- Advertisement -

Қант бағасының күрт қымбаттауына не себеп?

317

- Advertisement -

Ресейге салынған шектеулер салдарынан еліміздегі азық-түлік бағасы 30 пайызға қымбаттаған. Соның ішінде халық жиі тұтынатын құмшекер де бар. Қант бағасының өсуі осыдан екі ай бұрын байқалған болатын. Ол тұста билік өкілдері халықты баға өспейді, нарық бағамы бақылауда деп сендіруге тырысқан. Бірақ нарық бағамы өз дегенін жасап отыр.

Бұл жолы бағаның көтерілуінің екінші себебі – алда тосап қайнату науқаны келе жатыр. Осы апта басында базарға соқтым. «Омар ата» көтерме сауда орталығында баға мен барған күні 1000 теңгеге көтеріліп кетіпті. Айт мерекесі алдында 25 килограмдық қанттың бір қабын 11600 теңгеден көргенмін. Дүкен қоймаларының барлығы қап-қап қантқа толып тұрған. Сол күні бәрі түгесіліп босап қалыпты. Бірнеше дүкенге кіріп, қант таппай шықтық. Біреуінде ғана аз қалыпты.

Осының алдында күн бұрын «Нұрислам» сауда орталығында қант болса қабымен ала салайын деп барған едім. Онда қаппен сатпайтын болып шықты. Құмшекердің килограмын 445 теңгеден көргенмін. Оның өзін бес килограмнан артық ала алмайсың. Амал жоқ, барған соң 3 қабын айтқан бағасына алуға тура келді.

Сол арада «Неге қант бағасы көтеріліп кетті?» деп сұрадым с атушыдан. Алғашында ол «білмеймін», деп иығын қиқаң еткізді. Сөйтті де: «Қант бағасының жоғарылайтынын өзіміз де білмей қалдық. Бас-аяғы бір-екі күнде осындағы көтерме сауда орталықтарынан қантты консерві жасайтын, тәтті сусын дайындайтын өндіріс ошақтары тонналап алып кетті. Бір демде саудамызды жүргізіп, қоймамызды босатып тастады. Іле өзіміз бүгін дүкенге жеткізілген тауарды жоғары бағаға алып отырмыз. Зауыттар тосап жасау үшін қант қорын дайындап жатқан сияқты», деп өз болжамын айтты.

Мен імен қат ар келген тұтынушы «Қазір «Нұрислам» сауда орталығынан шықтым. Сөрелерде қант жоқ. Содан осында келіп тұрмын», деді де екі қабын бір-ақ алып кетті.

Үйге келген соң «Нұрислам» сауда орталығының ақпан айындағы сауда түбіртегін тауып алып қарасам, сол кезде 25 килограмдық бір қап құмшекерді 8350 теңгеге алыппыз. Килограмы 334 теңге болған. Содан бері бір қап (25 кг) құмшекер бағасына 4225 теңге қосылыпты. Кешкісін ерінбей үйдің маңайындағы сауда орталықтарына кірдім. «Нұрисламда» құмшекер 35 теңгеге қымбаттапты. Қазір сауда нүктелерінде оның бір килограмы 500-600 теңгеден өткерілуде. «Себетте» 479 теңге, ал «SMALL»-да үш килограмын 1969 теңгеге аласың. Сонда оның килограмы 650 теңгеден айналуда. Ал әлеуметтік дүкендерде алғашында 220 теңге болған қант, өткенде 290 теңгеге, енді 330 теңгеге жоғарылаған.

Облыс әкімдігі кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы Аспандияр Сейсебаевқа шығып, баға жайын сұраған едік. Оның айтуынша, 18 мамырдан бастап әлеуметтік дүкендердегі 1 килограмм қанттың бағасы 330 теңгеге жоғарылаған. Қант бағасының өсуі өндіруші зауыттардың сату бағасына және импортталатын шикізат – қант қамысы бағасының өсуіне байланысты көрінеді. Қанттың нарықтағы орташа бағасы (1 кг) 450 теңге дейді. Дегенмен әлеуметтік дүкендерде қант нарықтық бағамынан 27 пайыз төмен өткеріліп жатқанын айтты.

– Соңғы уақытта ел аумағында көршілес мемлекеттердегі геосаяси ахуалға байланысты қанттың бағасы біршама көтерілді. Бұл ретте біздің елімізде қант өндіруге қажетті шикізат – қант құрағы шет мемлекеттерден сатып алынады. Бұл жағдай қант өнімінің сату бағасына әсерін тигізді. Ал жергілікті атқарушы органдар әлеуметтік маңызды тауарға жататын қанттың тапшылығын болдырмау және бағасының негізсіз өсуіне жол бермеу бойынша тиісті шаралар қабылдауда.

Бұл ретте мамыр айында тікелей қант зауытынан арзандатылған бағада әр ауданның ірі кәсіпкерлеріне сатылатын болады. Сатып алынған құмшекердің көлік және буып-түю шығындарының қаражаты ғана сауда үстемақысына қосылады. Сонымен қатар Тараз қаласындағы «SМALL», «Алма», «Вкусная корзинка», «Магнум» және «Нұрислам» ірі сауда дүкендеріне тұрақтандыру қорынан құмшекер аптасына 1 тоннадан жеткізіліп, келісі 349 теңгеден өткерілуде. Әлеуметтік дүкендерге де аптасына 1 тоннадан құмшекер жеткізіліп 330 теңгеден сатылуда, – дейді ол.

Қазіргі кезде арнайы құрылған жұмыс топтары апта сайынғы негізде сауда орындарындағы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасына мониторинг жүргізуде. Одан нәтиже болса, қанеки. Баяғы жартас сол жартас. Осы топтың мүшесі Бақытжан Орынтаев: «Облысымыз бен Тараз қаласында қант тапшылығы жоқ. Сауда орталықтары мен тұрақтандыру қорында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарының қоры кемі төрт айға жетеді. Халықтың шулайтындай негіз көріп тұрғаным жоқ, өйткені қант өндірісі тоқтаған жоқ. Сауда және интеграция министрлігінің өкілдері айтқандай, еліміздегі зауыттар жұмысын тоқтатпайды, қант қорын толтырып отырады. Яғни, халықтың «төрт айдан кейін қор таусылады, қант тапшылығы болады» деген ақпараты шындыққа жанаспайды. Сондықтан шаһар және аудан тұрғындарын арандатушылыққа, дүрбелеңге қосылмауға шақырамын», дейді.

Ал «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ өңірлік тұрақтандыру қоры басқару департаментінің директоры Арман Түймебаев бүгіннен бастап әлеуметтік дүкендерде бір килограмм қант бағасы 330 теңгеден өткеріліп жатқанын растады.

– Бүгінгі таңда «Тараз» қант зауытынан шығатын қант бағасы жоғарылап кетті. Зауыттан шыққан қанттың килограмы сауда орталықтарында 440-460 теңгеден сатылуда. Бізге өңірдегі зауыттың қанты қымбат түскендіктен тауарды Солтүстік Қазақстан мен Алматы қаласынан арзан бағамен жеткізудеміз. Әлеуметтік дүкендерге қажетті қант уақтылы жеткізілуде. Дәл қазіргі таңда қорда 460 тонна қант бар. Аптасына үш күн әлеуметтік дүкендерге 18-20 тонна қант жеткіземіз. Ал бізбен байланыста жұмыс істеп жатқан ірі сауда орталықтарына 9 тоннадан қант үлестіреміз. Бұл шамамен 4 айға жетеді. 4 айдан кейін жаңа өнім дайын болады. Бірақ біз оны күтіп отырмай 1000 тонна құмшекерге келіссөздер жүргізудеміз. Сөйтіп қордағы қант қорын толтырып қоюды жоспарлаудамыз, – деді ол.

Мәселенің басын бүкпесіз ашып берген тұрақтандыру қорының директоры Арман Түймебаевтың айтуынша, қант бағасы сыртқы және ішкі факторлардың салдарынан біз қаласақ та, қаламасақ та көтерілгелі тұр. Бірақ тағы да басқарма мен тұрақтандыру қоры арасында сәйкессіздіктер байқалады. Айталық, басқарма берген мәліметте күніне әлеуметтік дүкендерге бір тонна қант жеткізіліп тұрады десе, тұрақтандыру қоры аптаның үш күнінде 18-20 тонна жеткізіп береді. Біз кімге сенеміз? Басқармаға ма, әлде тұрақтандыру қорына ма? Өстіп бір-бірімізді алдап жүргенде қант тапшылығы қайта туындап, бағаның тағы шарықтап кетпесіне кім кепіл?!

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support