобаланған жөндеу жұмыстары облыс әкімінің тапсырмасымен келер жылы басталады.

Бұдан соң облыс әкімі Қылышбай ауылына да барып, ауылды сумен жабдықтау мәселесіне назар аударды. Осы күні су тарту имаратына ауыл тұрғындары жиналып, ауыз су мәселесін реттеуді сұранды. Қылышбайда 176 шаңырақ болса, онда 986 адам тұрады. Мұнда ауылды сумен жабдықтау және су тарту құрылысының екінші кезеңі биыл жыл басында аяқталған. Жобаның сметалық құны 413,4 миллион теңгені құраған. Бұл мәселеге шүйлігуге болмас, себебі аумақтың геологиялық ахуалын жауапты мамандар тексерген соң, 160 метр тереңдіктен тұщы су шығады деп топшылаған. Жұмыстың екінші кезеңінде суды тазартатын мембраналық қондырғылар орнатылған. Алайда бұдан да ауыз толтырып айтарлықтай өзгерістер болмаған. Әкімге сұрақ қойған тұрғындардың арасында суды 8 мыңға жуық халқы бар Мойынқұм ауылынан тартып беруді өтінгендер де болды.

– Сіздердің көтеріп отырған мәселелеріңіз орынды. Орнатылған қондырғыны реттеу, жұмысын жүйелеу үшін білікті, кәсіби кадр тарту керек. Ол үшін ауыл жастарын осы іске үйретіп, жұмыс істету маңызды. Сүзгіні уақтылы ауыстыру, тиісті қоспаны қосу секілді техникалық талаптарды сақтап, жұмыстарды дұрыс ұйымдастыру кәсіби маманға байланысты. Аудан әкімдігіне бір ай ішінде қондырғыны реттеп, қызметін дұрыстауды тапсырамын. Содан соң судың сапасын қайта қарайтын боламыз. Оған дейін таза ауыз суды тасымалдау ұйымдастырылады. Қажет болған жағдайда жерасты суларының қорын барлау-зерделеу жұмыстарын қайта жүзеге асыру үшін қосымша шаралар қабылдаймыз, – деді Нұржан Нұржігітов.

Нұржан Молдиярұлы осы күні аудан активімен кездесіп, ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінен хабардар болды. Сонымен қатар атқарушы биліктің негізгі міндеті туралы ауыл әкімдеріне аз-кем айтып өтті.

– Аудан әкімінің есебін бір ай бұрын тыңдадық. Елді мекендерге газ тарту, ауыз сумен қамту, жол салудан бөлек құрылыс саласына қатысты жобалар жүзеге асады. Ауқымды жұмыстарға республикалық бюджеттен қаржы қаралады. Бұған жергілікті бюджеттен бөлінетін және Үкіметтен көрсетіліп жатқан қолдауларды қосалық. Ал ауыл әкімдері мен бөлім басшылары мемлекеттен көрсетілетін көмекті тұрғындарға жеткізіп, жұмысты сапалы әрі жүйелі ұйымдастырғаны ләзім. Өздеріңіз білетіндей референдумда ел болашағына қатысты заңдар ұсынылып, оны халықтың басым көпшілігі қолдады. Мемлекет басшысының Жаңа Қазақстан құрамыз деген бастамасынан да хабардарсыздар. Бұл әрине бір-ақ күнде орындалатын тапсырма емес. Дегенмен бірер жылда жұмыс сапасын жүйелеп, Президент ұсынған реформаларды іс жүзінде орындау керек. Осы қыруар тірліктің барлығын дұрыс үйлестіру бізге байланысты, – деді облыс әкімі.

Бұдан соң аудан әкімі Әлихан Балқыбеков аймақтың қаңтар-мамыр айлары аралығындағы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері туралы баяндады. Әлихан Балқыбековтің айтуынша, ауданда 31 895 халық тұрады. Аудандағы ресми тіркелген жұмыссыздар саны 862 адамға жеткен. Сонымен қатар ауданның 2022-2025 жылдарға арналған даму жоспары аясында қолға алынған шаруалар да аз емес.
Басқосуда Нұржан Нұржігітов Әлихан Балқыбековтен ауданның негізгі кіріс көзі және құрылыс, білім, денсаулық, мәдениет, спорт салаларындағы жаңа жобалар туралы сұрады.

Осы ретте аудан басшысы биыл жергілікті бюджеттен қаралған 690,6 миллион теңгеге саябақтар мен аллеялар жаңартылып, ауыз су, жол мәселесі сынды бірқатар шаруа ретімен шешілетінін айтты. Алайда «Аудандық бюджеттің кіріс бөлігі көп болса, ірі жобаларды іске асыруға мүмкіндік мол болады», – деген Нұржан Молдиярұлы биыл құжаттарын әзірлеген 9 жоба бір аудан үшін аздық ететінін және шеткі аудандағы шаруаны тіктеу мәселесі аудан әкімдігінің сметалық құжаттарды әзірлеуіне байланысты екенін ескертті.

Басқосуда Нұржан Нұржігітов Қылышбай ауылындағы ауыз су ахуалын көтеріп, ондағы екі негізгі мәселеге тоқталды.

– Біріншіден, қыруар қаржыға қойылған қондырғыны дұрыс пайдалана алмай жатырмыз.Тұрғындардың айтқан пікірі орынды. Себебі елдің алдындағы жауапкершілік орындалмады. Қондырғының әлеуетін толық байқамай, су тартудың бас салып басқа жолын іздеу бекершілік. Аумақты геологиялық зерделеуден өткізбей үзілді-кесілді шешім шығаруға да болмайды. Екіншіден, бітпеген жұмысты қалай қабылдадыңыздар? Бұл мәселені халық құзырлы органдарға тапсыруды сұрап отыр. Бұл да орынды. Аудан, ауыл әкімдері шешім қабылдамас бұрын ұсынысты тұрғындардың қалай қабылдайтынын анықтап алғаны жөн. Біз жұмысты жүйелесек, елдің де әкімдікке деген көзқарасы жақсы жағынан қалыптасады. Сондықтан әкімдер өздеріне жүктелген функцияны 100 пайыз орындауы керек, – деген Нұржан Нұржігітов Қылышбай ауылындағы ауыз су мәселесін бір айдың бедерінде реттеуді аудан әкіміне шегелеп тапсырды.

Жиында Нұржан Молдиярұлының қойған сауалдарына ауданның ауылшаруашылық бөлімі мен ауыл әкімдері де мардымды жауап бере алмады. Өңір басшысы ауылдағы шаруа қожалықтары игеріп отырған суармалы жердің үлесін білмейтін және Үкіметтен қарастырылған субсидияның бағыттарынан бейхабар отырған ауыл әкімдерін сынады.

– Ауыл әкімдері жұмыс істемей жатыр. Себебі «Қазсушар» кәсіпорыны биыл суды жеткілікті мөлшерде жіберуге қауқарлы. Ол үшін ауыл әкімдері шаруа қожалықтарын кәсіпорынмен келісімшартқа отыруға ықпал етуі керек еді. Су жоқ деп қол қусырып отыруға болмайды. Үкіметтен көрсетіліп жатқан қолдаулар көп. Ауыл әкімдерінің жұмысы туралы да апта сайын аппарат жиынында ескертіп айтып жүрміз. Ауыл әкімдері қарапайым субсидияның шарттарын білмейді. Сол үшін де Мойынқұм ауданы былтыр субсидия алудан көш соңындағы аудандардың қатарында қалды. Үкіметтен грант алғандардың да саны аз. «Сен тимесең мен тиме» деп бос жүрген жарамайды, – деді Нұржан Молдиярұлы.
Актив отырысын қорытындылаған аймақ басшысы аудан әкімдігінің бөлімдерін ауыл әкімдерімен бірлесіп жұмыс істеуге шақырды. Мұнымен қоса ауыл әкімдеріне шешім қабылдарда «жеті рет өлшеп, бір рет кесу» қағидасын қаперден шығармауды тағы бір мәрте ескертті.
Келесі кезекте аймақ басшысы Мойынқұм ауылы маңындағы Шу өзенінің бойындағы су өткізуді реттегіш қондырғысының жобасымен танысты. Оның өткізу қабілеті секундына 40 текшеметрді құрамақ. Құрылыс жүзеге асқан жағдайда төменгі бөліктегі шабындықтарды сумен қамту, шайып кету мәселесінің алдын алады.

Екі жылдан бері құрылысы созылған Бірлік ауылындағы дене шынықтыру және сауықтыру кешенінің құрылысы қазіргі таңда тоқтап тұр. Облыс әкімі жұмысы бекітілген кестеден қалып қойған мердігер бір апта ішінде құрылысты қолға алмаса, тиісті шара қолдану керектігін баса айтты. Аудан әкімдігіне заңға сәйкес әрекет етуді тапсырды.

Осы ауылдағы Қ.Рысқұлбеков атындағы орта мектепке барған Нұржан Нұржігітов 1200 орынды білім ошағының бүгінгі жағдайынан хабардар болды. 1975 жылы іргесі қаланған мектеп ғимараты әлі күнге дейін ешқандай күрделі жөндеу көрмеген. Бұған дейін жобалық-сметалық құжаттары әзірленгенімен, қолдау таппаған. Аймақ басшысы қазіргі таңда 600-ден аса оқушы білім алып жатқан білім мекемесінің бұл мәселесі қарастырылатынын атап өтті.

Бұдан соң облыс әкімі Бурылбайтал, Мирный, Қияқты елді мекендеріне ауыз су тарту жобасының сызбасымен танысты. Жоба мембраналық қондырғы арқылы жүзеге аспақ. Нұржан Нұржігітов аталған елді мекендердегі халық санын ескере отырып, бюджет қаражатын үнемді жұмсауға көңіл бөліп, көшелерге су колонкаларын орнатудың тиімділігін қарастыру керектігін жеткізді.
Биыл Мирный ауылы аумағынан «Табиғи тастан қаптау плитасын өндіру» зауытын іске қосу жоспарлануда. «Turan Industry» ЖШС директоры Талғат Искеновтің айтуынша, зауыт жылына 130 мың шаршы метр қаптау плитасын өндіруге әлеуетті болмақ. Кәсіпорын пайдалануға берілген соң 30 тұрақты жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Бүгінде электр энергиясын тарту шаралары қолға алынуда және су құбырын жүргізу жұмыстары пысықталуда.

Аймақ басшысы барған келесі нысан – «ОРГСТРОЙ» ЖШС-ның гранит өндіріс орны болды. 2017 жылы жұмысын бастаған кәсіпорын былтыр 262,4 миллион теңгенін өнімін өндірген. Нысанда 60 адам тұрақты жұмыспен қамтылған десек, олардың орташа еңбекақысы 150 мың теңгені құрайды.
Облыс әкімінің Мойынқұм ауданындағы жұмыс сапары Меркі-Шу-Бурылбайтал автожолының құрылыс-жөндеу жұмыстарымен танысумен түйінделді.
«Қазавтожол» ҰК АҚ облыстық филиалының басшысы Айжан Туғанова және жол учаскелері бойынша мердігерлердің басшылық өкілдері облыс әкіміне ағымдағы жағдай туралы баяндады. Жұмыстардың басым бөлігі негізінен осы жылы аяқталмақ.
Нұржан Нұржігітов құрылыстың сапалы әрі бекітілген кестеге сәйкес уақтылы орындалуына назар аудартты. Жұмысшылардың жалақысын көтеру, еңбек жағдайларын жақсарту мәселелеріне де айрықша ден қою керектігін еске салды.

Сәндібек ПІРЕНОВ.

Мойынқұм ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support