- Advertisement -

Қоян неге құйрықсыз?

145

- Advertisement -

Ертегі-өлең

Бала кезде мені ылғи,
Қасына атам ертетін.
Көтерсін деп көңіл-күй,
Әңгіме, ертек шертетін.

Көңілде бәрі көңілде
Ұмытылмас өмірде
Біреуін айтып берейін
Білгенің дұрыс сенің де.

Қоян неге құйрықсыз,
Кім біледі қанеки.
Болма өмірде құлықсыз
Айтам тыңда мінеки.

…Ерте, ерте, ерте екен.
Ешкі жүні бөрте екен.
Әлемдегі бар аңның
Құйрықтары келте екен.

Мұны көріп бір күні
Арыстан патша ақырып,
Жұмсапты уәзір түлкіні
Аңдарды жый деп шақырып…

Жар сапты түлкі бар маңға,
Барлық аңды сұрай кеп.
Кіріп жасыл орманға
Хабарлапты былай деп:

«Паташадан қатал бұйрық бар,
Ордаға ертең барыңдар.
Онда алуан құйрық бар,
Бір-бірден таңдап алыңдар»!

Таң ата аспан түнеріп,
Тұнжырап қабақ түйіпті.
Найзағай көкті тілгілеп,
Нөсерлеп жаңбыр құйыпты.

Жұмсақ табан, шорлы аяқ,
Аңдарға осы керек деп.
Кекете өші бардай-ақ,
Құйыпты жаңбыр шелектеп.

Қалың бұлттың ішінде,
Жарқ-жұрқ етіп от ойнап.
Найзағай еніп күшіне
Күркірепті атойлап.

Мұны бірақ сөз демей,
Ордаға аңдар шұбапты.
Шыға алмай тысқа өзгедей,
Сорлы қоян жылапты.

Қорқақ қоян қалтылдап,
Сыртқа шыға алмапты.
Жайын айтып әр аңға,
Жалбарынып зарлапты.

– Қалдым, – депті ауырып,
Жатыр жаншып жүрегім.
Нән құйрықтың бауырым,
Ала келші біреуін.

Күтіпті қоян зарыға
Қайсысы жақсы көред деп.
Ұзын құйрық әдемі
Кім маған әкеп беред деп.

Күн сәскеге барғанда,
Аңның бәрі қайтыпты.
«Жан сауғалап қалғанға,
Құйрық жоқ» – деп айтыпты.

Күрсініпті «ах» ұрып,
Сонда қоян шын налып.
Дөңбекшіпті алқынып,
Құйрықтан ұзын құр қалып.

.. Ерте, ерте ерте екен
Ешкі жүні бөрте екен.
Содан бері қоянның
Құйрығы жоқ келте екен.

Жақсы ертектен әмәндә,
Жақсы бала үлгі алар.
Су жүрек болған қашанда
Сыбағадан құр қалар.

Ине мен жіп

Деді ине:
– Жібек жіп,
Білесің бе күш кімде?
Менсіз жүрме ренжіп,
Керегің жоқ ешкімге.

Ұнатпайтын егесті,
Бұл сөзге жіп күйінді:
– Келсе маған теңескің,
Тігіп көрші киімді!

Түсті сусып жіп жерге,
Түсті жерге ине де.
Тігілмеді жейде де,
Қадалмады түйме де.

Кенет тастап керісті,
Ине, жіп қолда жүгірді.
Қуыршаққа келісті,
Әй-әй көйлек тігілді.

Бала мен кірпі

– Тоңымды ылғи жиырып,
Дөңгелене түсесің.
Жата берме бұйығып,
Қандай тамақ ішесің?

Ашу бойын қысқанмен,
Кенет Кірпі қуанды, –
Деді:
– Жеуге тышқан мен
Жақсы көрем жыланды.

– Онда қайта орманға,
Тастайын ба апарып?
– Жаным құмар сол маңға,
Көп ұстама қапа қып.

– Жем боларсың онда сен,
Жүре берші үйде де.
– Салып жібер жолға сен,
Мен сенемін инеме!

Құлыншақ -Ұрыншақ

Көкке бір тойды ма –
Көңілі бүгін шат.
Қырды да, ойды да,
Шаңдатты құлыншақ.

Исінген енесін,
Шабады ол ембей.
Ширатып денесін,
Алайын дегендей.

Енесі кісінеп,
Айтады ақылын:
– Қасқырдың тісіне,
Түсесің ақырын.

Шаңдатып маңайды,
Шабады құлыншақ.
Абайла, абайла,
Құлыншақ-ұрыншақ!

Үйрегім

Жалаң аяқ үйрегім,
Жараса ма жүргенің.
Табаныңнан дыз етіп,
Тұр-ау дымқыл сыз өтіп.
Қайда жұмсақ башпағың,
Неге шешіп тастадың.
– Деп ем, – жазып қанатын.
– Ақылдысың бала тым.
Мен емеспін күйрегің, –
Деді құйттай үйрегім.
– Күнде суға шомылам
Башпақ киіп не қылам?!

Қулық

– Күнде келер жер емес,
Тұрасыңдар қашықта,
Мына ініңе бер кеңес,
Бір қонып кет асықпа,
– Деді анам ағайға,
– Асықпай қайт жарай ма?
– Уақыт қайда тыныстар,
Бастан асқан жұмыс бар,
– Деп көнбейді ағайым,
Айтып себеп жағдайын.
Мен отырмын алайда,
Қулығымды асырып.
Ағайымның сарайға
Туфлиін жасырып.

Совет ӘЛІМҚҰЛОВ,
ақын.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support