- Advertisement -

Оңтайлы өзгерістер болатынына сенім мол

48

- Advertisement -

«Қаралы қаңтар» оқиғасы бізге көп нәрсені ұқтырды. Көп болып көкейге түйгеніміз – ең алдымен елдік мүдде бәрінен биік, тәуелсіздік ең қымбат құндылық екендігі. Мемлекеттің ішкі тұрақтылығын сақтау – әлеуметтік мәселелердің бірден-бір шешімі. Оған әр өңірдегі бейберекет бассыздықтар орын алған шақта нақты көзіміз жете түсті. Сырттан келер қауіп-қатердің көптігін де осы кезеңде бағамдадық. Ендігі біздің іс-әрекетіміз қалай болмақ?! Сын сағатта қандай ой сараладық?! Қазақстандықтар осындай күрделі кезеңде ауызбіршілік танытып, бірлігін бекемдеуге пейіл ме?!
Баршамыз тәуелсіздігімізді, тұтастығымызды сақтап қалу мәселесі таразы басына түскен сәтте дер кезінде дұрыс шешім қабылдаған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төңірегіне жұрт болып топтасуымыз керек. Президент Парламент Мәжілісінде күштік құрылымдардың әлеуетін арттыратын шешімдер қабылданатынын, құқық қорғау саласында үлкен реформа жасалатынын жеткізді.
Бұл ғана емес, бұған дейін көптеген әлеуметтік түйткілдердің туындауына себеп болған бірнеше проблемалар ашық айтылып, оны түбегейлі шешудің жолы ұсынылды. Алда экономиканың бірқатар саласында жұрт үшін оңтайлы өзгерістер болатынына сенім мол.
Білім саласында серпінді жаңалықтар орын алатыны қуантады. Мемлекет басшысы атап көрсеткендей, оқыту сапасы тек қана мектептердің материалдық-техникалық базасын нығайтуға тәуелді емес екенін уақыт бізге дәлелдеп берген. Ендігі мәселе – білікті кадр, білімді мұғалім даярлауда. Сондай-ақ шын мәнісінде тәжірибелі, өнегелі ұстаздардың тәжірибесін тарату да – кезек күттірмейді. Ол үшін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев атап көрсеткендей, білім берудің жоғары сатысындағы бәсекелестікті арттыру қажет. Еңбек нарығына қандай мамандар керек, басты бағдар осы болуы тиіс.
Алдағы үш жылда елімізде шетелдердегі таңдаулы оқу орындарының 5 филиалы ашылатындығы да – баршамыз үшін үлкен жаңалық. Оның екеуі еліміздің батыс аймақтарында ашылатын болады. 5 филиалды ашуда басымдық техникалық-кәсіптік бағытқа берілмекші.
Жалпы құқықтық саладан басталған реформа экономиканың басқа салаларына да өзгеріс әкелері сөзсіз. Елдегі әлеуметтік мәселелер, еңбек теңсіздігі, жең ұшынан жалғасқан жемқорлық әрекеттерден туындаған проблемалар Мемлекет басшысының назарында. Ендігі міндет – баршамыз оң шешімдерді қабылдап, ең қажетті салаларды реформалауға қадам жасаған Президентімізге қолдау көрсету. Елдік мүдде елдің тыныштығы үшін керек екенін ұмытпайық!

Айнұр Баймұратова,
аудандық мәслихаттың депутаты, аудандық білім саласы қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымының төрайымы.

Т.Рысқұлов ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support