- Advertisement -

Өңір басшысы қала тұрғындарымен кездесті

119

- Advertisement -

Облыс әкімі Нұржан Нұржігітов Тараз қаласындағы «Астана» шағынауданы, «Төрткөл», «Дорожник» тұрғын алқаптары құрамына кіретін №1 аумақтық округ тұрғындарымен кездесті. Жалпы саны 32800 тұрғыны бар округте 107 көпқабатты және 2498 жеке сектордағы үй бар. Аталған аумақ тұрғындары №32 мектептің мәжіліс залына жиналып, өңір басшысына базынасын жеткізді.

Әуелі Тараз қаласы әкімінің міндетін уақытша атқарушы Қайрат Исмаил №1 аумақтық округінде атқарылған жұмыстар мен мұнда шешуін күткен мәселелер туралы баяндады.
– Өткен жылы аумақтық округ бойынша жергілікті бюджет есебінен бөлінген 40,2 миллион теңгеге 10 көшеге сыртқы жарықтандыру желілері тартылып, іске қосылған. 34,1 миллион теңгеге Рысбек батыр көшесі №8А мекенжайындағы аула алаңшасы абаттандырылған. «Таразға тарту» жобасы аясында Төле би даңғылындағы сквер абаттандырылса, «Астана» шағын ауданы №25 үйдің ауласына «Street workоut» спорт алаңшасы орнатылды. Сол шағын аудандағы №8 үйдің маңындағы кіші-футбол спорт алаңшасына 7,7 миллион теңгеге ағымды жөндеу жұмыстары жүргізілсе, «Тлеуов Оразалы» жеке кәсіпкерлігі «ADIL» самбо және бокс залын ашты.

Шағын және орта бизнесті қолдауға бағытталған «100 жобаның» 31-і іске асырылса, аумақтық округте 5 кәсіпкерлік нысаны ашылып, 28 жұмыс орны құрылды, – деді Қайрат Исмаил.

Сондай-ақ ол аталған аумақтағы бірқатар мәселеге тоқталды. Атап айтқанда, Рахимов көшесі №47, 49, Достоевский көшесі №21 және Төле би даңғылы №98, 100 үйлердің аулаларын абаттандыру, Аппасова көшесін, Гипс көшесі 1-бұрылысының, Сүлейменов көшесі 3, 4-бұрылыстарының жолдарын орташа жөндеу мәселесі. Бүгінгі таңда бұл сұраныс қолдау тауып, бюджеттен қаржы қаралған екен. Бұдан өзге, тұрғын үй қорын қайта жаңғырту аясында 2 тұрғын үйге (Аппасова көшесі №30, Рысбек батыр көшесі №8А) күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланыпты.

Келесі кезекте аумақ тұрғындары сөз алып, көкейлерінде жүрген сауалдарын қойып, мәселелерімен бөлісті. Мысалы, Ергеш Нұралиев есімді азамат Бөлтірік шешен көшесіндегі арықтарға су жіберу үшін лотоктар орнату мәселесін көтерді. Сондай-ақ, аумақтық комитет құру қажеттілін атап өтті. Тұрғынның сауалына жауап берген облыс әкімі жалпы қала ішіндегі арық жүйелері мен лотоктарды салуға, яғни ирригация жүйелерін ретке келтіру үшін былтырдан бастап 3 жылдық «Жол картасы» әзірленгенін, оған бюджеттен 22 миллиардтан аса қаржы бөлінгенін атап өтті.

Ал №6 жатақхананың тұрғыны Саера Аширова аталған үйде әлеуметтік аз қамтылған және көпбалалы отбасылардың көп екенін, мысалы бір ғана жатақханада 140 бала бар екенін айтып, осыны ескере отырып бұл аумақтан әлеуметтік дүкен ашып беруін өтінді. Ол сондай-ақ Рысбек батыр көшесіндегі жаяу жүргіншілер жолының әбден тозып, қирап жатқанын, оны жөндеп беруін сұрады.
Өңір басшысы әлеуметтік дүкен ашу тұрғындардың шоғырлануы мен әлеуметтік жағдайы ескеріле отырып салынатынын, сондықтан, бұл өтініш зерделеніп, талапқа сай келсе, мәселе оңынан шешілетінін жеткізді. Ал жаяу жүргіншілер жолына қатысты: «Бүгінде қала аумағында мүлде асфальт жол мен жүргіншілер жолы түспеген көшелер көп. Ең бірінші кезекте соларға асфальт төсеу маңызды. Тек содан кейін ғана басқалары жөнделетін болады», деп жауап берді.

Жалпы аталған округ тұрғындары көпқабатты үйлерді, көше мен аулаларды жөндеу, денсаулықты жақсарту, мүгедектік алу сынды тұрмыстық мәселелерді көтерді.
Жалпы, кездесу барысында 13 адам мәселесін айтса, кездесуден кейінгі жеке қабылдауына 15 азамат жазылып, өтінішін білдірді. Олардың әрқайсысын жеке-жеке жіті тыңдаған Нұржан Молдиярұлы тиісті басшыларға тапсырма берді.

Маржан Рақай

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support