Облысымыз «қызыл» аймаққа өтті

17

Соңғы апталардағы көрсеткіштер бойынша аймағымызда коронавирус инфекциясының эпидемиологиялық ахуалы күрт күрделеніп отыр. 2022 жылдың 16 қаңтарынан бастап облыс «қызыл» аймақта болса, ағымдағы жылдың небәрі 14 күнінде коронавирус инфекциясының 591 жағдайы тіркелді. Бұл өткен айдағы көрсеткіштермен салыстырғанда бірнеше есеге жоғары. Соңғы тәулікте 192 адам коронавирус індетіне шалдықты.

Эпидахуалдың күрт нашарлауының негізгі себептері – мерекелік демалыстар кезеңіндегі халықтың қозғалыс белсенділігінің артуы, қонаққа бару, қонақ шақырудың жиілеуі, ұжымдық іс-шараларда санитариялық-эпидемиологиялық талаптардың орындалмауы, облыс тұрғындарының арасында «дельта Үнді» және «британдық альфа» штамдардың тіркелуі, сонымен қатар «оmicron» штамының болу ықтималдығымен байланысты деген болжам да бар.
Бүгінгі күні «оmicron» штамы Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында зертханалық жолмен расталды. Бұл үлкен алаңдаушылық туғызады. Себебі облыс аралық, қала аралық миграция вирустың таралуына үлкен қауіп төндіреді. «Оmicron» штамының «дельтаға» қарағанда жұғу жылдамдығы 5 есеге жоғары. Адам ағзасында 70 есе тез көбейеді. Өлім-жітім көрсеткіші жоғары болмағанымен, көпшілік жағдайда вирус тудыратын ауыр зардаптарымен қауіпті. Яғни «оmicron»-мен ауырған адамда тромбоз, инфаркт, инсультке шалдығу, мүгедектік халге түсу тәуекелі өте жоғары болады.
Бүгінгі күні әлемнің 100-ден аса елінде «оmicron» анықталып, жағдай ушыға түсуде. Біздің елде де «қызыл» аймаққа енген өңірлер қатары күн сайын артып келеді. Осыған байланысты «оmicron» штамының таралуына қарсы карантиндік шаралар қайта күшейтілді. Карантиндік талаптар әрбір азаматтың денсаулығын қорғауға және өңірдегі санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылықты жақсартуға бағытталған.
Барлық болжам біздің өзімізге, қауіпсіздігімізді қамтамасыз ету деңгейіне, әрқайсымыздың әрекетімізге тікелей байланысты. Вакцинация талай эпидемияларды жеңудегі бірден-бір құрал. Сондықтан азаматтық жауапкершілік танытып, ұжымдық иммунитетке қол жеткізудің қамын жасауымыз керек. КВИ-мен сырқаттанушылықтың өсуіне қарсы іс-қимылдың бірден-бір пәрменді шарасы – вакцинациялау мен ревакцинациялау. Сонымен қатар әлеуметтік байланыстарды шектеу.
Үй-жайлардағы халық тығыздығын азайту вирустың таралу қаупін азайтады, себебі ауру жұқтыру көбіне тығыз байланыста болатын жерлерде, желдетуі нашар бөлмелерде арта түседі. Жаһандық сын-қатерлерді ескере отырып, шетелдік сапарларды кейінге қалдырған дұрыс. Сақтық шаралары ғана індетті тоқтата алатындығын естен шығармаңыз. Барлығыңызға амандық тілеймін.

Әсет Қалиев,
облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының басшысы.

Comments are closed.