- Advertisement -

Балалардың жазғы демалысы қалай өтуде?

43

- Advertisement -

Міне, кезекті оқу жылы да аяқталып, жазғы демалыс басталып кетті. Бұл балалардың асыға күтетін уақыты. Ата-аналардың ұйғаруымен жеткіншектер демалысты әрқалай өткізеді. Бірі алыс ауылдардағы ата-апаларына жол тартса, бірі үй шаруасына көмектеседі. Енді бірі түрлі лагерьлер мен үйірмелерге жазылады. Қайткен күнде де бос уақыттарын текке өткізгісі келмейді. Дегенмен балалардың жазғы демалысын ұйымдастыруды тек отбасылардың өздеріне ысырып қоюға тағы болмайды. Бұл бағытта мемлекет тарапынан қандай шаралар атқарылуда? Балалардың қауіпсіздігі қаншалықты назарға алынуда? Атқарылып жатқан шаруаларға байланысты ата-аналар не дейді? Бүгін біз осы сұрақтарға жауап іздеуге тырыстық.

Жалпы балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру жайы ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен жуырда өткен Үкімет отырысында жан-жақты қаралды. Жауапты тұлғаларға нақты міндеттер жүктелді. Нақты міндеттер белгіленді. Балалардың білім алып, жан-жақты дамуына, демалуы мен медициналық қызмет алуына жағдай жасау мемлекеттің маңызды міндеті екендігі айтылды. Осы басқосуда Үкімет басшысы «Ең бастысы – көшеде, суда демалу кезінде, түрлі экскурсияларда балаларымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Балалар қатысатын кез келген іс-шараны ұйымдастыру, ең алдымен, олардың қауіпсіздігіне кепілдік беруі тиіс», – деген болатын.

Жасыратыны жоқ, өткен жылдарда өршіген індет оқу-тәрбие жұмыстарына да кері әсерін тигізді. Оқу орындары эпидемиологиялық ахуалға байланысты бірде ашылып, қайта жабылып, мектеп жасындағы балалардың шамамен 90 пайызының сапалы білім алуына кедергі келтірген. Қашықтан оқу кезінде өзгелер секілді технологияға қол жеткізіп, онлайн білім алуға дайын болмағандарға көбірек көңіл бөлу тапсырылған еді. Биыл облыс бойынша 11762 оқушы мектеп, ал 21213 оқушы 9-сыныпты аяқтады. Міне, осы орайда оқушылардың үлгеріміндегі олқылықтарды толықтыру мақсатында жазғы мектеп іске кірісті. Оған 205738 оқушы қатысуда. Ал олардың жазғы демалысы мен сауықтырылуын ұйымдастыру бойынша облыс әкімдігі білім басқармасы жауапты. Білгеніміздей, ағымдағы жылы 215 932 оқушыны жазғы сауықтырумен және түрлі демалыс шараларымен 100 пайыз қамту жоспарланып, көпбалалы және аз қамтылған отбасынан шыққан балалардың жазғы сауықтыру демалысына жергілікті бюджеттен 453 миллион теңге қарастырылыпты.

Жеткіншектердің жазғы демалысын тиімді әрі қызықты өткізуде қала сыртындағы лагерьлерге жүктелген жауапкершілік жоғары. Бүгінде алғашқылардың бірі болып Тұрар Рысқұлов ауданындағы Әлия Молдағұлова атындағы мемлекеттік лагерь өз жұмысын бастап кетті. Лагерьде көпбалалы және аз қамтылған отбасынан шыққан 80 бала демалуда. Ал 13 маусым күні қалған 9 мемлекеттік лагерь есігін айқара ашады. Облыс әкімдігі білім басқармасының басшысы Бейқұт Жамангозовтың айтуынша, аймақтағы 390 мектептің жанынан да лагерьлер ұйымдастырылып, 30 735 бала қамтылған екен. Бұдан бөлек 67796 бала музыка, балалар көркемөнер мектебі, өнер, техникалық шығармашылық орталықтары, экологиялық, аула клубтары, туризм және балалар мен жасөспірімдер орталықтарында мектептен тыс қосымша білім алуда. Бұл тұрғыда Тараз қаласында жақында ғана ашылған «Бақытты болашақ» оқушылар сарайының өскелең ұрпақ үшін тамаша тарту болғанын айта кеткен ләзім. Мұнда 84 үйірме бойынша 8 мыңнан астам баланы қабылдауға мүмкіндік бар.
Жазғы демалысты ұйымдастыру бағытында жүйелі жұмыстардың қолға алынып жатқандығы қуантады. Дейтұрғанмен таңдау ата-аналар мен балалардың өздерінде. Осы орайда ата-аналармен де пікірлесіп көрген едік. Олардың бірі жазғы мектептің болғанын құптап отыр. Енді бірі балалардың тыныққанын жөн көретінін айтады.

– Ата-ана ретінде жазғы демалыста қосымша сабақ немесе шығармашылық дамуды құптамаймын. Өйткені баланың 9 айда күнделікті сабағы, одан тыс уақытта қосымша үйірмелері бар. Сондықтан жазғы үш айда бала тек таза демалып, тынығуы қажет. Өзім балаларды жазда ауылға жіберемін, онда ата-апасына көмектеседі, еңбек етуге дағдыланады. Және қосымша суда жүзуге беруді ойлап отырмын. Физикалық тұрғыда дамуына бұл артық етпейді, – дейді Тараз қаласының тұрғыны Мархабат Көпбосынова.
Балалардың ойы да әралуан. Алған әсерлері айтып тауыса алмағандар көп болды. Солардың бірі – 7-сынып оқушысы Ерасыл Болатбек.

– Жыл сайын жазғы демалысымды пайдалы өткізуге тырысамын. Және әр жылы өзге қалалардағы туысқандарымды аралап, демалып қайтамын. Сабақтан демалғаныммен, кітап оқуды үзбеймін. Себебі кітап –ең жақсы дос. Жазғы демалыстың басында мен ауылдағы ата-әжеме барғанды жөн көремін. Олар бізді сағынады және құрт-майын немерелері үшін сақтап отырады. Мен үшін сол ауылдағы ата-әжемді қуантқан маңызды. Әрі олар үшін мен де әжептәуір қолғабыспын. Мал қайтарып, бау-бақшаны суарып, жәрдем етемін. Келесі айда нағашыларымның ауылына қыдырып барсам деймін. Сондағы достарыммен де жолығып, жиналып қалған жаңалықтарымыз бен әңгімелерімізді айтамыз, – дейді ол.
Балалардың жазғы демалысын тиімді ұйымдастыруға облыс әкімдігі туризм басқармасы да атсалысуда. Бұл бағытта балаларға арналған экскурсиялық автобус іске қосылды. Өңірдің ішкі туристік жобаларын жүзеге асыру және балалар мен жасөспірімдердің саналы әлеуметтік жауапкершілігін дамыту мақсатындағы саяхаттау автобусының маршруты «Көне Тараз» тарихи-археологиялық саябағы, «Қарахан», «Дәуітбек», «Айша бибі», «Бабажа хатун» кесенелері, ерте Ислам мешіті, «Тектұрмас» этно-тарихи кешені, «Қазақ хандығы» монументі сияқты рухани байлығы мол жерлерге бағытталған. Бұл саяхаттан мүмкіндігі шектеулі және ата-анасыз қалған балалар да тыс қалмады. Олардың жүріп-тұруына волонтерлар көмегі қарастырылған.

«Сақтықта қорлық жоқ» деген аталы сөз бар. Бүгінде облыс аумағында жазғы демалыста балалардың қауіпсіздігін қадағалау, жазатайым оқиғалардың алдын алу бойынша да жұмыстар күшейген. Өйткені өткен жылы екі бірдей бала суға кетіп, қайтыс болған. Қайғылы жағдайға ересектердің балаларды қараусыз қалдыруы, жабдықталмаған және тыйым салынған орындарда шомылуы себеп болып отыр. Биыл да Талас ауданындағы «Жартас» су қоймасына батып кеткен 1 адамның денесі табылған.
Бүгінде аймақтың шомылуға қауіпті орындарда судағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында су айдындарының демалу және шомылуға қауіпті, жабдықталмаған учаскелерінде «Қауіпті аймақ», «Шомылуға тыйым салынған» және тағы да басқа тақырыпта 200-ден астам ескертпе белгілер және 45 ақпараттық стенділер орнатылды. Сондай-ақ су қоймасы мен өзен бойында соңғы 5 жыл аралығында суға бату қайғылы оқиғалары туралы қосымша ақпараттар ілінді. Сонымен қатар маусым айынан бастап жергілікті атқарушы органдар, облыстық төтенше жағдай және полиция департаменті қызметкерлерімен бірлесе, көпшілік жаппай демалатын және шомылуға қауіпті, рұқсат етілмеген орындарда рейдтер мен түсіндірме жұмыстары жүргізілуде.

Айтолқын Кенжебекова

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support