- Advertisement -

«Алланың алдына надан қалыпта қайтуды қаламаймын»

25

- Advertisement -

Мақпал Төребек – танымал жас ақын. 1994 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы Кентау қаласында дүниеге келген. 2011 жылы Ордабасы ауданы Төрткөл ауылындағы Көкарал мектебін бітіріп, 2015 жылы Түркістан қаласындағы Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрік университетінің Журналистика мамандығын тәмамдаған. Бүгінде оның қаламынан туған сезімге толы жырлар әр бойжеткеннің жүрегінен шыққандай күйге бөлейді.

«Махаббатта өзінше әркім батыр-ез,
Бақыты үшін арпалысып жатыр өз.
Сенер тұста сенбеген боп шығатын,
Мама, сенің күйеу балаң қатыгез…», – бұл жырды бүгінде жас қыздар жастана жаттап жүр.
«Тірі өлеңімен» жұрттың жүрегін жаулап жүрген Мақпал Төребекпен сұхбаттасудың сәті түскен еді.

– Ақын болу әйел заты үшін қиын ба, жеңіл ме?
– Қиын дейтіндей өлеңнің залалын тартқан емеспін. Алдыңғы буыннан «Әйелден ақын шықпайды» дегенді де, үйлі-баранды болып, өмірге бала әкелген соң қыз баланың ақын болуы, ақын болса отбасын сақтап қалуы неғайбыл дегенді естіп ет үйренген. Бұйырған өлеңді жазып жатырмыз.
– Неге өлеңдер көбіне мұңды болып келеді?
– Өзім де ақын қыздардың арасында жүрмін ғой. Мұңға бір табан жақын болатынымыз рас. Күліп отырып кілт ете қалатын кезіміз де көп. Сондықтан кейде өз өмірімізді солай мұңға батуға құмбылдығымызбен құбылтып алып, оны өлеңге жаба салатын да шығармыз. Білмеймін. Бірақ осыған дейін азды-көпті көрген қиындығым бар ғой. Соның бәрінде іштегі ауыр дерт пен өрттің бәрін мен өлеңмен сыртқа шығарғанмын. Сондықтан керісінше, өлең өзіме өмірімді жеңілдетушідей көрініп тұрады.
– Алғашқы жырыңыз кімге арналып жазылды?
– Анам туралы еді. Ол кезде 2-3
сыныпта оқимын. Анық есімде емес. Әйтеуір жазылған шумақтары бар дәптерді жастығымның астына тығып жататынмын. Бөлем де өлең жазатын. Соған оқып беретінмін. Қазір анама деген сағынышымды жазған шығармын деп шамалаймын.
– Оқырмандарыңыз жиі қоятын сұрағы қандай?
– Бұрын жеке өзіме, өлеңдеріме, әсіресе махаббатқа қатысты сұрақтар жиі қойылатын. Қазір қойылатын сұрақтардың дені тоқу мен оқудың, кітаптың төңірегінде. Бұл мені қуантады. Сұрақ қоюшының да деңгейі өсіп келе жатыр деген сөз.
– Сіз үшін өмір ұғымының мәні қандай?
– Мен үшін өмір – азға қанағат, барға шүкір, жоққа сабыр! Мен ең асыл, ең жақын адамдарынан ерте айырылған адаммын. Екі жасымда анам бақилық болды. Он екі жасымда әкем қайтты. Бұрын балалықпен соған жауап іздеп, Құдайға сұрақ қойып, оны кінәлап, жанымды жегідей жейтінмін. Соның салдарынан өзіме берген Алланың нығметтерін, анамдай, әкемдей болуға тырысқан адамдардың жақсылығын байқамаппын.
– Ал тағдырды қалай түсінесіз?
– Тағдыр дейміз ғой. Мұндайда қазақ «пешенемнен көремін» деп жатады. Исламда сол тағдырды бір өзгертсе әркімнің өзі жасаған дұғасы өзгертеді дейді. Кім болса сол болу кімге қиын?! Өзім адам етіп жаратқан Алланың алдына надан қалыпта қайтуды қаламаймын. Қысқасы, тағдырға сенемін. Оның жақсара түсуі үшін дұға жасап, еңбектеніп, ізденіп, оқығандарыма амал етемін. Яғни тағдыр мен үшін сый мен маңдай тер.
– Ал махаббат ше?
– Бексұлтан Нұржекеевтің «Ерлі-зайыптыларын» оқыған адам бұл сұраққа толық жауап алады деп ойлаймын. Сол кітапта «Біреуді сүйіп көрген адам ешкімді сүйіп көрмегеннің жай-күйін жақсы біледі, ал өзі ешкімді сүйіп көрмеген адам сүйіскен жандардың жағдайын ешқашан жете ұға алмайды» дейді. Махаббат жайлы әлдене деу үшін сүйіп көру, сүйіп көргеніңе сенімді болу керек-ау…
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Гүлнар ТАЙЖАН,
М.Х.Дулати атындаңы Тараз өңірлік
университеті, «Журналистика»
мамандығының 4-курс студенті.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support