- Advertisement -

Бөрісырғақ дегеніміз не?

852

- Advertisement -

Жылдағы қалыптасқан дәстүр бойынша 19 қаңтарда христиан дінін ұстанушылар аяздың қаһарына мінген түні «Крещенский мороз» деп суға түсіп жатады. Биыл да суға түсетіндер аз болмайтын сияқты. Бірақ осы күнді базбіреулер бұрмалаймыз деп «Бөрісырғақ» деп қате атап жүр. Бір байқағаным, әркім өзінше бұрмалауға тырысқан бұл күн атауының өзінде бірізділік жоқ. Әр аймақта әртүрлі аталуымен қатар адасушылықтардың да бары байқалады. Ең бастысы, оның астрономиялық маңызынан гөрі, діни бұрмалаушылығы басым.

Ал енді «Крещенский морозды» «Бөрісырғақ» деп атап жүргендер бүгінде аз емес. Алдымен, Бөрісырғақ дегеніміз не? Осыған тоқталайық. Бөрісырғақ басталғанда күн суытып, ызғар күшейіп, қар жауып, ауа райы борандатып тұрады. Бұл амал қасқырдың «жерік айында», яғни арлан мен қаншық жұптасатын ақпан айына тура келеді. Оны қанша тықпаласаң да 19 қаңтарға қиыстыра алмайсың.
Бұл күнді «Крещенский мороз» емес, оны «Сарышұнақ аяз» деп атау керек дейді елімізге белгілі профессор Серік Негимов. Қарап отырсақ, қазақта ондай аяздардың мезгілі де, өз атаулары да бар. Ал профессордың айтуынша, біз әлі күнге дейін кейбір құбылыстарды орысшадан сіңген қалыпта қабылдап жүрміз. Мәселен, бізде қатты аязды үш түрге бөлген. Олар – сарышұнақ аяз, ақшұнақ аяз және қызылшұнақ аяз. Осы аяздың үшеуі де осы уақытқа дөп келеді.
Осы атаулардың бірін айтпастан бұрын жазушы Кәмел Жүністегінің жазбасына тоқталғым келеді. «Табиғаттың тылсым күшінің атауын қазақ сол табиғатпен тілдестіре атаған. Қазіргі қаңтардың орта тұсында болатын аяздың атауы – «Сары аяз», – дейді ол. Осы жерде белгілі журналист, әрі публицист Нұртөре Жүсіптің «Крещенский мороз» деп сабылатын елордалықтарға қаратып: «Бұл «Крещенский мороз» емес, кәдімгі «Арқаның суығы» дегені еске түседі. Бір сөзбен айтқанда «Сары аязы».
Бұл аязды ақтаулықтар «Итбалықтың кіндік қатырмасы» деп атайды. Сөйтсек бұл уақытта Каспий теңізіндегі итбалықтар мұздың бетіне шығып балалайды екен. Қатты суықта балаларының кіндігі мұзға жабысады да, кесіліп түседі. Мұндай суық болмаса балалары қырылып қалуы мүмкін. Маңғыстаулықтар да бұл кезеңді осылай атап жүр.
Ал бұл рәсімнің қалай пайда болғанына тоқталайық. Яғни, Иса пайғамбар 19 қаңтарда христиан дінін қабылдап, Иордан өзенінде осы күні суға шомылдыру рәсімінен өтіпті. Салтанатты рәсім кезінде көктен Исаға көгершін түсіп, Қасиетті Құдай-Рухты бейнелейді, сөйтіп ол Құдай әкесімен тілдесіпті. Содан бері күнәсіз Исаны шомылдыру рәсімі христиан дінінде күнәдан арылу күні ретінде еніп кеткен. Халықта шомылдыру рәсімінен кейін бала тыныш ұйықтайды, аз ауырады, барлық су көздерінен шыққан су қасиетті суға айналады деген сенім қалыптасқан (бұл рас).
Ресей ғылым академиясы география институты директорының орынбасары, «Мeteo-TV» жүргізушісі Александр Беляевтің бұл тұрғыда айтқан ғылыми пікіріне құлақ түрейікші. «Эпифания мен аяз арасындағы байланысты «ғылыми» деп түсіндіру кеңестік дәуірде тұжырымдалған: бұл мереке жылдың ең суық кезеңінің басына сәйкес келеді, сондықтан аяздың ықтималдығы жоғары. Бірақ бұл неғұрлым күрделі және терең табиғи құбылыс (сенім құпиясының емес). «Құдай жоқ, өйткені ғарыштағы ғарышкерлер оны кездестірмеген» сияқты нәрсе. Менің ойымша, бұл жерде термометрмен өлшенетін, құрылғыларға бағынбайтын ғаламат космостық қуат көзі бар тылсым құбылыстың бірі. Суға шомылып, адам күнәларын жуады, тазарады, өзін жеңеді. Сондықтан ол аязды сезбейді!» депті ол.
Ал астрологтарды тыңдап көрелік. Осы мәселенің түйінін тарқату үшін жұлдызшы Құдайберген атаны сөзге тартқан едік.
– Бұл күні судың емдік қасиеті артады. Жайында бір Жаратушының нұры суға құйылған күн жылына екі рет қайталанады. Бірі 22 шілдеде, яғни ми қайнатар шілдеде болса, екіншісі 19 қаңтардағы сары аяз күндеріне тура келеді. Алдыңғысы жаз айы болғандықтан аса елене бермейді. Бірақ бұл күні Үндістандағы будда дінін ұстанушыларда суға түсу дәстүрі қалыптасқан. Ал екінші күнге келетін болсақ, Иса пайғамбар христиан дінін қабылдап, суға шомылғандықтан оны сол дін өкілдері өздеріне жазып алған. Дəлірек айтқанда, Иса шоқынып, суға түскеннен бұрын астрологтар космостық ғаламат энергияның осы күні (сондай-ақ 22 шілде күні) суға құйылатынын ерте дәуірлерде-ақ есептеп қойған.
Ғылыми тілмен айтатын болсақ, бұл күні космостық энергия тек суға ғана түседі. Барлық су көздерінің емдік қасиеті еселеп артады. Мұны жер шарымыздың барлық ғалымдары баяғыда-ақ мойындап қойған. Осы жерде «неге суға түседі, неге адамға емес, неге басқаға емес?» деген сұрақ тууы мүмкін. Өкінішке орай, мұның жауабын əлі күнге ғалымдар дөп басып айта алмайды. Судың емдік қасиетінің артуын да нақтылап анықтай алмауда. Бұл бір Алланың құдіреті. Дегенмен бұл күні суға түскендердің сырқатынан тез сауығып, дене жарақаттарының тез жазылуына септігі тиетінін ғалымдар да, астрологтар да жоққа шығармайды. Сондықтан бұл күнді күнәдан тазару, Жаратушының нұрына шомылу күн-түні деп атаса да болады, – дейді ол.
Космостан нұр төгілген күнге орай облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері де шомылу кезіндегі қауіпсіздік шараларын күшейтеді.

Марат Құлибаев

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support