- Advertisement -

«Адам баласының өзгеруіне пандемиядан артық қандай түрткі керек?»

3 872

- Advertisement -

Мұхамеджан ТАЗАБЕК,
ҚР еңбек сіңірген қайраткері, «Тәлім тв» телеарнасының бас директоры:

«Адам баласының өзгеруіне пандемиядан артық қандай түрткі керек?»

– Мұхамеджан Оразбайұлы, Сіз ел ішін көп аралап, көп кездесулер өткізіп жатасыз. Әңгіме өзегі негізінен тәрбие, отбасы құндылығы төңірегінде өрбиді. Әрине, тәлім-тәрбие мәңгілік тақырып. Дегенменде осы кездесулерге ел өздері шақыра ма, жоқ, өзіңіз сұранып барасыз ба? Сізге бұл кездесулер не үшін қажет?

– Негізі мен көптеген кездесулерден қашамын. Себебі, топтың алдында сөз сөйлеу – үлкен жауапкершілік. Оның үстіне басқа да айналысып жатқан шаруаларым көп. Бірақ әлеуметтік желілерде екі миллионға жуық жазылушым болғасын, жұрт іздейтіні рас. Парақшаның ықпалдылығы жағынан Қазақстандағы алғашқы ондыққа кіремін. Орыс тілді, қазақ тілділерді қосқанда… Сондықтан ынталы жұрт өздері іздеп тауып алып, өздері шақырып жатады. Жоғары оқу орындары, мектеп, қоғамдық ұйымдар шақырады. Бәріне жоқ деп айту мүмкін емес қой. Солардың арасында кейбіріне барғанымның өзі көптің көзіне көрініп қалып, «Сіз үнемі кездесулер өткізіп жүресіз» деп айтып жатады. Ал мені шақырып жатқандардың барлығына жауап беретін болсам, онда жыл он екі ай, 24 сағат жолда жүруім керек. Яғни еш жерге өзім сұранып барып жатқаным жоқ. Өздері шақырады. Мұның да себебі бар деп ойлаймын.
Себебі, қарайған халық қоғамда дүние тауып жатыр, кәсіп істеп жатыр, күнін көруде, бірақ көп адамда бір рухани аштық бар. Ақпарат көбейген сайын тұтынушы жұрт соның қажеттісін ала алмай жатқаны өтірік емес. Мысалы, қазір түсінікті нәрсенің өзін түсіндіруге тура келеді. Қайбір күні әлеуметтік желіде менің бір сөзім қатты тарады. «Аттың үстінде жүрген ер жігітте депрессия болмайды. Себебі атам қазақ «қандай бір жігіттің бойында уайымы болса ол сұлудың қойнында қалады, тұлпардың жалында қалады немесе сапарының жолында қалады. Үшеуінде де қалмаған уайым көрге бірге барады» деп айтқан» деп жаздым әлеуметтік желіде. Біреулер үшін бұл сөз түсінікті. Бірақ, «осыны түсіндіріп бересіз бе?» деп хабарласқан адамдар өте көп болды. Мен осыған байланысты әлеуметтік желіде бірнеше пост жаздым. Сұлудың қойны деген ол ойнастық емес, оның адал жары, ер азаматын сыйлау, есіктегі басын төрге шығару деген сөз. Тұлпардың жалы деп отырғанымыз физикалық жүктеме. Адам спортпен шұғылдану керек. Жаяу жүруді дағдыға айналдырып, сейілдеуі керек, аңшылыққа шығуы керек. Ал сапардың жолы деген – қарым-қатынас, елмен араласу, байланысу, мәміле. Міне, осы нәрсені қазақ бір ауыз сөзбен, «сұлудың қойнында, тұлпардың жалында, сапардың жолында» деп отыр. Осы үш нәрседен жазылмаған уайым ол көрге бірге кетеді дейді. Қазіргі жастардың бойында тұспал, астарлы сөздерді түсіну, «қызым, саған айтамын, келінім, сен тыңда» деген бабалардың қисыны, шешендігі мен даналық ұстанымы жоғалып барады.
Әрі қазір әлеуметтік желі адамдарға толық үстемдігін жасап тұр. Бұл жерде қыз да, әйел де, еркек те, көлденең көк атты да, артында ешқандай ізі жоқ тұғырсыз адамдар да халыққа білгенін айтып жатыр. Мен осы кездесулерде айтып жүрген лекцияларым үшін бір тиын да дәметкен емеспін. Себебі, осы өмірімде маған қаншама адамдар рухани инвестиция салды. Қонаевтың, Асқаровтың, Шерхан атаның берген баталары, одан кейін осы өңірдегі қаншама асыл жандар, кешегі Әлібек Әмзеев, Жақсылық Сәтібеков, Арғынбай Бекбосын, Берден Байқошқаров, бүгінде көзі тірі Елен Әлімжан сияқты ағаларым маған 15 жасымнан бастап жол көрсетті, жөн сілтеді.
Яғни артымызда тарих бар, төменде тамыр бар. Мұны да қолдаушы халық сезсе керек. «Айтса, осы айтсыншы» деп мені кездесулерге шақырады.

Сосын, мен ешуақытта ешкіммен ашық конфликтіге барған емеспін. Біреу жау болды екен деп онымен ұстасқан жоқпын. Біреу жақсы көрді екен деп оның мойнына мініп алған жоқпын. «Тек жүрсең тоқ жүресің, домаланып көп жүресің» деп айтады ғой. Мәмілең болса, адамдармен қарым-қатынас мәдениетін ұстасаң, онда кез келген ортада саған қажеттілік туындайды. Өйткені Абай да «Ортаға біліміңмен емес, мінезіңмен сиясың» деп айтты. Әлихан да «Ұлтқа қызмет ету, білімнен емес, мінезден» деп айтты. Біз мінез бағуға тырыстық. Көбінде кісінің жанын ауыртпау, бір адамға болса да шырылдап көмектессек екен деген ықыласты жанашыр жұрт байқайтын болса керек. Сол себептен де кездесулерге сұраныс туындайды.
Қайбір күні Жамбыл облыстық әкімдігіне бас сұқтым. Мен барған кез кешкі мезгіл болатын, елдің бәрі жұмыстан қайтып жатыр екен. Жұмыстан қайтып бара жатқандардың барлығы дерлік маған сәлем беріп, жағдай сұрап жатты. «Қайдан жүрсіз, сіздің уағыздарыңызды тыңдап жүрміз, шайға шақырсақ бола ма?» деп жатыр. Дүрілдеп айтыскер ақын болып тұрған кезімде сол әкімшілікке жүз кіріп, жүз шыққам. Бірақ қанша танымал болсам да ондай құрмет болмаған еді. Демек, халықтан менің сөзіме, ортақ кездесуге деген сұраныс содан туындап отыр. Әлеуметтік желілерде белгілі бір трендке ие болу – қазіргі уақытта кез келген саланың адамына жетістік. Шынымды айтайын, қазір мен «Мега» сияқты халық көп жиналатын ортаға көп бара бермеймін. Жастар жүргізбейді. Әр қадам сайын суретке түседі, кездесуге шақырады, оңашалап сұрақ қойғысы келеді. Барған шаруаң жайына қалады. Сосын, ондай ортаға уақытың мол болғанда ғана барасың…

– Барған кездесулеріңізде кедергі жасап, сол жиындарды болдырмай қойған сәттер кездесті ме?

– Әрине, ондай жағдайлар болды. Бірақ мен оған түсіністікпен қараймын. Жүрекке, көңілге алмаймын. Себебі қаншама алдыңғы толқын ағаларымыздың осындай болмашы пендешіліктерге жауап беремін деп жүйкесі тозып, денсаулығы құрып, соңында керауыз, кесірлі адамның сипатына кіріп кеткенін көргенмін. Солардан сабақ алып, аяғымнан шалып, жолымды тосып жатқандарға еш ренжімеймін. Өйткені олар өмір бақи сенімен күресе алмайды. Немесе сенің барлық кездесуіңді жауып тастай алмайды. Ия, сол сәтте кездесуің болмай қалуы мүмкін. Бірақ келесі кездесуіңе кедергі тигізе алмайды. Сондықтан сабырлылық қылуға тырысамын.
Бірақ осы нәрсені неге түсінуге тырысамын? Қазақ өз қадірін өзі білетін деңгейге жеткен жоқ. Шаңырақтардың шайқалуы, отбасылардың бұзылуы, туысқандық қарым-қатынастың әлсіреуі, бір-бірінің тағдырына жаны ашымай несие алғызып лақтырып кетуі, басына қиын сәт түскен кезде қол ұшын созбай қоюы айналамыздан жиі көрінетін құбылыс. Бір құрсаққа сыйған бауырымен кең дүниеде сыйыспай жүрген адамдарға «мені неге түсінбей жатсың, сөзімнің қадірін неге білмей жатсың?» деп қалай ренжуге болады?
Ел болғасын мұндай бірлі-жарым ыңғайсыз жайттар кездесіп тұрады. «Осылар мені түсінбейтін шығар, қадірімді біле қоймайтын шығар» деп келсең, керісінше төріне шығарады, ал енді кейде «осы төр менікі ғой» – деп барған кезде есіктің алдына тастап жатады. Бұл – заңдылық. Өйткені мұндай қағаберіс, қағажулардан талай жайсаң жандар аман қалмағандықтан, солардың әйтеуір, ізіне ілесіп жүрген бізге міндетті түрде өту керек жол ғой деп ойлаймын.

– Меніңше, көп адамдар сізді діни уағыз айтады деп шатастыратын сияқты. Қазір сіздің кездесулердегі әңгімелердің бағыты өзгерді емес пе?

– Қазір бәрі өзгеріп жатыр. Тіпті бір адам жайында түйген пікірің де өзгереді. Мысалы, таңертең жек көріп тұрған адамыңды кешке жақсы көріп қалуың мүмкін. Таңертең бірнәрсені сатып алғың келіп тұрады, кешке ол ойыңнан айнып қаласың. Адамның ойы бір күнде бірнеше рет өзгеріп жатқанда бір адам жайында да ойларымызды тексеріп отыруымыз керек. Қателік бәрімізде бар. Бірақ мен жайлы айтылып жатқан дүниенің көбісі жала. Мысалы, мен туралы «митингіге шыққан апаларды құйымшағын сындырып, жамбасынан тебіңдер» деп айтты деген видеолар тарады. Бұл – таза монтаж. Иә, мен митингіні қолдамаймын. Сол митингіні қолдамағаным үшін оппоненттерім мені митингіге шыққан адамдарды ұрып-соғу керек деп айтты деп бұрмалап жіберді. Мысалы, Мұртаза Бұлұтай деген ағамыз жан-жақтылығымен танылған адам. Бірақ оның 90-шы жылдары Түркияның премьер-министрі Ербақанмен ілесіп жүрген кезіндегі суреттерін көрсең сақалы кіндігіне түседі. Біз бірақ оның сол кездегі сақалы үшін қазіргі көзқарасын жоққа шығармаймыз ғой. Адам жастығымен артық айтуы мүмкін, балалығымен білмей қалуы мүмкін. Қоғам қателескенді қастық қылғандай, сүрінгенді тұмсығымен жер сүзгендей қып қабылдауға бейім.
Ақын Бекжан Әшірбаевтің: «Асылып өлген адамның қалтасынан шыққан қағаздың қатесін түзетіп отыратын қатыгез қоғам» деген әйгілі сөзі бар. Өтірік емес. Біз көбінде өзімізге қатысы жоқ нәрсеге тұмсық тығамыз да өзіміз пікір білдірмей-ақ қойсақ болатын нәрсе жайында үлкен-үлкен ойлар айтамыз. Ал нағыз ойымызды айтуға тиісті жерде бұғып қаламыз. Пенде сүрінді ме, біз жүндей түтіп жоқ қылып жіберуге тырысамыз. Ал енді сенің үйіңдегі немерең орысша сөйлеуі мүмкін немесе сенің екі бауырың бір-бірімен жараспай жүруі мүмкін, жамбасыңды көтеріп екі бауырыңды асқа шақырып, керек сөзді айтуға тәуекеліміз жетпейді. Немесе балабақшадан келген баламыз қазақша сөйлеуі үшін соған тиісті жағдай жасап, ютубтан соған қатысты дүниелерді жүктеп беруге күш-қуатымыз жетпейді. Ал енді бір адамды айыптауға, бір адамның артын қазуға, ол адам туралы жүз сөз айтуға әрдайым дайын тұрамыз. Қазір берекемізді қашырып тұрған бір дүние осы.
Бүгінде әлемде адам баласына шексіз еркіндік беру қажет деген үлкен насихат жүріп жатыр. «Ешкімге тиіспе, бала білгенін жасасын, қой деп айтпа», «Ол әйел ме, білгенінше жүріп-тұрсын, оған әй деме». Голливудтың фильмдеріндегі идеологиядан бастап, әлеуметтік желілердегі ақпараттарға дейін «Әй дейтін әжені, қой дейтін қожаны» түбірімен жою керек деп тарап жатыр. Енді осыған қарама-қарсы бір құбылыс бар. Бір адам шатасып кетті ме, оны жер-жебіріне жетіп, жоқ қылып жіберу керек. Кешірімсіз болу керек. Ағылшынша cancel culture деп аталады. Қоғамның адамнан бас тартуы. 80-90-шы жылдары Голливудтың кейбір әйгілі актерлері феминизм, ЛГБТ-ға қарсы екі ауыз сөз айтып қалғаны үшін фильм түсуге шақырылмай, барлық кинокомпаниялардан аты да, заты да алынып, массовканың шетінде жүруді армандап кеткендері бар. Қалай айтсақ та, қазір бір ауыз сөзі үшін мүлдем езіп, жоқ қылып жіберетін құбылыс пайда болып жатыр. Енді осының шалығы біздің елге де келді. Көрнекті қаламгер Әбіш Кекілбаев Елбасының қолын сүйіп қалып еді, оның бүкіл абыройын жоқ қылып жібере жаздадық. Олимпиадада еліміздің көк Туын желбіреткен Ермахан Ыбырайымов батырлыққа тән мінезбен қопал айтып қалған бір-екі сөзі үшін оны да жүндей түттік. Кешегі ұлан-ғайыр даланы сақтап қалған, жалпы қазақтың қаншама бекзат қасиетін сақтап қалған біздің бабаларымыз «Өкпеге қисаң да, өлімге қима», «Алдыңа келсе, атаңның құнын кеш», «Ат баспаймын деген жерін үш басады», «Жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ болмайды» деп қаншама қағидаларды біздің генофондымызға сіңіріп кетіп еді. Ал біз оны керек қылмаймыз.
«Мен орыс мінездімін, бетке айтам» деген жаулаушы жұрттың сипатымен қазақы кеңшіліктен алыстап барамыз. Қазақ өзінің тарихында батыры жоқ болғандықтан соғыста жеңіліп қалған жоқ. Немесе ақыны мен биі жоқтықтан дауда жеңіліп қалған жоқ. Сол ақыны мен батыры бір-бірімен ынтымақта болмағандықтан, ханы мен қарашасы, қарашасы мен бай-бағланы бір мүдденің үстінде бола алмай қалғандықтан жеңілген. Жеңілгенде де өзімізден әлдеқайда әлсіздің астына түсіп қалған кезіміз болған. Астына түскесін, аясын ба?!

– Иә, біздің тарихта да ақтаңдақтар көп болды. Біз кешегі Кеңес заманынан не үйрендік?

– Мықты да кедей, әлсіз де жарлы – сасыған су секілді тұрып қалған жоқтыққа үйрендік. Біз арақ ішуді үйрендік, біз анасындай болған енесін «теща» деп пысқырмауды үйрендік. Біз ойнасты халал қылдық. Шошқаны дастарқанымызға шығардық. Жүректі жігіттерімізді жобаға емес, көшеге итермеледік. Соның кесірінен қаншама батырларымыз бір оқтық боп кетті. Тік сөйлеймін деп, қаншама таланттыларымыз бір-бірімен сыйласа алмай қалды…
Отарлық санадан құтылам деген қазаққа ынтымақ пен береке, махаббат пен мейірім, кешірім мен кеңшіліктен артық ем жоқ. Қалғанының бәрі бар бізде. Тәуелсіздік бар, қалғанына береке берсін, қазына бар, иман бар, білім бар, ел де бар, жер де бар. Енді тек кешірімділік пен кеңпейілділік, түсінушілік пен тынымсыз еңбек болса талай жетістікке жетер едік.

– Осы сапарыңызда туған ауылыңызға барып қайттыңыз. Кездесулер өткіздіңіз. Елдің жағдайы қалай екен? Не көрдіңіз, көңілге не түйдіңіз?

– Ел деген емен ағашы секілді ғой. Одан көзіңді алмай қарап тұрсаң, оның өскенін көрмейсің. Бірақ бір айналып келсең еменнің бұтағы өсіп, жапырақ жайқалып тұрғанын байқайсың. Елге жыл айналып келіп тұрамын. Келген сайын көп өзгерістерді байқаймын. Былтыр өз ауылыма барып деректі фильм түсірдім. Атамекенім – Байзақ ауданы, Шахан ауылында көп нәрсе көңілімді толқытты. Бұрын көшенің жігіті боп жүрген менің қаншама құрдастарым ата болып, бойларына байсалдылық, парасаттылық келіп, бірінен кейін бірі әңгіме-дүкенге шақырып, көңілімді қуантты. Ауылымызға газ кіріп, жеңгелеріміз қолын жылы суға малып отырғанын көріп, сүйсіндім. Қаншама жылдардан бері шешілмейтіндей көрінген ауылдың бел арығына – Темірбек тоғанынан су келіп, ауылдың бау-бақшасы көгеріп, тұрғындар етегіне сүртіп қияр жеп, қолын толтырып жеміс жеп, рахаттана бастағанын көзім көрді.
Былайша айтқанда ауылдың тұрмысы артқа қарай емес, алға қарай кетіп бара жатыр. Мен өз ауылым туралы айтып отырмын. Шынымды айтсам, көптеген жылдардан бері «Ауыл еңбекке қарай қадам баспай қояр ма екен» деген ой мазалап, күдерім үзіліп бара жатқан еді. Жоқ, уақыт төреші екен.
Жақында Ташкентке барып қайттым. Сонда бір оқиғаға куә болып, мынандай ойға келдім. Жалпы біз көбінесе қазақтың жаман қасиеттерін көп айтып, жерге тыға береді екенбіз. Бұл дұрыс емес. Ол да дұға, тілек сияқты нәрсе. Жалқау десең шынында жалқау болып қалуы мүмкін. «Балам кеңкелес» десең, шынында солай боп қалуы мүмкін. Мені Ташкентте сол маңайда тұратын қазақтар күтіп алды. Бұлар өзбек емес, тәжік емес, бәрі қазақ. Бірақ еңбекқор халықтың ортасында өскендіктен олар да жұмыс десе жанын береді. Ал біз еңбекте бір-бірімізге мотивация бере аламыз ба? Біреу бірдеңе істесе «неміс құсап, өзбек құсап» деп мазақтаймыз. Қайта «осыда бар кетпен, күрек менде де бар ғой, неге істемеймін?» деп өзімізге жігер беруге жоқпыз. Әйтпесе әрбір ауылдың еңбекқоры, ісмері бар ғой. Мысалы, біздің ауылымызда Жұртжан Кекілов деген ағайынымыз болды. Бізге соның еккен жемісі ғана, пиязы мен картобы ғана өсетін сияқты боп көрінетін. «Өскенде кәдімгі сапқа тұрған солдат сияқты» деп бүкіл ауыл айтып жүретін. Бірақ біз соған қызыққанымызбен, соны істейікші деп талап қылмадық.
Біздің ауылда Мәтімқұл деген шебер, ұста өткен. Жасаған бұйымдары әлі күнге дейін әр үйде тұр. Атамыз жасаған домбырамен мен де алғаш қолымды үйреткем. Сол кісінің насихаты болмады. Төсі мен балғасын, үскісі мен арасын ұстайтын шәкірт тауып бере алмадық. Өкінішті.
Иә, әр ауылдың үлгі алатын еңбекқоры, майталманы болады. Ортамыздан біреу озып шықса етегінен тартпай, соның бір жақсы нәрсесін үйренуге тырысу керек. Әр әулеттің ішінде ең болмағанда біреуі оқып, білім алып, көңілге тоқып, елмен араласып, тіл табысатын жан болып шығады. Ал біз он теңге тапса тоғыз теңгесін алып қоюға тырысамыз. «Сен енді қалада жүрсің, маған мынандай жағдай жаса» демей, «сен қайта өркендеп ал, аяғыңнан тұр, тамырыңды тереңге жібер, үй ал, сенің үйіңнің бір кірпішін мен қалайын, бір аяқ етіңді мен әкеп берейін» деп оның тамырының жуандауына, аяғынан тұруына жәрдемдессек, ол бауырларына жәрдемдеседі. Біз, өкінішке орай бауырымыз бір метр алға шыға бастаса «сен маған несие алып бер, машинаңды жалғыз өзің ғана мінесің бе, мен де мінейін» деп салмағымызды салып, енді бас көтеріп келе жатқан бауырымызды жаншып жібереміз. Жақсылық Үшкемпіров ағамыздың «елімізде бес мың ауыл бар шығар, бес мың жігіт шықса сол ауылдарды көтеріп жіберуге болады ғой» деп айтқанының ар жағында әр ауылдан бір тәуір жігіт міндетті түрде шығатынын меңзеп тұр ғой. Бірақ сол жігітке қолдау білдіру керек. Туған жеріме шамам жеткенше мен де көмектесіп, қол ұшын созып тұрамын. Ауылдың ақсақалдары өтінген соң мешіттің салынуына себеп болдым. Соның қасынан ас-ауқат беретін асхананың жағдайын жасадық. Ауыл мектебін көрнекі құралдармен қамтамасыз еттім. Ауылдың біраз жастарының стипендиясын көтеріп, жоғары оқу орнында оқуына себепкер болдық. Шамамыз келгенше ауылымыздан қарым-қатынасымызды үзген жоқпыз. Ауылдың қаншама баласын Алматы, астанада оқыттық.

– Пандемия әлем халқын жүрісінен жаңылдырып, тіршілігін түбегейлі өзгертіп жіберді. Біздің ұлтымыз пандемиядан кейін өзгерді ме, қалай ойлайсыз? Қалай өзгерді? Не ой түйді, не сабақ алды?

– Пандемия түгілі бір қоғамға пайғамбар кеп, уағыз айтса да өзгеретін адам өзгереді, өзгермейтін адам өзгермейді. Осы дерттен соң көп қазақтардың өзгергеніне куә болдым. Кәсібін өзгертті. Білімін өзгертті. Дамуын басқаша қарастырды. Сөйтіп талай тірлік жасады. Өзгергісі келмей, күнделікті күйбең тірлігінен бас көтеріп, сыртқа қарағысы келмеген адам қазіргі уақытта артта қалды. Адам баласы өзгеремін десе бірнәрсе түрткі болады. Ендеше пандемиядан артық қандай түрткі керек? Әлем экономикасында, медицинасында, адамдардың қарым-қатынасында ғасырлар көрмеген алапат оқиғалар орын алды. Қаншама адамдарымыздан, тұлғаларымыздан айырылдық. Меніңше, бұл жерде адам адамның қадірін білетін жағдайға жетуі керек еді. Оның ішінде жақсының, туыстың қадірін. Жер бетінде адамнан құнды ештеңе жоқ екен. Карантин кезінде бір шаңырақтың астында үш-төрт ай бірге болып қалып еді, «әйелімді жаңа таныдым, күйеуімді жаңа таныдым, жап-жақсы адам екен ғой» деген әзіл әңгімелер айтылып жатты. Сондықтан қазақ осы пандемиядан бір үлгі алса алыстап, суып кеткен сезімдеріміз орнына келіп, адам адамның қадірін білуі керек еді. Сосын біз әлеммен бір тұтас организм екенімізді сезінуіміз керек. Біз жеке планетада өмір сүріп жатқан жеке халық емес екенбіз. Біз әлеммен бірге екенбіз және бұрынғыдан да бетер жақындап кетіппіз.
Қазір бұрынғыдай қару алып жүгіріп жүріп соғысатын майдан жоқ. Кеше ғана талибанның Ауғанстанға бейбіт түрде кіріп кетуінің өзі қазір соғыстардың табиғаты өзгере бастағанын көрсетіп отыр. Яғни, сен Таразда өмір сүріп жатсаң, сен даму үшін, бір кәсібіңді жүргізу үшін немесе тұлғаңды биіктету үшін Тараздың деңгейінде ғана ойлану аз. Әлемдік деңгейде ойлануың керек. Әлем қайда бара жатыр? Әлеуметтік желі қайда бара жатыр? Адамдардың түсінігі қай бағытқа қарай өзгеріп жатыр? Мысалы, ағылшын мектептерінде балаларға әлеуметтік желілерге кірмеңдер деп айтпайды, керісінше сол әлеуметтік желіге мұғалім бірге тіркеліп, солардың чатында отырады. Өйткені ол нәрсені тоқтата алмайсың. Яғни, артынан қуып жете алмайсың, бірақ алдынан шығып басқа жолға бұруға болады. Егер сен мұғалім болсаң аңның соқпағы, балықтың желімі секілді жерлерде жүру керек. Дамыған елдер осындай қадамдарға баруда. Көп адамдар маған «бауырым немесе күйеуім құмар ойынға салынып кетті, қанша мәрте қоямын деп уәде берді, бірақ қоя алмады, өтірік айтады» деген сұрақтар қояды. Немесе «есірткіге елітіп кетті» деп жатады. Соларға бір нәрсе айтқым келеді. Сенің бауырың тұтқынға түсті. Сен тұтқынға түскен адамға не деп ренжисің? Сенің бауырың ауруға душар болды. Ауырып, өз-өзіне келе алмай жатқан адамға не деп ренжисің? Мұндай кезде әлем ғұламалары наркотиктің, құмар ойынның шырмауында жүрген жандарды ол адам тұтқынға түскеннің үкімінде деп айтады. Сіз тұтқынға түсті, ол үлкен дертке душар болды деген кезде ғана оны шығарып алу немесе емдеу жолдарын іздей бастайсыз. Жай ғана адасып, сүрініп кетті десеңіз оны емдей алмайсыз. Қазір адамзат дамудың басқа бір бағытына бет бұрды. Егер сіз соны мойындасаңыз, сол жақтан шығар жол іздейсіз. Ол жақта сіздің де еншіңіз бар. Ал мойындамай қырсығып, бұл да өтпелі нәрсе, үйренген соқпағыммен жүре берейін десеңіз әлем басқа жақта, сіз басқа жақта қалып кетесіз.
Қазір триллион доллардан астам бюджеті, миллиард доллардан астам дүниесі бар компаниялар қай бағытта жұмыс істеп жатыр? Мұнай ма, газ ба, алтын ба? Барлығы ІТ бағытында. Apple, Amazon, Google-ды қара. Виртуалдық әлем, сандық жүйені игерген компаниялар әлемдегі үздік ондықты ұстап тұр. Демек, байлықтың да көзі ауысты, оның келетін жолы да, есігі мен төрі де ауысып кетті. Біз әлі күнге Тик-токты тек қызық көріп, уақыт өткізу үшін қараймыз. Пранк пен приколдың арасында өмір өтіп жатыр. Ал бір адамдар содан ақша істеп, кәсіптің көзіне айналдырып отыр. Менің өзім әлеуметтік желіні қаржы көзіне айналдырғаныма бес-алты жыл болды. Көп адамдар әлеуметтік желіден қаржы табу деген лекция оқу немесе өніміңді халыққа жарнамалап сату деп түсінеді. Жоқ, оның мың жолы бар. Әлем сіздің үйіңізге кіріп кетті, әлеммен жақын екеніңізді, бір қолыңыз әлемнің терезесінде тұрғанын сезінуіңіз қажет. Қазақтың Сәуле Омарова деген қызы қазір Американың төрінде сол елдің бүкіл банктерін, қаржылық құрылымдарын бақылайтын үлкен комиссияның басшысы болып сайланып жатыр. Немесе Байден әкімшілігінің протокол қызметінің құлағын Тараздан шыққан Әсел Төленова деген қазақтың қызы ұстап отыр. Яғни, сен ауылда тұрып жатсаң да Америкадағы Ақ үйде қызмет етуден үмітіңіз үзілмеу керек. Қазіргі жағдайда бәрі мүмкін.

– Қазіргі қоғамда еңбекті, еңбекқор жандарды үлгі ету кеңінен етек алуда. Бұл дұрыс та. Бірақ бұл жастарға ой салғанымен әлі де олардың арасында аз жұмыс істеп, көп табыс табуды, даңққа, байлыққа бірден жетуді армандайтындары аз болмай тұр.

– Айтайын деп тұрған ойыңызды түсіндім. Жамбыл облысында түрлі ұлттар өмір сүріп жатқандықтан, психологиялық қарым-қатынас та бөлек. Біз егер өзбек пен дүнгеннің еңбекқорлығын өзімізге сіңіріп алсақ, онда ұтамыз. Ал оларға тек қырын көзбен қарап, әр әрекетін мінеп отырсақ, одан береке таппаймыз. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан мұхиттармен шектеспейді, бірақ біздің бір мұхитымыз бар, ол – Қытай» деген жақсы сөзі бар. Егер біз экономикалық тұрғыдан Қытаймен байланысымызды дұрыс жолға қоя алсақ, шынында үлкен экономикалық мұхитқа шығамыз. Ал жұтылып кетпеу өзіміздің рухани иммунитетімізге байланысты. Сол сияқты елімізде түрлі ұлыстардың өмір сүруінің өзі біз үшін мүмкіндік. Ташкентке барғанда қарапайым ғана Атабек деген қазақ баласының өлермен тірлігін көріп, қайран қалдым. Таң намазын оқып алып, сағат алтыда ауылдың маңайындағы егістікке шығып кетеді екен. Сағат 8-9-ға дейін кетпен шауып келеді. Сосын таңғы асын ішіп, негізгі жұмысына кетеді. Түскі астан кейін үшінші жұмысына барады. «Үш жерде жұмыс істеп, кешке құптан намазынан кейін ерте жатып қаламын, өйткені ерте тұруым қажет» дейді ол. «Неге сонша жанталасып жатсың?» деп сұрасам, «Әкеме 23 жасыма дейін көлік аламын деп уәде бергенмін. Уәдемді орындадым, көлік алдым. Енді 25 жасымда үйленемін деп уәде бердім. Қазір әкем жекжат-жұраттарымен сөйлесіп, қалыңдық іздеп жатыр. Ал мен қаржы жағынан дайын тұруым керек» деп ағынан жарылды. Міне, осыдан адамның мақсаты нақты жүзеге асып жатқанын көрдім. Бұл ауылдағы қарапайым қазақ баласының тіршілігі. Оның осылай істеуіне көршілері түрткі болыпты. Көрші өзбектердің еңбекқорлығын көріп, қазақтар да үлгі алған. Сондықтан біздің жамбылдықтар да қорасы қойға, шарасы майға толып отырған еңбекқор жандардан үлгі алуы тиіс.

– Мұхамеджан Оразбайұлы, сіз ауыл-аймақты көп аралайсыз, ел-жұртпен көп кездесесіз, көп әңгімелесесіз. Әрине, әрбір кездесу, әрбір әңгімеден бір ой түйетініңіз анық. Сізді қазір қандай ой мазалайды? Не толғандырады? Неге көңіліңіз толмайды?

– Өкпе мен реніш мені қатты толғандырады. Біздің қоғамды өкпе мен реніш жаулап алған. Әйтеуір, бітпейтін өкпе, таусылмайтын реніш. Өзеннің арғы бетіне өткен адам не істейді? Үстіндегі тонын, сөмкесін көтеріп жүрмейді ғой. Мақсат арғы бетке өту ме? Артық дүниесін тастайды. Сол сияқты, біз нақты нәтижеге жеткіміз келсе өкпе, ренішті ұмытып, «біреу менің қадірімді неге біле қоймады, бәленің бәрін білгенде жылы сөзін маған неге айта қоймады?» деген нәрседен қазақ баласы арылуы керек. Осы жасыма жеткенше мен біраз жобаны Алланың жәрдемімен жүзеге асырдым. Ол айтыс саласында болсын, ол БАҚ саласында болсын, басқа да бизнес жобаларды жасадық, соның бәрінде менің жобамның сәтті жүзеге асуына себеп болған нәрсе өкпе мен ренішті алып тастадым. Қазақтың қаншама талантты, «Болашақ» жобасымен шетелде оқып келген немесе маңдайы жарқырап тұрған ақылды жігіттерінің болмайтын нәрсеге өкпелеп, ренжуінің арқасында қаншама жобалары жүзеге асырмақ түгілі, өзінің жартысына жетпейтін жігіттердің артында қалып кеткенін білемін. Біз осы нәрседен арылсақ.
Екінші нәрсе, қазақта «Өзінің орнын білгенге Алланың рахымы жаусын» деген сөз бар. Пайғамбардың да осыған байланысты хадисі бар. Біздің жігіттер кейде көкесі қызметке шақырса «Соның соңында салпақтап жүрем бе?» деп қиынсынады. Неге? Бізде «Елдің ағасы әне, інісіне қымбат машина мінгізіп қойды, бір бизнесін беріп қойды, сөйтсе болады ғой» деген нәрсе бар. Өстіп өз орнын білмей жатады. Ал елдің ағасының машина мінгізіп қойғанға дейін інісінің қаншама қадірі мен қасиеті өткенін біз білмейміз. «Біздің қазақ бір-ақ секіріп жетіп, бір-ақ секіріп түсіп, мертігеді де жатады» деп Абай айтпақшы, біз көбінде осы нәрседен мертігеміз. Адам өзінің отбасындағы орнын білсе немесе әріптестерінің ортасындағы орнын білсе, одан далада қалмайды. Біз не жетпей қаламыз, не асып кетеміз.
Мал мен жердің жағдайына орай біз көбінде көшпенді болдық. Толық отырықшы елге қарағанда оның мәдениеті, санасы да, дархандығы да, тұрмысы да басқа. Сөйтіп бүгінгі жаһандануға тап келгенде қоғамдағы ұлы өзгерістерге санамыз әлі дайын емес. Біз әлі басқа даңғайыр, етек-жеңі жиналмаған көңілмен өмір сүріп жүрміз, қоғам басқа ритмде өмір сүріп жатыр. Италияға барғанда сол елдің бір адамымен әңгімелесіп қалғаным бар. Сөйтсем олар бәрін түпкі санасында өлшеп алмай, ешқандай шешім қабылдамайды екен. Ал біз нәтижені ойламаймыз. Бір мәнісі болар деп жүре береміз. Біздің өлшемдерімізге қараңызшы, «екі қос уыс – бір кило, сүт пісірім уақыт, қозы көш, таяқ тастам жер» бәрінің минуты мен секунды, метрі, сантиметрі, нақты салмағы белгісіз. Қазанның астына қаттырақ от жақсаң, сүт тезірек піседі. Жай тезек салсаң, ұзақ піседі. Қазір адамның тағдырын, бизнестің тағдырын секундтар шешеді. Бізде қабілет, тәуекел, батылдық, білім бар, бірақ болмысымыз дайын емес. Ал сол ағылшын, итальяндықтарыңызда біздегі жақсы қасиеттердің көбісі жоқ. Туысқандық байланыс, мейірім, кешіре салу сияқты адам баласы аңсап ақшаға сатып ала алмайтын, миллиардтаған доллар салып қайтара алмай жатқан қаншама қасиеттер біздің бойымызда тұр. Ал бірақ нақты нәтиже жоқ. Неге? Өйткені заманның шындығы мен болмысымыз сәйкес келмей жатыр. Жастарға айтарым, өкпе, реніш, қырсықтықты таста, жаңа заманға бейімдел. ІТ ме – үйрен, ағылшын тілі ме – оқы. Қазір кәсіп істеймін, табыс табамын, елмен араласып адам боламын деген жанға біздің қоғамда бәрі бар. Тек біз өзгермей тұрмыз.
Қасиетті Құранда «Алла менің жағдайымды өзгертсін десең пенде өзі өзгеруі керек» дейді. «Мен айтыскер ақынмын, мені біреу қызметке қоюы керек, ақын болғаным үшін мені құрметтеп, президент стипендиясын беруі керек, жалақы беруі керек» деп жанталассам, маған беруі де мүмкін. Бірақ ол жолда қаншама адаммен жауласып, қаншама адамнан дәметіп, емексіп, алтын басыңды аяққа салып, қаншама нәрседен өту керек. Аллаға шүкіршілік, қазір өзім біреуге стипендия беретін жағдайға жеткізді. Біреуден көлік дәметіп емес, біреуге өзім көлік беретін жағдайды нәсіп етті. Қазақтың әр баласының қолында осындай мүмкіншіліктер бар. Өзгеру керек, тырысу керек, тұрақты түрде алдыға қарай адамшылықты жоймай талпыну керек…
– Ғибратқа толы әңгімеңізге көп рақмет. Алла разы болсын.

Әңгімелескен Оралхан ДӘУІТ.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support