- Advertisement -

«Аламан айтыс «Aq jol»-дың жүз жылдық мерейтойына да арналады»

672

- Advertisement -

Ерлан Жүнісбай,
облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы:

 

 

– Ерлан Нұрманұлы, сіздің осы қызметке тағайындалғаныңызға бір жылдан асты. Осы уақыт ішінде ойыңыздағы жобаларды жүзеге асыра алдыңыз ба?
– Бір жыл ішінде өңіріміздегі өзіндік бет-бейнесі қалыптасқан, маңызы жоғары мәдениет саласында бірқатар ауқымды шаралар ұйымдастырылып, жүзеге асты. Оның бәрін жұрт көріп, естіп отыр. Шын мәнінде, мен қызметке келген бір жылда карантиндік шектеулерге байланысты, қарқынды жұмыс жасауға соңғы үш-төрт айда ғана мүмкіндік болса да, іс-шаралар легі көпшіліктің оң бағасын алып үлгергенін жоққа шығаруға болмас. Мәселен, жыл ішінде облыс көлемінде 3 халықаралық, 9 республикалық, 25 облыстық және әртүрлі деңгейдегі іс-шаралар ұйымдастырылды.
Оның ішінде, АҚШ, Жапония, Түркия, Өзбекстан, Қырғызстан ғалымдарының қатысуымен «Тараз және Түркі өркениеті» халықаралық конференциясы өтті және конференциядағы мазмұнды материалдар жинақ ретінде топтастырылып, жақында ғана баспадан жарыққа шықты.

Облыстық филармония ұйымдастырған Кенен Әзірбаев атындағы «Шырқа, даусым» Х республикалық дәстүрлі әншілер конкурсы мен «Көне Тараз күмбірі» ІІ республикалық фольклорлық ансамбльдер конкурсының нәтижесінде «Шырқа, даусым» және «Жамбылым – ән бесігім» CD жинақтары жарық көрді.
М.Мақатаевтың 90 жылдығына орай «Кең дүние, төсіңді аш, мен келемін!» атты поэтикалық сазды кешінің аясында Алматы облыстық М.Мақатаев атындағы әдеби-мемориалды музейінің қорынан «Алаш жырының ақиығы – мұзбалақ Мұқағали» атты жылжымалы көрме жасақталды. Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, өздеріңіз куә болған «Туған жерім – дархан далам!» атты облыс аудандарының Тараз қаласындағы күндері қазан-желтоқсан аралығында ұйымдастырылып, аудандардың үздік өнер ұжымдары қатысқан гала-концертпен қорытындыланды.
Жалпы негізгі шаралар ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына және жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың 175 жылдық мерейтойына орай іске асырылды. Облыстың өнер ұжымдары Алматы мен Түркістан облысына гастрольдік іссапарға барды. Ал Алматы облысының көркем өнерпаздар ұжымы мәдени ынтымақтастықты нығайту мақсатында Жамбыл жеріне келді.
Барлығын, тізіп айту мүмкін емес, әрине, бұл жыл ішінде атқарылған негізгі іс-шаралар ғана. Мұның барлығы өңіріміздегі мәдениет саласының дамуы жолында жүзеге асып жатыр. Сәйкесінше, биылғы жылы да алдымызда бірқатар міндеттер тұр.
– Жалпы Әулиеата жері ән-жырға бай. Мәдениет саласын басқара отырып, жергілікті өнерпаздардың, рухани адамдардың бойынан нені байқадыңыз?
– Мен жауапты қызметке тағайындалғаннан бері бір жыл уақытты аз деп те, көп деп те айтуға келмейді. Десе де, осы уақыт ішінде жергілікті өнерпаздардың бойынан байқағаным өнерге деген шексіз құрметі. Әсіресе аудан күндерінің гала-концертінде жанды дауыста ән орындаған әр ауданнан келген өнерпаздардың өздеріне деген сенімнің, өнерге деген құрметінің артуын аңғару аса қиынға соқпады. Мұның өзі өнердің өз тілі бар екендігінің көрінісі шығар. Жалпы Әулиеата топырағы талай таланттарды тудырған қасиетті топырақ. Менің де кіндік қаным тамған жер. «Туған жерге туыңды тік» демекші, елге, жерге қызмет ету – кез келген азаматтың асыл парызы. Осы борышты адалынан орындап, халықтың батасын алғаннан артық бақыт жоқ деп білемін. Туған жердің өсіп-өнуі үшін қызмет етуге келгендіктен, барынша халықтың алғысын алып, еңбек етіп жатырмыз.
– Осы аптада Жамбыл Жабаевқа арналған республикалық ақындар айтысы сіз басқаратын басқарманың ұйымдастыруымен өткізілмек. Биылғы айтыс облыстық «Aq jol» газетінің 100 жылдығына да арналып отыр. Бұл жылда өтетін дәстүрлі айтыс. Биыл қандай ерекшеліктер күтеміз?
– «Жамбыл – менің жай атым, халық – менің шын атым!» атты республикалық айтыс басқарма тарапынан жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келеді. Себебі бұл айтыс – республика бойынша Жамбыл атамыздың атындағы жалғыз айтыс. Мысалы, Шымкентте әр жылдың наурыз айында «Наурыз» айтысы өтеді. Оған бару үшін барлық айтыскерлер елең етіп отыратыны секілді, әр жылдың ақпан айының соңында айтыскерлер қауымы Әулиеата өңіріне атбасын бұру дәстүрге айналған.
Республика көлемінде дәл осындай маңызға ие болған айтыстың биылғы ерекшеліктері де жоқ емес. Бұл жолы Жамбыл облысынан іріктелген үздік он айтыскер ақынды қатыстырғалы отырмыз. Олардың құрамында аға буын өкілдерінен Аймұханбет Исақов, Күміскүл Сәрсенбаева сынды ақындармен қатар Дархан Әбдіманат, Дидар Апбасов сияқты жас айтыскерлер де бар. Сондай-ақ өзге өңірлерден он ақын шақырылып отыр. Ақындардың сөз саптауы, домбыра қағысуы жағынан тәжірибе алмасуға жол ашатын айтыста Батыстың, Арқаның, Сырдың, Жетісудың айтыс өнері мектебінде қалыптасқан мақамын көрермендермен қауыштыру үшін қатысушылар құрамында еліміздің батыс, шығыс, оңтүстік, солтүстік сынды барлық өңірі қамтылды. Мысалы, Сыр елінен Нұрмат Мансұров, Алматыдан Болатбек Оразбаев, Қарағандыдан Айтбай Жұмағұлов, Батыстан Талғат Мықи сынды азулы, алқалы додаларда топ жарып жүрген ақындар қатысады. Бұл жолы Арқаның бас ақыны – Аманжол Әлтаев айтыстың тізгінін ұстамақшы.
Биылғы айтыстың тағы бір ерекшелігі – облыстық «Aq jol» газетінің 100 жылдығы тақырыпқа тұздық болмақшы. Облыс баспасөзінің қара шаңырағы, жүз жылдық тарихы бар «Aq jol» газеті – біздің облысымыздың айнасы. Өзінің ғасырлық жолында бұл басылым билік пен бұқараның арасына алтын көпір болып, елдің сөзін сөйлеп, халықтың мұңын жоқтаудан танған емес. Жүз жасаған Жамбыл бабамыздың есімімен аталатын облыстың бүкіл тарихы осы басылымның беттерінде сайрап жатыр. Биылғы айтыс тақырыбының ауқымы осы жағынан да кең болғалы тұр.
Бұл айтысқа біздің республикамызға белгілі өнер қайраткерлері, ақын-жазушыларымыз қазылық етеді. Қазылардың төрағасы – Мемлекеттік сыйлықтың иегері, арқалы ақындарымыздың бірі – Несіпбек Айтұлы. Қазылардың құрамында – белгілі ақын Ғалым Жайлыбай, Мәжіліс депутаты, ақын Жанарбек Әшімжан, Батыстағы Қадыр Мырзалиев атындағы мәдениет орталығының басшысы, айтыскер-ақын, Жазушылар одағының Батыс өңіріндегі филиалының төрағасы – Бауыржан Халиолла, «Aq jol» газетінің бас редакторы – Оралхан Дәуіт және Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағының Жамбыл облыстық филиалының төрағасы, ақын – Ахметжан Өзбеков бар. Жалпы биылғы айтыстың негізгі ерекшеліктері осылар.
– Әр аудандарда халық театрлары бар. Ол театрлардағы өнерпаздарды, жас өнерпаздарды қолдау жағы қалай?
– Бүгінгі таңда аудандық мәдениет үйлеріне қарасты 15 халық театры бар. Олармен басқармаға қарасты облыстық халық шығармашылығы орталығы әркез тығыз жұмыс жасап келеді. Халық театрларының шығармашылық деңгейін жетілдіру мақсатында орталық тарапынан жыл сайын «Театр kz», «Театр – өмір айнасы», «Күлеміз бе?» фестивальдары өтіп тұрады. Алдағы уақытта аталмыш шаралардың республикалық деңгейде өткізу жоспарда бар. Жалпы халық театрларының 360-қа жуық актері бар. Халық театрлары күні бүгінге шейін республикалық, халықаралық және облыстық фестивальдерге қатысып, жүлделі орындарға қол жеткізіп отыр. Жастарды қолдауға алдыңғы кезекте көңіл бөлеміз.
– Басқарма тарапынан жергілікті ақын-жазушылардың шығармашылығын қолдау ісі қалай жүргізіліп жатыр?
– Біздің халық ежелден ақынын ардақтаған, сөздің қадіріне жете білген. Дәуірлер алмасып, замандар жылжыса да, халқымызға тән болмыстың бояуы өзгермеуі керек. Сол себепті шығармашыл адамдарды қашан да қолдау сол қазақилығымыздың бір белгісі деп білемін. Алайда ақын-жазушылардың кітабын баспадан шығару басқарманың құзырына кірмейді. Ол үшін арнайы ақын-жазушылардың шығармашылығын үйлестіретін, жастармен жұмыс жүргізетін арнайы басқармалар бар. Ал біздің басқарма жергілікті ақын-жазушылардың шығармашылығын оқырмандарға насихаттайды. Мысалы, соңғы жылдарда Қайырбек Асановтың «Нұрлы дүние», Табиғат Абаилдаевтың «Миллениум», Үміт Битенованың «Балабақшадан басталған», Данияр Әлімқұловтың «Жүрек хаттары» және өткен жылы Күләш Ахметова апамыздың 5 томдық шығармалар жинағының 1520 данасы сатып алынды.
– Алдағы жоспарларыңызбен бөлісе кетсеңіз…
– Басқарма мен оған қарасты мекемелердің 2022 жылы ұйымдастыратын іс-шараларының жоспары пысықталып, бірқатар ауқымды жобалар жоспарланды. Аталған шаралардың алды басталып та кетті. Нақтырақ айтатын болсақ, Мемлекет басшысы биылғы жылды Балалар жылы деп жариялауына байланысты облыстық мәдениет және өнер ұжымдары тарапынан ауқымды жобалар өткізу мақсатында А.Тоқпанов атындағы Жамбыл облыстық қазақ драма театры «Періште қонған үй» атты жаңа қойылымын көрермендер назарына ұсынып үлгерді. Одан бөлек, шығармашыл жастардың «Жаңа есім-2022» жобасы, «Би әлемі» би ұжымдарының облыстық фестивалі, Ахмет Байтұрсынұлының туғанына – 150 жыл толуына орай «Рухани көсем» атты театрландырылған қойылымын дайындау, «Көне ескерткіштер – елдігіміздің тарихы» атты республикалық онлайн семинар, Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларына облыстық-тарихи өлкетану музейінің қорынан көрмелер ұйымдастыру, «Ұрпақтар сабақтастығы: тарихпен болашақ Жамбылдық суретшілерінің көзімен» көрме – байқауы, «Өлкелік туризм – кітапхана жұмысының инновациялық түрі ретінде» жобасы, Шерхан Мұртазаның 90 жылдық мерейтойына орай «Шынның жүзі – Шераға!» атты шаралар кешені және тағы да басқа ауқымды шаралар жоспарымызда бар. Жалпы биылғы жұмыс жоспарының негізгі мазмұны осылай…
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан
Есет Досалы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support