- Advertisement -

Құт дарыған Қордайдың қарт Таразға тартуы

81

- Advertisement -

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында, Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасынан туындаған міндеттерді жүзеге асыру және «Таразға тарту» жобасы аясында «Туған жерім – дархан далам» атты Қордай ауданының Тараз қаласындағы мәдениет және өнер күндері өтті. Қыздың жасауын артқандай артынып-тартынып, Қыз Жібектің көшіндей сән-салтанатымен жеткен Қордай ауданының бұл іс-шараға дайындығы тиянақты болғаны көзге көрініп тұрды.

Қордайлықтардың тартуын тамашалауға келген облыс әкімі Бердібек Сапарбаев әуелі ауданның ауыл шаруашылық жәрмеңкесін аралап көрді. Мұнда №7 Бетқайнар ауыл шаруашылығы колледжінің жылыжайында өсірілген лимонның жаңа сорттары, жылқы, сиыр, қой, тауық еттері, құрт-ірімшік, жеміс-жидектер қойылыпты. Колледж директоры Гүлнар Әлімбаева 496 студентті осы жылыжай арқылы еңбектің жаңа түрлеріне баулып отырғанын айтып өтті. Қордай жерінен әкелінген балықтың сазан, жайын түрлері де пышақ үсті өтіп, сатылып кетіп жатты. Облыс басшысы ашық алаңдағы тоғызқұмалақ, қазақша күрес, асық ату, аударыспақ, теңге ілу сынды ұлттық ойын түрлері бойынша жасалып жатқан дайындық шараларына да назар аударды. Ер қанаты саналған атты мініп, бүркіт ұстап, тазы жетектеген жігіттер де құрметті қонақтардың назарынан тыс қалмады. Қордайлықтардың сол өңірден шыққан батырлар мен шешендерге арнаған көрмесі де көрерменін баурап алды. Елбасының анасы, қордайлық Әлжан Бұқарбайқызының әдемі суреті де талайдың назар аударғаны анық.
Аудандық тарихи музейдің тарихтан сыр шертетін экспонаттары да, есімі елге әйгілі аудан суретшілерінің көрмесі де көңілден шықты. Ал ұлттар достығының дәлеліндей славян, түрік, шешен-ингуш, дүнген ұлт өкілдерінің ұлттық тағамдары мен дәстүрлері жарасымын тапты. Бердібек Машбекұлы славян, түрік, дүнген ағайындардың өнерін тамашалады.
Мұнан соң Бердібек Машбекұлы бастаған зиялы қауым өкілдері, тараздықтар Қордай ауданы өнерпаздарының «Қордайым – құт мекенім» атты концерттік бағдарламасын көрді. Концертке Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Төрткен Кененқызы да құрметті қонақ ретінде қатысты. Концерт Қордай аудандық мәдениет үйі өнерпаздарының «Таразға тарту» театрландырылған көрінісімен басталды. Бұл ретте Жамбыл мен Кененнің Қордайда кездесуі, Жамбылдың Кененге бата беруі жыр алыбының биылғы 175 жылдығымен де астасып жатты. Ал Абылай ханның Өтеген батырға сыйға тартқан тегене қазанынан Жамбылдың дәм татуы, ол қазанды өнерпаздардың залға алып барып, құрметті қонақтарға және тараздық көрермендерге дәм таттыруы сәтті, тапқыр шешім болды.
Қордайдан шыққан өнер жұлдыздары, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Мұрат Құсайынов пен Саят Медеуов те әдемі кешке ортақтасты. Олардың да «Туған жерім Қордайым» деп ет жүректері елжіреп тұр. Мұрат Нұрғиса Тілендиевтің «Куә бол» әнін, Саят Кененнің «Бозторғайын» шырқағанда зал сілтідей тынды. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нүркен Әшіров «Талас» фольклорлық тобының сүйемелдеуімен Дәулеткерейдің «Көроғлы», Н.Тілендиевтің «Әлқисса» күйлерін шебер орындады. Мәдениет саласының үздігі Қарлығаш Қожағазина бастаған қордайлық әншілердің өнері де көпшіліктің көңілінен шығып, жүрекке жетті.

Есет ДОСАЛЫ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support