- Advertisement -

1922-2022: Шежірелі жылда

199

- Advertisement -

«ЕҢБЕК ТУЫ»

(1982 жыл)

27 наурыз. №60 (12.000).

Газеттің 12.000 саны жарыққа шығуына байланысты редакция алқасы газет оқырмандарына, автор-тілшілеріне сөз арнады. Алдағы мамыр айында газеттің алғашқы саны шыққанына 60 жыл толатынын хабарлап, ұсыныс, тілектерін жолдауларына болатындығын да жеткізді.

1 мамыр. №84 (12.024).

«Еңбек туы» газеті еңбекшілерге тәрбие беру мен шаруашылық және мәдени құрылыс міндеттерін орындауға жұмылдырудағы жемісті жұмысы үшін Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің 30 сәуірдегі қаулысымен Құрмет грамотасымен марапатталды.

27 шілде. №142 (12.082).

«Еңбек туы» газетіне – 60 жыл». Газеттің мерекелік саны жақсы көркемделіп, мазмұнды жарияланымдары мол болып шықты. Құттықтау жолдағандар арасында Одақтың бас газеті «Правда», республикалық «Социалистік Қазақстан» газеттерінің ұжымдары да бар.

27 тамыз. №164 (12.104).

«Еңбек туы» газетінің редакциясы орталық алаңдағы қазіргі мекенжайына көшті. Бұл ғимаратта бұрын облыстық кеңес атқару комитеті орналасқан болатын.

(1983 жыл)

21қаңтар. №15 (12.205).

Жазушы Тәкен Әлімқұловтың «Сәкеннің шарапаты» әңгімесі алғаш жарияланды. Онда Сәкен Сейфуллиннің Шу бойында болғаны көркем баяндалады.

22 ақпан. №37 (12.226).

«Еңбек туында» өткен дөңгелек үстел басындағы кездесуге ауыл шаруашылығы саласының басшы, мамандары қатысты. Оны газеттің белсенді авторы, облыстық ауылшаруашылық басқармасы бастығының орынбасары, Қазақ КСР-іне еңбек сіңірген агроном Озғанбай Тәукебаев жүргізіп отырды.

25 наурыз. №58 (12.248).

Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің Қаулысымен көрнекті жазушы Бауыржан Момышұлының есімі Жуалы ауданындағы «Кременевка» совхозы мен Жамбыл ауданындағы Аса орта мектеп-интернатына берілді. Газет осы оқиғаға орай өткен митингілерден хабарлар ұйымдастырды.

11 маусым. №111 (12.301).

Журналистердің кезекті республикалық жиыны Қаратау-Жамбыл аумақтық өндірістік кешенін дамыту проблемаларына арналды. Оны Қазақстан Журналистер одағы басқармасы ұйымдастырған болатын.

(1984 жыл)

23 мамыр. №97 (12.537).

Кенен Әзірбаевтың туғанына 100 жыл толуына арналған облыстық байқауда ақындар Әшім Ақылбаев, Ботагөз Қалтаева, Серік Қалиев – бірінші, ал Шырын Мамасерікова, Шорабек Айдаров – екінші, Аяз Бетбаев – үшінші орынды және тиісті жүлделер, сазгерлерден Әбдімомын Желдібаев пен Алтынбек Қоразбаев бірінші жүлдені алды. Сондай-ақ «Сағындым Кенен атамды» әнінің мәтінін жазған ақын Жақсылық Сәтібековке де бірінші орын берілді. Кенен Әзірбаевқа арналған тағы бір ән – «Алатаудың ақиығы» әнінің мәтінін жазған Әнуарбек Жүнісәлиев екінші орын алды.

30 маусым. №124 (12.564).

«Тербеткен өмірді де, ғасырды да, дүлдүл Кенен ән-жырың асыл мұра». Газеттің халық ақыны Кенен Әзірбаевтың 100 жылдығына арналған саны осындай тақырыппен шықты.

21 желтоқсан. №244 (12.684).

Облыстық кәсіподақтар кеңесі, одақаралық халық шығармашылығы үйі мен облыстық мәдениет басқармасы Тұрар Рысқұловтың туғанына 90 жыл толуына орай жариялаған конкурста топтама өлеңдері үшін ақын Жақсылық Сәтібеков – бірінші, Базар Қилыбаев пен Нарша Қашағанов тиісінше екінші, үшінші жүлделерге ие болды. «Тұрар Рысқұлов туралы ән» авторлары сазгер Шәбден Омарәлиев пен ақын Шырын Мамасерікова да бірінші жүлде алды.

26 желтоқсан. №247 (12.687).

Сазгер Әсет Бейсеуов пен ақын Сабырхан Асанов Жуалы ауданында болып «Жуалы жұлдыздары» әні туды. Газет оның мәтіні мен нотасын, авторларының суреттерін көрнекті етіп жариялады.

(1985 жыл)

24 қаңтар. №18 (12.702).

«Жарыстас облыстарда» деген айдармен айқарма бет берілді. Ол жамбылдықтар мен шымкенттіктердін табыстары жайлы баяндайды.

15 наурыз. №54 (12.744).

Газет басшылығында өзгеріс болды. Бұған дейін облыстық партия комитетінде жауапты қызмет атқарған Арғынбай Бекбосынов бас редактор болып осы санынан бастап қол қоя бастады. Басылым мазмұндық тұрғыдан өзгеріске ұшырап, жаңа айдарлар ашылып, проблемалық мәселелерді қозғаған өткір жарияланымдар беру қолға алынды.

9 мамыр. №89 (12.779).

«Еңбек туы» газетінің редакциясы Ұлы Отан соғысындағы жеңістің 40 жылдығына орай очерктер мен мақалаларға бәйге жариялаған болатын. Очерктер бойынша бірінші сыйлық ешкімге берілмеді. Екінші сыйлық Ж.Көпбаевқа, үшінші сыйлық С.Арынов пен А.Баековаға, ынталандыру сыйлығы С.Керімбаев, Н.Қоссейітов, Б.Шәмшиевтерге берілді. Мақалалар бойынша сыйлықты Ә.Доспамбетов пен К.Сәттібаевтар алды.

21 мамыр. №97 (12.797).

Жаңадан ашылған «Талапкер туындысы» айдарымен Тұрсынхан Толқынбаевтың «Жоғалған көкпаршы» шытырман оқиғалы повесінен үзінділер жариялана бастады.

20 маусым. №118 (12.808).

«Журналист мәселе қояды» айдарының тұсауы кесілді. Газеттің арнаулы тілшісі Рахметбек Өзбеков Свердлов, Меркі, Сарысу аудандарының ауылдары мен кішігірім елді мекендерінде болып, олардың тұрғындарының мұң-мұқтаждарын, ауыз сумен жабдықтау мәселесін қозғаған «Ұмыт қалған ауылдардын әлеуметтік проблемасы» мақаласын жазды. Газеттің осы санында жарияланған ол үлкен пікір туғызды. Кейін «Газет көтерген мәселе бойынша» айдарымен тиісті орындардың қабылданған шаралар туралы жауаптары жарияланды.

16 тамыз. №159 (12.844).

«Еңбек туы» сынап еді. Нәтиже қандай?» айдары ашылып, алғашқы топтама берілді. Кейін бұл айдар да тұрақты беріліп келді.

22 желтоқсан. №245 (12.935).

Облыстық ХХ1 партия конференциясынан кейінгі ұйымдастыру мәселесі қаралған пленумда облыстық партия комитетінің бірінші хатшылығына Ә.Қ.Жақыпов, екінші хатшылығына Ю.А.Клочков, хатшылары болып Г.А.Бибатырова, Т.Темірбеков сайланды. Облыстық газеттердің бас редакторлары болып «Еңбек туына» – А.Бекбосынов, «Знамя трудаға» – М.И.Сергейчик бекітілді.

Дайындаған
Тұрсынхан ТОЛҚЫНБАЙҰЛЫ.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support